БАҒЫНА БҰЙЫРҒАН РОЛЬДЕРІН ЖАНЫНДА МӘПЕЛЕГЕН ТАЛАНТ
04.04.2024
204
1

«Өзгені» «өзіңе» айналдыра отырып, өзгелерді сендірудің салмағын артист қана білсе керек. Шымкент қаласындағы Шанин театрының сахнасында еңбек етіп келе жатқанына 51 жыл толған, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Дара» төсбелгісінің иегері, актриса Раушан Салованың шығармашылық өрлеу жолы ересек көрерменнің есінде екені күмәнсіз. Атақ-даңқты қумай, бағына бұйырған рөлдерін мәпелеген актрисаның кешегісі мен бүгінгісінен ой қозғасақ, ескіре бастаған естеліктер жаңарған жаңғырықпен жанымызға жылулық сыйлайды деп сенемін.

«Кішкетайымнан анамның шәлісін жамылып алып ән салатынмын. Үйге келген қонақтар: «Осы қыз өскенде, Құдай біледі, әртіс болады», – деп баталарын береді екен. 8 сыныпқа дейін ән үйірмесіне бардым. Мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесіне де белсенділікпен қатысып, «Қыз Жібектің» ариясын айтатынмын. 1970 жылдары Целиноград қаласында «театр ашылады» деген дақпырт басталды. 10 сыныпта оқып жүрген кезімде айтулы режиссер Жақып Омаров біздің қалаға келіп: «Жергілікті жастардан театр ашамыз», – деп, арнайы байқау ұйымдастырған еді. Сол сайысқа қатысып, Ғазиза Жұбанованың опералық әнінен үзінді орындадым. Жақып Омаров: «Дауысың мец-сопрано екен!» – деп риза болды. Өзіммен қатар жігітпен бірге «Қыз Жібектен» үзінді орындадық. Мектепті бітіріп жатқан шағымда Алматыдан «байқаудан өт­тіңіз» деген жолдама жет­ті. Алматы қаласындағы М.Әуезов театрында ашылған екі жылдық театр студиясында оқыдым. Латвияның еңбек сіңірген артисі Алексей Иванович Лакшин деген ұстаздың шеберханасында, Қазақстанның халық артисі Сәбит Оразбаев пен әйгілі Өкіреш рөлін сомдаған Рахметолла Телеубаев ағамыздың шеберханасында дәріс алдым.
2 курста оқып жүріп шымкент­тік курс­тасым Сайлау Сәрсенбаевқа тұрмысқа шықтым. Оқуды тәмамдап, арнайы жолдамамен Шымкент қалалық драма театрына актриса боп жұмысқа тұрдық. Сәбилі болғандықтан біршама уақыт­тан соң ғана – 1972 жылдың 8 тамызы күні жұмысқа шықтым», – дейді өнер иесі бұл бағытқа қалай келгенін көз алдынан өткізе отырып.
Сахна үшін, сахна адамы үшін режиссердің мәні айрықша. Драмалық шығарманың сахнада жанданып, артистердің өз образын биік деңгейде сомдауы да режиссердің көрегендігіне тікелей қатысты. Осы тұста әр кейіпкерін жарқырата кейіптеген Раушан апайдан ең алғашқы режиссері кім болғанын сұрадым. «Мен келген кезде Мұхтар Қамбаров режиссерлік етіп отыр екен. Шымкент театрындағы алғашқы ролім «Белгісіз батыр» драмасындағы белгісіз батырдың қызы Зухраны ойнау­дан басталды. Ол тұста небәрі он тоғыз жастамын ғой. Келесі режиссерім – Тастан Өтебаев ағамыздың әзербайжандық С.Шамқаловтың «Қайын ене мен келін» комедиясында Афет келіннің ролін сеніп тапсырғаны шығармашылығыма үлкен серпіліс берді. Енені Фатима Айнақұлова апайымыз сомдайтын. Керемет партнершам еді. Екеуміз өте әдемі үйлесімділікпен ойнайтынбыз. Көрерменнің көңілінен шыққан әдемі қойылым боп шықты.
1974 жылы театр репертуарында жүріп жатқан У.Гаджибековтің «Аршын мал алан» комедиясы жаздық гастрольге елге шығатын болып, күйеуім екеуміздің жалындап тұрған жастығымызға қарады ма екен, бізді Велли мен Теллиждің екінші құрамына кіріктіріп, тез арада дайындалуға тапсырма берді. 7 мамыр күні гастрольге кетуіміз керек болатын. 6 мамыр күні шалғайдағы достары іздеп келіп, сол кісілерді қонақ етпекке күйеуім кафеге асығып бара жатқанда алдынан бұзақылар шығып, қару қолданып жарақат­тады да, жарым сол сәт­те қаза болды, өкінішке қарай. Жылдан астам уақыт қайғы жұтып ата-енемнің қолында отырдым. Бір жылдан соң сахнаға оралдым. Өмір ғой, екінші рет 1987 жылы шаңырақ көтердім. Бұл бақытым да ұзаққа созылмай, он екі жылдан соң өмірлік серігімді қара жерге бердім. Осылайша, екі рет көтерген шаңырағым шайқалып, бар жұбанышты сахнадан тауып, рольдеріммен жанымды жұбат­тым. 1977 жылы Т.Өтебаев Гогольдің «Үйленуін» сахналады. Агафья Тихоновнаны ойнадым. Қойылым өте ұтымды шығып, Мәскеуде өткен кәсібилікті шыңдайтын арнайы оқуға барған театр ұжымы үзінді қойып, Мәскеулік ұстаздардың ризашылығына кенелдік. Мен орыстың әнін айтқанымда, орыс ұстаздардың әншілігім мен рольді шынайы ойнағаным үшін ризалықтарын білдіріп, ерекше мақтағаны шеберлігімнің одан әрі ұшталуына пәрмен ет­ті. 1981 жылдары Жақып Омаров ағамыз Бас режиссер боп келгенде: «Оу, өзім таңдап алып қабылдаған шәкіртім, осында екенсің ғой!» – деп қуанған болатын. 1982 жылы Ж.Омаров ағамыз Қ.Бекхожиннің «Ұлан асуы» тарихи драмасын сахналағанда Айтолқын ханшайымның ролін сеніп тапсырды. Қойылым жоғары деңгейде шығып, баспа бет­терінде үздіксіз жарияланып жат­ты.
1983 жылы Ж.Омаров сахналаған Ә.Әбішевтің «Мәди» трагедиясында Мәдидің сүйіктісі Келбет­тің рөлін ойнадым. Премьераға автор Ә.Әбішевтің өзі келіп көріп, сахна төрінде тұрып ризашылығын айт­ты. Аяулысынан айырылып, жынданып кеткен Келбет­тің рөлін шынайы шығару үшін қалалық арнайы ауруханаға барып, науқастардың мінез-құлқын зерт­теген болатынмын. Жарық дүниеде өмір сүріп жүріп, ақыл-естен айырылған адамның образын сомдау – ең қиынның-қиыны екенін бастан кештім», – деп әңгімесін жалғастырған Раушан Салова өнердегі, өмірдегі қуанған, қиындықты өткеріп, жұбанған шақтарына, алып шыққан рольдеріне тоқталды.
«2000 жылы театрға кезекті режиссерлікке Тұрғанбек Ашимов келіп, Ж.Молдағалиевтің «Ана көз жасы» повесінің желісі бойынша «Тағдырмен тайталасқан әйел» драмасын сахналады. Сонда басты кейіпкер Анар ананың рөлін сомдау кезінде қат­ты қиналдым. Себебі ананың тағдыры өз өмірімнің шытырман жолына ұқсас тағдыр еді. Кейіпкердің бірінші күйеуі соғысқа кетіп, қара қағаз келеді. Екі баласымен жесір қалады. Екінші күйеуі ауыр науқастан қайтыс болады. Анардың күйініштен жоқтау айтатын сахнасы бар. Сол кезде кейіпкеріме қосыла жоқтау айтатынымды көрермен байқамайтын. Өйткені ол жоқтау өз тағдырымның да жоқтауы еді. Өз тағдырым мен Кейіпкерімнің тағдырын ұштастыру оң жамбасыма түскенімен, оны сахнада ойнау өте ауыр тиді. Анар болып еңіреп, Анар болып сүйгенімді жоқтадым». Осы жолдарды айт­қанда талант­тың сахнадан тыс өмірінің де сахнамен біте қайнасып кететінін, дарын иесінің қандай күрделі кезеңдерді бастан кешкенін біз де терең сезіндік.
Тіршілікте әртүрлі адам болатыны сияқты, драмалық шығармаларда да түрлі кейіпкерлер тоғысып жатады. «Жүрегі қаламаған роль болды ма?» – деген сауалыма: «Жүрегім қаламады» десем, артық айт­қаным болар, бірақ Б.Ережеповтің «Көксеп жүріп билікті» комедиясында жеңіл жүрістегі Дәмеш ролін: «Көн боп қатып қалмай, сынуың керек», – деп ­Т.Өтебаев аға күштеп ойнат­ты. Купальникпен ойнайтын болғандықтын қысылып, қат­ты ұялатынмын. Берілген рольден бас тартуға артистің қақысы жоқ, берілді ме – ойнайсың. Жиіркене отырып ойнап шықтым», – деп жауап қат­ты. Ал ең сүйіп ойнаған ролі жайлы: «Е.Уразымбетов сахналаған Чеховтың «Шие бауындағы» Раневскаяның образын жақсы көрем. Өз заманындағы көкейі ашық, жаны терең, білімді әйелдің ролі жаныма майдай жақты әрі суретші Қалтөре Жұмақұловтың сахналық шешімі актерлік топтың еркін ойнауына үлкен мүмкіндік жасады. Ж.Омаров ағамыз Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысында» Хазірет­тің тоқалы Мәрзияның ролін берді. Мәрзия да қосағына сүймей қосылған. Жақып аға сүйгеніне қосыла алмаған қазақ қыздарының, соның ішінде Мәрзияның зары іспет­тес «Маңмаңгерді» маған айтқызды. «Оңтүстіктің бұлбұлы» атанған актриса Хадиша Сазантаева апай «Маңмаңгерді» орындауды маған бір ай бойы үйрет­ті. Әннің: «Ахау, туған елім, балаң едім», – деген сөзін Хадиша апай: «Сен Ақан серінің ауылына келе жатсың ғой, «Ахау, туған елім, Ақан серім, Өзіңе осынау әнді сала келдім» деп сал», – деп өзгертіп айтқызды. Сахна ашылғанда таудың басынан «Маңмаңгерді» шырқап келе жатқанымда, көрермен ду қол соғып, мені Ақтоқты деп қабылдап қалады екен сонда», – деп ерекше толқыныспен айтып берді.
«Ұзақ жылдар «Қарагөздегі» Мөржанды ойнасам деп армандадым. Мөржанға деген махаббатымды Раушан Досжанова апай оят­ты. Мен, келіні Ақбаланы ойнайтынмын. Раушан Досжанова апай рольді жанын жеп сомдайтын. Репетиция кезінде де тап сахнада жүргендей бір жанын алып, мың жанын салып ойнайтын. Театрдың 50 жылдығына орай Алматыға онкүндікке баратын болдық. Ақбаланы халық артисі Айша Абдулина апамыз кейіптейтін. Айша апамыз жас келінді ойнауға қартайып қалды да, Ақбаланың күллі костюмін шашбау-білезігімен қоса: «Қызым, мына ролімді саған толықтай табыс етемін. Менің жолымды беріп, атақты бол!..» – деп қолыма табыстаған болатын. Раушан апаймен алғашқы репетиция әлі есімде. Мөржанның: «Кел бері!..» – деп, Ақбаланы алдына шақыратын жері бар. Раушан апайдың сұсынан қорыққаннан аяқ-қолым дірілдеп, еңкейіп, құлаймын деп, дауысым естілмей қалса керек. Раушан апай: «Дұрыстап сөйле!» – деп қолындағы таяғымен арқамнан салып қалғанда, көзім жарқ ет­ті. Раушан апайдың Мөржанды сомдаған шеберлігінен нәр алғаным соншалық, Алматыда Ақбаланы ойнағанымда қазақ сахнасының мэтрлері Шолпан Жандарбекова, Хадиша Бөкеева, Сәбира Майқанова сынды актриса апаларымыздан «міне, шынайы Ақбала…» деген жоғары баға алдым», – деді Шолпан апай өнер майталмандарының өзіне қалай ықпал еткенін есіне алып. Апайды тағы да сөйлете түскім келіп, жасына сай емес рольдерді сомдаған қойылымдар турасында білгім келді. Әр кезеңдегі әр қилы кейіпкерлерін ойша таразылаған актриса: «Режиссер Әскербек Құлданов ағамыз сахналаған Д.Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесуінде» 70 жастағы Зейнептің рөлін 44 жасымда ойнадым. Ал Д.Исабековтің «Анасын аңсаған қыз» драмасындағы оқуға түсуге келген 18 жастағы қыздың ролін 40 жасымда ойнадым. Қанша шеберлікке салғанмен де, жас ерекшелігі әсер етпей, салмақ салмай қоймайды ғой, кереғар жастағы кейіпкерлерді сомдау жолында қиналғанымды жасырмаймын. Екеуін де автор көріп, ризашылығын айт­ты», – деп мені де қайран қалдырды. «Режиссер Е.Уразымбетов 2000 жылы Исмагиловтің «Құдаша» деген музыкалы комедиясын оркестрдің сүйемелдеуімен сахналады. Алғашында маған құдашаның анасының рөлі бұйырған. Премьераға он күн қалғанда құдашаның ролін ойнайтын актриса режиссердің ойынан шықпай, аяқ астынан маған тапсырды. Оркестрдің сүйемелдеуімен айтуым керек. Дауысым сәйкес емес. «Өз ролімде қалайыншы, мынаған дауысым сай емес», – деп, режиссердің соңынан жүгірдім. Ерғали ағамыз: «Айт­тым, біт­ті!» – деді. Дирижер Ережеп ағамыз да нотасы сай емесін айтып, әбіржіп қалды. Амал жоқ. Режиссерге бағынасың. Ережеп аға: «Бастауын нотаға сай бастап, ары қарай өз дауысыңызға келтіріп айта беріңіз», – деді. Ойнап та, шырқап та шықтым». Бұл да – Раушан Салованың нағыз талант екенін дәлелдейтін үзік сыр.
– Актриса мамандығы ең тәуелді мамандық қой. Режиссердің таңдауы саған түсе ме, жоқ па, бір Құдайдың қолында. «Қарагөз» Шанин театрында сахналанғанымен, «Мөржанды ойнасам» деген арманыма қол жеткізе алмадым. Алдағы уақыт­та Абайдың әжесі Зерені ойнасам деп армандаймын, – деп сөзін қорытындылады сахна саңдлағы. Міне, бүгінде 70-тің желкенімен өнер айдынына қалқыған актриса Раушан Салованың жүзіп өткен жолының бір тамшы естелігі осылай үн қат­ты. Актрисалық арманыңызға жете беріңіз деген тілектестікпен шын талант­тың еңбегі, көрнекті рольдері мен сахнада шырқаған әндері өз жемісін беріп, лайық деңгейде бағасын алатынына сенгіміз келеді.

Сая ҚАСЫМБЕК,
драматург, Шанин атындғы академиялық қазақ
драма театрының әдебиет бөлім меңгерушісі

Шымкент қаласы

ПІКІРЛЕР1
Аноним 20.04.2024 | 12:33

Өте тамаша жазылған екен,мағыналы, түйінді.❤️

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір