«Исабеков әлемі»
21.10.2022
1194
0

ІІ Халықаралық театр фестивалі өз мәресіне жетті

Қазанның 13-17-сі аралығында көрнекті жазушы-драматург, ұлағатты ұстаз, ҚР Мемлекеттік және «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты, профессор Дулат Исабековтың 80 жасқа толған мерейтойына орай, Алматы қаласында «Исабеков әлемі» ІІ Халық­аралық театр фестивалі өтті. Он жылды араға салып, ұйымдастырылған бұл іс-шара биік деңгейде өтіп, тарихи елеулі оқиғаға айналды.

Бес күнге созылған драматургтің фестиваліне өзге мемлекеттерден үш театр және еліміздің үш театры қатысып, бақ сынасты. Атап айтсақ, Түркістан музыкалық драма театры «Бөрте», М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театры «Жүз жылдық махаббат», Қ.Қожамияров атындағы Мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театры «Мұрагерлер» және Грузия елінен келген Мачабели атын­дағы Цхинвали кәсіби мемлекеттік дра­ма театры «Актриса», Түркияның Эрзу­рум театрының «Өкпек жолаушы», Австралиядан келген Мельбурн театры «Бөрте» қойылымдарын көрермен назарына ұсынып, өнер бәйгесіне қатысты.
Еліміздің мәдени өміріне рухани тұрғыда әсер еткен фестивальдің қазылар алқасының төрағасы – театр сыншысы, өнертану кандидаты, М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының директоры, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек болды. Қазылар алқасының мүшелері: Лаша Чхартишвили – театртанушы, PhD, Шота Руставели атындағы мемлекеттік театр және кино университетінің профессоры, қазіргі Грузия театрын зерттеу орталығының директоры, Халықаралық театр сыншылары Ассоциациясының мүшесі (AICTM); Бақыт Нұрпейіс – театртанушы, өнертану докторы, Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның профессоры, Халықаралық театр сыншылары Ассоциациясының мүшесі (AICTM); Анар Еркебай – театртанушы, өнертану кандидаты, Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның профессоры, Халықаралық театр сыншылары Ассоциациясының мүшесі (AICTM); Меруерт Жақсылықова – театртанушы, өнертану кандидаты, Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның профессоры, Халықаралық театр сыншылары Ассоциациясының мүшесі (AICTM).
Фестивальдің ашылу салтанаты Алматыда жаңадан бой көтерген, заманауи технологиямен жабдықталған Almaty Theatre ғимаратының алдында бастау тауып, Түркістан театры ұсынған Д.Исабековтың «Бөрте» спектаклі көрсетілімімен жалғасты. Өнер мерекесінің алғашқы күніндегі бұл қойылым көпшіліктің сұранысымен және әкімшіліктің ұйымдастыруымен екі мәрте, түсте әрі кешке көрсетілді. Қойылым бастала салысымен үлкен экраннан анимациялық көріністермен Бөртенің балалық шағына үңілуге мүмкіндік берді. Бөрте мен Темучиннің алғашқы танысу барысын көрсету арқылы қойылым көрерменді бірден өзіне баурап әкетті. Аты әлемге әйгілі Шыңғыс ханның асыл жары, ақылшысы, төрт ұлдың анасы Бөрте – қазақтың Қоңырат руынан шыққан ақылды, өжет әрі батыл әйел екенін Ақбота Рахат орындауында айқын көрініс тапқан. А.Рахат кейіпкерінің бейнесін әрбір сахна сайын қанық бояулармен түрлендіріп, бейненің ішкі психологиясын аша түскен. Сонымен қатар, Шыңғыс хан рөлін сомдаған Еркебұлан Дайыров парасаттылық пен шынайылықты ту еткен, соғыстың саясатын терең меңгерген хан ретінде сахнадан көрінді. Қойылым ұзақтығы екі жарым сағат болғанына қарамастан, сценографияны медиатехнологиялармен жасағандықтан, атмосфера көрермендерді тырп еткізбей ұстап отырды. Актерлер киген костюмдері үйлесімді әрі эстетикалық көркем, сол заманнан сыр шертіп тұрғанын аңғару қиын емес. Спектакль режиссері италиялық Давид Ливермор драматургтің көкейкесті мақсатын анық та нақты жүзеге асыруға тырысқан. Тарихымызға терең үңіліп, сол кезеңнің психологиясы мен менталитетін жеткізе білген. Шығармашылық құрам: Уәли-мәжін – Лейла Бекназар, Жамұқа – Нар­тай Саудан­бекұлы, Тұғырыл хан – Әділ Ахметов, Дай шешен – Қоныс­бек Бекайдаров сомдаған рөлдері де ұтымды шыққан. Спектакль заманауи технологиялармен үйлесіп, спецэффектілер көрермендерге әсерлі болу үшін актерлік ансамбльді әлі де дамытып, рөл ерекшеліктеріне, сөз астарына үңіле түскен абзал. Жалпы, пьесаның құндылығы жоғары, болашақта көптеген театр репертуарларынан берік орын алатыны сөзсіз.
Фестивальдің екінші күні М.Әуезов атындағы ұлттық драма театры Д.Исабековтың «Жүз жылдық махаббат» спектаклін ұсынды. Қоюшы-режиссер – Алма Кәкішева. Қойылым Мағжанның асыл жары Зылиханың ешкімге ұқсамайтын махаббатынан азап тартқан тағдырын бейнелейді. Автор пьесасында қазақтың бетке ұстар азаматтарының репрессия құрбанына сатқындықтың салдарынан душар болғанын сынға алады. Өткен күндердің ащы шындығын бетке басып, тарихтың бұмаланған кезеңдерін ашып көрсеткен. Мағжан – Алмас Шаяхметов, Зылиха – Дария Жүсіп орындауында кейіпкердің жан тебіреністерін шынайы жеткізе білген. Өз рөлдеріне тереңдеп енгенін сахнадағы қимыл- қозғалыстарынан, көзқарастарынан аңғаруға болады. Режиссер пьеса мазмұнынан ауытқымай, автордың негізгі ойларын аша білген. Қойылымда актерлік ансамбль жоғары деңгейден көрінді.
Түркияның Эрзу­рум театры Д.Исабековтың «Өкпек жолаушы» пьесасының негізінде қойылған спектаклін көрсетті. Қос мұңлықтың ішкі психологиялық тебіреністерін айқара ашып беретін бұл драма екі кейіпкердің тартысына құралған. Зейнеп рөлін Гонджа Чилгы, Айтөре рөлін Емрах Чилгы орындады. Алайда олардың шығармашылық тандемі сахнадан көріне қойған жоқ. Бір сағатқа созылған спектакль көрерменді жалықтырып алды. Себебі сахнада әрекет жоқтың қасы, құр сөзге құрылған. Тіпті жан дүниесіндегі сырларды ақтарған кезде де отырған қалыптарында, еш эмоциясыз ауыр күйзелістерін айтуы көңілге қонымсыз. Сахнаның оң қапталында түрік аспабында (багламада) әдемі әуен мен арасында ән орындап отырған С.Гүлебензер спектакльге сәл болсын темпо-ритм беріп тұрғанын байқаймыз. Қойылым ре­жис­сері Г.Чилгы кейіпкерлердің мінезінің ашылуына мән бермеген және әрекет арқылы өрбейтін шешімдер таба алмағандығын аңғардық.
Грузияның Мачабели атындағы Цхинвали кәсіби мемлекеттік драма театры Д.Исабековтың «Актриса» қойылымын бүгінгі заманауи атмосферамен көрсете білді. Режиссер Гоча Капанадзе пьесаны сахналауда көп ізденгені байқалады. Ол қойылымның астарын ашатындай трактовка беру арқылы грузин актерлерінің сахнада жарқырап шығуына ықпал етті. Қойылымның басты кейіпкері Айгүл Асанованың рөлін Лела Махниашвили икем-ырғағына келтіре орындады. Ол өзі сахнада қаншама жыл актриса болғандықтан, рөлдің табиғаты оның бейнесін аша түсті. Оның әдемілігін, нәзіктігін, түрлі рөл ойнаудағы жан толғаныстарының бәрін кемеліне жеткізе білген актриса образы театрдың жетістігіне айналды. Спектакльде актерлік ансамбль, эстетикалық көркем тұтастық қойылымның жоғарғы деңгейде қойылғанын айқындайды. Ол көрермендерге ерекше әсер сыйлап, театр әлеміне деген қызығушылықты арттырды.
Қ.Қожамияров атындағы мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театры Д.Исабековтың «Мұрагерлер» қойылымын көрсетті. Режиссер ана бейнесін кіршіксіз таза жан ретінде көрсете білді. Сол арқылы оны мәңгілік тазалықтың символы деңгейіне көтерген. Өз меншігіндегі үйге соншалықты талас пен тартыстың боларына сенбейтін кейіпкер образы ашылған. Өзінің жан дүниесі таза болғандықтан, өзгені де солай ойлайды. Қойылым тартыс пен шытырманға толы. Бүгінгі замандағы алаяқтардың қылықтарын дөп басып, адамдық мәселелерді көтеретін қойылымның жүгі ауыр. Актерлар сахнадағы серіктерін еркін сезініп, сөздерін іліп әкетіп, әрекетпен өрбітіп отырды. Сондықтан актерлік ансамбльдің бұл қойылымда мықты екенін байқай алдық.
Фестиваль аясындағы көптен күткен соңғы қойылым – Австралиядан келген Мельбурн театры Д.Исабековтың «Бөрте» қойылымын көру бақыты әзірге бұйырмапты. Өкінішке қарай, бұл театрдың спектакль емес, актерлік трейнинг көрсететіні фестивальдің соңғы күні ғана сахнада айқындалды. Осыншама сенім арқалап келіп отырғанда, жауапкершілік танытпағаны көпшіліктің наразылығын тудырды. Мерейтой иесі трейнингті тоқтатып, австралиялық «Бөртені» көрсетуді талап етті. Алайда олар желтоқсан айында «Бөрте» спектаклін қойып, премьера жасаймыз деп ақталды.
Өнер бәйгесінде Дулат Исабеков пьесалары негізінде қойылған спектакльдер жұртшылық назарын елең еткізіп, қызығушылық тудырды. Фестиваль мәресіне жеткенде атақты драматургті Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев келіп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар бұл халықаралық деңгейдегі рухани іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев та өз құттықтауын айтып, жүрекжарды лебізін білдірді.
Қазақ руханиятына жаңаша леп берген бес күндік фестиваль қорытындысын анықтауға, жүлдегерлер есімін белгілеуде қазылар алқасының еңбегі ерен. Кәсіби сыншылардың шешімімен фестивальдің бас жүлдесін – 1 000 000 теңге қаржылай жүлдені Түркістан музыкалық драма театры «Бөрте» спектаклімен қанжығасына байлады. Иванэ Мачабели атында­ғы Цхинвали кәсіби мемлекеттік драма театрының «Актриса» қойылымын сах­налаған Гоча Капанадзе «Үздік режиссер» марапатын иеленіп, оған 700 000 теңгенің сертификаты табысталды. «Үз­дік­ актер», «Үздік актриса» болып М.Әуезов атындағы Ұлт­тық драма театрының әртістері Алмас Шаях­метов пен Дәрия Жүсіп танылды. Әрқайсысына қаржылай жүлде 500 000 теңгеден табысталды. Сонымен қатар, «Үздік актерлік ансамбль» жүлдесіне «Мұра­герлер» қойылымын­дағы ұйғыр театрының әртістері 500 000 теңге қаржылай жүлде ие болды. Ал «Қазылар алқасының арнайы жүлдесіне» грузин актрисасы Лела Махниашвили лайық деп танылып, 300 000 теңге сертификатына ие болды.
Драматургтің мерейтойы фестиваль деңгейінде аталып өтуі – қазақ руханияты үшін үлкен мәртебе. «Исабеков әлемі» фестивалі көркемдік-эстетикалық тұрғыда жоғары деңгейде өткенін айту керек. Осындай фестивальдер халықтар арасындағы мәдени байланыстардың орнауына театртанушылар, драматургтер, режиссерлер мен актерлер, театр басшылары мен менеджерлердің бір-бірімен танысып, тәжірибе алмасуына, әр елдің театрлары арасындағы байланыстың күшеюіне, кәсіби біліктіліктің артуына септігін тигізетіні сөзсіз.

Назерке Рамазанқызы,
театртанушы, өнертану
ғылымдарының магистрі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір