Дулат Исабеков әлемі – Нобельдің отанында
04.06.2024
747
0

Стокгольм қаласында Дулат Исабековтің шығармашылығына арналған әдеби кеш өт­ті. Бұл – швед еліндегі қазақ әдебиетін дәріптеген тұңғыш шара. Нобельдің Отанында осы уақытқа дейін Орталық Азия аймағында туып-өскен қаламгерлердің шығармашылығына арналған бірде-бір кеш өтпеген екен.

Кешке швед Жазушылар одағының мүшелері, баспа үйлерінің редакторлары, әдеби сыншылар, театр мамандары, филология факультетінің оқытушылары, елшілік пен түрлі диаспора өкілдері, қазақ қоғамы мен БАҚ өкілдері қатысты. Шара аясында онлайн режимінде автормен сұхбат болып, қаламгердің өмірі мен шығармашылығы бойынша деректі фильм көрсетілді.
Әдеби кеште Д.Исабековтің швед тілінде шыққан «Brännande Sol, Isande Vind, Levande Stäpp» кітабы жөнінде сыншылар пікір айтып, оқырман қауым кітаптан алған әсерін ортаға салды. Аталған жинаққа жазушының «Гауһар тас», «Өкпек жолаушы», «Біз соғысты көрген жоқпыз» секілді бес хикаяты мен екі әңгімесі енген. Шара барысында Стокгольмдегі қазақ диаспорасының өкілдері де өнер көрсет­ті.
Кештен кейін ұйымдастырылған фуршет кезінде Дулат Исабековтің туындылары жөніндегі оң пікірлер жалғасын тауып жат­ты.
Әсіресе «Өкпек жолаушыдағы» жалғыздық тақырыбы көп қозғалды.
Швед зиялы қауымы Исабековтің пьесаларын өз елінде сахналау, оның шығармаларының желісімен түсірілген фильмдерді қазақ тілінде ағылшынша субтитрмен көрсету, повестерін жеке-жеке кітапша етіп шығарып, мектептерге тарату бойынша ұсыныстар айтуда. Қазақ әдебиетінің апталығын ұйымдастыру, қазақ-швед әдеби байланысын нығайту жөнінде де ұсыныстар айтылды.
Бұған дейін Англия, Австралия, Болгария, Ресей, Грузия, Корея, Түркия елдерін баураған туындылар, ендігі жерде Скандинавия елдерінде де өз бағасын алды. Алдағы уақыт­та швед оқырмандарының Исабеков әлемінен рухани ләззат аларына, соған орай талай пікірлер жазылып, ойлар айтылары анық.
Ол пікірлер аударылып, қазақ халқына да жол тартатын болады.
Солардың бірі – танымал сыншы Юкико Дукенің пікірінен үзінді:

«Дулат Исабеков – дәстүр-салтын осы заманға дейін сақтаған тарихи Қазақстанның заманауи өкілі. Ол кейіпкерлерін өз дәуірінен алады және шабыт­тана жазады. Исабеков тағдыр сынақтарына төзімді қарапайым да ұлы адамдардың бейнесін асқан шеберлікпен сомдайды.
Оның лирикалық прозасындағы қоңырқай адамдардың өмірге құштарлығы орыстың ұлы жазушылары Гоголь мен Горький шығармашылығымен астасады».

Юкико ДУКЕ

Жергілікті БАҚ өкілдері Стокгольм қаласында Дулат Исабековтің шығармашылығына арналған әдеби кеш жөнінде мақалалар жазып, ақпарат­тар тарат­ты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір