Қобызым зарлап кетсе зарлы інгендей…
11.11.2024
413
1

Ғалым Жайлыбай

Таяуда Ұлытау облыстық мәслихатының шешімімен
қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай
Ұлытау облысының Құрмет­ті азаматы атанды.

Ақынды мәртебелі атағымен құт­тықтап, шығармашылық табыс тілейміз.

Талшын талы

Қою күздің кеткенде түсі қашып,
Қабағына қар қатып, 
қыс ұласып.
…Талшын талы тұр әне жалғыз өзі – 
Тағдырымен сәт сайын ұшырасып.
Ғасыр кешкен…
жоқ оның жасқанары,
Жапырағының ашылып қас-қабағы.
Жанбыр жауар алдында Талшын талдың 
Жанарынан мөлдіреп жас тамады.
Ертегідей,
елестей,
ертеректен,
«Еркем-айлап» сұлуды еркелеткем.
Талшын талдың алқызыл гүлі ашылса,
ерте жетіп келгендей ерте көктем.
Аққу қонар айдынды,
қаз айналып,
Әппақ-әппақ арман да азайды анық…
Талшын талы,
аман бол,
айналайын,
кім бар,
кім жоқ келгенше жаз айналып.
Өтер-кетер дүниенің кезегінен,
Өлең өріп қалайын өзегінен.
Талшын талы,
Көктөбе етегінде,
Көкке қолын жаяды өз-өзінен.
Көзайым боп,
көзімнен,
тамшыла жас,
бақ жайқалса бағыңда,
барсың Алаш!
Арайлы асыл күндерге жолықтыршы, 
Талай ғасыр куәсі, Талшын ағаш.
Замандардың басында зобалаңы,
Көңілінің көншімес көп алаңы.
…Көкке алақан жаяды Талшын талы,
Көкжиекке қарайды одан әрі.

 Ауыл шетіндегі үй

Бұра алмаған сырқат­тай бетін бері,
Жесір ме еді,
білмедім жетім бе еді?
…өз-өзімен бұйығып күй кешеді 
Ана бір үй ауылдың шетіндегі.
Қашқан киік секілді өмір алдан,
Көресіні о бастан көріп алған.
Жалғыз үй тұр ауылдың бір шетінде, 
ағайыннан іргесін бөліп алған.
Қою түнде жұлдыздар жамырасып,
Арып-ашып…
Түндерге таң ұласып.
Байланады бұйығы бір әуенге, 
Айналаны қаңтардың қары басып.
Күнде айналса осылай бітімгер күн,
Шаруасы жоқ,
көңілі бүтіндердің…
Марғау төбет құмығып үн шығарса, 
Мұржасынан әлсіздеу түтін көрдім.
Түн түнегін арқалап…
таңғы ызғарын,
сені көріп селт етіп,
сан мұздадым.
Бата дари қоймаған шаңырақтай,
жатаған үй жабығып жалғыз-жарым.
Бақ қонбаса әулетке,
Үміт жалған,
Қуа-тұғын қызығы құрықталған.
Жатаған үй,
ауылдың жанарында,
Жалғыз тамшы секілді тұнып қалған. 
Шемен еді күйлері…
Шерден еді,
Қиялымда сан сауал сенделеді.
Осы бір үй шиқылдап күн кешеді,
Майланбаған арбадай дөңгелегі.
Жалғыз үйдің тигендей кімге себі,
Өліп барып тірілер күнде есебі.
…Қой аузынан шөп алмас момын әулет,
Өз-өзімен осылай күн кешеді.
Е, бауырым!
Жақсының жалғасысың,
Тәңірді еске аламыз таңғы ас үшін.
…Жалғыз көрсең жарқ еткен жарық сыйла,
Бұйығы үйде булығып қалмас үшін.

Терезеңнің пердесі

Пердесі терезеңнің сары түсті,
Есіме өткен күннің бәрі түсті…
Бұл пенде тағдырына бағынышты,
Сақтаған сары майдай сағынышты.
Жүргенмен бір жүгіріп,
Бір сүрініп,
Тұнғанда тұмасында тыншып үміт.
Сағыныш – сартап болған соқпақ шығар,
Отырам сары майдан қыл суырып…
Бағдарсыз бал түндердің бағы баяу,
Май шаммен шағылысып сары бояу…
Пердесі терезеңнің – сары шәйі,
Ынтыққан әр жағына көңіл ояу.
Жамырап жұлдыздармен жан әлемім,
Ай туа терезеңді бағар едім.
Түс болсаң…
мәңгі оянбай қалар едім,
«…Құс болсаң, жібектен бау тағар едім».
Пердесі терезеңнің сары шәйі,
Көп қыздың ішіндегі жаны сайы…
Аңыздың кейіпкері секілденген,
Тамыздың тамылжыса таныс айы.
Ол да бір – көнермейтін мұрағатым.
Арнадан ағыс таппай бір ағатын…
Майшамды үлбіреп кеп үрлеп қалсаң,
Түнеріп түнек түнде тұрады ақын…
Ойсырап, ойхой дүние,
ой-арманым,
Пердеңе үңілуді қоя алмадым.
… көргенде қасірет­тей қабылдаушы ем,
сары түс қара түске боянғанын.
Сая боп сағым жылдар жаны гүлге,
Сол шаққа тартсам деп ем тағы бірде.
…Пердесі терезеңнің көлбең қаққан,
Кетпейді көз алдымнан әлі күнге.

Қаңтардағы қара Ертіс

Тұнжырап түн баласы тұр қарағай,
Мойылды аспанында сырғанап Ай.
 Ақпанда ақ түтекке қалай кірем,
 Көзіне Қара Ертістің бір қарамай.
Тағы да күтемін бе алдан дүбір,
арманды,
арманды күн ,
арманды жыр.
Естайдың ескі сүрлеу ізіменен,
Осылай өтеді енді қалған ғұмыр.
Қобызым зарлап кетсе зарлы інгендей,
Қайтейін шоқтарымды таңда үрлемей.
Жеткенмін мойыл жанар Мойылдыға,
Қаңтарда Қараөткелде 
қалғым келмей.
Замана,
барды сойып,
байды да іреп,
Кеткенде мұңым тасып,
қайғы да үдеп.
Мен саған тартып кетем Ертіс – Баян
Бұл жаққа бастап келер қай құдірет?
Санамда сусылдаған қандай жібек,
Жанымды сан әуендер арбайды кеп.
Басайын ән биігі – «Ақ сисаға,
– Жаяудың шаңы шықпай қалмайды –деп.
 Бұл дүние бұлдырықтай бұлдырар сәт,
Жанымнан қондыра алмай 
жырды да алшақ.
Арқада,
Ат құлағы көрінбейтін,
Ақпанның ақ боранын жүрмін аңсап.
Тағдырың талайыңда…
Таңға мәлім,
Ағарып жатыр екен арналарың.
Қара Ертіс,
Қаңтарда кеп сені көрдім
Қамықпа,
Алдың ақпан, ал қарағым!

 Секеннің Қоңыры

Жанның гүлі солғанда,
Қаратаудан құлаған керуен 
көрдім сол маңда.
Көкжиектен әріде көңіл жетпес кеңістік,
Алтын жүген тақсаң да,
есек тұлпар болған ба?
Дүниенің дүрмегі дүбірлеген дерек дүр,
Ғайып ерен, қырық шілтен көштің 
жолын жебеп тұр.
Қорқыт созған қоңыр үн 
қолтығыңнан
 демеп тұр,
Айналайын, Секентай, мына күйің 
не деп тұр?
Байсал тартқан Байсынның жанар 
қадар жазына,
Ай астында айдынның аққуы ма, қазы ма?
Қоңыр,
қоңыр,
қоңырдың,
қоңырайған көңілдің,
Ала таңда алыстан талып жеткен сазы ма?
Тоқсан толғау тіршілік
осылай ма дейсің бе,
Кеуіп қалған Аралдың жасы қайда дейсің бе?
Қараша емес,
қауыс-ты,
қоңыраулатқан дауысты,
Кенесары бабамның басы қайда дейсің бе?
Жәудірет­тің жаным-ай,
осы тұстан тоқташы!
Бүтін бе екен бауыры,
Есен бе екен отбасы?
Көз ұшында көлбеңдеп екі дүние қақпасы,
Жетім құлын жылайды…
қайыстан ба ноқтасы?…
Уақыт та бір сынаптай,
тұрмайтұғын уыста,
Еміс-еміс елестер…
тұлпар мініп,
ту ұста!
Ұшып кетсең қайтесің,
құз басынан бір күні,
Түсіп кетсең қайтесің, түбі терең қуысқа?..
Осып өткен өңменді,
сойыл ма, әлде
қамшы ма?
Жарығымды сөндірме,
жігерімді жаншыма!
«Алаң да алаң, алаң жұрт, 
Ақала ордам қонған жұрт»,
Қазтуғанның жырынан тамып түскен тамшы ма?
Керуеннің ізінен кермек татқан кезімде,
Қоңыр-қоңыр күй шерткен,
Секен бе, әлде
Өзім бе?
…Біздің ғасыр қайғысы – мұхит асып
 Анасын,
Іздеп келген баланың мөлдіреген көзінде.
Шаншып-шаншып қояды,
жүрегім-ай,
жүрегім…
Ана іздесе балалар,
осы шығар тірі өлім.
…Сол көз жайлы бір дастан мен де жазам,
 бауырым,
Сол көз жайлы зар күйді сен шертесің,
 білемін…
Сырқырайтын секілді ай мүйізі Арқардың,
Айы оңынан туып па,
айдынның да,
шалқардың?
…Бала қыран бар ма екен Баянтаудың
 басында,
Қабағынан қарғам-ай, не оқыдың 
қаңтардың?
Түсіме енді тағы да, ата-баба қорымы,
Таң асырып мінбедім тобылғы түс торыны.
Қоңыр түсті өмірді,
қоңырайтып көңілді
Шырт ұйқыдан оят­ты,
Секен достың Қоңыры…

Жалғыз ағаш

 …Жапанда жалғыз ағаш егіледі.
 (Халық әні)
Батырып сан ойларға сені, мені,
Жапанда жалғыз ағаш егіледі.
Күнде жүдеп қалады қайран көңіл,
Дүрмегі көп дүние не біледі?
Жалғыз ағаш!
егілген жапандағы,
Тірлігіңнің өлшеулі татар дәмі.
Дариядай ортайып бара жатқан
Қариядай сиреген қатарлары.
Арай таңы аялы кешке алмасқан,
Ескі күннің елесін еске алмастан.
Жалғыз ағаш,
жапанда егіледі,
Дауылды да,
жауынды кешкен бастан.
Тағдырымен тірескен таң атқаннан,
Қабағына мен оның қарап қалғам.
Жапандағы егілген жалғыздарға
Жар болуын тіледім жаратқаннан.
Аяла,күн!
жалғызды,
жарығы нұр,
Көзің көрген дүниенің бәрі ғұмыр.
Жапандағы егілген жалғыз ағаш,
Менің қайран жұртыммен тамыры бір.
Беу, қым-қиғаш дүние,
қайран,
шебер,
Тағдырына жалқының қайдан сенер?
…Ұжымақтың есігі ашыла ма
Жалғыз ағаш орманға айналса егер.
Болмаса да жайлаудың кеші реңді,
Томсырайып тұрғаны тосып елді.
Жалғыздығын жапанға жария етіп,
Егіледі бұл ағаш несіне енді…
Керуен көрдім түсімде…
қаңсыған,
аш,
Мәуелесін деймін де мәңгіге, Алаш!
…Өмір еді өзекті жарып шыққан,
 Егіледі жапанда жалғыз ағаш…

Құралайдың көздері

Өмірін де,
өзін де,
дүбір тосқан…
дүрмекпен.
…Құралайдың көзінде –
тұнып қалған бір көктем.
Бетін төсеп самалға,
Жаутаң қағып қарады.
Жарқ-жұрқ еткен 
жанарда,
Ғұмыр кетіп барады.
Жанымыздың жарасы,
Шеменге өтіп 
барады.
Көзімнің ақ-қарасы,
Өлең кетіп барады.
Шер күйімді шертер ем,
Құралайым, келдің бе?
Шалғын басын ертемен,
Шық шайғанын 
көрдің бе?..
Қыр басынан танымай,
Ғажайыптан құр қалсақ…
Жанарыңа жаным- ай,
Әлем сыйып тұрған шақ.
Көңіліңде көктем жүр,
Көкжиекке түнеген.
Көзіңдегі мөп-мөлдір,
Жалғыз тамшы –Ұлы өлең…
Селт етпесе сезімің,
Көне болар көңілің.
…Құралайдың көзінің,
Ішінде өт­ті-ау өмірім.
*  *  *
Қанатын қағады әлсіз құстай жалған,
Қаздардай қарашада ұшпай қалған.
Қақ тіліп зеңгір көкті самғар деп ем,
Олар да көз көретін тұсты айналған.
Көрмей-ақ көктемдердің көшін анық.
Көріпкел болады екен осы халық.
Ай-күнді шығарып сап,
тосып алып,
Кеткенін байқамаппын бесін ауып.
Қара өлең!
Қарашықта қалпың мәңгі,
Жасытпай жанымдағы жарқылдарды.
Бесін мен намазшаның арасында,
Арғымақ алшаң басар алтын жалды.
Зар дей ме,
тұна қалған тамшыға әлем,
Арымның арналарын аршыған ем.
…Айнадай Ай астының айдынынан
Қанатын бір қаға ма, қаршыға өлең?
Өтем бе өткелектен мәңгі жүдеп,
Байтаққа бақ қондырар бар құдірет.
…Дүние-ай,
қанат­ты боп туғандарға
Самғауға мұрсат берші, жалғыз рет!
*  *  *
Жатқанда өмір-өзен ілгері ағып,
Өткенге қайтсам деп ем 
бірге барып.
Жанары жарқыраған құс көңілім,
Қанатын ұшады екен күнге малып.
Ақ сәуле аймаласа керегеден,
Көңілім,
көкжиектей көгерер ең.
Көрінбей күн астынан 
Күнікей қыз,
Өрімін өлеңімнің өре берем…
*  *  *
Жанымды қайтсін жаншымай,
Айдыннан қашса Ай қаңсып…
Тағдыры тұйық тамшыдай
Шалғынның шашын шайған шық…
Құралай көрдім жаралы,
Күнәдан ада инедей…
Бір әлем көшіп барады,
Қыз Жібек мінген 
күймедей.
Туғалы, қарғам,
мұңлы едім,
Алаштың атырабындай.
Ғұмыры қысқа күндерім,
Бетеге жапырағындай.
Ырду да дырду тойларың,
Баянсыз қас-қағымдай ма?
Шашырап кеткен ойларым
Тәспихтың тастарындай ма?
Қап-қара аспан,
қараңғы,
Сауаптан болсын сауалым.
Талықсып жат­тым,
таң алды,
Өзің айт, жаным, 
жауабын…
*  *  *
Керуен асып барады қырдан әрі,
Кім қаралы бұл көште,
кім жаралы?
Шытынайды шынысы шыдамыңның,
Бітпей қойса уақыт­тың шырғалаңы.
Шықпай қойды-ау сол жоқтың бір дерегі,
Көктем күлген көзімде күндер еді.
Шытынайды шынысы шыдамыңның
Бітпей қойса дүниенің дүрбелеңі.
Қою түнек қойнына түн сіңгендей,
Күмбез біткен күбірлеп,
күрсінгендей.
Көрмейтіннің бәрін де көріп қоям
Осы өмірді бұрын да бір сүргендей.
Шыңыраудан іздеп ем шындығымды,
Тапқызбады,
жанымды мұңды қылды.
Күрсінгендей боламын ара-тұра,
Бір сүргендей бұрын да бұл ғұмырды.
Таныс сурет бұл маған ілгеріден,
Көштің ізін көрем де,
күнде егілем.
Сайға тартып барады Керуенбасы,
Қайда тартып барады бұл Керуен?

Жаңбырбайдың Жамалы

Ажал деген іргеде екен, іргеде,
Оранбай ақ үлде менен бүлдеге.
Жетім етіп жеті ұлы мен қосағын
Жаңбырбайдың Жамалы өлді шілдеде.
Көздің жасын төккен дейді жаңбырдай,
Орта жолда опындырған тағдырды-ай…
Оқшауланып оқтау жұтып қойғандай,
Содан бері үнсіз қалды Жаңбырбай.
Жан құрдасы ұғып өскен жан сырын,
Шыныбекке айтушы еді бар шынын.
О бастан-ақ сәл аусарлау неме еді,
Қатын өлді сабы сынды қамшының.
Әңгімені жүгірткендер әр саққа,
Тоқтамай тұр өтсе-дағы қанша апта.
Шыныбек жүр: «Қайтем енді,
 көксоққан,
тіл қатпайды үйіне сан барсақ та».
Дүниенің жалғыз солдай жетімі,
Кім біледі қандай іске бекіді.
… Жаңбырбайдың көрінбей тұр көзіне,
Ат­тың жалын тартып мінген жеті ұлы.
Жәкең жайлы жақсы хабар кешелі,
Бұл ауылда бұлтпен бірге көшеді.
Аусар құрдас ең түкпіргі бөлмеде,
Түні бойы күй шертіпті деседі.
… Жәкеңдікі махаббат­тың дерті еді,
Бұл-дағы бір – көзім көрген ертегі.
Содан бері жарқ-жұрқ етіп жарықтық,
Кезіккенге «Жамал» күйін шертеді.
Осы екен ғой бастан дәурен озғасын,
Бір-ақ күнде сап тыйды да көз жасын.
Қайғы шерін қос ішекке тапсырып,
– Жамал тірі, – деп бастайды сөз басын.
О, құдірет!
Мынау неткен саз еді.
Елестейді есіл жанның назы, өңі…
Жаңбырбайдың Жамалы өлген жаз еді,
Ондай ғашық біздің елде аз еді…

Ғайып құсы…

Өмір бұл…
Бақ пен сордан жаратылған.
Көңілім періштедей жаңа туған.
…Кешкілік көлге қонған көгала үйрек,
Сусыған қандай өлең қанатыңнан?
Бұл елдің сөз ұғатын естілері,
Күн ауа елесің де ескіреді.
Ән салсам, қара Ертістен Естай болып,
Қорлан қыз дауысымды естімеді.
Тауыса алман жұлдыздың санап бәрін,
Әйтеуір сиремесін санат­тарың…
Алаштың баласынан ат оздырған,
Медіғат,
Қайрат, Айтбай қарақтарым.
Жанымды әнсіз өмір тұсайды анық,
Көңілім Қорланды айтсам,
Үш ай жарық.
… Ақкөл мен Жайылманың аспанында
Ғайыптың жүрген шығар құсы айналып.
Дертінен келген кезде айыққысы,
Қанатын ұшқандай ма жайып кісі?..
«Бозбала қалма қапы бұл жалғаннан»,
Бір күні қонары анық ғайып құсы. 
Сол құстың кезігеді қиясы алдан,
Сұлулық бір бойына сыя салған.
Қорланның әнін байлап қанатына,
Естайдың жүрегіне ұя салған.
Мінгенім кемемісің, қайықпысың,
Ақынды аялауға лайықтысың.
Ақкөл мен Жайылмаға жолға шығам,
Қонғанын көрем бе деп ғайып құсын…
ПІКІРЛЕР1
Аноним 16.11.2024 | 19:42

Саулы інгендей, -деу керек еді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір