«Қоңыр ұл ем, қоңыр үйде ержеткен…»
23.10.2023
180
0

Осы аптада Түркістан облысы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлықтарының лауреаты, Түркістан, Кентау қалалары мен Сауран ауданының құрметті азаматы, ақын Қасымхан Бегмановтың 65 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар өткізді. Ақын Қасымхан Бегманов бастап барған қонақтарды Түркістан облысының әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев қабылдап, сый-сияпат жасады.

Мерекелік шараның шымылдығын Сауран ауданындағы Шаға ауылы түрді. Ауылда Қ.Бегманов атындағы 200 орындық жекеменшік мектеп-гимназия мен бөбекжай-балабақша ашылды. Осынау оқу ордасын түркістандық кәсіпкер, қаламгер шығармашылығын сүйіп оқитын Дүйсенбай Серікбайұлы өз қаржысына салып, оған ақынның есімін беруді жөн көріпті. Дүйсенбай ағаның өзі бұл туралы: «Қасекең – нағыз сүйелсау­сақ қаламгер, жанкешті қайраткер. Ол этнографиялық бағытта «Дәстүр» журналын ашып, 15 жыл бойы шығарып келеді. Бұдан бөлек, оның «Дәстүр. Кеше. Бүгін. Ертең» атты 4 томдық, «Этнографпен әңгіме» кітаптары қазақ руханиятының қоржынына қосылған қомақты олжа. Аталған еңбектерді жазу барысында қазақтың 88 ғалымымен әңгімелесіп, тың деректер тапқан. Оның елге деген, жерге деген махаббатын, ерлігі мен ірілігін Мұстафа Шоқай үшін екі жыл соттасып жүріп, оған жала жапқандарды жеңгенінен де аңғаруға болады. Ағамыз қазақтың ән өнеріне де үлкен үлес қосты. Оның сөзіне жазылған жүз шақты ән ел ішіне кең тараған. Мұндай тұлғаға мектептің атын беру өте құптарлық іс деп ойлаймын. Сол мектепте оқып жүрген балалар ақын ағасындай болуға талпынса, ел дегенде емешегі үзіліп тұратын нағыз азамат болатынына сенімім кәміл», – дейді.
Ал есімі білім ұясы мен бөбекжайға берілген ақын: «Басында бұндай шешімге қарсы болдым. Тіпті «неге маған ұсыныс жасап отыр?» деген күдігім де болды. «Ономастикалық комиссия бекіткен тұлғалардың арасынан таңдап неге алмайсыңдар? Өмірден өтіп кеткен ағаларымыздың атына бергенің дұрыс» деп бірнеше рет айттым. Бірақ Дүйсенбай мен Тоты өз шешімдерінен қайтпады. Екі жылдай ырғастық. Ақыры келісімімді бердім. Мойныма үлкен жауапкершілік жүктелгенін сезініп тұрмын», – дейді.
Кездесулер барысында белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы Қасымхан Бегманов поэзиясы туралы кең толғай отырып, шағалықтарды жаңа мектептің ашылуымен құттықтады. Қазақстан Жазушылар одағының «Шетелдегі қазақ әдебиеті» кеңесінің төрағасы, сыншы Әрмиябек Сағындықұлы да ақынға деген құрметі үшін түркістандықтарға риза көңілін жеткізді. Ақын Бауыржан Бабажанұлы Қасымхан Бегмановқа арнаған өлеңін оқыды. Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының бас маманы Эльвира Момынова, Сауран ауданы әкімінің аппарат басшысы Қуандық Құлажановтар келген қонақтарға алғыс айтып, жаңа мектепке ізгі тілектерін арнады. Туған өлкесі алақанына салған қаламгердің өзі аталмыш мектеп-гимназияға 500 кітап табыс етті. Реті келгенде айта кетейік, мектепте қоңыраудың орнына ақынның өлеңіне жазылған әндер әуелейді екен.
Мерейтой иесінің құрметіне арналған іс-шаралар Сауран ауданының Шорнақ, Бабайқорған, Үлгілі ауылдарында жалғасын тапты. Бұл ауылдың тұрғындары да ауылдағы қараөлеңнің тойын ерекше ықыласпен өткізді. Бабайқорған, Үлгілі ауылдарындағы Қас-ағамыз оқыған мектептерде ақын атындағы сыныптар бар екен, қаламгер бастаған қонақтар ол жаққа да бас сұғып, жылы лебіздерін білдірді.
Шорнақ пен Бабайқорғандағы жүздесулерден кейін ақын Түркістан, Кентау қалаларында және Қазығұрт ауданында қара өлеңге құшақ жайған қауыммен қауышты. Жерлестері той иесіне ата дәстүріміз бойынша ат міңгізіп, иығына шапан жапты.

Қоңыр ұл ем, қоңыр үйде ержеткен,
Қоңыр ырғақ жүрегімді тербеткен.
Қыратында гүл теретін қоңыр қыз,
Қалды артымда қоңыр ауыл,
қоңыр күз,
– деп қазақ поэзиясына қоңыр үнін қосқан ақын ұлына ел іші жоғарыдағыдай құрмет көрсетті. 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір