Екінші шумақ қайдан келді?
11.11.2022
447
0

Абайтанушы Асан Омаров мырзаға бір сауал

Құрмет­ті, Асеке!
АБАЙДЫҢ баршамызға қымбат «Көзімнің қарасы» өлең-әнін тыңдаған сайын ойыма оралатын бір сұрақ: мұндағы орынсыз тұрған екінші шумақ қайдан келді?
Өлеңнің концерт­терде әнімен айтылатын алғашқы төрт шумағын қайталап оқылық:

«Көзімнің қарасы,
Көңілімнің санасы,
Бітпейді ішімде
Ғашықтың жарасы.

Қазақтың данасы,
Жасы үлкен ағасы.
Бар демес сендей бір
Адамның баласы.

Жылайын, жырлайын,
Ағызып көз майын.
Айтуға келгенде
Қалқама сөз дайын.

Жүректен қозғайын,
Әдептен озбайын.
Өзі де білмей ме,
Көп сөйлеп созбайын».

Өлең – жігіт­тің ғашықтық жыры ғой. Қызбен жауаптасуы (айтысы) дейтіндей нышан жоқ. Жадымызда әсем әуенімен жат­талып қалған мына төртеуінде ғана емес, түгелдей 22 шумақта. Яғни: Қазақтың данасы, деп басталған екінші шумақ өлеңнің жалпы мән-мазмұнымен үндес емес. Қызға «ғашықтың жарасын» мәлім еткен нәзік, сыршыл жігіт­тің өзін-өзі ерекше екпінмен қолпаштауы – ойға әсте қонбайды. Меніңше, бұл шумақ Абайдың басқа өлеңінікі, ақынның ел аузындағы өлеңдерін жинауда әу баста кеткен қателік.
Асеке, үлкен-кіші көбіміздің көке­йі­міздегі осынау сауалға Сіздің жауабыңызды күтемін.

Сәлеммен
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,
жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір