Әлем қайшылықтар кезеңіне келді

Ресей тарихи аренадан кетуі мүмкін
Ресейдің Украинаға басып кіріп, қырғын соғыс бастағанына бір жылдан асты. Әлем сарапшылары Еуропаның тап ортасында басталған бұл соғыстың үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласып кетуінен қауіптенуде. Соғысушы тараптар: агрессор – Ресей Федерациясы және қорғанушы – Украина. Ал Ресей-Украина соғысына қатысты түрлі әрекеттерге барып отырған мемлекеттер қаншама. Олар: АҚШ пен Канада қолдаған Еуроодақтың 28 мемлекеті Украинаны қару-жарақпен, қаржымен, азық-түлікпен қамтамасыз етуде. 42 миллиондық украин ұлты біртұтас күшке айналып, Ресейге дес бермеуде. Ресей Федерациясының одақтасы Беларусь өз жеріне орыс армиясын енгізді. Ал Иран Ислам Республикасы Ресейге тікелей қару-жарақпен көмектесуде. Солтүстік Корея да Ресейді қолдауда. Венесуэлла, Сирия және Африка континентінің бірнеше кедей мемлекеттері Ресей жағында. Әлем жаңа деңгейдегі қайшылықтар кезеңіне келді.
Осы күндері авторитарлық жүйеде өмір сүріп жатқан мемлекеттер Ресей жағында болса, Украинаны НАТО-ға кіретін демократиялық, дамыған мемлекеттер қолдауда. Ресейлік насихатшылардың: «Біз НАТО-мен соғысудамыз», – деп айта бастауы бекер емес. Шындығында Ресей қазір НАТО қаруландырған Украина халқымен соғысуда. Айлакер Батыс ата жауы – Ресейді Украинаны пайдалана отырып, тас-талқан етуді, одан кейін ыдыратып жіберуді мақсат етіп отыр. Осылай болса, АҚШ-қа бәсекелес империя – Ресей тарихи аренадан кетпек.
Ядролық соғыс қаупі күшейе түсуде
Әлемдегі ең қуатты ядролық потенциал орыс шовинистерінің тірегіне айналды. Батысты жасқантып отырған да Ресейдің ядролық шантажы. «Ресей жеріне ракеталар шабуылдай бастаса, сол елге ядролық қару қолданамын», – деп Путин ескертумен келеді. Ол және: «Ресейдің жауабы сол сәтте, аса тиімді болмақ», – дейді. Сарапшылар қазір Ресейде 2076 ядролық оқтұмсықтар мен 415 стратегиялық алып ұшу құралдары бар деседі. Ресейдің осы күші оның оңай жарылатын жаңғақ еместігін дәлелдейді. Ресей – Украина соғысының барысында АҚШ, Ұлыбритания мемлекеттері: «Ресей тактикалық ядролық қару қолданған жағдайдың өзінде біз жауап беруге дайынбыз», – деп ескертті. Ядролық текетірес жаппай қыру қаруын қолдануға ұласса, Еуропада, одан соң әлем шеңберінде заман ақыр, апокалипсис басталуы ықтимал.
Екі түрлі ұстаным мен дүниетаным соғысы
Ресей – Украина соғысының барысында екі ел әскері мен халқының психологиялық мотивациялары да күреске түсті. Украина халқы Ресейдің шабуылын әділетсіз, басып алу, Украинаның тәуелсіздігін, мемлекеттілігін жою соғысы деп қабылдады. Украиндықтар өз жері, елі, халқы мен тілінің болашағы үшін, Украина ұлтының өмір сүре беруі үшін күресетінін жақсы түсінді. Олар Отан үшін отқа түсуге, жанпидалыққа баруға дайын. Украина халқы Президент Я.Зелинский бастап, экс-президент В.Порошенкоға дейін әскери киім киініп, қолдарына қару алып, басқыншылық соғысқа қарсы тұр. Олар өз туыстарын, балаларын Отан үшін соғысқа қатысуға шақырды. Қарапайым Украина халқы мен билігі біртұтас одақтас әлеуметтік күшке айналды. Биліктің үлгісі – Украина халқын қорықпай, жанпидалық соғысқа бастады.
Ресей армиясы бөтен елге, еркінен тыс шабуыл жасап жатқандығын көріп отыр. Өз шабуылдарының әділетсіз екендігін, бейбіт халықты қырып жатқандықтарын олар ішінен жақсы біледі. Қаншалықты шовинистік, ұлыдержавалық ниет болғанымен, орыс әскерлері мен командирлерінде украиндықтар сияқты жанпидалық, жеңіске деген құлшыныс мүлде жоқ. Ресей билігі соғыс барысында-ақ өз халқына қатысты шовинистік, бөліп-жару саясатын жүргізді. Мұндай әділетсіздік пен теңсіздік Ресей аймақтарында орталықтың саясатына қарсы күшті наразылық тудырды. Соғыс созылып, Путиндік билік әлсірей берсе, Ресейдің бөлшектену қаупі күшейе бермек.
Ал Украина армиясының идеологиялық тірегі мықты болғанымен, осал тұстары да жетерлік. Әсіресе соғыс жағдайында орын алып жатқан сыбайлас жемқорлық әскерилердің моральдық қуатын әлсірететіні сөзсіз. Қорғаныс министрлігі АҚШ-тан келген ондаған миллиард доллар көмектің біразын талан-таражға салып, ұрлағаны белгілі болды. Біреулер Отан үшін жан беріп жатса, екінші біреулер байлық үшін жанталасуда.
Украина потенциалын әлсірететін екінші ауыр құбылыс – коллабарционистік пиғылдың орын алуы. Украиндық шенеуніктер, бизнесмендер арасынан коллабаранттар көптеп кездесуде. Сатқындар, тіптен Президент аппаратынан да шығып жатыр. Украинаға ең ірі көлемдегі әскери және қаржылық көмек беруші АҚШ екендігі ақиқат. Президент Джо Байденнің нұсқауымен АҚШ Украинаға жіберген қаржылық көмектерінің қалай жұмсалып жатқандығын тікелей өз бақылауына алды. Ленд-лиз бағдарламасы арқылы АҚШ Конгресінің арнаулы қаулысымен бекітілген үздіксіз көмек барысында Украинаға 30 млрд доллар қаржылық көмек, 70 млрд доллардан астам қару-жарақ, киім, азық-түлік пен көліктер бір жылда берілді. АҚШ-тың мақсаты – өзінің негізгі бәсекелестерінің бірі Ресейді әлсірету, ыдырату. Бұл соғыста АҚШ өзінің негізгі бәсекелестерінің бірі – Ресейді тізе бүктіреді. Оған қарсыласуға қауқарлы – Қытай ғана қалады. Осы уақытқа дейін РФ мен ҚХР көптеген жағдайда АҚШ-тың басымдылығына бірлесіп бой бермей келе жатқан еді. Ресейдің күйреуі АҚШ-тың әлемдегі позициясын күшейтеді, Германия да, Франция да АҚШ-қа бұрынғыдан да тәуелді бола түседі. РФ-дан кейінгі кезекте Иран, Венесуэлла, Солтүстік Корея сияқты диктаторлық режимдер байтараптандырылмақ.
Қарап отырсақ, Украинаның Ресейге қарсы соғысы әлемдік геосаяси және геоэкономикалық тәртіптердің түбегейлі өзгерістеріне жол ашатын сияқты. Сондықтан АҚШ билігі осы жағдайды өзінің әлемдік ықпалын арттыра тусу үшін және бір полярлық әлемдік тәртіп орнату жолында пайдаланып қалуға тырысып бағады.
Империялық үстемдік, басқыншылық, көрші елдерге күш көрсету саясаты РФ-ның күйреу үдерісіне іргетас болады деп есептейміз. Отаршыл империалардың барлығы да түбінде ыдыраған. Тарихтан сабақ алмаса болмайды. Қате шешімдер мен қадамдар ұлттық трагедияға бастайтыны ақиқат.
Қазақстанға қайтпек керек?
Аймақтағы басым державалардың әлсіреуін, өзара бәсекелестігін Қазақстан оңтайлы пайдалана білсе, мемлекеттілігін нығайта алады. Ресеймен 7,5 мың шақырым ортақ шекараның қандай жағдайда болмасын қауіп-қатердің көзіне айналмауы – Қазақстан үшін өте маңызды. Сондықтан РФ-дағы саяси ахуал қандай бағыттарға өзгерсе де онымен бейбіт қатынастарды сақтау абзал. Ал Ресей Федерациясы мылтығының ұңғысын Украинадан кейін Қазақстанға бұратын болса, жан-беріп, жан-алысып, барлық күш-жігерді тәуелсіздікті қорғауға бағыттауға дайын болуымыз керек. Ол үшін одақтастардың болуы ауадай қажет. Стратегиялық әріптес болып есептелетін Қытайдың бір бармағы бүгулі екендігі бесенеден белгілі. Түркия билігінің де екі жақты саясаты жетіп артылады. Украинадағы соғыс осының барлығын дәлелдеп берді. Ендеше, АҚШ пен ЕО елдерімен одақтастықты күшейтуден басқа жол жоқ.
Қазақ халқы мен ел билігі Ресейдің Украинаға жасаған басқыншылық соғысынан сабақ алуға міндетті. Ресей өзіне туыстас, ғасырлар бойы тағдырлас болып келе жатқан Украина халқын бір мысқал да аямағанда, қазақ халқын қайтсін? Агрессор өз пиғылын қазір жасырып отырған да жоқ. «Қазақстанда орыс тілділер қысым көруде», «Қазақстанның солтүстік өңірі толықтай Ресейдің тарихи жері», «Қазақстанда мемлекет болмаған, оған мемлекетшілік пен жерді сыйлаған В. Ленин», «Қазақстанда русофобия бар» деген сылтаулармен қоса, «Қазақстанда АҚШ-тың бактериологиялық зертханалары орналасқан. Жалпы Қазақстан Ресей үшін үлкен қауіп. Сондықтан Қазақстанды толықтай басып алу шараларын жасауға тиісті» деген ұстанымдағы Ресей Қазақстанға әскери шабуыл жасауы ықтимал.
Ресейдің федералдық барлау қызметі Қазақстанның осал тұстарын әбден зерттеп алған. Билікте, ірі бизнесте, армия мен күштік құрылымдарда Ресей агенттері, немесе оларға сатылған коллобаранттар толып жүр. Қазақстан Үкіметі, Президент аппараты, тіптен Парламент, Ұлттық холдингтер мен компаниялардың қызмет жасау тілі негізінен орысша. Осының өзінен-ақ ел билігінің компрадорлық психологиясын аңғаруға болады. Билік пен халық бір тілде мемлекеттік, қазақ тілінде сөйлеп отырған жоқ. Осы жайт Қазақстан қоғамының біртұтас әлеуметтік саяси күшке айналуына бөгет болуда. Сондықтан Қазақстан қоғамы үшін қазақ тілінің негізінде топтасудың, ұйысудың тағдырлық маңызы арта түспек. Тіл аса қуатты саясат құралы екендігін қазақ қоғамы естен шығармауы қажет. Себебі, Ресей орыс тілін өзінің неоимпериялық, басқыншылық саясатының тірегіне айландырып отыр.
Қазақ қоғамының Ресей шабуылының алдындағы әлсіз тұсының бірі – ел халқындағы діни алауыздық. Сондықтан халық біртұтас Абу Ханифа мазһабының платформасында топтасуы керек.
Алдағы уақытта Қазақстан билігі қоғамдық қатынастардың негізгі салаларын демократияландыру реформаларын іске асыруға да міндетті.
Қазақстан қоғамының ішкі жаңаруы оның АҚШ пен ЕО елдерімен одақтас елге айналуының негізі болатыны сөзсіз. Авторитарлық режим басқаратын Қазақстанның болашағы жоқ екендігін түсіну маңызды. Қазақстан халқы қорқыныштан құтылып, үрейден арылуы керек. Әділетті, бай-қуатты қоғам құру үшін барша халық топтасса, ұлы жасампаз күшке айналмақ. Ондай халықты ешбір жау алмайтыны – ақиқат. 20 миллионға жуық Қазақстан халқы – қазақ ұлтының маңайына топтасса ғана бізді ешбір жау ала алмайды.
Сайын Борбасов,
саяси ғылымының
докторы, профессор