ҚОҢЫР ДӘПТЕРГЕ ҚОНҒАН ОЙЛАР
24.08.2022
287
0

Смағұл ЕЛУБАЕВ

Ей, заман-ай, заман-ай!

Ей, заман-ай, заман-ай!
Сен жапырып келесің
Қу жалғанды қоғадай.
Қаруың сенің капитал,
Капиталмен ұрғанда,
Қаңбақтайын ұшады
Тау көтерген Толағай.
Толағай еді Тұраным,
Тәңірім еді ұраным.
Ұрандап атқа қонғанда
Әлем мойын бұратын.
Көк түріктің кезінде
Толағай еді Тұраным.
Ей, заман-ай, заман-ай!
Екпініңнің жаман-ай!
Жапыра басып келесің
Жан-жағыңа қарамай.
Алдымен алдап басты алдың.
Жартыбасты жасты алдың.
Жасты алған соң, заман-ай,
Алмаған нең қалады-ай?!

Ұлы Дала ұлдары!

Қазақтың қайсар қыздары!
Жамандық көрсең жасыма,
Жақсылық көрсең тасыма!
Атадан қалған өсиет,
Анадан қалған қасиет.
Атамыз біздің қандай еді,
Анамыз біздің қандай еді,
Ұран еткен ұжданын,
Ұлысты елдің маңдайы еді.
Талбесігі табиғат,
Тазалығы таңдай еді.
Тегеуріні тау жығар,
Жігіттері нардай еді.
Қыздары қыр гүліндей,
Мінезі жібек-талдай еді.
Текті еді Тұраным,
Тәңір еді ұраным.
Қолда еді Құраным.
Қиыр жайлап шет қонған,
Еуразия алабын.
Төбесінде – көк аспан,
Табанында – қара жер,
Еңку де еңку бел асқан.
Батысы да санасқан,
Шығысы да санасқан.
Тұлпар мініп ту алған,
Шеттерінен ер еді,
Екі тарлан бөрі еді.
Дұшпанына көр еді,
Достарына төр еді,
Заманында зор еді,
Еңку-еңку жер шалған,
Егеулі найза қолға алған,
Қоңыр салқын төске алған.
Ылдыйдан шапса төске озған.
Арыстан еді-ау ұлдары,
Қылықты еді-ау қыздары.
Сен – солардың ұрпағы.
Ұсақ болма, ірі бол!
Ірілердің бірі бол!
Жанып тұрған оттай бол!
Жауыңды көрсең жасыма,
Қарсы атылған оқтай бол!
Кедергі көрсең қақырат!
Қиындық көрсең мойыма!
Айналарсың сонда сен
Сойқанды ердің сойына.

* * *
Фарабише кейде мен
Қордалы ойдың түбіне
Сүнгіп кетіп батамын.
Асанқайғы болып та
Алашым деп «аһ» ұрып,
Мініп мұңның маясын,
Желіп бара жатамын.
Қожа Ахметше кейде мен
Бар дүниеден баз кешіп,
Жер астында жатамын.
Махамбетше кейде мен
Шамырқанып, шамданып,
Сөз садағын тартамын.
Қазақты көріп қайғырған
Абай да болып кейде мен,
Уытын ойды татамын.
Қалам алып қолыма,
Жырауларға еліктеп,
Жамбылдың салып мақамын…
Бәрін айт та, бірін айт,
Айтсаң, Алаш мұңын айт!
Алаш мұңы дегенде
Әлихан, Ахмет, Мағжан боп
Батқан күнмен батамын,
Атқан таңмен атамын.

* * *
Тереңдігі мұхиттай,
Майқы биден қалған тіл.
Өткірлігі семсердей,
Махамбеттен қалған тіл.
Ақылманы Алаштың,
Дана Абайдан қалған тіл.
Әуезовтей кемеңгер,
Әуелетіп кеткен тіл.
Қызыл қырғын кездерден,
Күңіреніп өткен тіл.
Сол бір зұлмат заманнан,
Жанайқай боп жеткен тіл.
* * *
Арыстандай айбаттым!
Қабыландай қайраттым!
Теңіздей терең тектілім!
Бәйгеге түссе байрақтым!
Махамбеттей мәрттерім!
Абайдайын абызым!
Хан Кенедей аңызым!
Ертеден шапса, кешке озған,
Ылдыйдан шапса, төсте озған,
Тұлпар мініп, ту алған,
Ұлы Дала ұлдары!
Қазақтың қайсар қыздары!
Жетім көрсең жебей жүр!
Әлсіз көрсең демей жүр!
Елеусізді елей жүр!
Қарындасқа қорған бол!
Қордан болма, зордан бол!
Ел басына күн туса,
Алынбайтын орман бол!
Мазақ болма, қазақ бол!
Мәңгүрттіктен азат бол!
Тілім саған аманат!
Дінім саған аманат!
Жерім саған аманат!
Елім саған аманат!
Қазақ деген атыңа,
Түсіре көрме жаманат.
Ұл өсір де, қыз өсір!
Қазақты көбейт көл-көсір!
Қандасты жина шетелден,
Саныңды көбейт, елді өсір!
Сонда қазақ жарарсың,
Болашаққа барарсың!
Асуларды аларсың!
Оны жасай алмасаң,
Дүние деген дүрмектің,
Шаңын қауып қаларсың!

* * *
Қанағат, ынсап болмаса,
Алған білім, жиған мал,
Оңдырмайды ол да аса.
Кедеймін деп күңіренбе,
Кембағалдық, жоқшылық,
Ол да өтер бір күні
Бір Құдайың қолдаса.
Жиғаныңнан иманың,
Алай да артық болмаса,
Өткен өмір, қонған бақ,
Бәрі болар далбаса.

* * *
Бір орында тұрмайды,
Уақыт шіркін зырлайды.
Жыл өткен сайын жамалып,
Бір қайғыға бір қайғы.

Құдайсыз қоғам!
Жығарсың жарға апарып,
Тығарсың орға апарып.
Нәпсіге сүріндіріп,
Қылмысқа ұрындырып,
Адамды аздырарсың!
Нәпсісін қоздырарсын!
Ұжданын тоздырарсын!
Қуғаны ләззат болар,
Адамы кәззап болар,
Заманға бастап барасың!
Ұждан, ұят, иманды,
Қоқысқа тастап барасың!
Арпалысып ақша деп,
Дозаққа бастап барасың!

Шетел қазақтарының зары

Жапанда жалғыз ағаш егіледі,
Жел соқса жапырағы төгіледі.
Есіме қайран елім сен түскенде
Қабырғам сынбаса да сөгіледі.

* * *
Кешір, тілім!
Сені сатып,
Әбден тантып,
Өзге тілде көпірдік.
Жетілдік деп лепірдік.
Ал шынында,
Кеми түстік, кетілдік.

Кешір, тілім!
Ұрпағыңның ездігін.
Соны көріп
Сарайымды кезді мұң.
Сөйлей алмай
өз тілінде өз ұлың,
Жылдар сайын
Сұйылуда сөздігің.

Кешір, тілім!
Қадіріңді білмеген,
Мәңгүрттерге
Құрбан болған маржаным!
О заманда, бұ заман,
Бұдан өткен бар ма мұң.
Кешір тілім!
Намыссыздың қолында
Мәстек болған тарланым!

* * *
Кешегі қызыл саясат
Қазақты кетті қақ бөліп.
Бірін-бірі түсінбес
Екі түрлі халық етіп.
Түрі қазақ тілі орыс,
Пайда болды шалалар,
Өзекке теуіп өз тілін,
Оңтайы келсе табалар.
Жаныңды сөйтіп жаралар.

Бүгінгі қазақ қандаймыз?!
Бүгінгі қазақ сондаймыз.
Екі тілде сөйлейміз.
Екі тілде ойлаймыз.
Бір қазақта бірлік жоқ,
Бүйте берсек оңбаймыз.
Орға жығып қазақты,
Ақыр түбі сорлаймыз.
Тіл бірлігі болмаса,
Ел бірлігі болмайды.
Бізге бүгін, жамағат,
Бізге бүгін сол қайғы.

* * *
Шөлістанды көрмеген,
Гүлістанды неғылсын.
Зымыстанды көрмеген,
Тыныш таңды неғылсын.
Жоқшылықты көрмеген,
Тоқшылықты неғылсын.
Елден кетіп көрмеген,
Ел қадірін не білсін.
Бодандықты көрмеген,
Бостандықты не білсін.
Тілді сөйлеп көрмеген,
Тіл қадірін не білсін.
Дінді ұстанып көрмеген,
Дін қадірін не білсін.
Бәрін айт та, бірін айт,
Ұлт ұясы – үйіңнің,
Иманы кәміл болмаса,
Одан шыққан ұл мен қыз,
Имансыз болмай неғылсын.

* * *
Мына жатқан кең жерге
Қашан толар екенбіз.
Тамам қазақ бір тілде
Қашан сөйлер екенбіз.
«Шала» менен «тазаға»,
Бөлінбейтін бір қазақ,
Қашан болар екенбіз.
Батыстан да сескенбей,
Шығыстан да сескенбей
Қашан жүрер екенбіз.
Қарасы мен ханы тең,
Кедейі мен байы тең,
Қыдыр дарып бақ қонған,
Қайырымды хақ қоғам
Қашан болар екенбіз?..

* * *
Жасанды емес нәрсе табу,
Қиын болды бүгінде.
Жасанды, әне,
Мінезің де, түрің де.
Жасанды, әне, кірпігің де, қасың да.
Жасанды, әне, табақтағы асың да.
Болсаңдағы қай салаға үңілер,
Табиғилық таппай жаның түңілер.

* * *
Туған адам мәңгілік өлмейтін болар,
Өлмейтін жан Иесі бергеннен соң.
Бірақ ол арамызға келмейтін болар,
Мәңгілік мекеніне барғаннан соң.

* * *
Фәниде мына малданып малға,
Бақи жоқ деп алданып қалма!
Әділет салтанат құратын күн деп,
Соңғы Сотты қолға алыпты Алла.
Соңғы Сот түбінде болары анық.
Қиямет.
Мақшар таңы.
Олар анық.
Жолыңды игі амалың жарық қылса,
Күнәларың жағаңнан алары анық.

* * *
Қазақтың бір тойы болары анық,
Қуанышқа құшағы толары анық.
Алланың назары түсіп тұрса,
Арманның асуларын алары анық.

* * *
Бір жақсылық болатындай алда бір,
Халқымызға құятындай Алла нұр.
Үміт!
Үміт!
Сүйрелейді бізді алға,
Құс қанаты талатұғын құздарға.
Таусылғанша ең ақырғы деміңіз,
Кедергіні керте тұрған жеңіңіз!
Асандайын Желмаямен желіңіз!
Болашаққа имандайын сеніңіз,
Сенім деген селден күшті құдірет,
Сол сенімді көк туыңа тұғыр ет!
Сонда ғана, сонда ғана,
Сеніңіз!
Жерұйыққа айналады жеріміз!
Жерұйыққа айналады еліміз!

* * *
Адамның таятында бастан бағы
Жүрегі қатты болар тастан-дағы.
Иман менен ұятты жиып қойып,
Нәпсінің құлы болар жас пен кәрі.

Адамның таятында бастан бағы
Жүрегі қатты болар тастан-дағы.
Басына Құдай кірмей,
Құран кірмей,
Басына ақша болар жастанғаны.

ПІКІР ҚОСУ