Жеңіске көктем ерте келді
29.03.2023
217
0

Қазақ­стан Республика­сының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт­ты ұйыстыратын жеті қағиданы айқындады.
Сонда айтылған бірінші қағидада: «Еңбекқорлық – өскелең ұрпақтың бойына сіңген қасиет болуға тиіс. Бұл қасиет біздің өмір салтымызға айналуы керек. Масылдық ниет­тен, бос сөзден арылуымыз қажет. Тәуелсіздікті нығайтуға нақты іспен үлес қосу – әр азамат­тың перзент­тік парызы. Еңбек адамы біздің қоғамда қашанда құрметке ие болады. Себебі, еңбекқор адам өз сөзін әрдайым іспен дәлелдей алады», – деген еді.
Мемлекет басшысы айтқан қағиданы іс жүзінде орындап, еңбек етіп жүрген азамат­тар өте көп. Біздің айтайын деп отырған азамат та өте бейнетқор жан. Сондай бір шаруақор жігіт, Жаркент ауданы Үшарал ауылының тумасы – Жеңіс Жұмабекұлы. Ол балалық шағын жайлау мен қыстаудың ортасында өткізді. Денсаулығының әлжуаздығына мойымай, тепсе темір үзетін жігіт­тердің қолынан келмейтін шаруаны дөңгелетіп отырған іскер азамат. Бүгінде әкесі Жұмабек ақсақалдың жасы 80-нен, анасы Несіпхан 70 жастан асып, бейнет­тің зейнетін көріп, бар шаруаны Жеңіске сеніп тапсырған. «Әкенің малы балаға мал болмайды» деген бар. Бірақ сол әкенің жиған малын шашау шығармай, осы күнге дейін санын арт­тырып, асылдандырып, оның қыс-жазы жейтін жем-шөбін де дайындауды өз мойнына міндет қылып арқалап жүрген де осы – Жеңіс.
– Биыл қыс қат­ты, қар қалың болғанымен, мал-жан аман, қыстан қиналмай шықтық. Былтырғы жиған жем-шөбім жет­ті. Өзіме тиесілі шабындық жерім бар. Есебін есептен, өзім еккен жоңышқаның артығын сатып, одан түскен ақшаға жем алып, бірін-біріне қиюластырып келемін. Биыл да жоңышқа егуге жер жыртқызып жатырмын. Ерінбеген адамға көктемнің күні азық болады ғой, ауылдарда қазір техника бар, керегін тауып берсең болғаны. Басында жүріп қадағалау керек. Жем-шөптің өзіңнен шыққаны өте тиімді. Жоңышқадан бөлек, биыл жүгері де ексем деген ниет­темін. Үнемі егістік басында жүріп, өзім көзбен көріп, қадағалап жүремін, – дейді қожалықтың басшысы Жеңіс Жұмабекұлы.
Міне, еңбектің көзін тапқан адам осындай болары сөзсіз. «Көктемнің әр күні – жылға азық» деген осы. Күнді бос жібермей, естияр бауырларын жетектеп, қадағалап, тірлікті ұйыстырып, үйлестіріп жүрген шаруа. Еңбектен ел де, жер де көгереді. Іле-шала Жеңіске қайта телефон шалған едім, байланыстың нашарлығы оның әлі егістік басында екенін еске түсірді. Шаруаға бейімделіп, көктем шыға қыстың қамына кіріскен Жеңіс мал азығын қазірден қамдап, ерте әрекет етіп әбден үйренгені көрініп тұр. Жеңістің уақыты тығыз, сөзі аз, ісі мығым! Қыстан қысылмай, жемісін көретініне сенім мол!

Қорлан Бауыржанқызы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір