АЯН КЕЛДІ, АҒАЙЫН!
Ол уақытта да тас төбеден күн тамып тұрған еді. Ал мен жарық пен жылу кіретін тесік-тесікті бітеп, бөлменің бір бұрышында ұялы телефонымның «битін сығып» жатқанмын. Әлдеқандай жаңалыққа тап болдым. Онда АҚШ түрмесіндегі қылмыскерлер туралы деректер берілген. Маған қызық болғаны мына жайт: қылмыскерлердің жетпіс пайыздан астамы мүлдем өлең оқымаған екен. О, құданың құдіреті! Бас жағымдағы жаңа ғана өзім оқыған Есенғали Раушановтың «Бозаңға біткен боз жусан» кітабына қарап, іштей «Шүкір!» дедім. Әрине, бұл «Өлең оқыған адам қылмысқа бармайды» деген сөз емес. Әйтпесе сол «Бозаңға біткен боз жусанды» елдің бір қиырындағы кітапханадан ұрлап кеткенімді жақсы білемін.
Бүгін де тап сол күнгідей қапырық. Тағы да ұялы телефонымның «битін сығып» отырмын. Тағы да «Шүкір!» дедім. Бұл жолғы жаңалығым тіпті, басқа. Қолымда төрт аяғын тең басқан екі өлең. Авторы Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы «Абай» атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын дарынды балаларға арналған мектептің сегізінші сынып оқушысы екен. Есім-сойы – Аян Шораев.
Жоқ, Аянды құбылыс немесе бұрылыс деуден аулақпын (солай болса, қуанамын!). Аяғын апыл-тапыл басқан бала ақынның кемшіліктері де жетеді. Бірақ ол уақытпен, тәжірибемен, машықпен табиғи түзелетініне де сенемін.
Қазіргі таңда кезінде әдеби держава болған елдерде өлең тым сирек жазылады. Керек десеңіз, сыншылар «Парижде өлең өлді», «АҚШ-та енді поэзия тумайды» деп «құдайдың зарын қылып» жүр. Бірақ Шығыста, әсіресе Орталық Азияда, ол күн туа қойған жоқ. Ендеше, ертең әлемнің күні бізге түседі. Аян қаламына адал боп қалса, сол шақта жұлдызы жоғары болатын нағыз қаламгердің бірі болатынына күмәніміз жоқ. Бала ақынның балаң өлеңдерін назарларыңызға қаз-қалпында ұсындық. Бізбен келісер ме екенсіз, Мәртебелі оқырман?
Жер-Ана
Төсіңде сенің тербелген,
Қырмызы қызыл гүліңмін.
Дертіме менің дем берген,
Ауасы жұпар қырыңның.
Кеудеңді шұрық-тесік қып,
Қанша рет сені жылаттық.
Анадай бізді кешіріп,
Сыр бермей келдің бірақ түк.
Аман бол, асыл жер-ана,
Құшағы дархан кең ана.
Аялап бізді тербетер,
Мәңгілік мекен сен ғана!
Әулие
(Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына арнау)
Ғасырды тербеп өр үні,
Айналған алау жарыққа.
Өмірі түгіл өлімі,
Аңыз боп қалған тарихта.
Тұмасын ішіп тұнықтың,
Баяндай барқыт белде өскен.
Ұлылық сырын ұғып күн,
Шығармай келед ел де естен.
Көп тілді білген ғұлама,
Бұһардан білім іздеді.
Айналды асыл мұрама,
Ол жүрген жолдар тізбегі.
Дәргейі жетіп данаға,
Наданға тілін безепті.
Халықтың мұңын жан аға,
«Хал-ахуалында» сөз етті.
«Жетпіс үш жасқа жетпей мен,
Балталасаң да өлмеймін.
Жетпіс үш жасқа жеткенде,
Жалғанның жүзін көрмеймін!»
Жан сырын жатқа жаймай көп,
Тілінен әсел тамызды, ә.
Айтқаны түгел айдай кеп,
Айналды әулие-абызға!
Тіріде сайлап моласын,
Болжады күнін алдағы.
Таратып жұртқа ол асын,
Жаназасын да қамдады.
Тисін деп пайдам еліме,
Елсізге тамын салдырған.
Белгі боп қалып беліне,
Үміттің отын жандырған.
Аязда, аптап шілдеде,
Адасқандарға пана боп.
Темірқазықтай түнде де,
Терезесінде жанады от.
Ғасырды тербеп өр үні,
Айналды алау жарыққа.
Өмірі түгіл өлімі,
Аңыз боп қалды тарихта!
Айдай кеп айтқан кесімі,
Жалғасты ісі дәстүр боп.
Жаңғырып жатыр есімі,
«Мәңгілік елде» мәшһүр боп!