Әлидің әдемі әлемі
04.05.2024
117
0

Жақсы адамдардың даңқы өзінен бұрын жүретін әдеті бар емес пе. Мен Әлекеңді – Әли Әпекұлын көрмей тұрып танып үлгергенмін. Өскенде қаламгер болсам деген арманмен газет-журналдарға әуес болғандықтан мерзімді басылымдарды жібермей оқитын кез. Сол кез­дері Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газетінде Әли Ысқабайдың жазған дүниелері әр сан сайын шығып жататын. Әсіресе ойлы да орамды очерктері мен тіршіліктің таусылмайтын түйткілдерін талдаған мақалалары түйдек-түйдегімен жарияланып тұрады. «Шіркін, Осы Әли ағамыздай журналист болсақ қой!…» – деген арманның көңілімізде маздап жанғанын да несіне жасырамыз.

Сол арман ақыры жетелеп апарып, бізді де журналистика мамандығына алып келген. Мектеп бітірген жылы бірден оқуға түсуге жолымыз болмай, Бөрлітөбе аудандық «Балқаш өңірі», «Прибалхашье» газетіне қызметке ораласып, мамандықтың қыр-сырын татып көргенбіз. Күндіз-түні аяғыңа да, санаңа да бір тыным бермейтін аудандық газет­тің тірлігі шаршатқанымен, журналистік өмірдің тылсым құпиялары сағымдай мұнарланып, алыстан қол бұлғайтын. Талдықорғанға жолымыз түскенде аға басылым – «Октябрь туына» бас сұғып, онда еңбек ететін қалымды қаламгерлермен сұхбат­тасу парыз сияқты. Ағалардың әңгімесін тыңдаймыз, ақыл-кеңесін аламыз, өлеңдерімізді оқып, жылы пікір дәметеміз. Әли Әпекұлымен танысудың орайы осындай кезекті бір келісімізде келген. Сұңғақ бойлы, ақ-сары шырайлы, бойында бір артық еті жоқ, жіптіктей жігіт ағасы бауырмалдығымен, ақ-жарқын көңілімен бірден баурап алған болатын.
Ке­йіннен, 1997 жылы елімізде облыс пен аудандар қысқарып, облыстар біріктірілген кез­де «Жерұйық» атауымен шығып жатқан облыстық басылым жабылып, біраз журналистер Алматы облыстық «Жетісу» газетіне ауысып келді. Солардың қатарында Әли Ысқабайға газет­тің Талдықорғандағы қосысын басқару жүктелген. Ағамен жақынырақ араласа бастағанымыз да осы кез болса керек. Талдықорған өңіріне жолымыз түскенде қаладағы қосынға соқпай кетпейміз. Мұнда бізді аңқылдаған көңілімен Әли Әпекұлы қарсы алатын. Сол кез­дері Әлекеңнің қарымды қаламгерлігімен қоса, жаны да, қолы да жомарт жан екенін, алыс-жақынды ақыл-парасатымен ғана емес, дархан пейілімен да баурап алатынын қапысыз ұққанбыз. Қашан келсең де есігі ашық, дастарқаны жаюлы, үлкен-кішіге деген ізеті таусылмайтын аға-әріптесімізге деген құрметіміз молая түскені анық.
Әли ағаның өмір иірімдері, жүріп өткен жолы да барша қалам ұстаған қауымға үлгі боларлықтай. Жетісудың толымды да тасқынды суларының бірі – Іле өзенінің Балқашпен тоғысар тұсындағы Құйған ауылында 1939 жылдың мамыр айында дүниге келген Әлекең бала кез­ден әдебиетке үйір болып, алғашқы жазғандары балалар басылымдарында жарық көрген екен. Ол кез­де мектеп түлектері бірден жоғары оқу орындарына қабылдан­байтын дәстүр болатын. Әсіресе ауыл балаларын: «Бірер жыл шаруашылықта жұмыс жасап кел!» – деп қайтаратынына біз де куә болып үлгердік. Әли – Әлекең де алғашқы еңбек жолын «Жиделі» совхозында қарапайым жұмысшы болып бастайды. Қаламының желі бар жеткіншекті дер кезінде байқаған ағалары оны аудандық «Балқаш еңбеккері» газетіне шақырады. Осы жерде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы міндетін атқара жүріп, қазіргі әл-Фараби атындағы Ұлт­тық университет­тің журналстика факультетін тәмамдайды. Ал Қаратал аудандық газеті редакторының орынбасары болып жүрген кезінде болашағынан үміт күт­тіретін талапты жігіт­тің қарым-қабілетін партия жетекшілері де аңғарып, Алматы Жоғары партия метебіне жолдап, Әлекеңнін болашағына даңғыл жол ашқаны ақиқат. Осы оқу орнын табысты аяқтағаннан ке­йін Алматы облысындағы Қаратал, Көксу және Шелек аудандарында өңірлік газет­тердің бас редакторы қызметін табысты атқарып, ке­йіннен «Социалистік Қазақ­стан» (қазіргі «Егемен Қазақ­стан») газетінің Маңғыстаудағы меншкті тілшісі болып еңбек еткені – өз алдына бөлек әңгіме.
1975 жылы Әли Әпекұлы туған өлкеге қайтып оралып, Талдықорған облыстық «Октябрь туы» (ке­йіннен «Жерұйық» болып шыққан) газетіне редактордың орынбасары қызметіне кіріседі. Осы жауапты жұмыста жиырма жылға жуық еңбек еткен Әлекең еліміз тәуелсіздігін алғанға де­йінгі күреске толы күрделі кезеңді бастан кешіп, «аға ұлт» өкілдері үстемдік құрып тұрған шағында Талдықорған қаласында қазақ мектептері мен балабақшаларын ашу жолында, пәтер бөлу, қызметке тағайындау саясатындағы әлеумет­тік әділетсіздіктерге қарсы жан аямай майдан ашқан әріптестерінің алдыңғы сапында жүргенін оқиғаның куәсі болған біздер жақсы білеміз. Бұл Әлекеңнің қаламгерлігімен бірге, елінің тағдырына бей-жай қарай алмайтын намысты азамат екенін айқындаса керек.
Біраз уақыт «Алатау» баспа полиграфиялық корпорациясының Талдықорғандағы «Полиграфия» өндірістік бірлестігінің бас директоры болып еңбек еткен Әли Әпекұлы Алматы мен Талдықорған облыстары біріккен кез­де «Жетісу» гезеті редакторының бірінші орынбасары, ке­йіннен қоғамдық-саяси «Алатау» басылымының бас редакторы қызмет­терін абыроймен атқарғанын білеміз. Зейнет демалысына шыққаннан ке­йін де қолынан қаламы түспей, республикалық «Дала мен Қала» газетінің өңірдегі тілшісі болып, жер жаннаты Жетісу өлкесінің жаңалығы мен жақсы істерінің жаршысы бола білді.
Әли Әпекұлы жайлы сөз болғанда оның журналст-публициист ретіндегі еңбегі мен атқарған қызметімен тоқталсақ, онда ештеме айтпағанмен бірдей болар еді. Саналы ғұмырын баспасөз саласына арнаған Әлекең өрелі ой мен өрнекті сөзден өлең құраған тамаша ақындығымен де, қиыннан қиыстырып мақал-мәтел құрастыратын ақылмандығымен, балаларға арнап тіл ұстартар жаңылпаш, жұмбақтар жазуымен де қазақ әдебиетінің тарихында қалатын бірегей тұлға екенін баса айтуға міндет­тіміз. Осы уақыт аралығында оның қаламынан жиырмға жуық поэзиялық, прозалық, публицистикалық шығармалар, зерт­теу еңбектері, балаларға арналған кітаптары шығып, оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленген. «Қаратал қыраны», «Әубәкіровтер әулеті» ат­ты эсселер жинағы, «Қызылжардың қызғалдақтары» деректі дүниесі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтің өмірі мен қызметін ашып көрсететін «Шынайы шындық», Кеңес Одағының батыры, жетісулық Мұсабек Сеңгірбаев жайлы жазылған «Мұзбалақ Мұсабек» кітабы, «Шаған шапағаты» публицистикалық кітаптары кезінде қалың жұртшылықтың көңіліне жол тапқан.
Ал проза саласында оның қаламынан шыққан «Тайқасқа», «Бейтаныс қыз», «Жәлменде – Пышан», «Ана алақаны», «Жетісу таңы», Уақыт уысында» атаулы әңгімелер жинағы қаламгердің жазушылық қырын айшықтап, тумысы бөлек тұлға екенін таныта түскен. Ал «Зе­йіні зерек зиялылар», «Тіл мен сөз» кітаптары қазақ руханиятына еңбегі сіңген біртуар азамат­тардың өмірі мен қызметінен сыр аңғартса, «Ойлы сөздің оғашы жоқ» деп аталатын кітабы мақал-мәтелдердің басын біріктіріп тұр.
Мен де қаламгер ретінде балаларға арналған шығармалар жазудың қаншалықты қиын да күрделі екенін жақсы түсінемін. Ол үшін бүлдіршіндерше ойлап, балдырғандарша сөйлей білу қажет екені шындық. Осы қиын сала Әлкеңнің оң жамбасына келіп, үлкен жетістіктерге жеткеніне куә болған едік. Оның балаларға арналған «Менің інім», «Солдат ағаға хат», «Еңбекқор құмырсқа», «Бесік жыры», «Айдостың арғымағы», «777 жұмбақ» пен «Әліп­пе-жаңылтпаштар» кітаптары бүгінде оқушылар мен балалардың үлкен сұранысына ие болып келеді. Автордың бір ғана мектеп оқушыларына арналған «777 жұмбақ» ат­ты кітабы1994 жылы «Ана тілі» бспасынан 38 мың данамен шығып, бірден тарап кеткен болатын. Сұраныстың артуына байланысты аталған кітап 2002 жылы осы баспадан тағы да 5 мың тиражбен оқыманға жол тартып, 2008 жылы «Дәуір» баспасынан 10 мың данамен қайта басылып шықты. Бүгіндері қайсыбір қаламгерлер 500-1000 данамен шыққан кітабын өткізе алмай жүргенде, мұншама таралыммен қайта-қайта шығарылуы кітаптың құндылығын аңғартпай ма?! Ал «Әліп­пе-жаңылтпаштар» деп аталатын дүниесі балалардың тілін ұстартуға таптырмайтын құрал екенін ұстаздар қауымы жабыла айтып жүр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында балалар әдебиетінің мәртебесін көтеру мен дамыту мақсатында 2017 жылы өткізілген «Жетісу балалар кітапханасы» ат­ты республикалық байқауда Әли Ысқабайдың «Ұлы дала ұланымын» ат­ты өлеңдер жинағы «Балаларға арналған үздік шығарма» номинациясы бойынша жеңімпаз болып танылып, шебердің мәртебесін асқақтата түскен.
Әли Ысқабайдың жан-жақты дарынды тұлға екенін дәлелдейтін деректер жетіп артылады. Журналист-публицистігін, ақындығы мен жазушылығын, балалар әдебиетіне тыңнан түрен салған шеберлігін жоғарыда айт­тық. Оның тағы бір қыры – өз жанынан мақал-мәтел құрап айтатын қасиеті десек қателеспейміз. Мысалы, «Тіл мен сөз» ат­ты кітабына тіл мен сөз тұрғысындағы ой-тұжырымдарынан туындаған мақалдар мен нақылдар іріктеліп берілген болса, «Ойлы сөздің оғашы жоқ» жинағында автордың өзі шығарған мақал-мәтелдер тақырыптық жүйемен топтастырылған. Мұнда мақал-мәтелдердің қайсысына көз жүгіртсеңіз де кіршіксіз көңілдің кестелі кесімдері іспет­ті қанат­ты қайырымдар мен ойлы оралымдар алдыңыздан менмұндалап шығады. Олар әр заманның имандылық қасиетін паш етумен бірге күнделікті тіршіліктің қат-қабат қырларын, адамның ішкі рухани болмысын, мінез-құлқын ашып көрсетеді.
Адамның болмаса өз елі,
Мейірге қаңсып өзегі,
Қиянын қиял кезеді.
* * *
«Төрт құбылам түгел», – деп,
Елден асып есірген.
Өзін-өзі жүгендеп,
Құтыла аламас кесірден!
* * *
Еңбегіңмен елге керексің,
Еңбексіз кіммін демексің?! – деп жалғаса беретін Әлекеңнің мақал-мәтелдері автордың өмірлік тәжірибесінен жинақталған, өз ұстанымы екеніне шүбәсіз иланасың, сенесің.
«Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін», ойы оралымды, айтуға жеңіл өлең жолдары қашан да сазгерлердің назарына ілігіп тұратыны бар. Әлекеңнің өлең-жырлары да осылайша әнге айналып, еліміздің аспанында шарықтағалы қашан. Сонау бір жылдары оның сөзіне жазылған әндер «Жұбайым» және «Жетісу таңы» ат­ты екі кітапқа топтастырылып шығарылған болатын. Мұны Әлекеңнің тағы бір қыры десек, қателесе қоймаспыз.
Мен білгелі Әли Әпекұлы қолынан қаламын тастамай, мол тәжірибесі мен ақыл-парасатынан туған ойларын жұртшылыққа ұсынумен келеді. Жазуға келгенде өте шапшаң, ұшқыр журналист екенін айналасындағылардың бәрі әлдеқашан мойындап болған. Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Әли Ысқабай ұзақ жылғы табысты шығармашылық жұмысы үшін «ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері», Алматы облысының және Балқаш ауданының Құрмет­ті азаматы атанып, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері», Қазақ­стан Республикасының тәуелсіздігіне – 25 және 30 жыл мерекелік медальдарымен марапат­талған.
Қазақ­станның Құрмет­ті журналисі Әли Әпекұлы бүгіндері 80 жастың сеңгіріне көтеріліп, ел-жұртына есеп беріп отырған жайы бар. Ендеше, 60 жылдан аса уақыт­тан бері қаламын қару етіп, ұлт руханиятының өркендеуіне үлес қосып келе жатқан аға-әріптесімізге денсаулық пен ғұмыр тілей отырып, алдағы уақыт­та да оқырманын болмысы бөлек туындыларымен қуанта берсін деген тілегімізді жеткіземіз!

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір