Қоңыр мұңды қобызым…
26.08.2022
597
0

О! Бұл жалғанда ақын үшін, Ғалым Жайлыбай шайыр сияқты өзі жақсы көретін әріптес қаламгер туралы сөз қозғаудан шапқат не бар дейсіз! Сол сәт­те ақынның көлдей шалқыған көңілінің бетіне жаздың жайсаң күндерінің біріндегі мың құбылған шұғылалы сағымдай сәруар сезімнің сәулелері көтеріледі; қаптай қонған қаздай боп, кілең бір кір жұқпайтын кірпияз мамығы бұрқыраған құс қиялы қауырсын қанат­тарымен ой тұнығын сипалайды; ақ омырауларымен көңіл көлдің бетін сызғылап-сызғылап біраз жүзіп, уақыты жеткенде көк аспанға дүрк көтеріледі; жасыл көлдің үсті мен көгілдір аспанның екі арасы қаңқылдаған, сұңқылдаған ғажап күйге бөленеді; сиқырлы сыры мол осы бір шақтың тез өтетіні-ай десеңізші – көкжиекпен шектесіп жатқан көңіл көлдің көркін де қызықтап үлгермей қалғандайсың, құс – қиялдың құйқылжыған күйіне де құмарыңды қандыра алмай, әрі-сәрі күй кешіп, әлем әлдиіне мәз болған маубас балақайдай болып, отырып қаласың!

Ғалым Жайлыбай туралы, жоқ, оның поэзиясы туралы ойға батып отырған менің де жағдайым– дәл осындай. Әрине, оның жап-жас кезінен бергі жазған өлеңдерінің қыры мен сырын жақсы білетін мендей адамға ол туралы жазу, біреулер шамалағандай, оңай көрінетін шығар. Олай ойлағандар қателеседі. Жазатын ақынын неғұрлым жақсы білген жазарман, қалам алған сәтінен бастап, қат­ты қиналатын сияқты. Өйткені өз көңілінде сайрап тұрған, анталап, алқымдап тұрған сыр мен сипат­тардың қайсысынан қайсысын оздырарын, немесе қаймағын сүтінен қалай айырарын білмей, дал болатын шақ осы екен! Он ай бойы от­тың басынан ұзамай отырып алып, зерделеп, зерлеп талдауға тұратын жақсы кітаптар, жарамды шығармалар бар ғой, бірақ амал не зерт­теуші, сыншы болып тумаған соң, көбінесе көңіл толқынының астында қала береді екенсің, немесе сезім сәйгүлігінің үстінде кете береді екенсің. Міне, мен Ғалым құрдасымның «Ай таңбалы арғымақ» деген үп-үлкен кітабын жабық күйінде алдыма қойып, сыртқы мұқабасын қызықтап отырғандаймын. Иә, расында да, мұқабадағы жалы желбіреген жылқы бейнесі маған қат­ты ұнайды. Аспанда Ай қалқыған дауылды түндерде үйірін иірген осы бір тарпаң айғыр да (солай елестетіп отырмын) менің Ғалым Жайлыбай деген ақын досыма ұқсайтын сияқты. Тұрысын қарашы! Бұл айғыр қысырақтың үйірінен айырылып қалды ма екен? Әлде, ылғи мақпал қараны шетке шығармай, саяқ қалдырмай, тісін ақситып, құлағын жымқырып, қайырып жүргенінде бір қауіпті сезіне қалды ма? Мүмкін жақын маңайдан бөрілердің ұлығанын естіген шығар? Әйтеуір, мына айғырдың әлденеден секемденіп, сақсынғаны рас-ақ!
Мен осы кітап сыртындағы сурет­ті қызықтап отыра бермей, бірінші тұрған «Ай таңбалы арғымақ» деген өлеңді оқиыншы! Нені ұғынып, нені сезінеді екем?
Жарқ-жұрқ еткен жарығым
жанар арбап,
Бір жыр жазып қояйын саған арнап.
Ай таңбалы арғымақ Ай астында –
Айдай жүзіп барады ағараңдап…
Өлеңді оқи бастаған сәт­тен-ақ тек Ғалымның өзіне тән жанға жылы тиетін сезім шуағы қазақы жаныңды баурап ала жөнеледі. Жылқымен бірге жаратылған дала перзентінің бұла бойын бұлқындырып тұратын асау қанның аңсары тамырыңды бүлкілдетеді, жүрегіңді тербетеді.
Ай таңбалы арғымақ, айналайын,
Далаға ынтық екеуміз, қырға ғашық.
Иә, рас! Қазақ пен жылқыны ешқашан да бөліп қарай алмайсың. Бірақ ақынның өзі жанындай жақсы көретін арғымағына деген мына қызғанышын қараңызшы!
Таңбаң айдай, сен неткен
бақыт­тысың –
Мендегі ешкім көрмейді ай таңбаны!
Сезіміңіз селт ете түсті ме?! Ақын жүрегіндегі Ай таңба қай пенденің көзіне түсіп, көңілін аударған?! Ал оның өлеңдері – сол Ай таңбадан шашыраған селкеу сәуленің нұры ғана. Қалқып бара жатқан қарасұр бұлт­тардай ақын жүрегін қайта-қайта қамықтыра беретін қаяу-мұң да сол бір нұр мен сәулені қай уақыт­та жарқыратып көрсетіп еді?! Нұр мен сәулені қашан да тұншықтырып тастағысы келетін қап-қара көлеңкелер ше?! Осы өлеңнің өн бойынан есіп тұрған саф самал мен сезім қытықтар қоңыр желдің арасынан бүкіл адам баласына тән таусылмайтын шерлі мұңның сарыны естілгендей болады.
Байғыз бұлбұл болмайды
сайрағаннан,
Кешемін деп жүрсің бе
қайыра жалған?..
Ақиқатың өлмесе қайда қалған?
Ай таңбалы арғымақ –
Айдай арман…
Көрдіңіз бе, ақын бес күндік жалғанның жүзінде жүрген адам атаулының баршасына тән өткіншілік заңдылығын Ай таңбалы арғымақ арқылы бейнелеп отыр. Иә, бәріміз «Айдай жүзіп ағараңдап бара жатқан Ай таңбалы арғымақтың» жалында кетіп бара жатырмыз! Мен солай дегенмен, осы өлеңді жазып отырған ақынның бұл тараптан келгендегі тебіренісі – тереңдеу, сезім пернесін басуы – бөлектеу. Оның қай өлеңінде болсын оқшау образдар мен сирек қолданыстар кездесіп отырады. Мәселен, келесі «Бозторғайды іздеу» деген өлеңді ала салайықшы:
Арғымақтарын арбаға жеккен
заманның,
Таңғы бақтарын бұлбұлдың үні
тербемес.
Осы екі жолдың өзінде қанша мән-мағына бар! Өшпейтін, өлмейтін тәмсілдер осындай ой орамдарынан пайда болған.
Ғалымның өлеңдерінен тек қазаққа ғана тән қарапайымдылық пен қоңырлықты, нәркестік пен нәзіктікті, тереңдік пен биіктікті сезінесің. «Өмір – осы! Түңілме, түңіл, мейлі, Арғымақтың арыны білінбейді» деп өзі айтқандай, бұл ақын саспайды, таспайды, арнадан аспайды. Ағысын астына жасырған терең дария сияқты. Үнсіз аққан шымырлауық толқындарынан, үңіліп қараған жан ғана, тылсым табиғатын тани алатын шығар, сірә. Оның ішкі асаулығы – шылбыр танымас тарпаң сияқты болса, салқын сабыры – оқ өткізбес қалқан сияқты. «Аппақ қар, аппақ әлем, ақ дүниеге – Жыр жазғам тұлпарлардың тұяғымен» депті ол бір өлеңінде. Міне, сол «тұлпарлардың тұяғымен жазылған» жырлары да Ғалымның өзіне тартқан десем, айтар дауыңыз бар ма? Оның өлеңдері маған қазақы әуенімен, ұлт­тық табиғатымен ұнайды. Ол ешқашан елде жоқ тосын үрдіс те, қиғаш қисын да іздеп көрген жоқ. Өмір бойы қара өлеңнің қағидасын қастерлеп, өзінің қоңыр қаздай жырларын қайта-қайта қанат­тандырумен келе жатыр, бұл ақын!
Міне, ақынның «Қоңыр» деген шап-шағын өлеңін оқып көрейікші:
Қоңыр күз,
қоңыр жыр ма едің,
Қоңыр күй тербеп кешімді,
Қоңыраулы керуен күндерім
Қоңырқай тірлік кешірді.

Қозы көш жерден көрінген –
Қоңыр қаздардың тізбегін
Қоғасы біткен көлімнен
Қобыздай сарнап іздедім.

Қоңырым озып пырақтан,
Қом сулы қоныс гүлдеген.
Қоңыр жел асып қырат­тан,
Қоламталарымды үрлеген.

Қоңырқай тарт­ты өлең де,
Қонатын басқа бақ қайда?
Қоңыр қозылар көгенде –
Қотарып ішер ақ қайда?..
Ғалым Жайлыбай өлеңдерінің өзгелерден өзгешілігі өзім үшін құпия емес сияқты. Өйткені Ғалым поэзиясында жүрекке ғана естіліп тұратын сазды әуен бар екенін баяғыда байқағам. Оның өлеңдерінің басым бөлігі менің жүрегіме қобыз сарынын тыңдататын. Бұл туралы өзіне де айтқанмын. Мына сіздің өзіңіз де бұл ақынның өлеңдерін оқи қалсаңыз, қобыз үнін тыңдағандай жүрегіңіз саза бастағанын, көптен бері ұмытылып кеткен әлде бір аңсарлы сағынышыңыздың қайта оянып келе жатқанын сезінер едіңіз. Өлеңді осы дәрежеге жеткізуге қажет­тіліктердің бәрі Ғалымның өң бойына жинақталған. Ол сөз бен сөздің жымдасуы мен жанасуынан, үндесуі мен үйлесуінен, шағылысуы мен соғылысуынан да жазып отырған жырына тән әуен мен сазды оп-оңай тауып алады. Сол әуен мен саз сөз құдіретінің дәл орнымен жұмсалуы арқылы жүрекпен ғана қабылданатын, сезіммен ғана естілетін музыкаға айналады. Бұл музыка – жанның үні, жүректің дауысы! Әрине, жақсы өлеңнің бәрі өз еркімен ағыл-тегіл ағытыла бермейтінін бәріміз білеміз. Бірақ нағыз ақынның нар боздауы қаламын алған кезден бастап-ақ көкіректен өзінен-өзі қозғала бастайтыны – ақиқат! Сырты сұп-сұлу көптеген өлең жырлардың сыршылдығы мен музыкасының кемшін түсіп жататыны да осыдан.
Ғалым өлеңдерінің ішінде шертпе күйді де еске түсіретіндер баршылық. Ондай өлеңдері кейде нәзік сезімдеріңді қозғайды, кейде жүрек запыранын суырып, сорғалайды.
Мен өзімнен-өзім қиялданамын: шіркін осындай ақындардың өлең-жырларының сиқырлы сырларын оқырман қауымға түсіндіріп бере алатын сыншыларымыз болса ғой! Бұл – менің өзіме ғана тән ойым. Әйтпесе, осы Ғалым Жайлыбайдың шығармашылығы туралы аз жазылып жатқан жоқ. Солай болуға да тиіс. Өйткені қазіргі ақындарымыздың ішінде жақсы өлеңдер мен поэмаларды көбірек туғызып, соған орай, салмақты-салмақты кітаптарын үсті-үстіне шығарып келе жатқан ақын – осы Ғалым Жайлыбай! Оның еңбекқорлығы мен ізденімпаздығына сүйсіне отырып, тақырып таңдауда болсын, тапқан тақырыбын тың сүрлеумен алып шығуда болсын, мүлт кетпейтін мұқият­тылығына таңданамын. Мысалы, ол мына менің алдымда тұрған жаңа кітабына кейіннен жазған өлең, поэмаларымен қоса, көркем аудармалары да еніпті. Бұл да – ерен еңбекқорлық! Оның үстіне, ақын біткен өзімен-өзі шектеліп қалмай, дәл осылай шет елдердің де ақындарын оқып, соны ана тілімізде оқырман қауымға жеткізіп жатса, нұр үстіне нұр болмас па еді!
Соңғы жылдары Ғалым Жайлыбайды дараландыра түскен шығармалары – әртүрлі тақырыпта жазылған поэмалары. Мына жинаққа енген соңғы үш поэмасы – «?Сұрақ белгісі», «Сұлубайдың әні» және «Тамакөшкен».
Қазір есіме түсіп отыр, осы Ғалымның «Қара орамал» деген поэмасы алғаш жарық көргенде, сол күні «алақайлаған» өзім едім. Құрдасыма қоңырау шалып: «Ғалым, сен тағы да бір биікке көтерілдің!» деген болатынмын. Сол айтқаным айдай келіп, «Қара орамал» еліміздің шеңберінен шығып, шет елдерге желбіреп жет­ті.
Ғалымның ғаламды сүйетін жүрегі мен қаламды ұнататын оң қолының сау­сақтары бірігіп, ортақ ойдың үддесінен сан рет шығып еді, бірақ «? Сұрақ белгісі» поэмасын жазу үстінде бұрынғыдан да салмақты, бұрынғыдан да қомақты ой жүгін көтеруге ыңғайланған жүрек те, оның бұйрығын орындауға қашан да дайын қалам ұстағыш саусақтары да бұрын бастан кешпеген өлең сөздің өрті мен ақын жанының дертін сәт сайын сезінген шығар. Өйткені осы поэманы жазуға бел буса да, кіріспей тұрып, аспаннан түскен ең қасиет­ті төрт кітапты түгел тәмамдап, басқа да қажет­ті әдебиет­терді бүкіл зейінімен оқып шыққан ақын иелерінің де бүкіл қан тамырлары күндіз-түні тынымсыз бүлкілдеп тұрды ғой.
Бүкіл әлемді аяғынан тік тұрғызып, уақытша болса да тәубасына келтірген пандемияның қаһарлы сұсы мен көзге көрінбес жан алғыштығы Әзірейілдің тырнағындай елестеп тұрған уақыт­та, ойшыл ақынның осындай үлкен дүниені жазуға отыра қалуы да – қазақ поэзиясына Құдайдың жіберген бір шапағаты шығар деп ойлаймын.
Көңіл көгіне көгілдір түсті құс керек,
Зауалды көріп, зәһардан
сусын ішкен ек.
Жан-жанарымнан
жас саулап тұрып жыр жаздым ,
Қанға малынған
қаламның ұшын тістелеп…

Адамзат көші адаспау үшін тұманда,
Айтылған бәрі…
Інжілде,
Сосын Құранда.
Жалғыз қауызға сиғызатыны
рас екен
Алты құрлықтың ақылмандарын
бір Алла! –
дейді ақынның өзі де поэманың кіріспе бөлімінде.
Тақырып қойылмаған тоғыз тарау­дың басында тұрған дәйексөздердің оқырманға беретін әсері тым күшті екен. Осыдан үш мың жыл бұрын жазылған «Таурат­тан» алынған дәйексөзді «Құраннан», «Забурдан» келтірілген үзінділер мен Иса пайғамбардың сөзі толықтырып тұрса, Конфуций, Бернард Шоу, Андре Маруаның айтқандары айшықтай түскен. Ал, өзіміздің ұлы тұлғалар – Асан Қайғы, Абай, Мәшһүр Жүсіп, Ахмет­тердің дана сөздері де поэманың айтар ойы мен алдына қойған мақсатына сай алыныпты.
Ақынның тақырыпты аша түсетін сөздерді келтіруінен-ақ оның «? Сұрақ белгісі» поэмасын жазуға қалай дайындалғанын білуге болады.
Егер бір-ақ ауыз сөзбен айтар болсам, бұл поэма – қазақ әдебиетінің тарихындағы адамгершілік, ар, адалдық, Аллаға иман келтірушілік тақырыбындағы бірден-бір ғажайып шығарма.
Поэма мынандай шумақпен аяқталады:
Ит үрген түнде
заман қаңсылап,
Үрейлі үннен қалам қансырап.
… Алып жатыр ма Жаратқам ием –
Адамнан сынақ,
Ғаламнан сынақ?
Сұрақ белгісі…
?
Адам баласының адамға тән ақыл-есі толысқаннан бері үздіксіз қойылып келе жатса да, қолмен қойылғандай етіп әлі берілмеген осы сұрақтың жауабы заманақыр болған сәт­те ғана берілетінін түсінетіндей болып, пенде байғұстың арқасы шымырлайды. Сөйткені жөн. Сөйтсін деп отыр ақын! Оның өзі де:
Аспан асты,
Жер үсті сары уайым,
Алып қабір үстінде аңырайын.
Заһарыңнан сақтай көр зәузатымды,
Қаһарыңнан қорқамын, а, Құдайым! – дейді.
Оқып отырып, бұл поэманы құдайсыздар мен имансыздар, арсыздар мен алаяқтар оқыса екен деп ойлайсың. Бірақ «итке темір не керек» дегендей, оларға әдебиет­тің, әсіресе поэзияның не керегі бар?!
Кітаптағы келесі поэма – «Сұлубайдың әні».
Мен бұл поэманы қазақтың қалтарыста қалған қасіреті туралы поэма деп білемін. Поэманың негізгі арқауы – Қытайдағы Шың Шысай үкіметіне қарсы шыққан Оспан батыр бастаған ұлт-азат­тық көтеріліс. Атағы бүкіл қазаққа белгілі хас батыр Оспан Сіләмұлы он бір жыл бойы ат­тан түспей соғысты. Оған Шығыс Түркістан мен Моңғолияның қызыл әскері қосыла жабылды. Ақыры 1950 жылы қолға түсіріп, Үрімжі түрмесінде өлім жазасына кесілді, атып өлтірді.
Ғалым Жайлыбай Оспан батырдың ғана емес, осы көтеріліске қатысып, ат­тары аңызға айналған батырлардың да аруағын тебірентеді, көз алдыңа елестетеді.
«Шеруші Қылаң батырдың соңғы күйі», «Уақ Жармұхамед жыраудың Жайырды жоқтауы» деген жеке тараулар поэманың тарихи салмақтылығы мен әдеби көркемдігін арт­тыра түсіпті.
Поэманың «Сұлубайдың әні» деп аталған себебі, көтеріліске қатысқан батыр, сері жігіт Сұлубайдың сол кезде шығарған «Қайқая шапқан Қаракер» деген атақты әні бар. Бұл ән бүкіл Алтай, Тарбағатай өңіріне таралып кеткен. Әннің:
«Қайқая шапқан Қаракер,
Қайырылар ма екен қайран ел?!» –
деген қайырмасы шумақ сайын қайталанып отырады.
Поэмадан білдім Алтайда «Сұлубай шоқысы» деген жер бар екен. Сұлубай шайқас кезінде осы шоқының түбінде оққа ұшып, опат болыпты.
Ғалым Жайлыбай бұл әннің қайырмасы мен кейбір шумақтарын поэманың әр жерінде қайталап отыру арқылы жанға жағымды тәсілді тауып кетіпті. Жалпы, поэманың өн бойынан Сұлубайдың осы әнінің сонша зарлы, сонша мұңды әуені естіліп тұратындай, маған. Әлде, Сұлубайдың бұл әнін бала күнімнен тыңдап келе жатқанымнан ба екен?!
Менің былтыр күзде жетпіс үш жасында кенет­тен қайтыс болып кеткен туған ағам Қалихан марқұм «Қайқая шапқан Қаракерді» домбырамен керемет айтушы еді. Ғалым досымның өзі сол кісіге «Сұлубайдың әні» деген кітабын беріп еді. Қалихан ағам сол кітапты оқып шыққан соң, маған: «Мен мына поэманы жылап отырып оқыдым» – деді. Ол кісінің бұл сөзі мен үшін поэмаға берілген ең үлкен бағадай болып көрінді. Сондықтан «Сұлубайдың әні» деген поэма туралы сөзімді доғарсам да болады. Дегенмен біздің қазақ­стандықтардың көбі біле бермейтін Қытай жерінде еркіндік пен тәуелсіздікке зар боп өткен және сол үшін күресіп, қанын төккен қандас аталарымыздың ерлігі мен намыстылығын жеріне жеткізе жырлап берген Ғалым Жайлыбайға бүкіл қазақ халқының атынан алғысымды айтқым келіп отыр.
Үшінші поэма – «Тамакөшкен».
Еліміздің басынан өткен зобалаң зұлмат­тың бірі – 1931-1932 жылдардағы ашаршылық екені баршамызға мәлім. Бұл нәубет туралы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін көп айтылуда. Кеңес заманы кезінде ашаршылық туралы жазбақ түгілі, аузыңды да аша алмайтынсың. Осы тақырыпта тұңғыш рет поэма жазған Ғалым Жайлыбай, 1932 жылдың қара күзінде Арқадан Әулиеатаға ауа көшкен тама елінің тартқан азабы мен көрген қорлықтарын жырлай отырып, олардың жол бойында бестен үш бөлігі қырылып қалғанын өлең сөзбен сурет­теп, баян еткен.
Айырылып ана ұлынан, аға достан,
Мына қос хабар алмай ана қостан,
Қар жауған қарашада ұбап-шұбап,
Бетке алып Қаратауды Тама босқан.

Шыңғыртып айтар болсаң,
шының – дәлел,
Соқпаған оң жағынан бұрын да жел.
Бетпақтың бетпақ жонын қиялады,
Босқан ел,
жылаған ел,
шұбырған ел.

Мынау жұрт жаралғандай
шер-құсадан,
Не деген жаны сірі, көнбіс адам!
Ақкеңсе,
Қаражартас,
Қамысмола,
Түгіскен түске ене ме енді саған? –
деп, ақын поэманың бірінші желісін тартады.
Құрамы кіріспе бөлім мен екі желіден, екі шегіністен тұратын бұл поэманың басынан аяғына дейін тұнып тұрған зар мен мұң. Адамның арқа-басын шымырлататын аянышты сурет­тер түсіңе кірсе, шошытып оятардай. Әсіресе үш немересі қатар өлген Әсіп кемпірдің емшегін көкке сауып аңырағаны мен жесір Айманның соңдарына түскен адамжегіштен құтыла алмайтынын біліп, әлі таусылған жалғыз ұлын қарасуға тұншықтырып өлтірген тұстары адамның аза бойын қаза қылады.
Соқпағы сорға айналып дүздің ауыр.
Шайқаған шаңырағын күзгі дауыл.
… Хиросима қайғысы жайлы
айтасың,
Ал мынау – біздің ауыл!
Шетінен текті туған –
бабам асыл,
Салады сағым жылдар санада асыр.
…Қараңдап қырдан асып ғайып болды
Қазақтың басындағы қара ғасыр,– дейді ақын поэманың ақырғы шенінде. Иә, еліміздің басына сол қара ғасыр қайтып оралмасын деп тілейік, бәріміз! Сонымен қатар Ғалымның «Тамакөшкен» поэмасы – сөзбен сомдап, қаламмен қашап жасалған, ашаршылық құрбандарына арналып, мәңгілікке соғылған тамаша ескерткіш деп білейік, бәріміз!
Қазіргі қазақ поэзиясында қара нардай қарымымен, арғымақтай арынымен қарқылдап келе жатқан көрнекті ақынымыз Ғалым Жайлыбай шығармашылығы туралы бүгінгілер ғана емес, болашақтағылар да әлі талай толғанар. Өйткені оның өлеңдері туған топыраққа Тәңір иеміздің өзі тастаған дәннен өніп шыққан өміршең жеміс ағашы сияқты: жыл сайын жап-жасыл жапырағын жая­ды, мәуесін төгеді, заманнан заманға көшеді. Тек қана ақынның аңқылдаған пәк жүрегіне қылау түспесе екен дейміз, аңсары сарқылмаған ақ тілеуіне тұсау түспесе екен дейміз!
Ғалым Жайлыбай «Мәңгілік жыры» деген өлеңінде былай дейді:
Ғасырлар ауса жанатын бағы,
Армандар тірі Алаш ұлында .
Қара өлеңімнің қанатындағы,
Қара түндердің қарашығында.

Тағдырдың тезі тұзаққа алады,
Жүрекке салма күшті артық.
Күндердің легі ұзап барады
Қайран ғұмырды қысқартып.

Аунаған күнге кім ие дер ем,
Осылай тағы күздері жетеді.
Бес күндік жалған – дүние деген
Сізден де өткен,
Бізден де өтеді…
Ал менің ақын құрдасыма қаратып айтар бір тұтам сөзім мынандай:
Қоңыр мұңды қобызым! Қою үнің – өз үнің! Қоламтасы қоздайды, қобыз ақын сөзінің!
Бүйтіп толғанып отырған себебім, Ғалым Жайлыбайдың «Ай таңбалы арғымақ» деген мына кітабының Абай атындағы мемлекет­тік сыйлыққа ұсынылып жатқандығынан емес. Қарақты көз, қанат­ты сезім бар болса, ар алдындағы адалдық деген қасиет жоғалып кетпесе, ұлы жәңгір бәйгеге қосылып отырған осы кітаптың жұлдызы жарқырап-ақ тұрған сияқты, маған. Біз, ақын деген қауым, желді күні желқайық мініп жөнелген жолаушыдай, ашық теңіз бетінде, толқын мен желдің өтінде, үміт пен күдіктің арасында кетіп бара жатамыз ғой.

 

 

Әбубәкір Қайран

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір