ҚОҢЫР ДӘПТЕРГЕ ҚОНҒАН ОЙЛАР
22.02.2023
2326
0

Дүниеге шыр етіп келіп, көзімізді тырнап ашқалы бері көргеніміз дала болыпты. Еңбектеп киіз үйден шықсақтағы, жер басып жалаңаяқ жүрсектағы көз алдымызда далиған сары дала жатыпты. Табанымыз топырағына тиіпті. Төбемізге күн шуағын құйыпты. Бетімізден саумал самалы сүйіпті. Сидаң қағып жолдарында, жондарында жүгіріппіз. Балалық шақ осылайша киіз туырлықты қойлы ауылда өтіпті. Қалған өміріміз 9 кластан бастап шулы шаһар Алматыда өтіп келеді. Биыл өмір шіркіннің 76-белесіне шықтық. Бірақ қалада өткен сол жылдар далаға деген біздің жүрек сорды сағынышымызды баса алмады. Енді не істеу керек?
Ауылға барғанда әкем жатқан, шешем жатқан, аға-жеңгелерім жатқан құба жонда қалқиған зиратқа барамын. Зират­тың түстік жағында бала кезден көзге ыстық сары дала көрінеді. Елпең-елпең жүгіріп мал қайырған момақан қырлар жатыр, сол баяғы қалпы, түк болмағандай. Зират­тың сол сары дала жақ шетін ұлыма көрсетіп: «Бұйрық келсе, мені Алматыға емес, дәл осы жерге жерлеңдер!» – деймін. Ол деген сөз – «Алматыны сүймеймін» деген сөз емес. Біз үшін Алматыдан артық қала жоқ. Алайда сол Алматы бәрібір біздің сары даламызға деген сағынышымызды баса алмады емес пе?! Ендеше, не істеу керек?
Ендеше, бұйрық келсе, сол сары даламыздың төсінде мәңгі тыншып жатсақ деген ой келді. Ойдан кейін әлгіндей шешім келді.
* * *
Мына бір шындықты айтсақ, шындық емес-ау сұмдықты айтсақ, сенбейсіздер. «Әлемді үрей билейді» десек, «қалайша!» – деп, өре түрегелесіздер.
Солайша, ағайын! Біздіңше, дүниені үрей билейді. Ет пен сүйектен жаралған жанды ғұмыр бойы құтаймас бір үрей билейді. Өмір бойы өкшелейді де жүреді. О неткен үрей? Кедейлік, аштық, жалаңаштық, жоқшылық, панасыздық, жұмыссыздық, бейшаралық, абыройсыздық және, әрине, ауызын арандай ашқан ажал ат­ты үрейлер. Адам өзін өкшелеген осы үрейлерден бебеу қағып қашады. Ал-кеп жұмыс істейді. Ал-кеп түн ұйқысын төрт бөледі, ой кешіп. Осы үрейлерден құтылу үшін өл, тіріл атақ, абырой, мансап, толайым табыстарға ұмтылады. Алысады, арпалысады. Ұрысады, жұлысады. Бірін-бірі өлтіреді. Сөйтіп, байғұс пенде атақ, абырой, бақ, мансап, байлық, билік пирамидасының биігіне жетпейінше жарқұлағы жастыққа тимейді. Неге? Өйткені адам – әлсіз. Әлсіз жан тобыр табанында қалудан қорқады. Онысы бекер де емес. Әлсіз болдың екен, елеусіз болдың екен, расында тобыр сені күндердің күнінде таптап өтуге, ат­тап өтуге дайын. Ауыр да болса шындық – осы. Сен содан қорқасың. Сол үрей саған тыныштық бермейді, қамшылайды да отырады. Бақыт, байлық, билік, мансап, атақ, абырой пирамидасының биігіне қарай айдайды да отырады. Арқа етің арша, борбай етің борша болғанша, атақ, мансап, абырой, атақ, байлық, билік биігіне ұмтыласың. Сөйтіп жүріп, белгілі бір биікке де көтерілесің. Еңбегің ел игілігіне жарайды. Бірақ бәрібір құрымағыр сол үрей құрсауынан сен құтыла алмайсың. Белгілі бір биікке шықсаң да жалғыз екеніңді, әлсіз екеніңді білесің. Сені өкшелеп, жербауырлап сен жеткен биікке тырбанып келе жатқан тобырды көресің. Мол тобыр. Ал сен болсаң, жалғызсың. Тобыр болса, жыландай жорғалап, жербауырлап жақындап келеді. Сені сен шыққан биіктен лақтырып тастап, үстіңнен ат­тап өтуге келеді. Соны көріп тұрсың. Соған көзің жеткеннен тағы тырбанасың, пирамида басына қарай, соңғы күшіңді сарп етіп. Өл, тіріл еңбектенесің. Ал еңбек түбі – ізгілік емес пе?! Сонымен, біз үркіп отырған үрейдің сонда не болғаны? Ақыры, оның атын да таптық. Оның аты қамшы екен. Адам баласын алға айдап отыратын қамшы! Дамудың қозғаушы күші екен.

* * *
Қанша батыр болса да жауға салма қазақты, өйткені ол – өлгенін білмейтін өлермен халық. Оның осы қасиетін жақсы білген жымысқы қолбасшылар кешегі соғыс кезінде қазақтарды жау дзот­тарына айдап салып отырған. Сонда байғұс жігіт­тер айқайлап, аруақ шақырып, немістерге қарсы ұмтылады екен. Бірі қалмай жер жастанып қалады екен.

* * *
Адам өмірді өлім көзіне көрінгенде ғана өлердей сүйеді. Өлім көзіне көрінгенде адам пенде өзгеге деген өшпенділіктен арылады. Өлім көзіне көрінгенде ғана адам пенде адам баласын тастап кетуге қимай, адам пендені алаламай, жақсы көреді. Төрінен көрі жуық кәрілердің адам баласына «айналайын» деп сөйлеуі содан.
Сонда, Алланың жаратқан ажалы да бекер болмағаны да!

* * *
Жан мен рух. Бұл екі сөз бір ұғымды білдіре ме? Әлде екі ұғымды білдіре ме? Теологияда негізінен бұл екі ұғым бір мағынаны білдіреді. Теология: «Адамды жаратқанда Құдайтағала оның кеудесіне өз рухынан үрлеп тірілт­ті», – дейді. Жаратылыстану болса, «Ана құрсағындағы шақалаққа 4 айлығында жан бітеді», – дейді.
Жан мен рухты бір нәрсе дейін десек, бір нәрсе ақылға сыймайды. Құмырсқада да жан бар. Бірақ құмырсқада рух бар деп айта аламыз ба? Айта алмаймыз. Осы рет­те қыбырлап жүрген тіршілік иелерінің кеудесінде жан бар болғандықтан, қыбырлап жүргенін білеміз. Дегенмен қыбырлап жүрген хайуан атаулыда рух бар деп айта аламыз ба? Айта алмаймыз. Ой жүгіртіп отырар болсақ, рух деген ұлы құбылыстың Адамға тән хикмет екеніне көз жеткіземіз. Ақылға сыймайтын илаһи құбылыс екеніне көз жеткіземіз. Аспандаған рух иесі – Адамды жер бауырлаған жыланмен қалай қатар қоярсың?! Қоя алмайсың. Адам бойындағы аспандаған рухты алып тастап, жалғыз ғана жанды қалдырсақ, не болар еді?! Адамның хайуаннан айырмасы жоқ болар еді. Айырмасы тек екі аяқ үстінде жүргені болмаса, маймылдан айырмасы жоқ болар еді. Қарнын толтырғаннан басқа қайғысы жоқ маймыл болар еді. Ал рух берілген Адам өйтіп өмір сүре алмас еді. Тек, өлмес үшін ғана өмір сүре алмас еді. Аласұрған рухтың арқасында ондай тірлікті місе тұтпас еді. Мына өмірге неге туып, неге келгенін ойлап, екі дүниедегі орнын іздеп, шарқ ұрар еді. Адамның бағы да, соры да сол жанды тынышына қоймайтын сол рухтан шығады екен. Соныңмен рух пен жан! Аражігі түбегейлі ажыратылмаған түсініктер. Үлкен зерт­теу, талдауды қажет етеді. Жан мен рухтың табиғатына тереңдей берсек, бұларды ерекшелейтін талай тосын сырлар табылады.
Сондай тосын сырлардың бірі – рухтың Бақиға барғысы келетіні, ал жанның Жалған Дүниеде қалғысы келетіні болар еді.

Жазушылар – халық ұстаздың тілін үйренуден жалықпайтын шәкірт­тер. Халық шәкірт­тері. Сол шәкірт­тер халық тілін ұзақ өмір өресінде тірнектеп жинай жүріп өздері де сол тілдің қазыналы кебежесіне айналады. Тәңір берген талант арқасында жазушылар жазу үстінде сол тіл қазынасының өрісін одан әрмен кеңейтеді. Ана тіліміздің алар асуын биіктетеді. Бұрын-соңды болмаған жауһари қасиет­терін ашады. Алайда жазушы қанша тырбанғанымен қазақтың 10 миллиондай сөз қорын түгел жинай алмайды. Сол қор жинау­шылардың бірі – өзіміз едік. Сөздік қор жинаумен 14 жасымыздан бастап айналыса бастадық. Бірақ бұл байлықтың түбіне жете алмадық. Қазақ сөздік қорын бәрібір түбегейлі жинап бітіре алмадық.
* * *
Қаралы сирена сарнап беріп еді, бүкіл Израиль жүргені жүрген жерінде, тұрғаны тұрған жерінде қалт тоқтай қалды. Бір минут үнсіз тұрып, Екінші Дүниежүзілік соғыста геноцидтен қырылған миллиондаған қандастарының рухына тағзым ет­ті. Большевиктік билік тұсында 1918-1933 жылдары қолдан жасалған 3 ашаршылықтан 5 миллиондай қазақ қырылды. Қазақстан Парламенті сол жоқтаусыз кеткен жарты халық рухына әлі күнге 1 минут үнсіздік арнай алмай келеді. Ұлт­тық қасірет­ті ұлықтай алмаудың өзі ұлт­тық қасірет болмаса игі…
* * *
Бақытсыз халықтың зиялылары бақыт­ты болса, ең үлкен бақытсыздық осы болса керек.
* * *
Әсіре тоқтық аздырар, әсіре жоқтық тоздырар.
* * *
Өзінің маржанын елемей, өзгенің арзанына әуес болу – азар елдің белгісі.
* * *
Капитализм де, социализм де – бізді ұшпаққа шығара алмады. Енді бір туса, гуманизм заманы туар. Тумаса, тарихтың зауалы туар.
* * *
Басшысы жоқ ел жетім, жастары жоқ тіл жетім.
* * *
Адам баласы арман еткен абсолют­ті азат­тық, яғни жүгенсіз либерализм – бала қолына ұстатқан бәкідей. Өткір бәкі балаға қатер. Жауапкершілік атау­лыны жау көретін либерализм, яғни, әсіре азат­тық, әлемді абсурдқа алып бара жатпасына кім кепіл?!
* * *
Күнәсіз адам болмайды. Алғашқы атамыз Адамның өзі, алғашқы анамыз Хауаның өзі Жұмақтан күнә жасап қуылған. Жер бетіне күнәһар күйінде түскен. Мың жылдай күнәсін көз жасымен жуған. Олардың тұңғышы Қабыл Ібіліске еріп інісін өлтірді. Ібіліс те Жаратқанның бір періштесі еді.Тәкаппарлық оны Құдайдың қарғысына ұшырат­ты. Сайтанға айналды. Бұдан біз не көреміз? Құдай жаратқан періштенің өзі күнәдан құралақан болмағанын көреміз. Күнәһарлықтан періште де, адам да құралақан болмағанын көреміз. Әсіресе күнәһарлық от­тан жаралған періштеге емес, топырақтан жаралған адамға тән екенін көреміз. Сұрақ туындамақ. Күнә адамға тумысынан тән болса, одан арылу мүмкін болмаса, онда сол күнәға белшемізден батып жүре бермейміз бе деген. Жоқ. Олай емес. Жаратушы алғашқы Адамды пәктікпен жарат­ты. Бірақ Адам Ібіліске ерді. Күнәға бат­ты. Ол өзінің күнәға батқанын түсінді, қатесін көз жасымен жуды. Алланың Жер бетіндегі алғашқы пайғамбарына айналды. Бұл қасиет­ті кітаптардан жеткен тәмсіл. Күнәһар шын жыласа, Алла кешіретіні туралы тәмсіл. Атамыз қазақ бұ тәмсілді бір ауыз сөзбен; «Адасқанның айыбы жоқ, жүрер жолын тапқан соң» деген.
Ет пен сүйектен жаратылғаннан кейін пенде байғұстың шалыс қадам баспайтыны жоқ, сүрінбейтіні жоқ. Мәселе: сол қателіктен адам қандай қорытынды шығарады? Сонда адамның адамдығы осы сын өткелде көрінеді. Тіптен қателікке ұрынған пенденің тақуалығы өзгелерден оқ бойы озып кетуі де мүмкін. Орта ғасырда Тибет­те тақуалықтан алдына жан салмаған Миларепа деген атышулы әулие болыпты. Оның тақуалық жолға түсуіне себепкер аса ауыр қылмысы болыпты. Ағайын-жұртын қырып салған қарақшыларды Миларепа да қуып жетіп, қырып салады. Содан, соншама, адам қанын мойныма жүктедім деп Миларепа Бұ Дүниеден баз кешеді. Тау-тасты аралап, кісікиік болып кетеді. Адам баласына жоламай тақуалық жолға түседі. Бүкіл өмірі үңгірде өтеді. Ақыры басына әулиелік қонып, алақаны тиген тас балқитын болыпты. Адам құдіретінің куәсі сол тастар Тибет­тегі әулие үңгірінде әлі тұр дейді. Миларепа алақанының ізі түскен тас.
* * *
Әулиелер табаны тиіп балқыған тастар қазақ жерінде де бар. Маңғыстауда Ұштаған ауылы маңында Масаты әулиенің ізі жатыр сайрап, тас бетімен жүгірген. Өткен жылы барып өз көзімізбен көрдік. Бірақ біздің әңгімеміз бүгін ол туралы емес. Күнә туралы. Адамға тән осы бір жиіркенішті қасиет туралы. Өмірінде кез келген адам қышқыл дәмін тататын осы бір захар у туралы. Сайтан сыбырымен сол удың дәмін татқан пенделердің шошып, зар илеп, Хақ жолына түсетіні туралы. Және олардың Алланың сүйікті құлына айналатыны туралы. Пайғамбарлар жолына түскен сол әулиелер қара түнекті қақ жарып, алдымызға түсіп жол бастайтыны туралы. Қамалып тұрған халықты Хақ жолына бастайтыны туралы. Шалыс басудан, Сайтанның сыбырынан сақтайтыны туралы. Сайтанның сыбырына ерем деп өмірде у ішкендер қатарында исламият жұлдыздары Құл Қожа Ахмет, Бахауаддин Накшпанди, Имам Ғазали, Софы Аллаярлар болыпты «Мен өлгенде артымнан тас атыңдар!» деген сөз солардан қалған.
Ұлы әулие Бахауаддин Нақшпанди жас кезінде Халил сұлтанның жендеті болған деген әңгіме бар.
Өткен ісіне өкініп, «ах» ұрғандар қатарында Абай да жүр, «Өз мінімді санасам, тау тасындай аз емес».
Алыптардың алыптығы сол – шалыс қадамдарынан шоши білген. Және сол қателіктеріне қарсы қиян-кескі күрескен. Кейінгі ұрпақ сол қателіктерді қайталамаса екен деп өмірден зарлап өткен.

Смағұл ЕЛУБАЕВ,
Түркі дүниесі әдеби
сыйлығының лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір