Әдебиеттанушы туралы еңбек
27.08.2022
557
0

Жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде белгілі профессор, филология ғылымының докторы, Ыбырай Алтынсарин және Жамбыл Жабаев атындағы халықаралық сыйлықтарының лауреаты, көрнекті ғалым Сұлтанғали Садырбаевтың 90 жылдығына арналған мәдени іс-шара өтті.

Жиынға әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университетінің Басқарма Төрағасы Ректоры Жансейіт Түймебаев, филология ғылымының докторы Бауыржан Жақып пен Қансейіт Әбдезұлы, белгілі қоғам қайраткері Нағашыбек Қапалбек, академиктер мен профессорлар және ғалымның ұрпақтары қатысты.
Жиында жоғары оқу орнының басшысы Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, профессордың өмір жолына кеңінен тоқталды. «Сұлтанғали Садырбаев ғұмырын қазақ халқының ауыз әдебиеті мен фольклор жанрын зерттеу­ге арнады. Нәтижесінде «Қазақ халқының ауыз әдебиеті», «Жамбыл және фольклор», «Фольклор және эстетика», тағы да басқа оқулықтар мен монографиялар жазды. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология және журналистика факультетінің студенттеріне 48 жыл дәріс оқыды. Бүгінде филология факультетінің бір дәрісханасы Сұлтанғали Садырбаевтың атында. Биыл аудитория күрделі жөндеуден өтіп, жаңа құрылғылармен толықты», – деді Жансейіт Түймебаев.
Шара барысында университеттің бастамасымен «Ғибратты ғұмыр» сериясы аясында басылып шыққан «Сұлтанғали Садырбаев» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітапта профессордың өмірбаяны мен зерттеулері, қанатты сөздері, мұрағат құжаттары, толғаныстар мен естеліктері қамтылған.
Басқосуға жиналған зиялы қауым Сұлтанғали Садырбаевтың әдебиеттанудағы елеулі еңбектерін атап өтіп, естеліктерімен бөлісті.
Айта кетейік, Сұлтанғали Садырбаев 1955 жылы ҚазМУ-ды, 1962 жылы Қазақстан ғылым академиясының Әдебиет жөне өнер институтының аспирантурасын бітірген. 1962 жылдан бастап әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да еңбек етті. 2013 жылы 82 жасына қараған шағында өмірден озды.

Ардақ КАКИМОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Жамбыл атындағы ғылыми-зерттеу оралығының жетекші маманы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір