ТАЛАНҒА ТҮСКЕН ТАЛАНТ
24.05.2023
339
0

Кезінде бұл актердың мені таңғалдырғаны сондай, оның атын бірден жаттап алған едім. Мысқыл аралас күлкісі жыланды арбаған сыбызғы үніндей өзіне байлап-матап тастайтын. Ол мүлде әдемі емес еді. Бірақ оның ішкі энергетикалық қуаты, жан баласында кездеспейтін өзгеше тартымдылығы мен басбұғауға көнбейтін еркіндігі кез келген әйел затының назарын аударатын. Мен айтып отырған актердың есімі – Микки Рурк. Біз оны «Тоғыз жарым апта» («Девять с половиной недель») фильмі арқылы таныдық.  

Бір қызығы, актер бұл фильмге түскеніне қатты өкінген екен. Себебі аталмыш туындыны бейәдеп эпизодтарға толы фильм деп айыптайтындар бар. «…Мен бұл картинада адамның тәнін емес, жанын жалаңаштап көрсеткім келді. Пенденің өзгелер ене алмайтын жанының қараңғы қалтарыстарын ақтарғым келді», – деген екен өнер иесі бір сұхбатында. Осы фильмде оған басты серіктес болған Ким Бесинджер өз рөлі үшін тіптен қатты өкінген көрінеді. «Миккимен сүйісу мүмкін емес, – дейді ол. – Онымен сүйісу – күлсалғышпен сүйіскенмен бірдей. Мен тіпті онымен бір лифтіде жүре алмаймын. Темекінің иісі мүңкіп тұрады» Осылайша, актриса Миккиге жолаудан бас тартып, барлық ашық көріністерде Ким Бесинджерді дублер алмастырған.
Жалпы, Микки Рурк – болмысы қарама-қайшылықтан тұратын күрделі адам. Әкесі – француз, анасы – ирландық Микки бала кезінен өмірге наразы болып өсті. Неге десеңіз, оның сыры тереңде еді. Әкесі культуризммен айналысқан. Десе де культуризммен қалай беріліп айналысса, дәл солай салынып арақ ішетін. 7 жыл үздіксіз ішкен күйеуіне шыдамаған ирландық әйел онымен айырылысып, көп ұзамай 5 баласы бар полицейге екінші рет тұрмысқа шығады. Микки Рурк: «Өмірдегі бірінші арманым – өгей әкемді өлтіргім келеді», – деген екен кейіннен ағынан жарылып.
Туған әкесі өмірден өткенде, америкалық талант анасының тыйым салғанына қарамастан, оның жерлеуіне қатысады. Бала кезден көкірегіне қысып жататын әкесінің суреті мен табытта жатқан алқаштың бейнесі бір-біріне мүлде ұқсамайтын. Осындай қайшылыққа толы өмірден бе, Микки өзін барлық жерде өгей сезінді. Ол тұрған район криминалға толы болатын. Қылмыс әлемі ақыры оны да айналып өтпеді. Өзін ренжіткендерге қарымта қайтару үшін ол бокс үйірмесіне қатысты. 20 рет рингке шығып, оның 16-сын нокаутпен жеңеді. Онымен Италия мафиясының әкесі саналатын Джон да санасатын. Америка-италиялық мафия әлемінде ірі бестікке кіретін мафиозалар да Микки Руркты өз адамы санады.
Бір күні әлем чемпионымен бокс­тасып жатқан Миккидің миы шайқалып, дәрігерлер оған 12 ай бокспен айналысуға тыйым салады. Канал қазып, ыдыс жуып, әртүрлі тиын-тебен табатын ұсақ тірліктен қажып келе жатқан Микки көшеде кездейсоқ сыныптасын кездестіріп қалады. Ол оны бір рөлді сомдауға өз спектакліне шақырып, неге екені белгісіз, Микки де келісе кетеді. Осы спектакльден кейін қажыған боксердың өмірі күрт өзгереді. Ол киноакадемияға барып актерлыққа құжат тапсырады. Бұл оқу орнына Джек Никольсонның өзі 5 рет тапсырып әзер түскен. 8 рет тапсырып, әрең дегенде ілдебайлап өткен кино жұлдыздары да көп. Ал Микки алғаш рет тапсырып, бірден академия студентіне айналып шығады. Сол жолы осы оқу орнына 5-ақ адам қабылданып, мың адам құлаған екен.
Ол зау биікке адам айтса нанғысыз жылдамдықпен көтеріледі. Ақшаның ағыл-тегіл құйылғаны сондай, ол оны ежелгі жауындай жұмсайтын. Анасына зәулім сарай әперді. Ракпен ауыратын бауырының еміне төледі. Алайда оның атағы дүркіреген сайын адами болмысы кеми берді. Ол күнде ішетін. Әр таңда әртүрлі қыздармен оянды. Көбінің есімін де білмейтін.
Кино алаңында Миккидің айтқаны заң еді. Ол рөлді қалай ойнайтынын өзі шешетін. Басты рөлде ойнайтын серіктесін де өзі бекітетін. Ол миллиондаған қаражат төлейтін коммерциялық фильмдерден оңай бас тартып, ешкім көрмейтін авторлық фильмдерге түсуді ұнататын. Тіпті кейбір авторлық фильмдерге қаражаты жетпей тұрса, өзі төлейтін. Бірде Микки Рурк нашақор, алқаш, жүргіш болмысымен өзіне мүлде кереғар тұлға – қасиетті Францисконың рөлін сомдайды. Ғажайып талантты актердың рөлді шынайы сомдағаны сондай, Рим папасы фильмді көріп болған соң, көз жасын тыя алмаған екен.
«Дикая Орхидея» фильміне де актер өзіне партнер іздей бастайды. Суреттердің бәрін ақтарып, ешкімді ұнатпай, амалсыз Синди Кроуфордты бекітеміз бе деп отырғанда есіктен Кэрри Отис кіреді. Миккидің аузына сөз түспей қалады. Ол оған бір көргеннен құлай ғашық болады. Кэрри де өзі сияқты өмірде адасып, өзін-өзі таба алмай жүрген адам еді. 9 жасынан ішімдік ішіп, 12 жасынан есірткі қолданған. Оның да әкесі ішімдікке әуес болған. Дегенмен қос ғашықтың өмірі көп ұзамай тозаққа айналды. Микки Кэрридің көзінше үйіне қыз-қырқындарды әкеліп, ойына не келсе, соны істейді. Боксер екі сөзге келмей Кэрриге қол жұмсай бастайды. Тіпті көшеде сабаудан да тайынбады. Әбден шегіне жеткен қорлыққа шыдай алмаған Кэрри айырылысуға арыз жазады. Қамаудан шыққан Микки Кэрридің үйіне келіп оны алғашында қорқытады. Артынан еңкілдеп жылайды. Сосын «Мені кешірмесең, өлемін», – деп, қолын кескенде, қаны аспанға атылады. Осы оқиғадан кейін ғашығы онымен 10 жыл бойы сөйлеспей қояды.
Кэрри Отиспен бірге Миккидің басынан бағы да тайған еді. Бұрынғыдай киноға түсіруге таласатындар да жоқ, атағы дүрілдеп тұрған дәурен де келмеске кеткен. Қарыздарын төлей алмаған соң зәулім сарайдан да қуылған актер бір күнде бомжға айналып, фургон көлігінде иттерімен өмір сүре бастайды. Жыртық джинси, жыртық куртка киген, шашы жалбырап өсіп кеткен Миккиді тану мүмкін емес еді. Күндердің күнінде көлігін айдап бара жатып есін жоғалт­қан оны полицейлер тауып, емханаға жеткізеді.
Микки есін жинағанда:
– Жалынамын, мені мына бір сұрқия жағдайдан құтқара көріңдер! Мені енді мына халде тастай көрмеңдер. Менің жаным ауырады. Мен қалжырадым. Мен әбден титықтап біттім. Бұндай халде енді өмір сүру мүмкін емес, – деп аңырайды.
Психиатр дәрігер:
– Бұндай хал сізді қанша уақыттан бері мазалайды? – деп сұрағанда, Микки сыбырлап:
– Мені 7 жасымда әкем тастап кеткелі бері. Егер сізді өміріңізде бір рет тас­тап кетсе, сіз өзіңізді өмірбақи тастан­ды сезінесіз! Мен бұл халден жазыла алмадым, – дейді. – Мен осы халді ұмыту үшін, өзімді ұмыту үшін рингке шықтым. Өмір бойы қансырап өтетін, қаны сорғалап тоқтамайтын жаралар болады екен. Ішімдегі бір жетім сәбидің дауысын естімеу үшін рингке шықтым. Мен өмірді жек көрдім, айнадан өзіме қарап тұратын өзімнің келбетімді жек көрдім. Тазалық бір-ақ жерде бар, ол – бокс алаңы. Сол жерде сүйегім шашылып қалғанша өмір сүргім келеді, – дейтін еді ол. Расында да, әлем чемпионы Родригос оның боксын көрген кезде: «Микки рингке бокстасу үшін емес, адамды өлтіру үшін шығады. Мен ринг алаңында жанын осыншалықты шашып тастайтын адамды көрмеппін», – деп таңғалған блатын.
Кезбенің күйін кешіп жүрген Микки Рурк ресторанда түскі асының ақысын төлей алмай жатқанда есіктен Сильвестер Сталоне кіріп келеді. Ол оның түскі асын төлеп беріп қана қоймай өз фильміне киноға түсуге шақырады. Сильвестер Сталоненің үлкен адамгершілігінің арқасында Миккиге өмірді қайта бастауға мүмкіндік туады. Бір адамның қайырымдылығы мен жан жылуы оны қайта түлеткендей болады. Одан кейін оған Джони Деп те аянбай көмек қолын созады. Сталоне шақырған фильмнен кейін сегіз ай алаңсыз өмір сүретін гонорар алған Миккиге бұрынғы даңқы қайта оралады. «Голубой глобусты» алды. «Оскарға» қайта ұсынылды. «Оскарды» Шон Пен алып кеткенде, Шон Миккиді ресторанға шақырып:
– Микки, бұл Оскар – сенікі! Ол мені­кі емес. Өйткені Оскарға сен ғана лайық­сың! – деп құшағына қысқан екен.
Бірде орыстың «Тихий Дон» бағ­дар­ла­масының жүргізушісі Шолоховтан:
– Сіз Голливуд жұлдыздарының бә­рінен сұхбат алдыңыз. Есіңізде кім ерекше қалды? – деп сұрайды. Сонда ол:
– Микки Рурк. Өйткені ол – жауап берер­дің алдында ойланып алып сөйлей­тін жалғыз ойлы актер, – деп жауап қай­тара­ды бірден.
Өмір оның жанын қанша рет тілгіле­се, ол да өзінің бетін сонша рет пышаққа тосты. Сансыз пластикалық операциялардан кейін бұрынғы Микки Руркты таба алмайсыз. Оның шаршаған ішкі әлемі бүгінде сыртқы келбетіне айналған сияқты. Бірақ бір нәрсе – өзгеріссіз. Оның мысқылға толы күлкісі. Осы күл­кісі­нен сіз оны жазбай танисыз. Өкіні­шітісі, тек қана күлкісін. Жанын емес…

Танагөз ТОЛҚЫНҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір