Гүлмира СӘУЛЕМБЕК, әдебиеттанушы: СЫНЫ ДАМЫҒАН ЕЛДЕРДІҢ ӘДЕБИЕТІ БАБЫНДА
27.02.2024
1506
1

Сын жанрының тоқырағаны рас па? Қазіргі әдебиетте қандай бетбұрыстар бар? Қазақ қаламгерлері заман көшіне ілесе алып жатыр ма? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері Гүлмира Сәулембекпен әңгімелескен едік. Дүниежүзі жазушыларының туындыларында кездесетін жанрлық өзгешеліктер мен әдебиет кеңістігіндегі бүгінгі жаңалықтар жайында сұхбат барысынан оқи аласыз.

Сынға шыдасаң, «қара» пиар да (pr) – жарнама

– Қазіргі қазақ әдебиетіне сипаттама берсеңіз… Қазақ әдебиетінің бүгінгі бет алысына көңіліңіз тола ма?
– Бүгінгі қазақ әдебиеті – даму, іздену үстіндегі әдебиет. Сондықтан осы ізденістің нәтижесін көру үшін аздап уақыт керек сияқты. Әдебиетіміздің бет алысы жаман демес едім. Бірақ әлі де белсенділік пен терең ізденіс керек-ақ.

– «Қазақ әдебиетінде сын жоқ», «Сын жазылмай кетті» деген пікірлер жиі айтылып жүр әрі мұндай пікірлердің дені сыншылар тарапынан көп естіледі. Себебі неде деп ойлайсыз?
– Сыншылар тарапынан сынның тоқырауы туралы пікірдің айтылуын әдебиетімізге деген жанашырлық деп түсіну қажет. Себебі сыны дамыған елдердің әдебиеті де бабында. Сын – әдебиеттің бапкері, атбегі атын бәйгеге қосарда қамау терін алатыны, суытатыны бар ғой, сол сияқты шығарманы түзеп, бағасын арттырып, бағын жандыратын – сын. Алайда сынды қаламгерлер тарапынан көтере алмау да, қажетсінбеу де баршылық. Бұл – оның тоқырауына бірінші себеп, ал екінші себебі сыншыға кәсіби біліктіліктен басқа, батылдық пен мінез керек. Сын – өткір жанр. Оның жолы қашанда ауыр болған. Кез келген әдебиеттанушының сыншы бола алмайтыны сондықтан. Үшінші себебі біздің әдеби кеңістігіміз кеңейіп келеді. Әдебиетіміз әр тарапты даму жолына түсті. Түрлі бағыттағы, түрлі жанрдағы шығармалардың туындауынан бөлек, дәстүрлі реалистік шығарманың өзіне де өзгеше эксперименттер жасала бастады. Ал енді осы шығармаларға баға беру сыншының кең ауқымдағы әдебиеттің теориясы мен түрлі категорияларын терең білуін талап етеді. Сыншының сынына қаламгер құлақ асуы үшін сынның да деңгейі жоғары болуға тиіс. Сыншының бәрі теоретик болмаса да, оқырмандық деңгейден қайткенде жоғары тұруға тиіс. Сын әдебиеттің теориясынан тыс, жеке қарастырылғанымен, әдебиеттің әр тараптығы әлемдік әдебиеттануда сынның да түрлі бағыттарға тармақталуына алып келді. Гинокритика, экокритика, психоанализ сыны, тағысын-тағы… Қазіргі әде­биет классикалық дәстүрлі, бейклассикалық және бейклассикалықтан кейінгілер болып бөлінеді. Әрқайсысына тән философиялық әрі эстетикалық ерекшеліктер, тіл стилистикасы, талдау категориялары бар. Бірінікі-біріне сәйкес келмейді.

– Әдебиет сыншыларының осы олқылықтың орнын толтыруына не кедергі? 
– Меніңше, сынның дамуына ешқандай кедергі көріп тұрғаным жоқ. Тек сыншылар өзін жетілдіруді, оқуды, зерт­теуді тоқтатпай, кәсіби тұрғыдан үздіксіз дамып отыруы керек. 
– Жалпы, сын дегеніміз не? Сынның миссиясы (бүгінгі уақыт тұрғысынан) қандай? 
– Сын дегеніміз – туындыға берілетін баға. Алайда ол субъективті пікірден ада, сыншының эмоциясы араласпаған, объективті тұрғыдан таза кәсіби сипат­та болуы керек. Нақты шығарма аты аталып, сол шығармадағы кемшілік не артықшылығы нақты ғылыми сипатта айқындалуға тиіс. Сынды қабылдаушы тарап та оны кәсіби тұрғыдан қабылдап үйренуі керек. Сол жағдайда ғана әдебиетте сын өз қызметін лайықты атқара алады. Сондай-ақ сынның жекелеген шығармаларға айтылатынын білесіз, яғни ол қаламгердің бүкіл шығармашылығын мақтау я даттау дегенді білдірмейді. Сөзге тиек етілген олқылықты да нысанаға алынған автордың барлық шығармасына тән деген түсініктен ада болу қажет. 
Сынның біз білетін ежелден келе жатқан бір ғана миссиясы болатын. Қазір заманның ағысына қарай сынның әдебиеттің сапасын жақсартудан басқа да «жанама» әсерлерін байқап жүрміз. Сынның айтылуы, жазылуы – нарықтық қоғамда алдымен теп-тегін жарнама. «Белдеспекке белің шыдаса» дегендей, шыдасаң, «қара» пиар (PR) да – жақсы жарнама. Сондықтан сыншы қаламгердің шығармасы жайлы бағамдауына автордан бастап күллі әдеби орта, оқырман мүдделі екенін түсінуі керек.

Эгоны әлдилеген қоғам таскерең етті

– Бүгінде ақын-жазушылар елдік мәселені шырқырата жазып-ақ жүр. Бірақ қаламгерлеріміз түйткілді жайға жұмыла үн қосқанымен, оның нәтижесі көріне бермейді. Неліктен олай? Сөз күшінің заманы өтіп кеткендіктен бе, әлде сөз ұстарларымыздың әлсіздігі ме? 
– Алдымен «неліктен белгілі нәтижеге жету қиын» дегенге жауап беріп көрейік. Әрбір қоғамда құндылық деген дүние бар. Қоғамды бұзу үшін соғыс ашудың қажеті шамалы. Оның құнды деген дүниесін құнсыздандырсаң, сол жеткілікті. Бұл – соғыстың ең сорақы, ең жымысқы түрі. Біз – осы мылтықсыз майданның құрбандарымыз. Әуелі, рухани құндылықтарымызды материалдық құндылықтарға айырбастап алдық. Сол құндылықтар қатарында тіліміз, діліміз, дәстүріміз, дініміз, ең бастысы, адамның өзі де бар. Осы діңгектерден айырылғанда сөз өз-өзінен құнсызданады. Ашық қоғамда жан-жақтан жасалып жатқан ақпараттық майданға қарсы тұрар иммунитетіміз төмен болып тұр. Сондықтан сыртқы әсерлердің арқасында құндылық бағдарымыз табиғи түрде емес, жасанды түрде өзгерістерге ұшырап жатыр. Екіншіден, ашық қоғам жеке адамның тұлғалық жетілуіне қоса эгосын әлдилеп, өзінен басқа ешкімді тыңдай алмастай таскерең етті. Постмодернизмде «бедел дағдарысы» деген категория бар, біраз уақыт бұрын қолдан идеал жасап алған тұлғалардың қарапайым, қатардағы жұмырбасты пенде екенін білу де – қатардағы себептің бірі. Абрам Терц деген орыс әдебиетінің өкілі: «Пушкинмен өмір сүруге болмайды, онымен тек серуендеуге болады», – деген екен өз шығармасында. Сондай көзқарас бізге де жетіп қалған-ау, шамасы. Бүгінгі қоғамға әдебиеттің тәрбиелік қызметі жүрмей тұрғаны осы себептен бе деп ойлаймын. 
