САЗДЫ ӘЛЕМДЕ ДАРА ҮНІ ҚАЛЫПТАСҚАН ТАЛАНТ
26.04.2024
246
0

Логотерапия бойынша адам болу – даралану. Адам өзінің болмысын қашай алмай, біреуге көзсіз еліктеген сәтте санаттан шығып қалып, жоқтыққа жұтылатыны мәлім. Жеті қат жердің қозғалысы мен сілкінісінен жанартаулардың пайда болатыны секілді, уақыттың ұзақ толғағынан дүниеге мың жылдықтарда бір келер, қайталанбас, даралықтың үздік үлгісі – нағыз талант иесі жұртшылықты жалт қаратып, таңдай қақтыра тамсандырып өмір есігін ашады. Зеңгір көкте жұлдыздар қаншалықты көп болса, аты мен заты бірдей жарқыраған жарық жұлдыздар соншалықты аз. Көп жұлдыздардың өзі көлегейлей алмайтын сондай аз жұлдыздардың бірі – Қанат Ибрагимов.

Қанат Ибрагимов – қазақ музыка өнерінде айрықша қолтаңбасымен танылған композитор, өзіндік өрнегін қалыптастырған талант иесі. «Құлақтан кіріп, бойды алар» әндері «МузАрт» ан­самблі, «Нұр-Мұқасан», «Меломен» топтары мен Асқар Жүнісбеков, Мақпал Жүнісова, Нұрлан Албан сынды танымал әншілердің орындауы арқылы халық жүрегіне жол тартты.
Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Ал бүгінгі күннің бастау бұлағы балалық шақта жатыр. Талантты композитор өзінің балалық шағындағы музыкаға деген махаббатын былай деп жеткізді: «Не ексең – соны орасың. Бұл өнер біздің әулетке таңсық емес. Шаңырағымызда 13 бала болып өстік. Мен сүт кенжесі болғаннан кейін бе, осы өнерге еш кедергісіз аяқ бастым. Әкем «Балжігіт» деген атпен танылған белгілі сазгер болған. Сондықтан өзімді бала кезден бері музыка өнерінен алыс сезініп көрген емеспін. Балалық шағымды да, болашағымды да осы өнермен елестетемін», – дейді.
Өнер иесінің шығармашылық жолы 1996 жылы Райымбек аудандық мәдениет үйінде бір жыл көркемдік жетекші ретінде басталады. Кейіннен Ақжол Мейірбек басқарған «Гүлдер»
ансамблінде құрдасы Серік Шоқанұлымен қатарынан екі жыл дуэт болып, өнер жолындағы алғашқы баспалдағын біртіндеп қалай бастайды.
Қанат Ибрагимовтің ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Сенің көзің» әні күні бүгінге дейін тыңдармандарын жалықтырған емес. «МузАрт» ансамблінің тұсаукесері болған әннің шығу тарихы жайында композитордың өз аузынан естідік: «Ән 1989 жылы дүниеге келген. Шын мәнінде, бұл ән Мұқағали ақынның өлеңіне емес, өзімнің өлеңіме жазылған болатын. 1993 жылы Тынышбай Рахымовтың тікелей эфирде өтетін «Кеш жарық» бағдарламасында әнімді таныстырмақ болғанда, қобалжығаннан өз сөзімді ұмытып қалып, Мұқағалидің сөзімен айтып кеттім. Ал 2001 жылы әнімді «МузАрт» тобына табыстадым. Ән мен әнші бір-бірін тапқандай. Ән жарыққа шыққан тұста Алтынбек Қоразбаев ағамыздың: «Қанат, сен өміршең ән жаздың», – деген сөзінің төркінін енді ғана ұққандаймын», – дейді.
Туындыларын танымал эстрада әншілері орындап жүрген талантты композитор Қанат Ибрагимов қырық жастың қамалын бұзған сәтте 2014 жылдың 11 маусымында Алматыдағы Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында «Сенің көзің» атты тұңғыш кешін өткізгені белгілі. Ал осы жылдың 29 сәуірінде Республика сарайында өтетін «Сенің көзің» атты екінші шығармашылық ән кешінің дәл биылға жоспарлануының да өзіндік себептері бар көрінеді. Композитор: «Ердің жасы – елуге келіп жатырмын. Кешті берудегі мақсатым – осы жарты ғасырда тындырған еңбегімді елге көрсету емес, Алланың берген өнерін халыққа ұсыну. Бұл кешті өткізу өзім ғана ойлап шеше салған дүние емес. Инструментальды-эстрадалық ансамбльдің жанды сүйемелдеуімен өтетін шығармашылық кешім осы өнерде жүрген бауырларым мен дос-жарандардың қолдап-қолпаштауымен, айтқан ақылдары мен, жігерлендіруінің арқасында жүзеге асқалы жатыр», – деп кешке қызу дайындық жүргізіліп жатқанын да айта кетті.
«Алма да ағашынан алысқа түспейтіні» секілді Қанат Ибрагимовтің ұлы Ермек Балжігіт те – қаршадайынан эстрада сахнасында «майданға түсіп, бәйге алып» келе жатқан дарынды жас. Әке – балаға сыншы. Ермек Балжігіттің өнеріне қатысты әке пікірін тыңдап көрдік: «Сынау дегенде баланың болашағын уайымдағаннан сынап жатамыз ғой. «Болашақта балам музыканың қандай жанрын таңдар екен» деген уайым бірінші тұрды. Ермек көзін ашқалы бері «Айгөлек», «Әнші балапаннан» бастап сан алуан конкурстарға қатысып келеді. Қазір баламның таңдауына ешқандай шектеу қоя алмаймын. Ермектің бүгінде аяқ алысы жаман емес. «БТБ» деген топпен біраз конкурстарға қатысып, жан-жақты шыңдалуда», – деген әнші баласының өнеріне кәсіби тұрғыдан қарайтынын және көңілі толатынын жеткізді.
Сабырды сазбен тербеуді парызым деп таныған талант сөз соңын досы Бақыт Беделханның сөзімен түйіндеді:
«Табанымызда жер сілкінбесе екен деп,
Заманымызда ел сілкінбесе екен деп,
Жерден көтерілген су сілкінбесе екен деп,
Елден көтерілген сөз сілкінбесе екен деп» – тілеймін», – дей келе, сілкінген дүниені сымдай тартып тұратын сабыр, иман, саз бен жыр, ән екенін де тілге тиек етті.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың 29 сәуірінде Республика сарайында Қанат Ибрагимовтің «Сенің көзің» атты шығармашылық концерті өтеді. Ән кешінде «МузАрт», «БТБ» топтары мен Мақпал Жүнісова, Нұрлан Албан, Төреғали Төреәлі, Әлия Әбікен секілді бірқатар мақтаулы әншілер өнер көрсетеді. Қарапайымдылық пен шынайылықты ту етіп көтерген дарынды композиторға тек шығармашылық табыс тілейміз.

Дана Садырқан

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір