ТАЛАНТ ҚАЙШЫЛЫҚТА ШЫҢДАЛАДЫ
Жазатын адам үшін жаңа бір кітабының жарық көруі, сұмдық жаңалық сияқты көрінетіні бар. Оның танымында ол күні бұдан асқан жаңалықтың болуы мүмкін емес. Осылайша бұ дүние туралы ойлардың ғұмырын жалт еткен бір сәтке болса да ұзартқанын қаламгердің өзі де байқамайды.
«Қайшылықтар дилеммасы». Ақтаңгер ақын, белгілі қаламгер Болат Шарахымбайдың «Әдебиет» баспа үйінен шыққан қомақты еңбегі осылай аталады. Кітапта талантты сөз шеберінің қазақ әдебиеті туралы әр жылдары қалам тербеген тебіреніс-толғаныстары мен әдеби сын мақалалары, эсселері мен естеліктері топтастырылыпты. Ой жаңашылдығымен, пікір алуандығымен ерекшеленетін кітаптағы жазбалардың қай-қайсы да оқырманды бей-жай қалдырмайды десек, артық айтқандық болмайды.
Оқырманға лирик ақын, публицист-жазушы ретінде танымал аутор бұл еңбегінде өзін басқа бір қырынан әдеби сын жанрында танытыпты.
Қалай десек те, шығармашылық адамының жан дүниесі – алуан түрлі қайшылықтар мен талас-тартыстардың қоймасы. Бір жағынан мұны терістеуге де болатын шығар. Алайда, ішкі қайшылықтар мен талас-тартыстар – адам болмысының шындығы, мұны ешкім теріске шығара алмайды. Бұл не деген сөз? Яғни, ішкі қайшылығы мен сыни тартысы көп қаламгерден жақсы туынды күтуге болады деген сөз. Қайшылық деген не? Ол – өмір үшін, өмірден өз орнын табу үшін, өз «менін» нақтылау үшін күрес. Қайшылық – сол күрестің индикаторы. Яки, Тәңірдің сүйіп жаратқан дүниесінің бәрі қайшылық пен талас-тартыстың көркем туындысы. Нақтылай түссек, қаламгер жүрегін жарып шыққан кез келген шығарма – ішкі қайшылықтардың жемісі. Ендеше, ішкі қайшылық – жаралым. Ішкі қайшылығы болмаса, шығармашыл адамы да болмас еді. Демек, талант – қайшылықта шыңдалады.
Осы тұрғыдан келгенде, автордың таңдауы төмендегі қаламгерлерге кездейсоқ түспеген сияқты. Қазақтың бас ақыны Абай бастаған аға буын өкілдері – Тоқаш Бердияров, Мұқағали Мақатаев, Темірхан Медетбек, Есенбай Дүйсенбайұлы, Жәркен Бөдеш, Рафаэль Ниязбек, Оразбай Байбақ, Есләм Зікібаев, Ұлықбек Есдәулет, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Толымбек Әлімбеков, Есенғали Раушанов, өзінің қатарлас-замандастары Нұрлан Мәукенұлы, Әбубәкір Қайран, Сабыр Адай, Аманғазы Кәріпжанәулеті, Бақыт Беделхан, тағы басқа ақындардың шығармалары туралы кеңінен сөз қозғаған автор, құрғақ талдаумен шектелмей, қазақ әдебиетінде ізі қалған ақындардың бұрын жұртшылыққа белгісіз қырлары, олардың адами болмыс-бітімдері жөнінде де оқшау ойларымен бөліседі. Бұл реттегі толғаныс-тебіреністерін толқымай оқу мүмкін емес.
«Реті келгенде айтып өтетін нәрсе, Тоқаңның осы мінезі, ішкі қайшылықтары, жан толқыныстары өлеңдерінде де айқын көрінеді. Күтпеген теңеулер мен шешімдерге толы. Былайша айтқанда, Тоқаңның сыртқы фактурасы қандай (бурыл шашты, өткір көзді, жанары жасаурап тұрады) мінсіз болса, ішкі иірімдері мен қайшылықтарында, жан толқыныстарында да ешқандай жасандылық жоқ болатын. Соған орай өлеңі де бойжеткен қыздардай сызылып тұрмайды, соншалақ сұлу да емес, бірақ өзіне магниттей тартып тұрады. Өлеңі әлдекімдер айта беретіндей ойлы да емес, бірақ жүректе шыңдалған шындық бар. Сондай қарапайым, формасы да, құрылымы да әдеттегідей. Есесіне иландырады, тамсандырады және таңғалдырады», – дейді автор «күтпеген жерден басталып, күтпеген жерден аяқталатын» Тоқаш Бердияровтың ақындығы хақында. «Бойында қайшылығы жоқ ақын болмақ емес. Ақын ба, яғни бойында қайшылығы бар. Өйткені, ішкі қайшылығы жоқтан ақын шықпайды. Ақындық ішкі контрасты адамға ғана тән. Шындығында, өзімен- өзі қайшыласып, теріс зарядтарша шарпысып, өзімен өзі іштей келіспей, төбелесіп, өз қалыбына сыймай жүретіндер – нағыз ақындар. Мұндай теріс заряды мен ішкі қайшылығы жоқты қанша жерден тұздықтап, зарядтасаң да, одан ақындық шығуы мүмкін емес. Себебі, әлемнің жаратылыс структурасы солай. Оған қарсы келу – әлемдік тепе-теңдікті бұзу деген сөз. Мәселеге осы тұрғыдан келсек, ақын Тоқаш Бердияровтың бар болмыс бітімін, сол болмыс-бітімнен туындаған шығармашылық жолын – бір ауыз сөзбен қайшылықтар нүктесі деуге әбден болады», – дейді тағы да. Бұған қалай қосылмайсың – қосыласың, әрине.
Кітапта, сондай-ақ айтқан сөзі ел ауызында жүретін даңғайыр жазушы– қаламгерлер Герольд Белгер, Тәкен Әлімқұлов, Рахметолла Райымқұлов, Зейнолла Қабдолов, Сайлаубек Жұмабек, Мұхтар Қазыбек, Көлбай Адырбекұлы, Момбек Әбдіәкімұлы, өзі абызға, сөзі аңызға айналған академик-ғалымдар Әбдуали Қайдар, Шора Сарыбаев, қазақ киноөнеріне зор үлес қосқан режиссер Мәжит Бегалин сынды тағы басқа өнер тарландарының өмірі мен шығармашылығы да сыншының назарынан тыс қалмаған.
Шынында да Шарахымбай шырайын келтіріп жазған әр дүниеде бір дәуірдің үні мен тынысы жатыр. Сол дәуірдің дауылына кеудесін тосып өмір сүрген, өмір сүріп қана қоймай сол дәуірдің бел ортасында жүріп артында өшпес мұра жазып қалдырған осынау қаламгерлердің кей-кейде көңілі шерлі, тағдыры шеменді болатыны өзінен-өзі түсінікті болса керек-ті. Міне, «Қайшылықтар дилеммасының» авторы оқырманға ұсынып отырған бұл жаңа кітабында халқымыздың осынау небір асыл перзенттерінің бейнелері арқылы олар өмір сүрген дәуірдің шежіресін, уақыттың мінезін ұтымды және әсерлі жеткізе білген. Кітаптың зерттеушілер үшін де, жалпы әдебиет сүйер оқырмандар үшін де құнды болатын тұсы – осы.
Кітап «Тәуелсіздік және қазіргі қазақ поэзиясы» деген көлемді мақаламен ашылады. Мұнда әр ұлт әдебиетіндегі көркемдік әдіс пен жанр, бағыттар мен ағымдар әр кезеңде әр түрлі жағдайда өзгеше қалыпта пайда болып, өзгеше жағдайда дамитынын айта келіп, автор: «Тәуелсіздік жылдардағы қазақ поэзиясының еркін ой мен сана бостандығына әсері, көркемдік қуаты, стильдік ерекшеліктері мен жаңашылдық бағыттары туралы сөз еткенде, қазіргі поэзиялық шығармалардың даму барысын төмендегiше жiктеуге болатын сияқты: 1) поэзиялық шығармалардағы көне түркiлiк сарын; 2) лирикадағы жыраулық дәстүр; 3) поэзиялық шығармалардағы фольклорлық желiлер; 4) қазақ поэзиясындағы жаңашылдық (модернизм және постмодернизм)», – деп көрсетеді автор. Біздіңше, жөн сөз, ескеруге тұрарлық ділгір пікір.
«Өлең-жыр жаратып жүрген әрбір талант өзінше бір-бір индивуд әлем, ендеше әр таланттың поэзияда алатын өз орны, өз дәрежесі, өз деңгейі бар… Рас, бүгiнде өлең жазып жүрген ақындар аз емес, бiрақ төл тұрпат, тосын мiнез, өзiндiк болмысын өзгеше жазып жүрген, артынан шәкiрт ерткен белдi ақындар туралы сөз басқа, олардан сұраныс та басқа», – дейді тағы бір жерінде. Шарахымбайдың бұл пікірімен келісу, келіспеу әркімнің өз жеке ісі десек те, сыншының қалам жарығы түскен әр тақырыпта өмір жатқандығы аңғарылады. Сол жарық өмірді автор шығармашылық ізденіс жолында ізі қалған қаламгерлер мен қайраткер тұлғалардың ғұмырымен, жазудағы мәнерімен, туындыларындағы өмір-тіршілігімен көрсете отырып, тұтас бір кезең ахуалының тынысын сездіретіндей. Әрине, кітапқа тақырып болған кейіпкерлердің кезеңі тарихқа айналып бара жатыр. Дегенмен, сол тарих қойнауындағы кезеңдердің өзі ел тағдыры, адам тағдырымен сабақтас. Ал, тарихқа айналған кез келген ұрпақ тағдыры қашан болсын әйтеуір бір айналып соғатыны және бар. Бұл – дәлелденген ақиқат. Бәлкім, сол кезде сыншы Болат Шарахымбайдың «Қайшылықтар дилеммасы» алдан шығатын шығар. Өйткені, бұл кітапта қазақтың аңызға айналған абыздары мен қалам қайраткерлерінің талас-тартысқа толы қайшылықты тағдыры жатыр. Ал, бүгінгі ағалар сөзі ертеңгі бабалар сөзі болып, бұлттарды тіліп, аспанды жаңғыртып, бізден кейін келетін талай ұрпаққа жететініне сенгіміз келеді.
Дәурен МҰХАМЕДИ,
әдебиеттанушы, филология ғылымының кандидаты