Ғұмырым – мұңды дастандай…
19.05.2023
1013
0

Шаһизада Әбдікәрімов

Кім боламыз?

Қара шыңның қасына қарыс қонып,
Ит пен құсқа ұқсауды жарыс көріп,
«Қырып» кете жаздадық қай бір жылы,
Құрып кете жаздаған барыс болып.
Арғықазақ аузында аты бар-ды, – 
Ашинаңыз құрмет­тен қапы қалды.
Жеті атамнан беріде көрмеген аң,
Жиырылып төрімде жатып алды.
Ақ Құртқаның апанда көзі ағарды,
Айтматовтың аруағы назаланды.
Көшелерде – 
 секірген сұлбасы бар – 
Қаңылтырлар қаңғырлап мазаны алды.
«Азияның барысы боламыз!» деп,
Торы мініп, тақымға толамыз кеп.
Онда неге бөтекем бұлтимайды,
Онда неге билікке бағамыз жоқ?
Қашан, қалай, білмеймін, тоят табам?
Сыбағасыз, әйтеуір, саяқ қалам.
Ит пен құсқа жем болған бәйкем-ай деп,
Қырғыздар да қарайды а-а-я-яп маған.
Орма жолда отыз жыл қар бастырған,
Ол сөйлесе, 
 …алдында малдас құрғам!
(О, төбеңді көрмегір спичрайтер,
Қараны да, ханды да алжастырған!)
Қызыл аяз қысады тыста алаулап,
Шықсақ екен шығынсыз қыстан аунап.
Барысекең, ойында ештеңе жоқ,
Баяғыша… 
тауда жүр тышқан аулап.
Зейнетіне шығып ап дүр-данамыз,
Билік құрған заманын қылған аңыз.
… «Жаңа Қазақ­стан» да жет­ті, міне,
Біз енді КІМ БОЛАМЫЗ?…

Кет­тіңіз бе?…

Бұрылып қарамаңыз артыңызға,
Бар сондай ырым-жырым салтымызда.
Бұрылып артыңызға қарасаңыз,
Қаласыз тас боп қатқан қалпыңызда.
Кет­тіңіз бе?…
Бұрылып қарамаңыз артыңызға,
Жоқ шығар өкпе-реніш жалпымызға?
Сурет­теп – басыңызға күн кигізіп,
Гулеп кеп – дақпырт қостық даңқыңызға!
Кет­тіңіз бе?…
Бұрылып қарамаңыз артыңызға,
Пар келмес Платон да парқыңызға.
Мөңіреп мазаны алған «екі сиыр»,
Сәл ғана селкеу боп тұр нарқыңызға.
Кет­тіңіз бе?…
Бұрылып қарамаңыз артыңызға,
Сырғанап, сүрінерсіз салқы мұзға.
Сынаптай сусылдаған Сізді қайдам,
Біз бірақ адал болдық антымызға!
Кет­тіңіз бе?…
Бұрылып қарамаңыз артыңызға,
Бәрібір көнбейсіз ғой талқымызға.
Жастанып миллиардтарды жатқан қандай,
Бөгіп ап алуа-шекер, бал қымызға!
Кет­тіңіз бе?…
Бұрылып қарамаңыз артыңызға,
Осы еді шартымыз да!
Қайрылып қарадыңыз…
 сонда деймін,
Не айтасыз қара талақ халқыңызға?…
Кет­тіңіз бе?…
Бұрылып қарамаңыз артыңызға!

Калигуланың ат­тары

Қиратып кіріп қақпаны,
«Кали-юганың» тұяғы бізді таптады.
Құйрығын шаншып,
 шауып жүр ип­подромда,
Калигуланың ат­тары!
Астауда – алтын кебегі,
Толып тұр өзі,
 болып тұр және дегені!
Арманыңды айтып алдынан барсаң –
тістейді,
Арызыңды айтып артынан барсаң – 
тебеді.
Келіссе де әбден баптары,
Көсемін көрсе, қарысып қалар жақтары.
Тісін егейді басжібін шалған қазыққа,
Кісінемейді Калигуланың ат­тары.
Жүздерін жұрт­тан жалт бұрып,
Саяқ қашады, 
 сабау қамшысын салт мініп.
Ұрланып кіріп, үйірді бұзып жүрмесін,
Жалынан жығып…
 жібереміз бе тарт­тырып?
Ойпаңнан салса, өрге асқан,
Тұлпарлар қайда, 
 жақыннан артық, жолдастан?
…Бір тал шашымды тұтатсам, жетіп келетін,
Сен амал болшы, 
мехнатқа мінген Марқасқам!
2014 жыл
Ташкент 
«Кали-юга» (санскрит) – алапат ғасыры

Марафон

Табаныңды тілсін, мейлі, шоғайна,
Ажал аңдып жүрсін, мейлі, маңайда,
Өзіңді-өзің аяғыңмен арқалап,
Марафонға жету керек қалайда! 
Байрағына жақұт жамбы байлаған,
Қала дейді…
 Жеңіс тойын тойлаған!
Маракана стадионы, мысалы, 
Марадона асыр салып ойнаған.
Төбесінен түсірмейтін даңқын ел,
Сингапур ма –
 сабағы мол, салты мол?
Дүниені дүрліктірген Димаштың,
Алақандай Ақтөбесі, бәлкім, ол?
«Алтын Лира» пішінде,
Асқақ арман бұғып жатыр ішімде!
«БОН и эМ»-нің барқыт үні бойды алып,
Барып-қайтып жүрем ылғи түсімде. 
Зымыранын зуылдатып ғарышқа,
Илон Маск мінем дейді Марсқа!…
Милитарлық мүкәммалын мығымдап,
Мемлекет­тер шықты бүгін жарысқа!
Бұрын-соңды мұндай 
сұмдық көріп пе ең:
Тобыр анау…
 «Жеңеміз!» деп желіккен.
Марафонға мойнын созған танктер,
Мариупольда жанып жатыр неліктен?
Қалт-құлт етіп қара желдің өтінде,
Тұрғандаймыз құзар шыңның шетінде.
Кеңістікке сүтпен салған сурет­тей,
Сол қала өзі…
бар ма жердің бетінде?
Қасіреті таусылған ба пенденің,
Жоқтап отыр өлгені мен көмгенін…
Марафонды іздеме енді, Адамзат,
Ойлап тапқан ойыным ғой ол менің!
 «БОН и эМ»-нің осы ат­тас әні бар

Байқоңыр

«Қайда барсаң –
Қорқыт­тың көрі»
Көк сөгіліп көбесінен,
Жер қозғалып, ыңыранған…
Үйіміздің төбесінен, 
Ұшып жатыр зымырандар.
Таң бозында, күн бесінде
Тыныштық жоқ…
 ұят­тымыз!
Темір жолдың іргесінде 
Тұрып жатқан сияқтымыз.
Қалтырайды қу бұтағым,
Жанымды езіп жартастай мұң.
Ұшқан сайын – у жұтамын,
Құсқан сайын – қан тастаймын!
Бықсиды-ай кеп іштегі өшпен,
Белден батып сорға мынау.
Қу тақырды тістеп өскен,
Жусан құрлы болмадым-ау!
Аласұрам төсегімде,
Қорлық көріп от-темірден.
Неге тудым осы өңірде,
Неге көшіп кетпедім мен?
Көркем күндер, білем, ғайып…
Көмілемін нөпір шаңға.
…Дария үстіне кілем жайып,
Қобыз шалып отырсам ба?…

Ақиқат жайлы 

сарказм

жүрмеймісің көмейіңді тығындап,
Жамағат­ты жалт қаратпай жүзіңе?
Бір қаланың қаражатын шығындап,
Шырақ ұстап, түсіп алдық ізіңе.
Қаржы деген немене,
Судай шашып,  таптық тағы құр ермек: 
«ҚазСат-3»-ті тақап қойып төбеңе,
Төсектегі тірлігіңді түгендеп.
Құрығымыз әрі жуан, әрі ұзын,
Тырп еткізбей қойдық, ә?
Мемлекет­тің ел білмейтін қарызын,
Қиып салып мойныңа.
Шекара асып қаштың да,
Сырымызды дұшпанға айтып, 
досқа айтып,
Сайрайсың кеп софит­тердің астында,
Сократ­тық маңдайыңды қасқайтып!
Безгенің не жұртыңнан,
Жердің жүзін ханымызға қарсы үндеп?
Үйлестіріп,
 үкім кестік сыртыңнан
Үйін тап­пай қалсын деп!
Сонда-дағы… басымыздан кетпей дау,
Бұлдыр-бұлдыр ізге салдық ізге елді.
Сені ұстауға өміріміз жетпейді-ау,
Өліп қалып…
 құтқармасаң бізді енді…
Беу, шіркін-ай,
бал шарапты сіміріп, 
«Құтылдық!» деп мәз болсақ ше?…
…Сандырақ!
Алдағы бір ғасырларда тіріліп,
Артымызды ашасың-ау сен бірақ!

Цинизм

 Серік Ақсұңқарұлына
Дана сөзін түйсігіме тоқимын,
Дәлдүріштей кетпейін деп шатып құр.
Кейде осал ақындарды оқимын,
Рахатқа батып бір! 
Арқасынан қағып қойып кейгісін,
Кәдімгідей ес көрдім.
Сыбағаңды сарқып ішер деймісің,
Серік аға, неге оларға өштендің?
Қаһарланба – қара аспандай шатынап,
Қатарланба – жарасқандай тұғырмен.
Осылар ғой – жаны шықпай жатып-ақ,
Мұқаңдарды молаға ала жүгірген!
Анда-санда паналатып ығыңа,
Парасат­ты бол, ақын.
Осылар ғой – өле қалсаң,
«ФБ»– ға
Бірге түскен суретіңді салатын!
Күмілжімей, көшсем сөздің жөніне,
Ретім бар алдарында тосылар:
Бір кездері 
 мені де 
Арақ беріп асыраған осылар!
Рас, бүгін ішпейміз,
Бірақ олар жияр емес қайта есін.
Біздер әзір сахнадан түспейміз,
«Массовкада» жүре берсін…
Қайтесің…

«Бұл бала»

Ғалым Жайлыбайға
Кеңесіп қоңыр дала, қоңыр белмен,
Тең өсіп бекзат­тармен, бегімдермен,
Енгенше екі Отыздың ордасына,
«Бұл бала»… 
 бір адамдай өмір көрген.
Кезі жоқ гүлхан тойдан қапы қалған,
Қыдырып қызды ауылға хаты барған.
Күйекке ерте түскен тоқ қошқардай,
Қағынып, қаршадайдан қатын алған.
Білген соң қылқұйрықтың жөнін бастан,
Қолына құрық ұстап қорынбастан,
Тақырда – 
 тұяқ ізі толған қақтан,
Етпет­теп, ернін малып, шөлін басқан!
Сонан соң…
 жалдап өтіп тар түбектен,
Жазықта жүйрік жыр боп дәрпі кеткен.
Жаһанда мұндай ақын бар ма, сірә,
Жеңімен жезді ысқылап алтын еткен!
«ҚарЛаг»-қа – қанасына сыймай барған!
«Алжирде» – аруларды қимай қалған…
Қасірет картасындай жүрегі оның,
Мың-миллион капиллярмен 
шимайланған.
Баяғы күндер қайда бірге ойнаған,
Бақыртып босағаға жын байлаған?
Жарасып жарты ғасыр жүрген досқа,
Жарытып сөз айтпасам – сын ғой маған.
Жоғалсын жылдар, мейлі, құмға сүңгіп,
Ұстындай ұстайды ақын тұлғасын тік.
Теңселіп өлең оқып тұрсам, шіркін,
Тойында «бұл баланың»… 
БІРҒАСЫРЛЫҚ!

Диптих

 * * *
Күн сайын – жаңа қойылым!
Ол қайдан білсін жоғарғы 
жақтың ойынын.
«Шынында  бізге тыныштық керек» 
дейді ағам,
Бір сипап қойып қамыт қажаған 
мойынын.
Бүйірі жыртық қанардың түбі толар ма?
Балаң жүр, әне,
базарда сүйреп қоларба.
Жоғарғы жағың біледі қалай айтуды:
«Тыныштық керек!»
Сізге емес, көке…
Оларға!
* * *
Ғұмырым – мұңды дастандай,
Құлап түсемін аспандай бере, аспандай…
Жоғарғы жаққа жалтақтай берем 
сосын мен,
Тағы талпынсам,
төбемнен түйіп тастардай.
Өмірді жырмен, өңірді нұрмен кескіндеп,
Жылдарым солай ағады өршіл көшкін боп.
…Жоғарғы жаққа 
жалтақтамайын мен енді,
Жоғарғы жақта…
Құдайдан басқа ешкім жоқ!

Көктем

Шыққыр көзім табаныма түсті ағып: – 
Юпитердей жарқылдаған қыздардың
Юбкалары бара жатыр қысқарып…
Ашына
Тар төсекке таңылғалы шалқамнан,
Өкініштен өзегімді өрт алған:
«Неге қарғып кет­тім екен балконнан?»
Даналық
Даналық ғұрпы басқа:
Сиятын сөз қалдырар,
Құятын құлпытасқа!
Жоқшылық 
Саинның бойы сыңсиды…
Қалтадан қасып қасасын,
Бармағын байғұс қыршиды.
Арылу 
Маңдайын тау-тасқа ұрған 
тайқы жын бұл!
Масайып қай кафеде қалдың екен,
Мойныма оратылған Шайқы-Шынжыр?

Ауладағы гүлдер

Ауладағы гүлдер бүгін көңілсіз…
Аяқасты жеткені ме қоңыр күз?
Жаһаннамның жақындаған деміндей,
Жапырағын жалап өткен жеңіл сыз.
«Байтал түгіл, бас қайғы»,
Ғұмыры енді екі аптадан аспайды.
«ЖКХа»-ыңыз
 орнын сыптай сыпырып,
Сыртқа апарып өртейді де тастайды! 
Уақыт­тың кәрі бүл, 
Ертең кебін киінеді сары қыр.
Гүл өсті ме, үні өшті ме бұл маңда,
Тірлік қуған тұрғындарға бәрібір.
Ауладағы гүлдер бүгін неге үнсіз?…
Жүрегімді жалап өт­ті жеңіл сыз.
Аяқасты ашуына мінетін,
Астананың ауа-райы сенімсіз.
Оңашада оғаш ойлар тербейді,
Жазмыш солай!
Көнбе мейлі, көн мейлі:
Өлу үшін келеді адам өмірге,
Бірақ оған…
ЖАН БАЛАСЫ СЕНБЕЙДІ!
…Ауладағы гүлдер бүгін көңілсіз…

Медине мәликесі

(күпір ой)
Жап-жасыл жалын лапылдап,
Желегі желмен есілді.
Жанына барсаң жақындап,
Жадылап алар есіңді.
Сәні емес сайран-сауықтың,
Сөреге қояр қарақ бұл.
Саңылауынан сауыт­тың,
Сығалап «танкист» қарап тұр!
Тепсінген анау омырау,
Толқиды тылсым орман боп.
Түр-түсі түгіл, 
 тәңір-ау,
Тырнағын көрсең, арман жоқ!
Самалдай жұпар хошын-ай,
Санамда көшті боз ғалам.
«Мың бір түнді» оқып, 
 осылай
Мәңгіріп кете жаздағам.
Ертегіңді айтып еш, мейлі,
Оңашалауға оқталып,
Шариғат заңы кешпейді,
Кетесің сәт­те сот­талып!
Кешкілік ашып ай-өңін,
Кіндіктен төмен бойлайтын,
Бақыт­ты шығар байы оның,
Башпайын түртіп ойнайтын.
«Мың бір түндегі» һамбалың,
«Мың бір түндегі» қара дәу,
Тісімен шешіп дамбалын,
Түнеме сойқан салады-ау!
Ии… и-и-и…
Дәтім жоқ соңын айтуға,
Көргенсіз еді не деген!…
…Қағбаны құшып қайтуға,
Меккеге қарай жөнелем! 
Металл
«Ит­тен-ұят, қақпақ кет­ті қазаннан»,
Ал, бауырым, ашуға мін! 
 Азарлан…
Делдал салып, мемлекет­тік атақты,
Сатып алды ол базардан. 
Шамдандым да… 
 шеребемді, әй, төктім!
Шырқап солай шығып еді қай тектің?
Бабасының түсе қалған аузынан,
Баласынан айналайын Байтоқтың.
Көрі жақын төрінен,
Қадірі жоқ қырт екенмін, тегі, мен.
Ақынмын деп кеуде керіп, Ертай-ау,
Ел бетіне енді қалай көрінем?
Тұрсақ деуші ек Олимптің шыңында,
Ішпей-жемей ұшырадық шығынға.
Талант деген – тартуы емес тәңірдің,
Он бес келі металл екен шынында.
Тұсап-матап мұратыңды мият­ты,
Тасыр күндер төбемізден жиі ақты.
«Талант­тымын!» дей көрмеші,
Өлтіріп…
Қалтаң тінткен қарақшыдан ұят-ты! 
Қонған жер
Арып, барып Балқантауды бастың ба?
Өліп-талып көкбөріден қаштың ба?
Бес ай жүрдім деп күрсіндің, тамырым,
Бұл қазақтың иегінің астында.
Абай болғын жүрегіңе – жол шексең,
Әуреленбе өрісімді өлшеп сен.
Зорығып-ақ өлер едің,
Көкемнің
Қонған жерін қылышыммен көрсетсем!

Генералша Бибикова

Шеттерінен – 
Шірен!
Дөй!
Ақындарды білем ғой…
Жаратқанның жалғыз ұлы секілді,
Жүрген жері – сүрең-сойқан, кілең той!
Еһ, Аполлон – Григорий шөпшегі,
Сыған шатыс жаның нені көкседі?
Трактирде тазқарадай қалғисың,
Қасыңа алып шарап толы бөшкені.
Қағаз бетін қаралауға ерініп,
Қалай екен қызық қуу желігіп?
Мазаң қашып, мәңгіп-саңғып отырсың,
Мойыныңнан мың-сан қарыз көрініп.
Ұрлап алып Сүлейменнің жүзігін,
Көрсең, қане, дүниенің қызылын!
Сергеечтің қарыздарын кешкен жұрт,
Сені бірақ кешірмейді, бұзығым.
Су орнына сіміргізіп арақты,
Құдай неге сорлы қылып жаратты?
Ресейді сатып ішкен сабазды,
Сүйреп әкеп, абақтыға қамапты.
Дауға түссе бір басыңның теңдігі,
Кімге керек кебісіңнің кеңдігі?
Бүкіл Русь «қарызымды қайтар!» деп,
Сойып салып жатқан шығар ендігі. 
Болмаса да көңілдесі, жақыны,
(Ақсүйектен артық екен ақылы!)
Сатып апты Аполлонның қарызын,
Генералдың ақынжанды қатыны. 
Қолтығыма қанат бітіп – сілкінсем,
Көмейіме тобық тұрып – күрсінсем,
Қасіретпен еске аламын өзіңді,
Генералша Бибикова, кімсің сен?
Жебеу болып мына біздей жетімге,
Өтіліңді өткізіпсің өкілге…
Еңіреп кеп етегіңе құлап ем,
Молаң да жоқ жұмыр жердің бетінде.
Тарата алмай түп-тұғиян – затыңды,
Талай ғалым архивтерде шатылды.
«Аполлондар» атып шыққан аспанға,
Алтын нұрмен жазайын ба атыңды?!
Аманатқа адал болу – парызым!
Генералша, арызым бар,
Арызым:
Осы өлеңмен өтеуіме бола ма,
Аполлонның арылмаған қарызын?..
P.S. Ескі жайды неге еске алдым – мұңды үрлеп?…
Құлағымда үндері тұр күңгірлеп: – 
Артымызда – 
 жарымызбен жарысып,
            Бетін жыртар 
       Бейбақтарға мың құрмет!
        
Аполлон Григорьев – 
орыс ақыны (1822-1864)
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір