ТҮРКІСТАН ӘДЕБИЕТІ ҰҒЫМЫН ЖАНДАНДЫРАР КЕЗ КЕЛДІ…
12.09.2022
846
0

(Қазақ әдебиетіндегі «Түркістан» тақырыбы туралы бірер сөз)

«Түркістан әдебиеті» деген ұғым – Батыс пен Түркия ғылымын­да орнығып, қалыптасқан ғылыми тұжырым. Түркістан әдебиеті – түркітілдес халықтардың ортақ әдеби мирасы.

1921 жылы Орталық Түркістан топырағына Советтер билігі орнаған соң, бүгінгі Қазақстан, Қырғызстан, Өзбек­стан, Қарақалпақстан, Түркіменстан арасындағы бауырластық-туыстық, достық қарым-қатынас үзіліп, большевиктік идеология үстемдік қылады. Советтік идеология қасақана «Түркістан өлкесі», «Тұран даласы» сөздерін ұмыттырады. Санамыздан мәңгілікке «Түрік» деген ортақ ұлттық идентификациямызды (қалыбымыз) өшіріп, «Түрік бірлігі» деген сөз «Советтік мәдениет», «Совет адамы», «Совет қоғамы» сөздерімен алмастырылады.
Ұзақ уақыт Түркістан тақырыбы қазақ әдебиеттану, тарих ғылымында зерттелмей, кенжелеп қалған мәселе. Оның қоғамдық-саяси, әлеуметтік себебі де бар-тын.
Қазақстан Тәуелсіздігін алып, жеке республика болғаннан кейінгі кезде Түркістан тақырыбын ортақ жағрафиялық ұғым ретінде зерттеу, тану бірізділікке түсіп келеді. Түркістан тақырыбы Р.Бердібай, Ә.Қанафин, М.Мырзахметұлы, Б.Дәрімбет, Д.Қамзабекұлы, Д.Қыдырәлі, т.б. ғалымдардың еңбектерінде және ұжымдық зерттеулерде арнайы қарастырылған. Соңғы жылдары «Түркістан» сөзі ғылыми айналымға түсіп, тұжырым ретінде жүйеленді. Мысалы, А.Жалмырза, Н.Садықов және осы жолдар авторының диссертациялық жұмыстарында Түркістан әдебиеті мен тарихы тұтас ұғым, ортақ мұрат тұрғысынан жан-жақты зерт­теліп, талданады.
Түркістан, Тұран – жағрафиялық ұғымды білдіретін сөз. ХХ ғасырдың басына дейін Түркістан ортақ топырақ, ортақ Отан сықылды тұтастық мағынасын білдірген кең ұғым болғаны ақиқат.
Түркістан – ауқымды кеңістікті қамтитын аса күрделі тарихи-мәдени құбылыс. Біртұтас Түркістан идеясы – түркітілдес халықтардың жалпыұлттық сипатына ие болған қадірлі де киелі нысан. Біртұтас Түркістан идея­сы – отаршылдыққа қарсы Түркістан халықтарының қоғамдық-саяси қозғалыстарынан бастау алған процесс. Бір ту, бір мүдде астына топтастырған Түркістан идеясы – патшалық биліктің империялық қысымына бағытталған қарсы күш, ортақ мұрат.
Қазақ әдебиетіндегі «Түркістан көрінісі» дегеніміз – азаттық пен еркіндікті аңсаған күрескер рухты сөздер жиынтығы. Бұл әдебиет мәтіндерінің ерекшелігі – шетсіз-шексіз дала мен исі түркітілдес халықтарының ортақ ұлттық болмысы мен қалыбын (идентификациясын) қорғау, әлемдік өркениеттің дамуына қосқан төл мәдениеті мен дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтау сарындары мен елшілдік нышандарының жиынтығы.
Түркістан идеялы қазақ әдебиетінің басты жаңалығы – «Түрк» деген ортақ қаһарманның көркем образын сомдап, бейнелеуі. Түркістан әдебиетіндегі «Түрк» қаһарман бейнесі – түркітілдес халықтардың ортақ мақсаты мен мұратынан, арман-қиялынан туындаған ержүрек, батыр кейпіндегі жиынтық тип.
ХХ ғасыр басындағы Түркістан идеялы әдебиетіндегі маңызды бір оқиға – аңыз бен миф желісінен алынған «Көк бөрі» образы мен тотемінің жаңа сипат, ұлттық болмыста жаңғыруы.

ХХ ғасырдың
алғашқы ширегіндегі әдебиеттегі «Түркістан» мүддесі

ХХ ғасырдың басында Ресей патшалығының бодандығында болған түркі тілдес халықтардың бәрі оянып, рухани модернизациялық дамуға, ұлт-азаттық қозғалыс ұйымдастырып, алға жылжыды. Түрк-мұсылман қоғамында түркшілдік, ұлтшылдық және мұсылманшылдық сипаты көрініс тауып, түрк бірлігі қалыптаса бастаған болатын.
1905 жылы Қазақстанда ұлттық ояну кезеңі басталды. «Қарқаралы құзырхаты» деп аталатын құқықтық-саяси құжатқа 12747 оқыған қол қойып, патшалық Ресейдің Үкіметіне қарсылық манифесін жолдады.
Ұлттық бұлқыныс жылдарында саяси аренаға Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабай, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, т.б. азаматтар шығып, халықтың қоғамдық өміріне белсене араласады. Түрік бірлігін сақтауды, ортақ тарих пен құндылығымызды қорғауды жақсы түсінген күрескер қазақ ақын-жазушылары өз шығармаларында Түркістан мәселесін шынайы жазған-тын.
Мысалы, алдаспан рухты Мағжан Жұмабайдың «Түркістан» дастанында Тұран даласының жолбарыс мінезді ұлдарының ерлік-өнегесі, тарихи ортақ тұлғалары туралы жырланған. Саяси ойындардың кесірінен Түркістан ұғымының мән-мағынасы жойылып, жерлер әкімшілік құрылымға сай бөлініп, ағайын халық бір-біріне жат болып бара жатқан қауіпті сәтті сезімі мен түйсігімен алдын ала сезіп, болжаған қазақ ақыны төмендегідей жырлайды:
Тұраннан Сарыарқаны бөлек деме,
Түркістан алты алашқа болған Кебе.
Тұранның топырағын құшып жатыр,
Кешегі ердің ері көкжал Кене.

Шер батса – кім іздемес туған елін,
Тұлпар да көксемей ме туған жерін?
Арқаның ардагері – қалың Алаш,
Тұран да, біле білсең, сенің жерің!.
Мағжан Жұмабайдың «Орал тауы», «Өткен күн», «Пайғамбар», «Күншығыс», «Орал» өлеңдерінде Түркістан, Алтай жерлері – бүтін түрк халқының мемлекеті, ортақ алтын ұясы ретінде сипатталады.
Қазақтың үлкен оқымысты, ағарту­шы-ғалым, дәрігері Қошке Кемеңгерұлы «Бұрынғы езілген ұлттар» еңбегінде: «Түріктің алтын бесігі – Алтай, ер жетіп, өсіп өнген ордасы – Түркістан», – ортақ топырақ, бүкіл түрік халықтарының мемлекеті деп жазады.
Ташкентте жарияланған «Бірлік туы», «Ақ жол» газеттерінде, «Сана» журналында Түркістан сөзі тұтастық мағынасында қолданылады. Басылымның тұрақты авторлары коммунистік саясаттың салдарынан Түркістанның парша-парша бөлініп, ұлттық сипаты мен біртұтастық мағынасынан айырылып бара жатқанын жиі жазған болатын.
Жалпы Алаш ұранды азаттық әдебиетінде Түркістан ортақ мемлекет ұғым білдіретін сөз болғаны анық.

Эмиграциядағы қазақ әдебиетіндегі «Түркістан» тақырыбы

Түркістан өлкесіне тоталитарлық билік режимі күшпен, қанды қырғынмен орнады. Большевиктердің шовинистік пиғылын, қитұрқы жоспар-ниетін сезген Түркістан оқығандары шет елдерге саяси эмиграцияға кетіп, басқа елде тіршілік ете жүріп ортақ Отан үшін күрес ұйымдастыра бастады.
Ортақ Түркістан ұғымы мәселесі Мұстафа Шоқайдың эмиграцияда шығарған «Иені Түркістан», «Яш Түркістан», сосын советтік қоғамнан аластатылған зиялылар шығарған «Милли Түркістан», «Түркістан» басылымдарында жиі-жиі жазылған. Советтердің қанмен орнатқан билігіне шыдамай Еуропаның түрлі елдерінде кеткен зиялылар Түркістан тәуелсіздігі идеясын насихаттайтын бірқатар газет-журнал шығарып, ұлттық қозғалыстың көкжиегін кеңейтті. Ленин, Сталин саясатын әшкерелеген түрікшілдік бағыттағы «Милли Түркістан» (Ұлттық Түркістан) (1942-1975, Берлин/Дюселдор/шығарушысы – Уәли Қаюмхан); «Милли адабият» (Ұлттық әдебиет) (1943-1945, Берлин/шығарушысы – Уәли Қаюмхан пен Қобызшы Қорқыт) (Мә­жит Айтбаев – қазақ); «Озод Түркистан» (Азат Түркістан) (1954, Қахыра/шығарушысы – Мехмет Емин Түркістани); «Түркістан» (1953, Стамбұл/шығарушысы – Мехмет Емин Бұғра мен Зияеддин Бабақұрбан); «Түркістан сеси» (Түркістан дауысы) (1956-1957, Анкара/шығарушысы – Мехмет Емин Бұғра) «Бұйұк Түркели» (Ұлы Түрікелі) (1962, Измир/шығарушысы – Хасан Оралтай – Шығыс Түркістаннан Анадолыға босып көшкен қазақ) басылымдарда ортақ мәселе жан-жақты талқыланып, Совет Одағындағы жаңалықтар жазылып, репрессияланған Түркістан зиялыларының тағдыры туралы мақалалар басылатын.
Түркістан ұлтшылдығы – большевизм, шовинизм саясатына қарсы бағытталған күресті жандандырған әрекет. Ал эмиграциялық Түркістан әдебиетін саяси әдебиет деп бағалауға болады. Себебі эмиграциялық басылымдарда әдебиет, тарих тақырыбындағы шығармалар жазылып, жарияланғанымен, олардың көркемдік қуатынан гөрі ұлттық күрескерлік рухы басым болатын.
Түркістан әдебиетінің эмиграциядағы кезеңін қалыптастырған Мұстафа Шоқай, Зәки Уәлиди Тоған, Осман Хожа, Мехмет Казым, Әбдүлқадыр Инан, Әбдүлуақап Оқтай, ТаҺир Шағатай, Ахмет Наим, Мәжит Айтбайұлы, Хамза Абдуллин тағы басқа күрескерлердің түрлі жанрдағы шығармашылығында (мақала, сараптама, очерк, өлең, баллада, әңгіме, дастан, т.с.с.) Түркістан жағрафиялық түсінік, ортақ аймақ, біртұтас мемлекет ретінде суреттеледі.
Берлинде Түркістан ұлттық жазу­шы­лар бірлігі мен Түркістан ұлттық комитетінің құрылуы эмиграциядағы күрескер-саяси әдебиеттің тууына, қалыптасуына жол ашады.
Эмиграциядағы Түркістан әдебиеті «Біз – Түркістандықпыз!», «Түркістанның баласымыз!», «Түркістан ұлттық мемлекеті» ұғымдарын қалыптастырып, ұлтшылдық, түрікшілдік және мұсылманшылдық үш саясат термині сынды жалпыұлттық сипатқа айналдырады. Саяси қуғын-сүргіндегі Түркістан әдебиетінің мотиві – туған даланы большевиктердің үстемдігінен айыру, ел мен жерді сүю, сағыну мен торығу. Түрмеде, ауруханада жазылған өлеңдердің мәтіні де, ойы мен идеясы бір-біріне жақын, өзектес. Мәселен, «Қобызшы Қорқыт» әдеби бүркеншік атымен жазатын Мәжит Айтбаевтың мына өлеңінде күрескерлік асқақ рух пен ұлтшылдық көрінісі бар:
«Тірі болсаң жан досым ұлыма қайғы жегейсің,
Егер ұлым сұраса, ел үшін өлді дегейсің.
Түркістанның жолында, қиындықты көрді де,
Түркістанның жолында, майданда шейіт болды де!» .
«Ерікті Түркістан әскерлері» бүркеншік атымен жазған автор Түркістан ұлтшылдығының саяси және рухани көсемі болған Мұстафа Шоқайдың қазасына арнаған «Қош бол, қаһарман!» өлеңінде тұлғаның рухына құрмет көрсете отырып, Түркістанды қорғауға, оны азат етуге сөз бергенін байқауыңызға болады:
«Бәрімізде оттай жанған Түркістандық баламыз,
Сіздің атты ұран қылып жауға ойран саламыз.
Қош бол, қош бол мәңгілікке, ер-қаһарман ағажан,
Көп кешікпей атады таң, жаудан кекті аламыз!»
«Зарлық» деген атпен жазған автордың өлеңінен «Түркістан легионы» ұйымының жоспарына сеніп, алдағы күнге үміт артқан тілегін көруге болады:
«Күн батыстың
Қыранымен.
Бір майданда бірлесіп,
Туған елді,
Туған жерді
Өз қолыма алармын!»
Асылында, эмигрант қаламгерлеріміз Түркістанның әдебиеті сонау Жүсіп Баласағұн мен Махмұд Қашқаридің түрік жазу мәдениетін қалыптастырған Х ғасырдан басталатынын, оның арғы жағында бітік тасқа қашалып жазылған көк түрік жазуларының барын және ұлттық әдебиет Әлішер Науаи, Мақтұмқұлұлы, Абай сынды ақындардан бастау алатынын мақтанышпен жазады. Эмиграциялық саяси әдебиетте Түркістан Шығыс және Батыс Түркістан деп танылған бөлікпен бірге Қазақстан, Түрікменстан жерлеріне созылып жатқан аумақты қамтитын үлкен жағрафия екенін жиі-жиі талдап, тарихын баяндап жазған болатын.

Қазақ-совет әдебиетіндегі «Түркістан» мәселесі

Түркістан аумағына Совет үкіметінің орнауы аса күрделі саяси жағдайларға ұласып, соңы қоғамдық шиеленіспен жалғасады. Ұлттық элита мен коммунистік идеяға сенген ағартушылардың арасында пікір, көзқарас қайшылығы мен мүдде қарсылығы үйлеспеді. Міне, содан кейін Түркістан қоғамына жік түсіп, таптық, пікірлік топтар көбейіп, өзара қақтығыстар орнады.
Советтік Қазақстанға импералистік-шовинистік саясат орнағаннан кейін қоғамдық-саяси өмірден бұрынғы Алаш ұлт-азат­тық қозғалысының жетекшілері мен мүшелері аластатылып, шектетілген. Алаш ұранды рухты әдебиет тудырған түрікшіл, ұлтшыл ақын-жазушылар сталинизмнің репрессиясына ұшырап, нақақтан-нақақ атылады. «Халық жауларының» әдеби-ғылыми мұрасын оқуға, тануға, зерттеу­ге, насихаттауға тыйым салынады.
1936 жылдан 1991 жылға дейінгі аралықта қазақ-совет әдебиетінде Түркістан мемлекеті, ортақ топырақ, Тұран даласы ұғымдары көрініс таппады. Советтік идеологиялық цензураға ұлттық рухты көтеретін, панисламизм, панктюркизм көріністерін қамтыған шығармалар сай келмей, басылып шықпайтын.
1966 жылдан кейін қазақ-совет әдебиетінде санаға сілкініс жасаған үлкен оқиғалар басталды. Ұлттық рухты ұлықтаған Ілияс Есенберлин, Қабдеш Жұмаділов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Софы Сматаев бастаған басқа да жазушылар тарихи бағытта роман, повесть жазып, қазақ тарихын шынайы жазуға кіріседі. Осы есімі аталған жазушылардың шығармаларында Түркістан сөзі тұспалдап болса да айтылып, оның ортақ аймақ болғаны жазылған.
Ілияс Есенберлин (1915-1983) «Көшпенділер» трилогиясының 1969 жылы басылып шыққан алғашқы «Қаһар» атты кітабында Түркістан, Тұран сөздерін жаңғыртады. Жазушының осы романның жалғасы саналатын «Алмас қылыш», «Жанталас» кітаптарында да Түркістан қазіргі Орталық Азияны қоныстанған қазақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақ, түрікменнің ортақ атамекені ретінде сипатталады. Сонымен қатар Ілияс Есенберлин Түркістан мемлекеті ұғымын, Алаш қозғалысы, Алаш оқығандарының күресі туралы ойларын «Мұхиттан өткен қайық» атты өмірбаяндық формадағы романында шынайы бейнелеп, тарихтың ақтаңдақ оқиғасын ашып жазған болатын. Өкінішке қарай, 1972 жылы басылып шығуы тиіс роман социалистік әдебиет цензурасының талаптарына қайшы келгендіктен, жарияланбады, басылуына рұқсат берілмеді. Роман тек Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана басылып, оқырман қолына жетеді.
1968 жылы чекист, КГБ запастағы полковнигі Серік Шәкібаев (1926-1999) коммунистік партияның құпия тапсырмасымен «Үлкен Түркістанның күйреуі» повесть-романын жазады. Романда «Түркістан легионы», Мұстафа Шоқай және Түркістан ұлтшылдарының ұлтшылдығы, түрікшілдігі әшкереленіп, ұлы Отан – Түркістан топырағы үшін болған саяси күрес бұрмаланып, тарихи оқиғалар өтірік жазылады. Советтік идеологияның тапсырмасымен жазылған аталмыш романның негізгі миссиясы – оқырманның санасын улау, халықтың рухын сындыру болатын.
Теріс пропогандалық кітап «Падание большого Туркестана», «Чоң Туркестанның қирашы» деп орыс, қырғыз, өзбек тілдеріне аударылып, таралымы 200-500 мың дана арасында басылып шыққан.
Деректі жанрда жазылған шығарма он сегіз тарау және түйіннен бас құраған. Шығарма тарихи шынайы оқиғамен сәйкес келмейді:
«Жалпы саптан бөлініп алты адам алға шықты. Басқалары орындарынан қозғалмады. Сексен мың тұтқынның ішінде қалайша алты-ақ мұсылман болды екен деп таңырқаған Шоқаев саптың алдынан әрі-бері жүріп еді, бірталай қазақтарды, қырғыздарды, өзбектерді, түрікмендерді көзі шалды.
– Сіз қай жердікісіз, бауырым? – деді Шоқаев, алға шыққан алты адамның шеткі біреуіне.
– Түркістан қаласыныкімін. – Сіз ше? – деді ол екіншісіне.
– Мен де, осы тұрған алтауымыз да Түркістан қаласынанбыз, – деді екінші біреуі, барлығы үшін жауап беріп.
– Ә, ә ! – деді Шоқаев жұмбақтың сырын ашқан кісідей.
– Менің «түркістандықтар» дегенімді сіздер Түркістан қаласының кісілерін сұрап тұр деп ұғып қалған екенсіздер ғой. Жоқ, «Түркістандықтар» деп Қазақстанда, Орталық Азияда тұратын қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, түркмен сияқты мұсылман балаларын атап тұрмын. Ұқтыңыздар ма?
Бұған ешкім жауап қатқан жоқ. – Олай болса, түркістандықтар алға шығыңыздар! – деді Шоқаев, енді түсінген шығар дегендей, алғашқы тілегін қайталап. Шынында да тұтқындар Шоқаевтың «түркістандықтар!» дегенін түсінбей тұр екен. Ұғындырып айтқаннан кейін жалпы саптан көп кісі алға шықты. Мұны көргенде Шоқаев біраз көңілденіп қалды».
Чекист С.Шәкібаев ұзақ уақыт КГБ (Мемлекеттік Қауіпсіздік комитеті) офицері, құпия тапсырманы орындайтын жауапты маман болған. Автор шығармасында Мұстафа Шоқайды өзінің сенімді серігі болған Каюм-хан өлтірді деп шешім қабылдап, тарихымызға жалған деректі жамап, арнайы тапсырыспен қолдан жасалған оқиғаны суреттеген. Шығарма сюжетінде шындыққа жанаспайтын оқиғалар өте көп кездеседі. Идеясы мен мүддесі бір тұлғаларды бір-біріне қарсы қойып, социалистік идеологияның құрбаны қылады. Мысалы: «– Жігіттер! – деді Каюм-хан барлығы жиналып болған соң, – біздің көсеміміз Шоқаев өмір бойы мұсылмандардың орыстарсыз Түркістан мемлекетін құру үшін күрес жүргізіп келді. Бұл күресте мен Шоқаевқа қолымнан келген жәрдемімді беріп отырдым. Шоқаев өлген соң, оның туын құлатпай алға алып келе жатырмын. Мұны сіздер жақсы білесіздер. Шоқаевтың туына кір тигізбей, Түркістан мемлекетін құру бәріміздің міндетіміз. Жақында кейбір кісілер Түркістанға Татария мен Башкирияны қосып алайық деген пікір айтты: Турасын айтайын, біз оған қарсымыз. Өйткені бұл пікір Шоқаевтың орыстарсыз таза мұсылман мемлекетін құрамыз деген идеясына қайшы келеді. Татарлар мен башқұрттар орысқа шоқынған халық. Олар мұсылман емес. Олармен біріксек, біз Шоқаевтың өсиетін орындамаған боламыз. Түркістан мемлекетін құру жөнінде Шоқаев Герман үкіметімен келісім жасаған. Ол келісімде Татария мен Башкирия жоқ. Бір шартқа отырып оны әлі орындап бітпей, екінші келісім жасауды сұрау баланың ойыны сияқты болады.
Түркістандықтардың аңырып қалғанын байқаған Қанатбаев: – Каюм мырза! Мынадай бір түсіндіріп кететін жайт бар, – деп қол көтеріп сөз сұрады. Каюм-ханның ең қорқып отырған жері осы еді. Біреуіне сөз берсең, айтыс ұлғайып, жұрт Қанатбаевты қолдап кетсе мен құрыдым деп састы ол. – Қанатбаев мырза! Отырыңыз! Бұ жөнінде біз ешқандай талқы жасамаймыз».
Жалпы Серік Шәкібаевтың аталмыш туындысының композициялық құрылымы мен образдар жүйесінде қателіктер бірқыдыру бар. Шығарманың тілі жұтаң, сюжеті солғын. Партияның номенклатуралық тапсырмасымен жазылған шығармада түркі халықтарының ортақ мемлекеті саналатын – Түркістан өлкесінің ту-талақай шыққаны, бөлініп, паршаланып, байырғы тұрғындарының бір-бірінен алыстап кеткені келемежденіп жазылған. Түркістанның азаттығы мен бостандығы үшін күрескен «Түркістан легионы» әскерлерінің және Түркістан Ұлттық бірлігінің мүшесі болған оқымыстылардың қозғалысын бос сандырақ, нәтижесіз іс-әрекет деп қате бағалап, оқырманға теріс мәлімет берген.
Большевиктік кері саяси идеология Түркістан Ұлттық комитеті ұйымындағылардан тірі қалған қазақ, өзбек, қырғыз тумаларын Совет үкіметінің «сатқыны» деп танып, оларды «халық жауы» деп соттап, түрмеге жауып, ГУЛАГ жүйесіндегі лагерлерде қинаған болатын.
Советтік Қазақстан кезеңінде жазылған шоқтығы биік рухты шығарманың бірі – жазушы Асқар Сүлейменовтің «Бесін», «Бесатар» повестері. Екі шығармада да Түркістан өлкесіне советтік биліктің зор­лық-зомбылықпен орнауы, қарапайым халықтың ұжымдастыру саясатына қарсы шығуы шынайы суреттелген. Туынды кестелі де көркем тілмен жазылған. Повесть мәтінінде жасырылған құпия ойлар мен сырларға толы. Мәселен, ұлттық иммунитеті мықты, эрудит жазушы Түркістан өлкесіндегі жағдайды төмендегідей суреттейді: «Түркістанның босағасын келін болмай кесір боп 16-жылдың шілдесі аттады».
Жазушы А.Сүлейменовтің кейіпкерлері қызыл билікке қарсылығын ашық көрсетпейді, тек қана ым-ишаратпен, я болмаса кейіп қана сөз етіп отырады. Жалпы мұны Сүлейменов шығармашылығына, қаламына тән шеберлік деп айтуға болады.
Советтік Қазақстан кезеңінде ф.ғ.д., профессор Бейсенбай Кенжебаев қазақ әдебиеттану ғылымына ұшан-теңіз үлес қосты. Қайсар ғалым қазақ әдебиетінің тарихын V ғасырдан, яғни Көк түріктер дәуірі әдебиетінен басталады деп арнайы тұжырым айтып, шәкірттерімен бірге Орхон жазуларын, Алтын Орда әдебиетін, Қазақ хандығы әдебиетін зерттеп, Түркістан ұғымын ғылыми тұрғыда жандандырған болатын.
Сөзімізді түйіндей айтсақ, Советтік Қазақстан кезеңінде Түркістан ұғымы толық жанданып, жалпыұлттық сипатқа айнала алмады. Ұлтшыл, билікке сенімсіз, партияға жат элемент саналған зиялы қауым өкілдері Ішкі Істер министрлігі немесе Мемлекеттік Қауіпсіздік комитеті (КГБ) тарапынан арнайы бақылауда болатын.

Түйін:

Түркістан – исі түркі халықтарының ортақ алтын бесігі, ұлы Отан. Сан ғасыр бойы ортақ Отанымызда бүгінгі қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түрікмен, ноғай бәрі емін-еркін араласып-құраласып, көшпелі өмір мәдениетіне сай көшіп-қонып тіршілік ететін. Алайда, Түркістан өлкесін патшалық Ресей билігі отарлап, орыстандыру, шоқындыру саясатын жүргізіп, бейқам жатқан жергілікті түркітілдес халықтардың құқығын таптап, тілін, ділін, салт-дәстүрін жойып, ұлттық болмысы мен бітімінен айыруға барын салған болатын.
Тек қана ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Түркістан өлкесінде оқыған азаматтар бас қосып, модернизациялық даму жолына түсіп, отарлық билікке қарсы ұлт-азаттық қозғалыстарын ұйымдастыра бастады. 1900-1920 жылдар аралығында бүтін Түркістан аймағы ұлт ағартушысы Исмайыл Гаспыралының реформасына сай жаңа ілім мақсатын ұстанып, жәдитшілдік мектептерін ашып, жаңаруға ұмтылды. Тұтас қоғам оянып, оқыған, білімді Түркістан зиялыларының соңына еріп, ұлттық күреске қосылған-тын.
Ұлттық күрес жылдарында Түркістан идеялы қазақ әдебиеті түрленіп, мазмұн мен форма жағынан байып, ұлтшылдық рухын еселейтін, оқырманның намысын жанитын, Отанға деген, туған топыраққа деген сезімін, махаббатын арттыратын шығармалармен толыға бастады. Түркістан идеялы қазақ әдебиетінде «Оян» мотиві туып, тұтас Түркістан аумағынан асып, күншығыс халықтардың әдебиетіне әсерін, ықпалын тигізген болатын.
Азаттыққа бағытталған қазақ әдебиетінде түрікшілдік, ұлтшылдық, мұсылманшылдық сипаты көрініс беріп, Ұлы Түркістан идеясын тудырады. Ұлы Түркістан идея­сының астарында Түркістаннан Еділ-Орал, Сібірге дейінгі, Қырымнан Қап таулары мен Анадолы, Днепрге дейінгі аралықты қоныстанған барша түркітілдес халықтың бірігіп, ынтымақта болу мәселесі бар-тын.
ХХ ғасырдың 1920-жылдары Түркістан өлкесіндегі саяси ахуал күрт өзгеріп, Романовтар династиясын тақтан тайдырған большевиктер билікке келіп, импералистік-шовинистік саясаттарын жүргізе бастады. 1924 жылы Түркістанға толық Советтер режимі орнап, қасиетті аймақ Қазақстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан, Өзбекстан, Тәжікстан Социалистік мемлекеттеріне айналып шыға келді. Советтік қазақ әдебиетінде рух көтеретін шығармалардың жазылуына шектеу қойылып, социалистік реализм бағытындағы тек советтік ауыл, колхоз бен совхоз өмірі туралы ғана жазыла бастады.
Компартияның бас хатшылығына Л. Брежнев келгеннен кейін қазақ-совет әдебиетінде тарихи бағыттағы шығармалар жазылып, көркемдік шешімі тосын, оқиғалары ширақ жаңа тұрпатты туындылар жазыла бастады. Бұл шығармаларда Түркістан ортақ мемлекет, қасиетті топырақ ретінде суреттеліп, тек өткен шақ формасында ғана айтылған болатын.
Компартияның үгіт-насихат бөлімі халықтың тарихи санасын өзгерту, тарихи жадысын құрту мақсатында ұлтшылдық, түрікшілдік, мұсылманшылдық сезімдерін жаман әрі теріс сенім қылып көрсету үшін аямай жұмыс істеген. Үздіксіз насихат жұмысының нәтижесінде ата тарихымызды теріске шығаратын, халық перзенттерін «дұшпан» санайтын шығарма жазылады.
Большевиктердің саясатын ерте болжап, олар билікке ұмтыла бастаған алғашқы сәтте-ақ Тұран атырабын тастап, саяси эмиграцияға кеткен Түркістан зиялыларының Еуропа мен Түркияға қоныстанды. Советтік идеологияға қарсы Түркістанды азат етуді мұрат қылған күрескерлердің шығармашылығында күллі түркітілдес халықтардың тарихы, тағдырына қатысты зерттеулер, ортақ әдеби құндылығы мен мирасы хақындағы үлгі-өрнектер жарияланып, Советтер одағындағы саяси ахуал мен қоғамдық өмірден тұрақты мәлімет беріп отыратын. Эмиграциялық Түркістан әдебиетінде атажұрт, қасиетті атамекен Түркістан аймағын құтқару, ұлы дала төсінен қайтадан жаңа Түркістан мемлекетін құру идеясы көрініс тапқан.
Жалпы Түркістан әдебиетіне тән ерекшелік деп түркі халықтарының Отаны мен атажұрты, қасиетті топырағы туралы жазылған ұлтшылдық сезімі көрініс тапқан шығармаларды айтқанымыз орынды болады.
Сөзімізді қорыта айтқанда, Түркістан әдебиеті – концептуалды зерттеуді қажет ететін әдеби-мәдени, рухани құбылыс, пән және салааралық байланыс ауқымы кең тақырып.

Елдос ТОҚТАРБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір