«Түркістан легионының» бір құрбаны
09.05.2024
284
0

2020 жылы 24 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы комиссияның Шымкент қалалық қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі жұмысшы топ мүшесі ретінде Шымкент қалалық полиция департаментінің архивінде еңбектеніп жатқанымызға біраз айдың жүзі болды. Президент жарлығы кеңестік дәуірдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтауды көздейді. Халқымыздың осы дәуірде көрген зардабы көп. Ақ пен қызыл соғысы, колхоздастыру, тәркілеу, репрессия, аштық, Ұлы Отан соғысы, өзге де күңіреніске толы оқиғалар ұлт жанына жара салмай қоймады. Осындай сан қатпарлы тарих белестеін жан-жақты зерделеу барысында, 90-жылдары ақтауға ілінбей қалған оқиғалар мен адамдар бар. Әр оқиғаның, әр адамның артында тылсымға толы тарихи астар, мән жатыр. Зерттеушінің міндеті де сол болса керек, яғни тарихи шындықтың қабығы мен дәнін ажырата алу – арнайы мамандардың асыл парызы. Пайдасы тиіп қалар деген үмітпен һәм кейіпкеріміздің ағайын-туыстары бар болса, көріп-білсін деген ниетпен қолда бар материалдардың кейбірін іріктеп, оқырман қауымға ұсынып отырмыз.

Тау-тау істердің арасында жүзіне мұң тұнған қазақтың жап-жас жігітінің фотобейнесі көзге оттай басылды. «Кім екен?» дедік… Оңтүстік өңірінен шыққан қазақтың қара домалақ баласы екен. Келес жерінен шыққан Соғыс кезінде тұтқынға түсіп, «Түркістан легионы» құрамында болған.
Ғұмыр жолына зер салсақ, 1917 жылы өмірге келген Мамбетан Ахметовтің әскерге шақырғанға дейінгі мекен-жайы – Оңтүстік Қазақстан облысы Келес ауданы Сырдария ауылы. Оны 1939 жылы Келес райвоенкоматы Қызыл әскерге шақырған. Ол әуелгіде Уфа қаласында 294 мото-атқыштар полкында қызмет еткен. Одан соң Удмурт АССР-ы Глазово қаласында 153-артполкта, 1941 жылы мамыр айында Каунастағы 4048-артполкта қатардағы жауынгер боп қызмет қылады. Отызыншы маусым күні Каунастан 30 шақырым жердегі Ивановода ұрысқа түсіп, полктің быт-шыты шығады. Сөйтіп, «балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен» шақ орнайды. Ол 4 шілде күні жанындағы екі қызыл әскермен бірге винтовкаларын тастап, өз еріктерімен немістерге беріледі. Қолға түскен соң 1942 жылдың мамырына дейін Гродно қаласындағы әскери тұтқындарға арналған лагерде болады. Ахметов 1942 жылы маусымда Легинова деген жерде өз еркімен 5-Түркістан батальонына қабылданады. 1942 жылы тамызда Эдмино деген жерде Германияға адал қызмет етуге ант береді. Ол осы жерде Түркістан комитетінің көсемі Уали Каюм-ханды көріп, өзбек тілінде сөз сөйлеген. Мәмбетан 1942 жылдың қыркүйек айына дейін Белосток облысының Суваки деген жерінде тұрған екен. 1942 жылдың 16 желтоқсанында Богучар қаласының маңында советтерге қарсы болған алғашқы ұрыста советтер жаққа өтеді. 1943 жылы 29 мамыр айында НКВД жанындағы Айрықша кеңес Ахметов Мамбетанды РСФСР ҚК 58-1 «б» бабы бойынша 8 жылға соттайды. Кейінгі тағдыры белгісіз. Бәлкім, жазасын өтеп, бостандыққа шыққан болар?..
Келестік жігіт Ұлы Отан соғысында біреуінде немістерге, екіншісінде советтерге қарсы екі рет ұрысқа түскен. Сонымен оның әскери өмірбаяны аяқталады. Міне, дүниенің астаң-кестеңін шығарып, 80 миллион адамды опат еткен Екінші дүниежүзілік соғыстың қаралы бір беті осылай жабылады.

* * *

Тарихта қаралау, ақтау деген нәрсе бар. Бұрын ақ болып есептелген жайлар кейіннен қараланып, қара деген нәрсе ақ боп шығып жатады, яғни түстердің осылай оңып жататыны – тарих үшін қалыпты жағдай. Бұған себеп – ақиқаттың құбылмалығы емес, тарихи оқиғаларға баға беретін адамдардың қателіктері. Өйткені қателесу – қашанда адамға тән нәрсе. Кеше ғана жарты әлемді билеп-төстеген Кеңес империясы тарих сахнасынан ысырылып, бүгінде архивтің еншісіндегі мұраға айналды. Бұл феномен бүгінгі күн үшін үлкен саяси-тарихи мән-мағынаға ие болып отыр. Көптеген оқиғаларға басқаша баға беріп жатырмыз. Біз қараған материалдардың ішіндегі Түркістан легионы да қазіргі тарих тұрғысынан баға беруге мұқтаж. Француз тарихшысы Клод Дельплан Түркістан легионерлерін: «Қаһарман да емес, сатқын да емес», – деген екен (Бұл деректі әдебиеттанушы Мақсат Тәж-Мұрат Легионның тарихын зерттеуші Амантай Кәкеннен алып келтіреді). Сонда олар кім болып есептеледі? Құрбандар… Біз оларды ақтасақ, тек құрбан ретінде ғана ақтармыз, сірә. Бүгінге дейін олар советтік нұсқа бойынша сатқын болып келіп еді. Меніңше, олардан жалған қаһарман жасаудың да аса қажеті жоқ.

Ақжол ҚАЛШАБЕК,
ф.ғ.к., М.Әуезов атындағы ОҚУ
«Мұхтартану» ғылыми орталығының
аға ғылыми қызметкері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір