«МҰҢЛЫ, ҚОҢЫР ТУҒАН ЖЕРІМ…»
28.05.2022
2597
0

«Армысың, бармысың мұңлы, қоңыр туған жерім!» Тура осы сөзді даланың дана перзенті ұлы Мұхтар Омарханұлы Әуезов осыдан тура алпыс бес жыл бұрын қазіргі елуден егде тартқандардың әке-шешелерінің, елуге жетпегендердің аталары мен әжелерінің алдында өзінің «мұңлы, қоңыр дауысымен» тебірене айтып еді. Мен де, мұқым саналы ғұмырын Мұхтар Әуезовтің жанкешті өмірі мен жанталас ғұмырына арнаған қалам иесі ретінде бұл сыры мен сыны оқшаулы сөзді, сол сағынышпен сіздерге де, қадірлі көпшілік қауым, тағзым ете отырып жолдаймын.

Армызсыздар, бармысыздар! Бар болыңыздар, жаныма балаған ағайын, ел-жұрт! Айтар базынам барша қазақ қауымына ортақ болғандықтан да, жанымның бір бөлшегіне айналған «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы назарларыңызды аударғым келді. Өйткені Ләйлә Мұхтарқызы: «Егер Әуезовтің аруағын сыйласаңыз, менің өтінішімді орындаңыз!» – деп (Мекемтас Мырзахметов ағамыз куә) аманаттап кеткеннен кейінгі күндіз-түні жанұшыра жүріп, іргетасы күлден құйылып, күйреуге айналған үйден күмбез тұрғызған он жылғы өмірім, жалаулап өткен ұлы жазушының 100 жылдық тойы барлық жанталасымен, қуаныш-сүйінішімен әлі де есімде. Кейде, Ләйлә бегімнің сол бір аманат­ты сөзі есіме түскенде, Әуезовтің аруағының алдындағы парызымды әлі де толық өтемегендей сезінемін. Ой сарасынан өткізіп қарасам, арада ширек ғасыр өтсе де, сол кезде шешіліп кеткен де, не кері шешілген де, не шешуін әлі күтіп тұрған да түйткілдер бар екен. Сол аманаттың бір өтеуіндей болсын деп осы арнауды баршаға жолдап отырмын.
Соңғы бір айдың көлемінде ел есіне енді түскендей болған даланың ұлы суреткерінің 125 жылдық мерейтойы, қалайда қатардағы қаламгерге жасалған мезірет деңгейінде болмауға тиіс. Себебі дүние ақыл-ойында адамзаттың, соның ішінде өз ұлтының пайым-парасатын жинап, елдік рухқа тұтастандырып, есі мен етек-жеңін жинақтап, жаңа өркениеттік деңгейге көтеретін ұлы тұлғалар болады. Ондай тұлғаларсыз сол халықтың келешегі –тұл. Мұқым дүние жұртының тарихы соны толық дәлелдейді. Сол тұлғалардың өркениетке, өз жұртына қосқан ұлы мұраларын талдау арқылы біз, өткенімізді талдаймыз, бүгінімізді саралаймыз, ертеңгі күнгі бағыт-бағдарымызды анықтаймыз. Қазақ ұлты үшін Мұхтар Әуезов – сондай тұлға.
ХХ ғасырдағы қазақтың бар руханияты мен тарихын, ғылымын, көркем ойын дүниеге танытып қана қоймай, мойындатқан қазақта үш ұлы тұлға бар. Ғылымда – Қаныш Сәтбаев, өнерде – Қалибек Қуанышбаев. Ал сөз өнерінде Шыңғыс Айтматов: «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы біз, исі түркі халқы дүние мәдениетінің биік шыңына көтеріліп, өзге өркениетті жұртпен тең дәрежеде сөйлесуге мүмкіндік алдық. «Абай жолы» және Абай бейнесі исі түркі қауымының ортақ паспорты. Сол үшін де мұқым түркі халқы Әуезовке мәңгі қарыздар», – деп бағалаған ұлы Мұхтар Әуезов!
Біз өзіміздің бар болмысымызды, өткенімізді, бүгінімізді, ертеңімізді бағдарласақ, өмір сүруінің өзі – Алаш идеясының кепілі болған Мұхтар Әуезовтің жанұшырған өмірі мен жанкешті шығармашылығынан туындайтын тағылымдарды таразылау арқылы ғана пайымды да салмақты пікір қорыта аламыз.
Көркем ойлау жүйесі мен көркем талғамы қалыптаспаған ұлт – жетілмеген, санасы кенже ұлттың қатарына қосылады. Көшпелі өркениет пен жаһандық жанталасу дәуірінің алмағайып тұсында, қазақтың көркем санасын жан-жақты қамтып, әлемдік талғам деңгейіне, ашығын айтайық, тек Мұхтар Әуезов қана көтере алды. Рас, ХХ ғасырдың басында бүкіл қазақтың санасын өзгерткен ұлы руханиятты қуатты күш келді. Өкінішке қарай, олар «қаңтардағы қыстан жаман қысқан заманның» зауалына ұшырады. Ал өзінің өмір сүруімен құбылыс атанған Мұхтар Әуезов Алаш ардагерлерінің сол арманын солар аманат еткендей шырқау биігіне жеткізді. Абай, Абай арқылы мұқым қазақ халқының заманалық өмірін әлемге паш етті. Тек, 1997 жылғы мәлімет бойынша, «Абай жолы» роман-эпопеясының әлемнің 43 тіліне аударылуы соған дәлел және Мұхтар Әуезов өз шығармасының ұлылығына, сол арқылы қазақ елі мен Абайдың ұлылығына ХХ ғасырдың ұлыларының өзін тағзым еткізіп кетті. Тағы да сол Шыңғыс Айтматовтың: «Кім де кім «Абайды» оқымай, қазақ халқы туралы тіс жарса, ол оның өзінің сауатсыздығын білдіреді», – деген сөзі бұған толық кепілдік береді. Ал бұл дегеніңіз – даналардың еншісіне ғана тиесілі сыбаға.
Өкініштісі, неге екенін қайдам, кейде даналарымыз жайлы, соның ішінде Мұхтар Әуезов туралы сондай бір дарақылықпен дақпырт таратып жүргендер бар. Соның ішіндегі, ең намыстысы және жауапсыздықпен айтылатын лақпа пікірдің бастысы – «Абай жолы» роман-эпопеясы мен ондағы кейіпкерлердің, Құнанбай айналасындағы өмірлік және көркемдік шындыққа қатысты алыпқашты алашап­па сөздер. «Абай жолы» – көркем шығарма. Жазушының басты көркем идеясы – қазақтың мың жылдық көшпелі өркениеті мен рухани тарихын қамти отырып, дүниежүзі қауымына Абайды ұлы ақын ретінде таныту болды. Сол үшін де, Қ.Сәтбаев: «Абай жолы» – қазақ өмірінің көркем энциклопедиясы», – деп атады. Жазушы ол мақсатына жетті де.
Ал қазір өмірлік шындық пен көркем шындықтың не екенін түсінбей, тіпті түсінгісі келмей, Абай айтқандай: «Біз түк білмейміз, (бірақ) біз де білеміз деп, надандығымызды – білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз», – дегеннің керін құшып жүрген жайымыз бар.
Әсіресе Қодар-Қамқа, Әмір-Үмітей, Әйгерім, Базаралы оқиғаларына қатысты «Абай жолындағы» көркем шындықты әрқалай жортаққа түсіріп жүргендердің саны қаншама десеңші. Біріншіден, сол көркем шығармадағы оқиғаларды Абайдың жеке өмірбаяны ретінде баяндап жүрген ғалымдар мен оқытушылардың талғамына таңғалмасқа болмайды. Екінші, соған керісінше, осы оқиғаларды Құнанбайға мін ретінде тағып, күстәналау қиянаты да орын алып отыр. Егер де, ата мен келіннің, ағалы-қарындастың ар мен ұятына, әдебіне араша түспесе, ұрпақтардың азғындан­уына жол берсе немесе өзінің ар-ожданына балап ұстанған дінін қорғамаса, ұрпағының шоқынып кетуіне жол берсе, онда Құнанбай – Құнанбай бола ма, ел басқара ма?!.
Соңғы жиырма бес жылда байқалған бұл дақпырт ақыры тікелей табалауға, Абайды, сонымен қатар «Абай жолы» роман-эпопея­сын жоққа шығарып: «Абай өмірде болмаған, ол өлеңдерді Әлихан Бөкейхан жазған», «М.Әуезов – кеңес жазушысы. «Абай жолын» кеңестік цензуралар мен Л.Соболев жазып берген!» – деген көкімелерді жариялап, дүниежүзілік әлеуметтік желіні аталамас еді. Ағылшынтілділердің арасында: « – Солай ма, біз қазақтардың ойлау қабілеті мен намысы жоғары деп жүр едік», орыстілділердің арасында: «– Е, бәсе, солай екен ғой. Әйтпесе, қазаққа даналық қайдан келді деп таңғалып жүрсек…» – деген талқылаулар жарияланды. Екі ретінде де, Абай мен М.Әуезовке жапон ғалымдары араша түсіп: «З.Батаева, сіз неге өз ұлтыңыздың тарихын өзіңіз қорлап, арандатып отырсыз?» – деп қарсы пікір білдірді.
Ал енді соған, бір қазақ қарсы шықты ма? Егер, Абай өзінің өлеңдерін, ал М.Әуезов «Абай жолын» жазбаса, онда несіне олардың атына облыс, аудан, ауыл, мектеп, университет, институт атын беріп, мұражай ашып, бірінің – 175, екіншісінің – 125 жасқа толуын мемлекет боп қошаметтеп отырмыз. Жиылып алып ру-рудың құрылтайын өткізгенше, барлығымыз бірігіп осындай ұлттық намысты қорғауға неге ұмтылмаймыз?! Өкініштісі, ең өкініштісі әрі ызалы таңданыс тудыратыны әлемді шулатып жүрген осы З.Батаева, голландқа тиіп кеткен Семейдің шөпжелкесі (кешіріңіздер, қазақтың, соның ішінде Семейдің қызы дегенге намысым жібермей тұр) көрінеді. Жылаймыз ба, күлеміз бе, бұған?!. Менің әлсіз сөзіме ол «бетіңнен жарылқағыр» пысқырып та қарамады. Мүмкін, ауыл-аймағы есін жиғызар.
Екінші бір түйнектей қадалатын дақпырт – Мұхтар Әуезов пен Алаш қозғалысына қатысты жымысқылықпен айтылатын сөздер. Қысқа және ашынып айтайын, бұл – барып тұрған қасиетсіздік. Отыз екінші жылғы жазылған «Ашық хатты» сылтау етіп, «ол Алаш қозғалысын сатып кетті» (! – Астафир-алла, аузы қалай барады сондайлардың), – деп көкитіндер бар. Осы бір мәжбүрлі шетін жағдай түсініксіздік тудырмасын деп, «Талқы» атты роман-эссемде барынша қазбалап жазып едім. СССР жоғарғы соты Алаш қозғалысы қайраткерлеріне кешу жариялаған. Голощекин Бас прокурорға және Сталинге: «Егер олар елге қайтып келетін болса, онда Қазақстанда кеңес өкіметі құлайды. Сондықтан да қалайда шара қолданыңыз, республикаға қайтпасын олар!» – деген мағынада жеделхат жолдаған. Мәскеудегілер жер аударылып кетті, үш адам түрмеде, екі адам жолда өлді, Алматыдағылар шартты үкіммен босады. Солардың қатарында М.Әуезов пен Ә.Ермеков бар. Сондықтан да енді оларды түрмеде ұстап қала алмайтынын білген «қужақтар» ол хатты амалсыздан, зор­лықпен жаздырғанын, сөйтіп, өлім жазасынан «арашалап» қалғанын да түсіндіріп жату керек пе? Менің сонша бір ызақорлықпен таусыла отырып дәлелдегеніме қарамастан, жымысқылықпен жымиған, не шығып бара жатып: «Бәрібір мен сенбеймін оған. Бәрі атылғанда, ол қалай аман қалды?» – деп шындықты білетінсіген үлкен-кіші, соған ар-ұяттарыңыз қалай барды?! Өкінішке қарай, мұндайлардың саны бес-он емес, Әуезов туралы сөз қозғала қалған жерде екінің бірі сұрайды, ал бестің бірі жаңағыдай қырыстанып қыр көрсетеді. Ағайындар, енді естеріңізді жиып, өз ар-ождандарыңызды да ойлағандарыңыз теріс болмас еді. Күйініп айтып тұрмын, өзге шарам бар ма?
Жоғарыда айтылған екі мәселе де – ұлт­тық намыс. Бұл, күні кешегі: «Қазақ тілінде мектеп ашатын болсаңдар, Путинге айтамын, хат жазамын!» – деген шала тілді шармаяқтың мәңгүрттігімен, арсыздығымен пара-пар. Оған қарағанда, сіздерді зиялы дейді ғой. Демек, зиянды емес, зиялы болыңыздар.
Абайтану ілімін – Әуезовсіз, Әуезовті – абайтану ілімінсіз елестету мүмкін емес. Абайтануға арналған жиырмадан аса мақаласы бар. Соның төртеуі – монография дәрежесінде. Ал ең көлемді «Абай Құнанбаев» атты еңбегі қырқыншы жылдары жазылып, елуінші жылдары Абай мен өзінің басына қиқу үйірілгенде, арнайы тексеру комиссиясының назарына ұсыну үшін мүлдем өзгеріп, өңделіп, идеологияға бейімделіп асығыс жазылған. Әсіресе, Абайдың исламиятқа көзқарасын бұрынғы өзі айтқан пікірлерге қарама-қайшы түсіндіруге мәжбүр болған. Соның ішінде: «Абай – ислам дініне қарсы келген, батысқа мүлдем бет бұрған, Абай – философ емес, Абайдың философиясында жүйе жоқ», – деп те жіберген. Егер философияға қатысы болмаса, Абайдың философиясы туралы жиырмадан астам докторлық, кандидаттық диссертация қорғала ма? Абай – философ және оның философиясында жүйе бар және жүйе болғанда қандай! Ол үшін ислами ойлау жүйесінің поэтикасын, оның төрт сатысын – шариғатты, тарихатты, мағрифатты, ақиқатты бір-бірінен ажырата білу керек. Оны медресе тәмамдаған Мұхтар білген.
Жоғарыдағы жиырмадан астам диссертацияларда исламиятқа қатысты бұл мәселелердің заты түгілі аты да аталмайды. Исламияны былай қойғанда, ап-анық «подвижной элемент», «сила притягательная однородного», «впечатлительность сердца» деп жазылған философиялық категорияға ескісі бар, жаңасы бар, бірде-бір философ тоқталмалған. Ол пікірді қай философ қай еңбегінде айтты, онда не делінген, Абай оны қалай түсініп, қалай түсіндірген, ол туралы бүгінгі ғылым не дейді, еш талдау жоқ. Тек Абайдың өз сөзін өзіне терісін теріс аударып түсіндіріп берген. Мақсаттас, пікірлес, тиянақты абайтанушы өкшелес ғалым ініміз Сұлтан Ыбырай екеуміз соған көзіміз жеткенде таңғалдық. Ал біз таптық. Сүйіншілік жоралғыға татитын хабар. Бірақ ол – басқа мәселе.
Мәселе – М.Әуезов жазып кеткен абайтану туралы, соның ішінде исламиятқа қатысты пікірлерін 1934, 1945 және 1951-1953 жылғы нұсқалармен салыстыра отырып, екшеп, бір ізге түсіру керек. Өзгені былай қойғанда, өзінің рухани ұстазы Шаһабуддин Маржани туралы әр қилы қабақпен айтылған жайлардың әдібін жазу керек. Бұл – әдебиеттанушылардың ең үлкен парызы. Онсыз біз Абайдың көзқарасын түсіне де, түсіндіре де алмаймыз. Қазір, «толық адам» деген ұғымды екінің бірі қолданады, ал оның байыбына барып түсіндірген зиялы жоқтың қасы. «Абайтанушымын» деп екінің бірі айтады, ал осы ұғымды мыңның бірі түсіндіріп бере алмайды. Абайдың текстологиясы да тура осының кебін құшып отыр. Ал ол үшін ең бірінші Әуе­зовтің көзқарасын екшеп алғанымыз дұрыс. Біраз жылдан кейін кеш болады. Келесі ұрпақтың «ойы өзге». Әсіресе өренжілер маған: «Шынымен де солай ма?» – деп сұрақ қойғанда қатты қысыламын. Олардың бұл сөзді не абайтанудан, не әуезовтанудан дәріс берген ұстаздарынан естігені анық. Арнайы мәселе ретінде көтеріп отырғаным да сондықтан.
Ендігі ойымды жоғарыда айтылған Мұхаңның «мұңлы, қоңыр туған жері» туралы сабақтайын. Соңғы екі жылда Семей өңірін серпілтіп тастайтын, бүгілген тізені тіктейтін, елдің қуанышы мен жұбанышына айналған екі айтулы, үмітті оқиға болды. Біріншісі – Семей қаласын – қазақтың тарихи-мәдени астанасына айналдыру, екіншісі – облыстың қайта ашылуы. Қайта ашылмақ өзге облыстардың жұртымен қоса семейліктерді де шын жүрегіммен құттықтай отырып, сіздермен бірге қуана отырып, мынадай сұраққа жауап алғым келеді. Бір ұлттың тарихи-мәдени астанасы болу – сол мемлекеттің қасиетті мекеніне айналу деген сөз. Ал соған сай болу үшін туған қаламызды қасиеттендіру бағытында не істеліп жатыр? Өзгені былай қойғанда, Абайға қатысты бұрынғы Гоголь атындағы кітапхана қайда? Маңдайға басатын бірден-бір тарихи ғимарат емес пе еді? Заңсыз меншіктелген ғимараттар мемлекетке қайырыла бастаған кезде сол кітапхана үйі кімге сатылып кетті, кім сатты, соны анықтап, қайырудың қамы жасалды ма? Алаш үкіметі жарияланған ғимарат қайда? Ұлттық тәуелсіздігіміздің киелі шаңырағы емес пе еді ол? «Абай жолы» романында суреттелген тарихи ғимараттар сақталды ма, сақталса – қайда және қандай жағдайда?
1997 жылы М.Әуезовтің 100 жылдық мерейтойы кезінде Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, С.Торайғыров, Ж.Аймауытов, ең соңында М.Әуезовтің өзі Кәмилаға үйленгеннен кейін тұрған, «Қаракөз» пьесасы мен әңгімелері жазылған бұрынғы «Академик Павлов атындағы көшедегі, 4-үйді» Қайым Мұхамедханов дегдар арнайы апарып көрсетіп еді. Терезе жақтаулары, төбе жиегі ағашпен өрнектелген үй болатын. Жанығып жүріп мұражай жасау туралы Үкімет Қаулысына енгізіп ем. Қаулы қабылданды. Бірақ қаражаттың қиын кезінде «Алаш ардагерлері» мұражайы Ә.Молдабаевтың үйіне жасақталды. Дәл қазір, бір үйді ауласымен қосып сатып алуға үкіметімнің қауқары жетеді ғой. Былтыр көргенімде, ішін білмеймін, ауласы өзгеріпті, гүлзары жоқ, жанама автотұрақ салыныпты. Енді бір-екі жылда одан не қалып, не қалмайтынын кім білсін. Сондай-ақ 1997 жылғы Қаулыда көрсетілген Бөрілідегі мұражайдың жоспарланған жұмысы толық аяқталмай қалды. Барған жұрт уақытша дамылдайтын сая түгіл, тазалық сақтайтын әжетхана да жоқ. Тек оның белгісі боп бір далда тұр (Таяу он күнде салынып біте қойған жоқ шығар).
Бір жұбаныш, қаладан отыз шақырым жерде бұрынғы Ақкөлде (ежелгі аты – Аққолтық) «бақсының моласындай» болып тұрған ескі мешіт бар еді. Осыдан үш-төрт жыл бұрын бір көргенімде, сиыр қораның бір қабырғасына айналып бара жатқан. Ал ол – кезінде, дәлірек айтсақ, 1897 жылы архимандрит Сергий қазақты жаппай шоқындыру үшін Шоқыншық (қазіргі Бесқарағай ауданындағы Николаевка) селосын сала бастағанда, соған тосқауыл қойып, шоқындылардың қазақ даласына ендеп кіріп кетпесі үшін «дін күзетшісі, дін қарауылы» ретінде 1905-1907 жылдары Сұлтан қажы Фазылбек салдырған нысаналы мешіт еді. Кеңес тұсында қызыл отау, кітапхана, мектеп те болды. Осыдан екі жыл бұрын Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай Семейде өткен мәжілісте Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырзаға арнайы қарата, аманат ете: «Осы мешіттің Айы оңынан тумай, Семей мұсылмандарының көңіліндегі кірбің кетпейді деп ойлаймын», – деген мағынада сөйлеп едім. Сол сөздің ығы ма, Ақкөл мешіті, Аллаға шүкір, қайта жөнделу үстінде екен. Тарихи-рухани ескерткіш ретінде күтімді күтіп тұрған ғимарат – Тінібай мешіті. Бұл мешіттің табалдырығында Құнанбай, Тәттімбет, Кемпірбайдан бастап Абай мен Шәкәрімнің, Әлекең-Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш дегдарларының – Ақаңның – Ахмет Байтұрсынұлының, Жақаңның – Міржақып Дулатовтың, Мұхамеджан Тынышбаевтың, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Райымжан Марсековтың, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Қаныш Сәтбаевтың, Мұхтар Әуезовтің, ең соңғы тұяқ Қайым Мұхамедхановтың табанының ізі жатыр. Ал Абай пайдаланған, аңызға айналған Гоголь атындағы кітапхана әлдебір көпестің қолында. Оны қайта өңдеп, өзгертуге кезінде жұрт қарсы болып тоқтатқан еді. Қалайда, қолдан жасанды көсем, жасанды шешен, жасанды көше, жер аттарын жасамай, тозған ескі Семейді – қасиетті қарт Семейді қалпына қайта келтірудің қамына шұғыл әрі табанды түрде кіріскен лазым.
Бұл бүгін құрмет көрсетіліп отырған Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің де, Абайдың да аруағына тағзым, ал жалпы жұрттың көңіліне қуаныш пен жұбаныш сыйлайтын сауапты оқиға деп есептеймін.
Реті келгенде айта кетейін, жазушының мерейтойы қарсаңындағы үкімет мәжілісіне қатыстым. Сонда, мына мәселе туралы айтпасқа болмады. Бірінші, той қарсаңында М.Әуезовтің 5 томдық жинағы шықпақ екен. Әрине, 4 томы – «Абай жолына» беріледі. Бір томын әңгімелері қамтиды. Сонда, М.Әуе­зовтің шығармаларының шоқтығы биік және қазақтың тәуелсіздігін баяндаған, баяғы атағы шыққан «Қилы заман» мен «Хан Кене» пьесасы тағы да қағыс қала ма? Тәуелсіздіктің туы сол шығармалар емес пе?!.
Онсыз да, тәуелсіздік идеясының алтын өзегі болған «Хан Кененің» жолы тәуелсіздіктен кейін тіпті қиылды. Әсіресе бүгінгі азат күннің өзінде «Хан Кененің» ең әділетсіз, себепсіз, «жалған намыстың сараместері» (Абай) мен сауатсыз, надан, пасық «парасат иелерінің» қудалануына ұшырап, өзінің рушылдық намысы үшін азаттық идеясы мен Хан Кенені ғана емес, Мұхтар Әуезовті қорлауға құлшынып, сахнада қойдырмауға тырысып келе жатқан кәрі шөңгелер мен соған құлдық ұрған режиссерлерді көргенде адамның төзімі қайта қайралады екен. Өйткені олар – дәл қазір де Әуезовті рушылдықтың, жалған намысшылдықтың құрбандығына шалуға дайын сияқты. Олардан да бұрын кәнігі қастаншықпағырлар болған. Бірақ мақсатына жете алмаған. Тіпті осы жолғы қолға қалам алдырған қыжыл – тура осы оқыған надандардың жаласы мен сатқындықтан – қасиет, бауырмалдық жасағысы келген екіжүзділігіне деген ыза десе де болады.
М.Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы қарсаңында жоспарланып отырған әркімнің қол ұшы бір тиген, аяқталмай қалған «Ақан-Зайра» мен «Жетімдер әңгімесіне жасалған сахналанған спектакльдің орнына «Хан Кене» қалайда сахнаға шығуға тиіс деп ойлаймын.
Әрине, бұл көпке жақпас. Алайда кез келген сәтте қоғамға қайтып оралуға дайын тұрған тобырлық психологияны әшкерелеу – қашан да кеш емес.
Айналайын, ел-жұрт!
Ұлы Мұхтар Әуезов алпыс жасын тойлауға келіп, қайтарында көзіне жас алып тұрып, күңірене: «Енді көремін бе, жоқ па? Мәңгі қош бол, көзімнің жасындай ыстық туған жерім, аяулы туыстарым! Сендерге деген менің сағынышым соңғы деміммен бірге кетеді», – деп күңіренген дала данышпаны өксігін өзімен бірге ала кетіп еді. Сол бір күңіреністі дауыста даланың қоңыр әуені, Абайдың рухы, ел-жұртына деген ұлы аңсар, бүгінгі ұрпақ – сіздерге деген ұлы аманат бар еді. Қазір, кімнің қадірін кім біліп жатқан заман. Алайда ел боламын десеңіздер – дана Абайдың, ұлы Мұхтардың қадіріне жетейік. Еліміздің елдік қасиетін бойымызға сіңірген олардың киелі рухын қашанда ұлтымыздың ар-ұятына бағалап, қадірлеп өтейік.
Онсыз сіз бен біздің қазақ боп жер басып жүргеніміздің өзі қорлықпен пара-пар. Кеше ғана туғанына 100 толуы мерейтойын дүние жүзінің 43 мемлекетінен мейман шақырып, әлемге паш еткен ұлы тұлғаның бейнесі бүгін елеусіздеу аталып, немкеттілікпен еске алынбаса екен деймін.
Аман, сау, ырыздықты болыңыздар!
25-25.04.2022.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

Редакциядан: Осы ма­қала жазы­лып, басы­лым­ға ұсыныл­ғанда атыш­улы З.Батае­ваның Абай мен Ә.Бөкейхановты және М.Әуезовті арандатқан жалаға толы байбаламы әлеуметтік желі арқылы кең тарап үлгерген еді. Қазақстан Үкіметі, Әділет министрлігі, Жазушылар одағы заң жүзінде тиісті шара қабылдар деп сенеміз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір