Режиссер Мәмбетов тылсым талант
Өнерге келу – қуаныш, кету – қасірет. Осы екі аралықта талантты жанға өнер біткенді түгендеу де мүмкін емес. Ана қанымен туа біткен әр талант өз-өзін түгендеп, талантынан танылса содан асқан қуаныш жоқ. Аз өмірдің бір сәттік наз көңіліндей ғана қысқа ғұмырдың бар айтары да – осы.
Қоғам. Өнер. Мәмбетов. Әз-аға, өткен өміріңіздің қысқаша мәліметі 1932 жылдың 2 қыркүйегінде Паласовка ауданы (Неміс автономиясы), Савинка ауылында дүниеге келіп, 2009 жылдың 17 қарашасында 77 жаста дүниеден озғаныңыз. Соңғы қызмет орныңыз – Астана. Соғыстан оралмаған әке, дүниеден ерте кеткен ана, жетімдіктің мұң зары. Базарсыз балалық шақ, көз жас. Жан жарыңыз – Ғазиза Жұбанова. Өмір қуанышы болған бес бала. Осылардың жеке-жеке ауыр жеңілді әр тағдыры өз алдына. Бұдан басқа өнердегі бар жетістігіңіз кез келген жанның қалтасындағы қара телефонда. Әттеген-айы, соңғы кездегі жаныңыздың жалғыздығы мен елден бөлек елеусіздеу қалғаныңыз. Сансырау. Ой азабы. Сағыныш. Жалғыздық.
Актер – Мәмбетов. Сіз, өнер жолына төрден келіп, терезеден түскен жоқсыз. Алғашқы қадамыңыз кино жолымен (1948) «Алтын керней» фильмінде Төкен бейнесі болса, 1959 жылы өзіңіз қойып, өзіңіз ойнаған Халекеңнің (Мұхамеджанов) «Бөлтірік бөрік астындағы» Арыстан. Актерлік шеберлігіңіздің бас-аяғы да осы. Одан арғы мүмкіндік «режиссура» екенін білгендігіңізден болар. Актер болып кетпесеңіз де, осы ауыр кәсіптің «бісмілләсін» бір адамдай білдіңіз. Ең бастысы, ұлы өнердің алғашқы баспалдағы болған «актер шеберлігінің» ыстық-суығын көріп, өткелінен сүрінбей өткеніңіз.
Әлем дүние сөзден басталып, дін кітабы «Құранда» сөзден құралған. Адамзат қоғамында адам болудың алғашқы қадамы осылай басталды. Бүгінде, сол ұлылықтың сөз иесі «актер ұлылығы» өшкен кер заманның кесіріндеміз. «Идиот», «идиоттар» мен ит өмірдің «идиотизмі». Алдыңғы ағалар бастаған классикалық үлгідегі (әлем бойынша) басты жетістік – сөз. Сөз иесі – актер. Кино – көрініс, театр – сөз. Сөз ордасы. Білімің мен ғылымың да осы ұлы сөзден. Бүгінде сол құдіретті сөзден мән кетіп, қай қойылымды көрсең де жалаң айғаймен жан баққан жарқ-жұрқ еткен түнек жарықтың у-шуы. Ащы түтінге қақалған сахна, қадірі кеткен өнер. Одан қалса тапырақтап билеу. Жалпы, ән мен би драматургияға негіз емес екенін ұқпайтын ұры ұрпақтың көргенсіз ісі бой алды. Сөз мағынасын құдірет тұтып, астарынан ой ашып, кейіпкер бейнесіне орай бейне (образ) жасау деген ұғым сахнадан өшкелі қашан. «Образ» дегеннің не екенін білгенді қойып, ұқпайтын, білімсіздерден жаралған жетесіз көп шуылдақ азған тобырдың тойы. Ақыл еске құрылған есте қалар бір түсінікті қойған қойылым, әлде кино болса онда қойдық. Ең ауыры, Тәуелсіздікті тәбәрік еткен «шарлатан», «делетант» надандардың, тарихи тұлғалар өмірін сахнада, экранда жұлым-жұлымын шығарып, берекесін кетіргені. Тоқыраған театр, кері кеткен кино. Азу. Тозу. Құлдырау.
Режиссер мамандығы актер біткенді жақсы көрсе де, (соңында) бәрін де жек көретіні және рас. Тек, мысал ретінде алғанда сол актерлерге талай рет рөл беріп, бір рет бермесең жағаңнан алады. Итке талай жамандық жасап, бір рет жақсылық жасасаң өмір бойы табаныңды жалайды. Өздеріне салсаң шеттерінен талант. Театр өнері өсу үстінде. Ізденісте. Жаңа заман. Жаңа Қазақстан. Айналып келгенде, өнер кәсібінің қадірін жойған шоумендердің шоуына айналған 60 театрдың емге көнбес ескі ауруы. Талантынан асып туған асылы болса, он режиссерді бір өзі бұйым көрмейтіндері де бар. Оның өзі әр театрдан алғанда 2-3 жаннан аспас. Жан дүние бітімі қоспасыз сом алтыннан жаралған дара талантта солар. Нағыз таланттысы – актер. Дара тұлға. Өнер иесі. Бұл назымызды өзіңіз өз болып алғашқы кәсібіңізді актер жолымен бастағаннан айтамыз. Мұндайда адамның өз ойы – өзіне жау. Ұрындыратын өз ісің. Қойылым жақсы болса актер жақсы, жаман болса режиссерден өткен жаман адам жоқ. Айналып келгенде, драматург те емес, актер де емес бәріне кінәлі режиссер.
Осындайда өнерді кәсіп деп ұқпайтын кейбір надандардың өнерге деген сатқындығын көргенде, соларды қазақша сыбап боқтамай-ақ орысшалап «идиот» деуіңіздің алғашқы ащы күйік запыраны өзіңізден осылай туды. Осы тәмсіл сөз келе-келе Ф. Достоевскийдің «идиот» ұғымы (нақұрыс) тек өзіңізге ғана жарасқан жақсы сөзге айналды. Өнердегі жақсы-жаманды бір сөзбен қайырып, «режиссура» жолын идиоттармен «идиот» болып бастадыңыз. Жасырын ойнайтын «алтылық» көзірлер мен талантынан туа біткен «тұз» көзірлердің бәрі сіз үшін ортақ «идиоттардың» ортақ ойыншылары болды. Надандық. Тоқтық. Есерлік. «Өмір театр. Бәріміз де – актерміз». Сенатор Патроний. Греция.
Режиссер– Мәмбетов. Өнер өмірден жиған тәжірибеңізбен Мәскеу барып танымал ұстаз Н.М.Горчаков, А.А.Гончаровтан білім алып, Мұхтар Әуезов театрында 38 жыл тапжылмастан еңбек еттіңіз (1957–1995). Ана сүтімен еніп Құдай берген мінезіңіздің бар таланты да осы театрда өтті. Ара-арасында бір-екі рет биліктің пәрменімен «Қазақфильм» студиясында «Ән қанатында» (1966), «Абай» (фильм-спектакль. 1976), «Қан мен тер» 1978), «Жаушы» (1980)көркем фильмдерін түсіргеніңіз. Бұдан өзге, опера театрында сахналанған (А.Жұбанов. (1963) «Төлеген Тоқтаров» және (Ғ.Жұбанова «Еңлік-Кебек». (1975). Бұл қойылымдар сізге келіспесе де (көрермен үшін) келісті көркем дүниелер болып тарихқа енді. 1961 жылдан басталған ҚР еңбегі сіңген қайраткерден 2000 жылы Халық қаһарманы атағымен толықтай марапатталып менмін деген талантқа тән құрметті атақтар толықтай шешілді. Көңілге келетіні – «қаһарман» деген сөздің (өнерге келмейтін) атақ атауының неше рет құбылып, соңында құрып тынғаны. Трагико-комедия. Сіз халықтың «Халық артисісіз». Өнеріңізді бағалаған елдің бағасы да осы.
Ғасыр ауысты. «Миллениум». 2000 жылмен бірге келген «көп нөльдер» өміріңіздің соңғы шағында Абай айтқан «Единица кеткен соң, не болады өңкей нөлге» тірелді. Нөлдер бас көтерген заман. Сұрағы көп, жауабы жоқ жалған ғұмырдың соңғы ойыны осылай күш алды. Бұл да – алды қуаныш, арты өкініш жалған өмірдің өз сыбағасы. Астана. Суық орта. Бөтен ұжым. Мүдделес ортаның жоғы. Өнердегі жалғыздық..
Қазақ режиссурасында алғашқылардың бірі болып «жоғары білімді режиссер» жолын бастаған мезгіліңіз (1957). Ол кезең «көкауыз кукуруз» атанған Хрущевтің (1954–1964) заманы. Аз да болса елдің аузына су тамған жылымшы «жылымық жыл». Хрущевтің (Одақ көлемінде) өнер-әдебиеттегі саясаты «тартыссыз тақырыпқа» негізделген «гүл біткен ашылсын, бұлбұл біткен сайрасыны» (қытай саясатына орай) ұры ұранға айналып, сандуғаштар сайраған дәуір. Социализм. Коммунизм. Жасасын.
Театр өнерінің негізгі кредосы – тартыс. Ақ пен қара, жақсы мен жаман. Тартыс. Күрес. Жеңіс. «Комедия» «Драма». «Трагедия». Осы ұғымға қарсы «тартыссыз тақырып» идеологиясы (соцреализм) қоғамдық ортаны бір жақты тәрбиеге көгендеп, әсіресе ұлттық тіл мен әдет-ғұрыпқа қарсы бағытталған «Коммунизмге көшу құрылысы» айналып келгенде, орыс мәдениеті мен тіліне үстемдік берген қитұрқы қу саясаттың зәлім көрінісіне ұштасты. Зардабын тартқан қазақ, ертеңгі болашақ.
Өзіңізге дейін қазақ театрының қалыптасуына көз салсақ (1925), театрдың негізін салып, қазығын қадаған Смағұл Сәдуақасов, Жұмат Шанин атылып, Қазақ театрының бас билігін «еврейлер билеген» кез.
М.Н. Насонов. И.Г.Боров. М.И.Гольдблат. А.Л.Мадиевский т.с.с. Қалай айтсақ та бұлардың еңбегі сол кездегі өнер жолын енді бастаған қазақ театры үшін өте зор болды. Театр тәрбиеленді, актер өсті, қазақ драматургиясы туды. Ол үшін оларға қазақ өнерінің рақметтен басқа айтары да жоқ. Басты кемшілік қазақ сахнасындағы қазақ режиссерінің жоғы. Бұл жағдай, сахна өнері үшін ұлт кадрының, әсіресе режиссердің болмауы – кешірілмес күнә. Тұңғыш режиссер Жұмат ағамыз өз қазағына өзі жем болып, ол кетті. Жазықсыздан жазықсыз атылғаны тарихқа аян, өнерге ауыр, сұм заман. 1937 жыл.
Жіңішкенің соңғы үміті үзілер шағында 1957 жылдан бастап Әуезов театрының көшін бастадыңыз. Келуіңіз оңай болғанмен, театрға тән өсек-аяңнан сіз де құтылмадыңыз. «Орысша оқыған, тіл білмейді. Академик Ахмет Жұбановтың күйеу баласы екен» деген сияқты, күнделікті кертартпа тірлік, өсек сөздер желдей есті. Жаратқаннан бойыңызға енген талантыңыз болмаса, бір емес жүз Жұбановтың күйеу баласы болсаңыз да ештеңе шықпайтыны Құдайға аян. Талант бағалап, өнер көре алмайтын көрсоқыр ессіз надандықтың айтқыштары осылай сайрады. Сайраған. Әлі де сол.
Театрға келген (тіл білмесеңіз де) алғашқы ұлтжанды нағыз қазақы қазақ режиссер – сізсіз. Өзіңіз қалыптастырған театр репертуарына көз салсақ, қазақы үнде сахнаның қара қабырғасын қайта қалаған да өзіңіз. Әуезов, Мүсіреповті заман талғамына орай тарихи үнін қайта тудырып, не бір қазақтың жас драматургтерін де жетелеп жүріп жаздырып, сахна төріне шығардыңыз. Тізіп айтсақ, олар да – өз алдына бір тарихтың көші. Сіздің алғашқы тосыннан туған ұтымды тәсіліңізге сол кезде Әуезов, Мүсіреповтің де қабағы онша болмаған. Бар себебі, ежелден келе жатқан ескі тәсілдің ескірген ескі көрінісі. Баянның шалбары, Қозының қобыраған шашы мен суретшінің сүреңсіз кескіндемесі т.с.с. сыбыры көп сыры белгісіз (сыншылар бастаған) өнер тілінен аулақ туған оқшау ойлар. Қорыта айтқанда, «сын түзелмей мін түзелмейді» деген сынның кекетпе өз міні.
Алдыңғы бес жылдықта (1958–1964) режиссерлік тәлім-тәрбиенің билігін күшейтіп, мінезіңізге сай қатаң тәртіпті мықтап қолға алдыңыз. Театрда «Режиссер диктатурасы» орнамай өнер тумайтынын жақсы білгеннен болар. Ежелден келе жатқан өнер қағидасы да осы. Әрине, бұл бастама театрға, әсіресе қазаққа ұнамайтыны бесенеден белгілі. Біраз актерлердің театрдан кетуі, сырттан айтылған ғайбат сөздер де қоса басталды. Сіздің алдыңызда қазақ театрына тәртіп орнатып, не бір үздік қойылымдарды қалыпқа келтірген И.Г.Боров та арыз айғаймен кеткен мықты режиссер. Тек мақтауды күтетін қазақ артистеріне бұл орнатқан тәртібіңіз онша ұнамады. Арыз. Кетісу. Келіспеу..
Осы қарқынмен келер бес жылдықтың есебінде (1964–1971) өнердегі өрісті талантыңыз «Ана жер – Ана», «Қобыланды», «Қозы Көрпеш» қойылымдарымен өнер шымылдығы (тың түрде) өзгеше ашылды. Одақ, шетелге кім екеніңізді танытқан жемісті жеңісті жылдардың қуанышы тарих қойнауына «режиссер Мәмбетов» болып танылды. Жазылды. Таныттыңыз. Өзіңіз өсірген қазақ театры Иран, Франция елінің сахнасында ой түйіп, бой түзеді. Құрсауы мығым СССР-дың (орыс елі) құрсауын бұзып, ұлттың ұлылығын, елдің елдігін таныттыңыз. Құрсағынан бұлқынған өнердің толғағы кейде осылай туады. Бұл – тарихтың өз көз жасы. Жаңалық. Ұлт рухы. Ой бостандығы. Кейде өнерді мойындатуға бір қойылым да жетеді. Дегенмен ерекше туған әсерлісі осылар. Соңғы соққы «Қан мен тер» (Ә.Нүрпейісов. 1973), «Ваня ағай» (А. Чехов. 1982). Сахна. Өнер. Табыс.
Бұл кезеңді «Мәмбетов театры» дегендер де болды. Өнер сіздікі болғанымен, театр мемлекеттікі. Бұлайша ат беріп, айдар тағуға және болмайды. Бәрі де – өткінші өмірдің алдамшы қу тірлігіндей ғана қысқа ғұмыр. Театр кімнен қалмаған. Не десе де «Мәмбетов дәуірі» екені Құдайға аян. Осы жерде айтпасқа болмас бір жуан сұрақ? «Мәмбетов театры» десек, ұлықтасақ, өзіңіз дүниеден қайтқалы бері «қаһарман» атыңызға сай (адамша) дұрыс бір театрға атыңызды қимауымыз қалай? Жоқ емес, бар. Оның өзі – атыңызға сай еместеу жай садақа көңіл. Дұрысы, тым құрымаса өзіңіз өмір бойы қызмет атқарған, өскен, өз Алматыңыздағы «Алатау» Ұлттық дәстүрлі театрға атыңызды берсе, «жаңа Қазақстан» жаңармаса ескірмейді. Оны да ел болып күтейік. Әлде жоқтаушысы жоқтың жолы осылай ма?.. Өнердегі жеңіліс жеңіс соғыстан да жаман. Айтсаң да, атып құрта алмайсың. Қатты кетсең қуғындау. Жұмыссыздық.
Есте қалған бір естеліктің бірі – 1967 жылғы Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыланды» қойылымы. Кезінде, сыншылардың сынына ілінген бұл қойылым, төрдегі төрелердің құлағын елең еткізген ерекше оқиға болды. Ұлттық көріністегі бұл қойылымның бар жазығы «Грек дәуіріне» негізделіп, көзге көрік бермейтін сахналық жабдығы мен (декорация) үн-әуен музыкасының кері әсері. Одан да өткені, соңғы финалда Қобыланды батырдың қылыш көтеріп: «Қият, Қыпшақ ел қайда?» – дегені, көне түркі жұртының күңіренген аруақты үніндей боп шыққаны да бір пәле болды. Сол заманнан осы күнге дейін келе жатқан «социалистік тәрбиенің» өзгермес ұстаным, бұлтартпас сұрағы: Мұнымен не айтпақ? Айтайын дегені не? Айтар ойын ұқпадық? Жас ұрпаққа қандай тәрбие? деген сияқты күн көсем Сталинмен қалыптасып, қит еткенді қиып түсірер қиыс сұрақ, темір тәртіп, қатаң заң.
«Қият Қыпшақ ел қайда?» сөзі (білгенге) «орыс шовинизмнің» қолында кеткен қазақтың ата-бабадан келе жатқан ежелгі аруақты сұрағы. Мұңы. Зары. Тарихы. Кремль бастап Қазақ билігі қостаған қызыл коммунистер басқаны білмесе де сол замандағы идеологияның қырағы сыншы солдаттары мұндайда аянбайтыны хақ. Қазақ ұлтының адасу жолында өткен көкейкесті көз жасы да осы күнге дейінгі «Қият Қыпшақ ел қайда?». Ол – Алтын Орда. Қазақ хандығы. Жошы. Соңы, алты Алаштың ұрпағы Әлихан Бөкейхан бастаған ұлылар. Ел үні. Алғашқысы қазақ сахнасында туған «Кенесары – Наурызбай». Авторы «халық жауы» – Мұхтар Әуезов. Кейінгісі Ілияс Есенберлин – «Қаһар». Олжас Сүлейменов – «Аз и Я». Биліктің бишігіне талай сабалып таяғына ұрынған осы мықтыларды өзіңіз де біле жүріп, бірге өстіңіз. Көрдіңіз. Ары тартса ұлттың арына келмей, бері тартса биліктің билігіне көнбейтін көне тарихты көндіре алмай (Орталық Комиттет) ЦК-ның сасқан жері де осы қойылымның осы сұрағы болды. Санаға салмақты мықтап салған қойылымда осы – «Қара қыпшақ Қобыланды». Текетірес. Тартыс. Бір де бір болған түсініксіз ойын. Көп көрермен. Өз тарихына өзі ие бола алмаған ел. Айғайға аттан қосқандар ежелден орысты зор тұтқан баяғы өзіміз. Әлі де сол.
Осыдан соң іштен тынсаңыз да ұлтжандылықтың жолын қолға қолайлы басқа қойылымдардан іздедіңіз. Келер қойылымдарда ит идеологияның «өздері жемейтін, өзгеге бермейтін мая шөбін» билікке білдірмей майдалап тарттыңыз. Әріде жатқан арман ойыңызды «социализмге» орайластыра отырып «Ана жер – Ана», «Қан мен тер» повесть романдарын сахнаға жүйелеп (инсценировка), аса жүйкеге тимей, қазақтың көз жасына қарата сахнаға сай (авторлық келісіммен) түзеп, күзеп, атқан оқтай келістірдіңіз. Атқан оғыңыз, әлде ауытқып, болмаса көздегеннен бе «компартия» нысанасына барып дөп тигені. Билік амалсыз келісті. Бұның не дейін десе, өздері құрған қоғамның өз көрінісі. Демейін десе, ар жағында қылтиған үстемдік өмір, СССР тарихы. Қазақтың жасаураған көз жасы. Кедей шаруа. Тап күресі. Мойындаттыңыз. Мойындамасқа шара жоқ. Шошқаның өз майын өзіне қуырдыңыз. Таза қойылым. Таза көңіл. Браво. Мәмбетов – режиссер. Талант.
Бұл қойылымның қарсы жауабын 1986 жылғы көтерілісте бас жарылып, қара қайғы орнағанда бірақ білдіңіз. «Партия қайда болса, біз сонда». Өткен өмір еткен еңбек бір сәтте қара түнекке айналды. Қара суық «Желтоқсан». Биліктің бұл қойылымы режиссер Мәмбетовті белгісіз «автор-режиссер» боп осылай қорлады. Жаншыды. Тұқыртты. Қамады. Саяси жанрдағы жаңа спектальдің соңғы ойыны осылай аяқталды. Алаңға бекер емес, дұрыс бардыңыз. Елдің талай жылғы төске таққан орден, медальдің артын өз көзіңізбен көрдіңіз. Білдіңіз. Ел атынан қаһарман атандыңыз. Алдыңыз. Қазақ риза. Өнерге рақмет, билікке лағнет. Финал. Жабылмаған шымылдық. Кек. Келер ойын (ескі Қазақстан) басқа жол…
Сәл шегініс. Театр тұғыры «драматургия» болғанмен, оны алып шығар арыстан мінез, жолбарыс жүректі от актерлер болмаса, қойылым болмайды. Осы жерде (өз естелігіңіз) қолыңызға қонбай кеткен Кененбай Қожабеков, Нұрмұхан Жантурин, Әбілқасым Жаңбырбаевтай азулы актерлерден бұйырмаған өнер сыбағасы. Көңілге қаяуы да – осы әңгіменің бітпес сөзі мен өсегі. Айып. Айыптау. Өтірік сөздің өтірікші авторлары.
Жантуринді бөле-жара айтсақ, сіздің кезіңізде кемінде 8-9 қойылымда басты рөлдің бас тізгінін ұстаған актер. Бұл – таза дерек. Тек, өкінішке орайы, қалыптан бөлек туған талант мінездің өз табиғатынан туған ой ұғымы, одан қалса ортақ өнерге ортақтасқысы келмейтін кейбір жандардың (Жантуринмен салыстырғанда) күбір-сыбыр, қыбыр-жыбырының жымысқы әрекетінен туған кері әсерлердің кей қылығы, бірге жүріп қатар өскен бастарыңызды бір театрға сыйғызбады. Біреу кетпей «біреуге» өнер жоқ. «Нұрмұханның театрдан кетуі, театр үшін үлкен қасірет болды-ау» – деп, мұң шаққан Сәбира апамның (Майқанова) арғы айтпағы өз алдына. Көп сөз іште..
Бұл жағдай бір жақты кемшілікте емес. Сол кезде Нұр-ағамыздың театр мен кино өнерін қатар тізгіндеп, көбірек көзге түсуі көпке ұнамағаны да белгілі. Театр актеріне кино да керек. Жаман да болса жарнама. Алар ақшасы өз алдына. Дегенмен өнерге шыдау керек, шыдам керек. Актер үшін кино өнері бүгін бар, ертең жоқ. Оның зардабын (театр тұрғысынан) талай мықтылар тартудай-ақ тартты. Мұндайда, таланттың жан азығын өнер жолында қалдырмайтын – театр. Театр – процесс. Өнер көшінен қалдырмайтын да театр. Өз өнерін театрдан гөрі киноға көбірек бұрған Нұрекең өмірден осылай өтті. Кетті. Оралмады. Оралтпады. «Ит өмірдің (өнер жолында) қапқанынан ырылы жаман болды». Араша түсер адамды қойып, билік жақтан үн қатқан жан болмады. Соңы, опасыз өмір. Ұқпау. Ұғыспау. Режиссер тыңдамау. Болды осымен.
«Шоқанды» сахналап, Кененбайдан (Қожабеков) бас актер шығарам деген үмітіңіз де үзілмес жерден үзілді. Ол кезде Кененбай ағамыздың да кинодан қолы босамай жүрген кезі. Бас бостандығы сахнаға сыймай, экран бейнесінде «Қазақ өнерінің жұлдызы» атанған Кененбай Қожабековтің де атқа мінген дер шағы. Жүре келе Кененбай ағамыздың да кинодағы табысы жеке бастың ауыр тағдырына ұласты. Өнер адамына бұдан өткен ауыр соққы жоқ. Сізге бұйырмаған (бұйыртпаған) дара талант, өнер иесі осылай өтті. Құса өмірмен кеткен сахнаның соңғы көз жасындай болған таза талант. Ауыр тағдыр.
Уысыңызға ілінбей кеткеннің бірі, дала қасқырындай бөлек мінезді, қас талант, кесек үнді – Әбілқасым Жаңбырбаев. Ленин рөліне (Әуезов театры) келіп тұрып, театрға аларда тосыннан шамына тиген бір ауыз сөзді көтере алмай, Әбекең де келген Семейіне қайта қайтты. Өз театрына оралды, ту көтерді. Мінезді талант өз талантымен өзі өсті. Бұл да болса өз жеңісі.
Осындай қайратты дара таланттармен бірге жұмыс істемесеңіз де өмір бойғы іш наза, өкініш ойыңыздан кеткен емес. Талант талантты өнерге қиса да өлімге қимайтын ішқұса азапта өттіңіз. Осы үштік құрамда (Жантурин, Қожабеков, Жаңбырбаев) Грузияның Захава, Васадзе, болмаса Шүкір Бұрхановтай актерлер талантымен әлемге танылып, Режиссурада Брехт, Питер Брук, Станиславский, Товстоногов сияқты Мәмбетов атыңыз тіптен дүрілдер ме еді. Бұл енді келместің кеселінде кеткен кер заманның өнердегі өз өкініші.
Кейде Режиссердің бағына талантты актерлердің жолықпауы да – бір қасірет. Еңбек зая. Бағыңызға орай Ноғайбаев, Шәріпова, Молдабеков, Әшімов, Оразбаев, Тасыбекова, Мышпаева, Әуезбаева, Жайсанбаевтар бастаған жастардың өз уақытыңызға дөп келгені. Бұл да – Құдайдың бір сыйы. Одан өзге тасада қалған таланттар қаншама. Олардың да көз жасы мен тағдырына жауапты сол режиссер. Әрқайсысы бөлек-бөлек туған кесек тұлға, жеке тағдыр. Бір режиссердің бір театрда 60 актерді бірдей ұстап, бірдей талантын ашуы да мүмкін емес. Айналып келгенде, әр режиссер мүдделес таланттарымен топтасып, топ құрады. Одан басқа жол да жоқ. Бұл актерға (адамға) қиянат болғанымен, өнерге дұрыс. Мұндайда сөз жаман. Ірілендірмейді. Ірітеді. Режиссер сыйғызбайды. Бақталас. Тартыс. Талас.
Режиссурада адастырмай алып шыққан, негізгі бағыт, сара жолыңыз «Станиславский жүйесіне» негізделген еңбегіңіз, тазалығыңыз. Адалдық. Шындық. Қалай десекте, әлем бойынша сахна өнерінің ең таза негізгі ұстанымы осы «жүйе». Өнеріңіздің басты өлшемі (әр қойылымда) осы жүйемен жұмыс істегеннен еңбегіңіз жанды. Сахна шындығы сахнаның өз шындығында. Табиғат тазалығы. Реализм. Одан басқаның бәрі қызыл өтіріктің жемісі, есер «эксперимент».
Өнер жолы «эксперимент» дегенді өлсе де көтермейді. Эксперимент – тәжірибе. Өнерге, әсіресе ұлттық өнерге «эксперимент» жасаған ессіздер де түбі оңбас. Өнерге керегі өз өнері. Өнерден өнер жаса. Театрдың талабы да сұранысы да осы. Басты талап – тазалық. Тәртіп. Өнер атаулыны «жарнама жасандылыққа» құрмау. «Плакат» өнердің арзан әдісін қолданбау. Сатылмау. Сатпау. Сатқындыққа бармау. Сіздің режиссурадағы негізгі ұстанымыңыз өміріңіздің соңғы кезіне дейін осы басты қағидалардан еш ауытқыған емес. Бұл – мектеп. Академия. Сөз құдіреті ой әрекетінің бірлігі. Өнер сахнасының өзгермес Темірқазық мызғымас құбыласы да – осы. Соңғы жауап болса, ол – өнер ақыреті.
Одан өзге көңілге ауыры, өзім көрген бір жайсыз жай. Естен ерекше кетпейтіні, қиыны да осы. Өзіңіз өсірген Әуезов театрының көрермен залына көп көрерменнің бірі боп анандай жерде жалғыз отырғаныңыз. (Ұмытпасам, театрдың 75 жылдығы болар). Қасыңызға келдім. Жайғастым. Қарамадыңыз. Қаратпаған көз жас. Жалғыздық. Тек, қолымды қайта-қайта қысып, жіберместен іштен тындыңыз. Сөзсіз мұң ойлар. Өткен шақ. Соның бірі, әлде (театрдан кетердегі) өкпе, өкінішіңіз болар. Сол оқиғаны Фарида тәтем (Шәріпова): «Ойпырай-ай десеңші, ойпырмай-ай, қайтейін. Өз-өзімді осы күнге шейін кешпейтінім, Әзекең кетерде, тым құрымаса орнымнан тұрып бір ауыз рақмет айтпағаным. Не албасты басты білмедім», – дегені болар. Әлде…
Жалпы, режиссер қызметі бір театрда ары кетсе 10–15 жылдан аспағаны ләзім. Жақсы талант осы аралықта бар берерін береді. Сіздің де алдыңғы он жылдығыңыз солай болған. Одан асса өнерге ауыр, театрға сор. Ар жағын кім білген. Сол кеткеннен қайта оралмағаныңызда, алтын басыңыздың бағасы аспанда болар ма еді? Бұл – бүгінгі сөз. Заман көші, марапат, мақтау, соңынан соғар тағдыр соқпағы бір басқа. Алдамшы өнер, баянсыз бақ. Айтуға ауыз жеңіл.
Өзіңізден тәлім алып, көз көрген көңілге, өткен күннің бәрі ауыр. Жетпейтіні өзіңіз. Өз тәрбиеңіз. Жақсы көрсеңіз де, жаман көрсеңіз де
«идиот» деп еркелеткен бір ауыз сөзіңіз. Тәліміңіз. Тәрбиеңіз. Намысыңыз. Сұлу өнердің өз шындығын өзіне куә еткен, (жарастырған) өз мінезіңіз. Сіз жоқсыз. Өнер жоқ. Бұл –шындық. Бар айтарымыз, елден, театрдан алған сый- құрмет тілеуіңіздің болашаққа деген амандығы. Бұл сізге деген жарасымдылық. Көрерменмен бір туған көңілдің өз көз жасы. Өнер қайда да – өнер. Қалғаны, болмағаны келер заманның өз жақсылығынан. Ұлт үшін туған, ел мақтанышы – Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов (Әз-аға).
Финал. Шымылдық. Сізге баға жоқ. «Өмір-өнердің» ендігі ойыны – басқа ойын. Өз ойыңызда қоя алмаған бөлек дүниелер. Болмаса, өмір соңында бас жарылып, таяқ жеген Абай қасіреті. Әлде реніші жоқ өнердің өз реніші болар. Жалғыз жарық. Одан өзгесі болса, бөлмеңізде қалған өмір бойғы серігіңіз қайқы қара трубка, шылым. Түтін қала. Шаң өмір. Өшкен жарық, сөнген өмір. Жалғыздық. Режиссер өмірі осылай өткен. Өтеді. Бәрі де түс өмір…
Ерсайын ТӨЛЕУБАЙ,
режиссер-драматург,
«Парасат» орденінің иегері