Енді «не істеу керек» дегенді де айтпасам болмайын деп тұр. Қаламгерлердің, әсіресе ақындардың әлеуметтік мәселелерге келгенде өте сергек екені белгілі. Қаламгерлердің баспасөздегі, шығармашылықтағы жанашыр әрекеттері нәтижесіз деп айтуға да келмейді. Сол нәтижесізді емес, нәтижені насихаттауымыз керек болар. Мұны неге айтып отырмын?.. Осы пандемияның алғашқы кезінде билік сасқалақтап, емханалар толып, халық сабылып шарасыз қалғанда, белгілі ғалым Құлбек Ергөбек билікке үндеу тастап, спорт кешендерін ауруханаға айналдыруды ұсынған болатын. Іле-шала орынды пікірге құлақ асып, осы шаруа іске асты. Одан басқа, халық арасында бос тұрған ғимараттарды, тойханаларды емхана етуге бергендер бар. Осы сияқты халықтың басына күн туғанда қалам иелерінің тасты өрге домалатқан Сизиф секілді біз біліп-білмейтін жасап жатқан шаруаларын көрсете білу де керек шығар. Кеше жер сілкінгенде де миллион халқы бар Алматының такси құнын асырған 4-5 такси жүргізушісін қанша күн жыр етіп айттық. Ал сол кезде қанша көлік далада қалғандарды паналатты, бір-бірімен киімін бөлісті, пәтерін бөлісті. Бір-бірін мүлде танымайтын адамдар бір-біріне қолдау көрсетіп жатты. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген аталы сөзімізді ұмыт қалдырып, сөз қуатын теріс бағытта жұмсап жатқандаймыз. Біз теріс нәрсені жамырап айта беріп те оны жарнамалап шақырып алатындаймыз. Ол іліктестік әсермен жан-жүйемізді жаулап алып жатқандай. Жақсы нәрсені жиі насихаттап, жақсы нәтижелерді де көре білгеніміз абзал.

Әшекейлі әдебиеттен бас тарту үрдісі белең алуда

– Дүниежүзі әдебиеті қазіргі уақытта қандай дәуірді өткеріп жатыр? 
– Дүниежүзі әдебиеті деген – өте кең ауқымды әдебиет және оған баға беру бір кісінің қолынан келетін шаруа емес. Себебі әрбір кеңістіктегі әдебиеттің өзіне тән даму ерекшелігі бар. Дегенмен, шама келгенше, ара-тұра жасап отыратын шолулар негізінде жобалап айтып көрейін. Бұл енді дүниежүзілік әдебиет туралы бола қоймас, өйткені мен білмейтін елдердің де әдебиеті бар. Тағы бір себеп – біз қолымыз жеткен әдебиеттің барлығын аудармадан оқимыз, аударылмай жатқан тамаша шығармалар тағы бар. Олардың барлығы да әдебиеттің құрамдас бөлігі болғандықтан, арада айтылмай қалатын ақтаңдақтар болады. 
Дегенмен дүниежүзілік әдебиеттің басым көпшілігіне ортақ үрдіс – оның ежелгі сөз өнеріне тән синкреттілікке қайта оралуы деп айтар едім. Қазіргі әдебиеттен постфольклорлық жанрларға жиі бару, жанрлар синтезінен жасалған күрделі эскперименттерге бару, оның ішінде детектив, фантастика, фэнтези, триллер немесе тағы басқа нон-фикшн жанрлары мен белгілі бір халықтың ішіндегі, тіпті әлемдік қауымдастықтағы трагедиялар мен әлеуметтік жарақаттарды қозғайтын байсалды прозаны біріктіру арқылы ерекше шығармалар жасау осының көрінісі іспетті. 
Тақырып жағынан ерекше көзге түсетіні гендерлік тақырыптардың Батыс Еуропадан гөрі Шығыс Еуропа, Азия әдебиетінде молая бастауын да атап өткен дұрыс болар. Дегенмен әрбір қоғам, уақыт пен кеңістік үшін өзіне тән даму үдерісі бар екенін естен шығармау керек.
 Жазу техникасы тұрғысынан полистилистиканың басымдығы, өң мен түстің немесе сананың өзгерген күйі мен реалды өмір арасында жасалатын трансреалистік шығармалар жасау, кейіпкерді барша пенделігімен ашып көрсететін күрделі образдар жасау, психологизмнің барша элементін қолдану, интертекстуалдық байланыстарға жүгіну – қазіргі әдебиетке тән құбылыстар. Әдеби мәтіндердің күрделенгеніне қарамастан көркемдеуші құралдарды молынан қолданатын әшекейлі әдебиеттен бас тарту үрдісін де атап айтуға болады. 
Сөзім дәлелді болу үшін шығыс­азиялық көршілерімізден бастайын. Қытай әдебиетінің өкілдері, Нобель сыйлығының лауреаты Мо Ян және Юй Хуа әлеуметтік құлдырау, жемқорлық, маскүнемдік, тойымсыздық, т.б. қытай халқының басынан кешірген мәдени төңкерістер, көшедегі жаппай төбелес, бұзақылық, домалақ арыздар жазу, контрреволюционерлерді алаңда ашық жазалау, ату сынды тақырыптарды қамтиды. Бірақ екі автор да шығармаларында шынайылық пен қиялдың шекарасын бұзу техникаларын қолданған. Мо Янның шығармашылығындағы осы ерекшелікті Нобель комитеті «галлюциногенді реали­­зм» деп атаған екен.
«Донесение» бестселлерінің авторы, жазушы Май Цзя да Қытай тарихындағы жапон-қытай қақтығыстары туралы шпиондық детективке ұқсайтын, постмодернистік мәтіні бірнеше жанрдың жымдасуынан тұратын роман жазып шыққан. Бұл үрдіс Мо Янда да кездеседі, оның шығармалары қытай мифологиясы мен дәстүріне кірістірілген интертекстерден тұрады. 
Азиялық Букердің ұзын тізіміне енген Шэн Кэи өз шығармаларында гендерлік мәселелерді кеңінен қозғайды. Шынайы­лығы жоғары шығармалардың өріс алғанын дәлелдейтін өзге де мысалдар баршылық.
Жапон әдебиетінің өкілдеріне ойыссақ, ХХІ ғасырда да қаламын тастамаған Харуки Мураками шығармаларында оқырманды баурап алатын стилінен өзге бұқаралық мәдениетке сілтемелер көптеп кездеседі. Қазіргі жапон прозаның өкілдері Иоко Огава, Саяка Мурата әлемдік әдеби үдерістің бір бөлшегі ретінде нон-фикшн жанрлары мен әлеуметтік тақырыптардың жымдасуынан жасалған көркем шығармалар тудырды. Иоко Огава «Жад полициясы» романында фантастика мен әлеуметтік сатираның шекарасында, Саяка Муратаның «Жерліктер», орысшаға «Земляноидтар» деп аударыпты, фольклорлық сюжеттерге сілтемелерден тұратын мистикалық сюжеттер кірістірілген туындысы да әлеуметтік мәселелерді қозғайды, яғни мұнда да әлемдік әдебиетке тән жанрлардың араласуынан тұратын күрделі жанрлардың пайда болғанын байқауға болады. Қанша жерден дәстүрге берік десек те, халықтың болмысындағы таптаурындардың жеке тұлғаның психологиясына, тағдырына әсері көркем шығармадағы түрлі амал-тәсілдермен беріліп, оқырманға ой салады. Осы автордың шығармашылығында гендерлік мәселелердің қозғалғанын да байқап қалдым. Мұнда ол асексуал жұптар жайлы баяндайды.
Дүние әдебиетіндегі ең бірегейлігін сақтаған әдебиет жапондардікі ғой деймін. Мүмкін қателесермін, маған солай көрінеді. Олай дейтін себебім, дүниежүзілік жанрлық өзгерістер, құрылым бұзылым, бұрынғы үлгілерден бас тарту да жапон әдебиетіне тән, бірақ солай бола тұра туындап жатқан жанрлар, формаларды, әдеби категорияларды жаһандық атаулармен атауға тырыспайды. ХХ ғасыр ортасында дәстүрлі хайку мен танкадан бас тартып, тармақ пен бунақ санын қатаң сақтаудан бас тартқан гэндайси жанры дамыды. Бұл өзгеріс халықтық поэзиядағы табиғи құбылыстай қабылданады. Одан басқа біздің детективімізге пара-пар хонкаку жанры бар, оның заманға сай өзгерген түрі «син-хонкаку» деп аталады. Қазіргі уақытта детективті фантастикаға жататын иямису жанры танымал. Өзге Еуропа, АҚШ әдебиетінде осындай құбылыстардың кездесетінін, дәл осындай жанрлардың туып дамып жатқанына қарамастан бұл жанрлар сыртқы ықпалдан туған деп саналмайды. 
Тіпті жапон топырағында туған жанрлар белгілі дәрежеде дүние әдебиетіне ықпал етіп отырғанын көруге болады. Осы қатарға қазіргі жапон әдебиеті тудырған фэнтезилік элементтерден тұратын ранобэ мен анимелерді жатқыза аламыз. Бұл жанрлар өз ішінде тармақталып кеткен жапон әдебиетіндегі танымал жанрлар.
Батыс әдебиетіне оралсақ, өте қарама-қайшы құбылыстарды көруге болады. Клиптік сана дендеген заманда «шығармалар қысқа болу керек» деген түсінікті түбегейлі өзгерткен аса көлемді шығарма осы жаңа дәуірде туды. Ол ағылшын жазушысы Джоан Роулингтің «Гарри Поттер» романы еді. Роман үлкен «әдеби формалардың» құрып бітуі, құндылықтардың құлдырауы жайлы шығармадағы түрлі амал-тәсілдер арқылы ғана оқырманды тартуға болады деп айтыла беретін пікірлерге қарама-қайшы құбылыс болды. Ол ешқандай бейімдеусіз және қысқартусыз да шығарманың оқылатынын дәлелдеген, балалар мен ересектер арасында оқуды қайта сәнге айналдырған құбылыс болды. Дегенмен бұл шығарманың құрылымында да осы кезең әдебиетіне тән антика, скандинав мифтеріне аллюзиялар, басқа да әлемдік танымал шығармалармен интертекстік байланыстарды байқаймыз. «Жерліктердегі» секілді «Гарри Поттер» әлеуметтік астары бар әрі психологиялық роман деуге де келетін фэнтези жанрындағы туынды, яғни мұнда жанрлардың кірігу үдерісі орын алған. 
«Гарри Поттер» секілді осы уақытқа дейінгі таптаурынды бұзған екінші көлемді романның бірі – «Қамқоршылар» тарихи романы еді. Авторы – француз әдебиетінің өкілі Джонатан Литтел. 
Айта берсең өте көп дүние бар. Ойым­ша жалпы белгілерін атағандаймын. 
 – Біздің қаламгерлерге таңсық жанрлар мен стиль түрлері болуы мүмкін бе?
– Әлемдік әдебиетте біздің әдебиет үшін таңсық жанрлар да, стильдер де көп. Тіпті бізде бар сыртқы атауымен ғана аталып жүрген жанрлық түрлердің өзі дами келе іштей тармақталып, жіктеліп кеткен. Сол жанрлық түрлердің өзіне ғана тән типологиялық ерекшеліктер де қалыптасып үлгерген. Мәселен, қазіргі фантастиканың өз ішінде әдебиетте – «киберпанк», «космоопера», «ғылыми фэнтези», «қалалық фэнтези», «слипстрим», «стимпанк», «хоррор» деп аталатын жанрлар бар. Детектив те «полиция романдары», «тарихи», »ирониялық», «фантастикалық», «интеллектуалдық» деп өз алдына дәл осылай тармақталып кете береді. Жаңа айтқанымдай, жанрлардың синтезінен тұратын полистилистикалық шығармалар туындауда. Шығарманың мазмұндық «тығыздығы» артып, бірнеше қабаттардан тұратын күрделі туындылар бар. Аталған жанрлардың кейбір белгілерін отандық әдебиеттен байқағанымызбен, осы жанрлар аясындағы шығармалар мен жаңа стильдерге жасалған батыл қадамдар көп емес. 
– Әдебиетшілерге жиі қоятын сұрағым, жалпы әдебиетте қандай тақырыптарға қалам тербелуде? Ал қандай тақырыптар қозғалмай жатыр, сіздіңше? 
– Жалпы, қазақ әдебиеті әртүрлі бағыттағы тақырыптарды қамтып келеді. Ашық қоғам елімізде түрлі түсініктегі топтарды қалыптастырды, бұл – қаламгерлерге де тән құбылыс. Бір топ ежелгі түркілік тамырдан тартатын тектілік пен қазіргі қоғам параллелдерін жасап жатса, бірі – діни түсінік ауанында иллаһи тақырыптағы әдебиетті қалыптастырып, діни мотивтерді тірілтуде, келесі бір топ – философиялық бағыттағы шығармаларды тудырса, кейбір топ – көбіне жастар, жаңа әлемдік тәжірибелерді қазақ мәтінінде сынап көріп жатыр. Осы орайда айтылатын бір ерекшелік – мәдени шекараның айқара ашылуымен келген түрлі ағым-бағыттардың ықпалы, эстетикалық ізденістер, шығармашылық еркіндік әдебиетке жаңа леп әкелгенімен, тақырып – осы күнгі қазақтың басынан өткеріп отырған жағдайлары. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдар ақтаңдақтарды толтыруға тырысқан, тарихи жадты жаңғыртуға бағытталған Қабдеш Жұмаділовтің «Прометей алауы», Қажығали Мұханбетқалидың «Тар кезең», Жанат Ахмадидың «Айтұмар», Нұржан Қуантайұлының «Қараөзек», Бексұлтан Нұржекеұлының «Әй, дүние-айы» сынды тарихи романдарды көптеп тудырса, ғасырлар тоғысында Дидар Амантай, Айгүл Кемелбаева, Дәурен Қуат, Нұрғали Ораз, Талаптан Ахметжан, Думан Рамазан, Жүсіпбек Қорғасбек, Асқар Алтай шығармаларында жаңа дәуірдің кейіпкерлері бейнелене бастады. 
Менің байқауымша, тәуелсіздігіміздің алғашқы 20 жылдығындағы әдебиетте, проза мен поэзияда, драматургияда болсын өткенге қайта оралып отыру, тарих сабақтарын салмақтау, өзіміз жазбаған тарихтың ақтаңдақтарының орнын толтыру, қайта пайымдау жиі көрініс берген секілді. Шығармаларда қазіргі заман тақырыбын қозғағанына қарамастан, өткенмен парраллельдер жасап отыру орын алды.
Нарықтық қоғамға бейімделу барысында басынан түрлі қиындықты кешірген кейіпкердің сан алуан сезімдері, аңғалдығы, қорқынышы, қорлануы, азғындауы басты тақырып арқауына айналды. Айгүл Кемелбаеваның «Мұнарасы», Нұрғали Ораздың «Қайыршының жұлдызы», «Аяқталмаған ертегі», «Бақыт құсы», Талаптан Ахметжанның «Мұң», Жүсіпбек Қорғасбектің «Қала», Ерболат Әбікеннің «Министр», «Пәтер іздеп жүр едік» сияқты шығармалары тағысын-тағылар. Мұнан өзге мәңгілік тақырыптар – махаббат, сағыныш, өмір мен өлім де әдебиетімізден тыс қалған емес. Ауылдан қалаға қоныс аударғандар, пәтер жалдап қиналғандар, жемқорлық, әділетсіздік сынды қоғамның түрлі дертімен бетпе-бет келгендер де, тіл, дін, ата-баба дәстүрінен айырылып, құндылығы құлдырағандар да – осы кезеңнің кейіпкерлері. 
Қазіргі кезең әдебиетінің сипаты өзгере бастаған. Таңдалған тақырыптың, жанрдың, стильдің алуандығы аңғарылады. Заман өзгерген сайын, сол уақыттың көкейкесті мәселелері андағайлап көрінетіні бар. Тәуелсіздігіміздің алғашқы 10 жылдығында дінге бет бұру, иманның кілтін іздеу өріс алды. Кімнің қайда бара жатқанын ешкім бағамдай алған жоқ. Соның негізінде жазылған түрлі жанрдағы шығармаларда рухани баюдан, иманға шақырудан басқа ауаны бөтен шығармалар бола қоймады. Рухани азық іздеп, алдына ұсынғанын қомағайлана жұтқан халық кейбір арам пиғылды ұйымдардың қақпанына түскенін байқамай да қалды. Бұл тақырып бертінгі жылдардағы қаламгерлердің шығармаларына арқау болды. Елімізге жапа-тармағай еніп кеткен сансыз секталар мен діни ағымдардың адамдардың санасына кері әсері Жадыра Шамұратованың «Секундтар арасындағы шексіздік», Әлішер Рахаттың «Үздіксіз әуез», Елена Әбдіхалықованың «Қасірет» атты шығармаларында айқын көрініс тапқан. 
Дектектив жанрының дамуына ерекше үлесін қосып келе жатқан авторлар – Заря Жұманованың «Жұмадағы жұмбақ өлім» мен Жадыра Шамұратованың «Жұмбақ куәгер», Қадыр Ғұмаровтың «Қателесуге тыйым салынады», Асхат Өмірбаевтың «Қылмыскердің күлкісі», Зияш Телеуованың «Банкирдің өлімі», «Махаббаттың ажалы», «АБКА тобы ашқан қылмыс», «Құлаған үйдің құпиясы», «Тірі өлік», «Бет перде» сияқты шығармалары да ерекше есте қалды. Балалар әдебиеті тақырыбында өнімді еңбек етіп келе жатқан Ділдәр Мамырбаева, Заря Жұманова («Ғажа­йып орман», «Күләйша, Рокфеллер және басқалар», «Ақбота»), Жібек Зейнелова, Шразадин Каниязов («Кербез мүйіз»), Мейіржан Жылқыбай («Қырық бірінші өтіріктің соңы»), Кенжегүл Базархан сынды қаламгерлер де бар. Ерекше жазу стилімен көзге түскен Досхан Жылқыбайдың «Квант», Мерей Қосынның «Үшбұрышты тілек» сияқты кванттық теорияға негізделген деконструкциялық туындыларын, одан басқа Досхан Жылқыбайдың антиутопиялық тақырыптағы мәні киберпанкке жақын «Түс көре алатын робот» сынды фантастикалық шығармасын да қазіргі әдебиетке өзгеше леп әкелген туындылар деуге болады. Зерттеулер қатарында шетелден елге қоныс аударып келген қаламгер бауырларымыз әдебиетіміздің әлеуетін мықтап көтергенін айта кетуіміз керек. Осы кіл мықтының ішінен Ғалымбек Елубай сынды тамаша жазушы туралы айтпай кетуге болмайды. Ішкі шығармашылық қуаты мол жазушы Габриэль Гарсия Маркестің Макондосы секілді Серіліктауға сапар шектіретін де ондағы тылсым әлемге шым батыратын. Айтып отырған тақырыптарға, жанрлар мен түрлі тәжірибелерге қатысты мұнан өзге де авторлар жетерлік, қазір ойыма оралып отырғандарын ғана атап отырмын. Бір сұхбаттың аясында бәрін түгелдеп шығу мүмкін де емес шығар. 
Бізде экология тақырыбы, қоғамдық жауапкершілік, тазалық тақырыбы әдебиет­ке көптеп енсе деймін, әсіресе балалар мен жасөспірімдер әдебиетіне. Бұл – тек қана әдебиет өкілдері емес, барша қоғам, мемлекет болып қолға алатын мәселе. Ауыр экологиялық апаттың да, рухани апаттың да алдында тұрмыз. 
– Әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан 
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА
ПІКІРЛЕР1
Аноним 06.03.2024 | 18:45

Керемет сұхбат!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір