Тың деректерге дем берген еңбек
12.03.2025
129
0

(Көрнекті әдебиетші Арап Еспенбетовтің «Сұлтанмахмұт» ат­ты монографиясын оқығанда туған ойлар)

«Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып күн болам,
Қараңғылықтың кегіне,
Күн болмағанда кім болам», – деген от­ты жырларымен талай ұрпақтың санасына сілкініс берген дара дарын иесі Сұлтанмахмұт Торайғыров кезінде «Абайды оқы, таңырқан, басың шайқа!» десе, бүгінде қағидаға айналған осы сөзді өзіне арнаса да болады.

Ақын өмір сүрген ХХ ғасырдан бері ұлт руханиятында тұғырлы тақырып болып келген сұлтанмахмұт­тануға соңғы жылдары тағы бір соны еңбек сүбелі үлес болып қосылды. Ол – ұзақ жылдар бойы ақынның өмірі мен шығармашылығын зерт­теп, ғылыми ізденістер барысында тың деректерге дем берген Арап Еспенбетовтің «Сұлтанмахмұт» (Нұр-Сұлтан: «Фолиант», 2020. – 408 бет) ат­ты көлемді де, күрделі монографиялық еңбегі.
«Өмір өрнектері» және «Шығармашылық жемістері» ат­ты екі бөлімнен тұратын монография бірнеше тақырыпты қамтитын тараулардан тұрады. Біз бүгін ақынның көпшілікке таныс өмірбаяны емес, «Шығармашылық жемістеріне», яғни «Поэзия парасаты», «Шынарға ұмтылған шеберлік», «Ұлт­тық таным айнасы», «Сөз маржанын терелік», «Әдебиет­тегі Сұлтанмахмұт бейнесі», «Сұлтанмахмұт­тану: зерт­теулер мен ізденістер» т.б тараулардағы тың әдеби деректерге, зерт­теушінің бүгінгі әдебиет­танудың ғылыми қажет­тілігіне сай жаңа ой-пікірлеріне тоқталуды жөн санадық. «Поэзия парасаты» деген мақалада автор Сұлтанмахмұт­тың сусындаған айдыны ұлт­тың әдеби мұралары екенін, өзінің ойын өлеңмен өріп, өрелі ой айтқан ақынның: «…«Қобыланды», «Тарғын» жазған кәрі ақындар, Сөзінде, шындығында не мақұл бар? Жаратқан шеберлікке келгенінде, Олардың талантына кім жақындар?» – деп, оқымаса да ой мен сөзге жүйрік дала данагөйлерінің табиғат тарту еткен талантына тәнтілік танытқанына ерекше тоқталып, жан-жақты талдайды.
Төл әдебиетіміздегі сөз өнерінің өрнек­терімен төркіндес жатқан Сұлтанмахмұт поэзиясындағы өзіне тән һас нақыштарға да ерекше мән беріп, шешендік үлгідегі шебер берілген бейнелі сөздерді, адам жадында ұмытылмай қалып қоятын метафораларды зерт­теуші бейне бір зергерлік зердемен қарастырып, оған нақты көркем мәтіндерді мысал етеді. Әдеби, рухани кеңістіктегі мәселелерді қарастыру аялары әр тарау мен тараушаларда кешенді түрде күрделене түседі.
Азат­тықты, елінің әлемдік өркениет­тен ке­йін қалмауын, азамат­тық рухы мықты, дамыған ел болуын армандаған ақынның шығармашылығы бүгінгі еркін ойлы, әлемдік руханият­тан хабары бар ұлт­тық әдебиет­танудың әлеуеті мен ғылыми деңгейі тұрғысынан қайта қаралып, негізгі тұжырымдарын трансформациялауды мақсат тұтады. Сол ниет­тің нәтижесі осы еңбек болса керек. Ғалым бұрындары жазылған зерт­теулерді қайта жүйелеп, толықтырып, тың материалдар ендірген. Ол кешегі кеңестік кезеңдегі ғылыми ойларды басы бүтін сынау, терістеу сияқты біржақтылықтан ада. Ақынның зерт­теушілер арасында пікірталас тудырған тұңғыш туындысының тағдыры мен жазылған мезгілі жөніндегі тарихи мәлімет­терге кеңінен талдау жасай келіп, «Орнымыз медресе оқып жатқан», «Күншіл ақ кірпік», «Қ…ға сәлем», «Жан қайда әділет­ті іздейтұғын», «Бір адам көп жасады жер бетінде» деген өлеңдері 1908–1909 жылдары жазылғанын дәлелдейтін әдеби деректерді алға тартады (101-бет). Осы еңбекте шығармашылық тұлғалардың мұраларын зерт­теуде ең қиындық тудыратын сала – мәтінтану екеніне ерекше көңіл бөледі: «…С.Торайғыров шығармаларын текстологиялық тұрғыдан тексеруде кез­десетін қиыншылықтар көп-ақ. Солардың бастысы – ақын қолжазбаларының бізге жетпеуі. Бұл жағдайда текстологиялық зерт­теуді көзі тірісінде газет-журналдарда жарияланған дүниелеріне, сонымен бірге жазушының әр жылдарда жарық көрген жинақтарына сүйеніп жүргізуге тура келеді. Ақынның немере інісі Шаймерден Торайғыров ҚР ҒА-ның орталық ғылыми кітапханасының қолжазбалар қорына тапсырған 652, 653, 654, 655, 656 санды папкалардағы материал­дарға сын көзбен қарап, ұқыптылықпен пайдалансақ, көптеген жайт­тарға қаныға түсеріміз анық» (107-бет).
Көрнекті ғалым Арап Еспенбетов ақынның «Жарқынбай» деген өлеңінің осы кезге де­йін жинақтарда жарияланған нұсқасы мен Шаймерден қолжазбасын салыстырғанда, кейбір ауытқулардың барлығын дәлелдейді. Көптеген өзгерген сөздерден мысалдар келтіреді, соның салдарынан кейбір тармақтардағы буын саны кем болғаны көркемдікке кері әсерін тигізіп, ырғағы, ұйқасы жатық шықпаған өлеңді оқығанда тілдің кібіртіктетіп қалатынына тоқталады. Ақын поэзиясының поэтикасы жөнінде: «Торайғыров ақынға тән бір ерекшелік – лирикалық кейіпкердің көңіл күйін, сыр-сипатын романтикалық биік пафоспен, көтеріңкі леппен шалқи жырлау. Кейіпкердің ірілігі, яғни асқақтық, тазалық, пәктік, алға қойған мақсатына қалайда жетемін деу – Сұлтанмахмұт­тың дәуір талабы һәм заман деңге­йінен көрініп, халқына пайдалы азамат болу ниетімен сабақтас», – дейді (116-бет). «Шығамын тірі болсам адам болып, Жүрмеймін бұл жиһанда жаман болып, Жатқаным көрде тыныш жақсы емес пе? Жүргенше өмір сүріп надан болып…», – деген өлең жолдарындағы ішкі жойқын рухтың қуаты тек Сұлтанмахмұт сынды жаратылысы ерекше ақындарға тән қаламгерлік құдірет, кәсіби шеберлік, асқан білімдарлық сипатымен оқшау екенін танытады.
Талант­ты ақынның әрбір туындысын заманға қарай жаңаша түсіндіріп, талдаған ғалым өлең құрылысының ырғағы, буыны, ұйқасы жайлы ғылыми теориялық тұрғыдан тұжырымдар жасап, жеке-жеке мәселе ретінде қарастырады. «…Сұлтанмахмұт өлеңдерінің дені он бір буынды қара өлең және жеті-сегіз буынды жыр өлшемімен жазылғандықтан оның поэзиясында екі және үш бунақты тармақтар көп кез­деседі, ал бір яки көп бунақты тармақтар жоқтың қасы», – деп көркемдік-эстетикалық ізденістеріне ерекше көңіл бөледі (133-бет). Әдебиетші-ғалым өзінің ұзақ жылғы ізденістерін түйіндей келіп, Торайғыров өлеңдегі буындарды еркін өзгерткенімен, қазақ поэзиясына реформа жасауды мақсат тұтпағанын, оның поэзиясында түр қуалау­шылықтың да салқыны жоғын, тек өнер туындысына тән кәсіби білгірліктің, шығармашылық шеберліктің биік жетістігі мен еркіндігі барын айқындап, ғылыми тұжырым жасайды.
Ал «Сұлтанмахмұт­тану: зерт­теулер мен ізденістер» ат­ты тарауда ғасырға жуық тарихы бар сұлтанмахмұт­танудың әлі де ашылмаған қырлары, табылмаған мәтіндері, анықталмаған деректері жеткілікті екенін ескере келіп, кешегі кеңестік кезеңде зерт­телмеген ақтаңдақ бет­теріне, оның генезисіне тоқталып: «…Сұлтанмахмұт Торайғыров жөнінде алғаш айтылған пікірлер ХХ ғасырдың 20–30-жылдары баспасөзде көрінгенін айта кетпесек, тарихқа қиянат жасармыз. «Екеу» (Ж.Аймауытов пен М.Әуезов) бүркеншік есімімен жарияланған, сондай-ақ Б.Күлеев, Н.Ысмағұлов, Ж.Аймауытов, С.Мұқанов мақалалары сұлтанмахмұт­танудағы тырнақалды еңбектер санатында. Торайғыров туралы алғашқы пікірді «Абай» журналының 1918 жылғы 5-санында жарияланған «Абайдан соңғы ақындар» (авторы «Екеу» – Ж.А. мен М.Ә) мақаласынан кез­дестіреміз. Мақаланың құндылығы – сол дәуірдің эстетикалық өрісін аңғартуында, өнерге, нақтылай айтсақ, өлеңге қойылатын талап межесін белгілеуінде», – дейді (297-бет).
Арап Еспенбетов соңғы жылдары түрлі мұрағат­тардан табылып, ғылыми айналымға түскен тарихи фактілерді тізбелей келіп, «…Бұрын қолымызға түспеген деректі ұсынбақпын. Керекуден шыққан әйгілі сөз зергері Жүсіпбек Аймауытовтың «Жастар кім?» мақаласынан алдық: «Жастың жаты, жақыны, досы, дұшпаны жоқ; кім ақ болса, сол жолдас. Кім жауыз, соған қас. Қазақтың кір мінезі, «оңаша сөзі», «қол қыспасы» жаста жоқ, біздің жас – ақ жүрек, екпін бар. Ерлік бар: қиын-қыстау жерлерде басын байлап өлімге, оқ астына баратын жастар ғана болатын. Қайнаған қан, кіршіксіз жан, намыс-жігер жаста бар. Кешегі өткен Сұлтанмахмұт жас біткенге бас еді. Ақжүректік, әділдік, турашылдық, ерлікте Махмұт сынды жігіт­ті қай дұшпаны кемітер?! Жастың басшысы, пайғамбары – Сұлтанмахмұт. Оның адамшылығы кәміл. Жастар соның жолында. Міне, жас буын деп осындай жастарды айтамыз» («Еңбек туы», 1920, 25 декабрь) деген, бұрындары беймәлім болып келген тың мәтінді оқырманға ұсынады (299-бет).
Ғалым 1922 жылы Қазан қаласында С.Торайғыровтың «Адасқан өмір» жинағына алғы сөз жазған көрнекті ақын Бернияз Күлеевтің де Сұлтанмахмұт шығармашылығын алғаш зерт­теушілердің бірі екенін, талант талант­ты алыстан танитынын танытып, қазақ әдебиетіне келген жаратылысы бөлек ақынның ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы жөніндегі парасат­ты пікірлеріне бүгінгі ұрпақтың көзқарасымен баға береді.
Сұлтанмахмұт­танушы ретінде ақын шығармаларын басып шығаруда белгілі бір принцип, хронология сақталмай жүргенін, шығармашылық тұлғаның сөз өнерінің иесі ретінде қалыптасу жолын ескермей, зерт­теп, жүйелемей бұл мәселенің шешімін табу қиын екенін ескертеді. Сол бағыт­та бірнеше дәйекті деректерді келтіріп тұщымды ойлар айтады.
Зерт­теуші сұлтанмахмұт­танудың іргесін қалап, көшбасшысы болған ақынның рухани іздеушісі, көрнекті суреткер Жүсіпбек Аймауытовтың еңбектеріне көп тоқталады. «Сұлтанмахмұт Торайғырұлының сөздерін жинау науқанына атсалысыңыздар» деген хатпен қатар «Торайғырұлының жиналған сөздері» ат­ты ашық хат жазып, үндеу тастауы да Ж.Аймауытовтың сұлтанмахмұт­тану саласының алғашқы өкілі екенінің айғағы болса керек. Осы рет­те А.Еспенбетов: «…«Ашық хат» газет­те жарияланып, оған қоса көптеген Сұлтанмахмұт­ты білетін адамдармен хабарласып, реті келгенде жолығып, әңгімелесудің нәтижесінде, қыруар материалдар жинақтаған Жүсіпбектің еңбегінің жемісі – «Қазақ әдебиетінің классиктері» сериясымен жеке кітап ретінде жарық көрген «Сұлтанмахмұт Торайғырұлының толық шығармалар жинағы». Кітап 1933 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақ­стан» баспасында жарық көрді.
«Сұлтанмахмұт Торайғырұлы» ат­ты көлемді зерт­теу мақаласында Ж.Аймауытов алдындағы ашық хат арқылы жинаған ақынның мол мұрасына, оның өзінің өмір-шежіресіне, шығармаларына тоқталып, жан-жақты ғылыми талдау жасайды. «Әдебиет мұралары» ат­ты мақаласында да автор С.Торайғыров, Мәшһүр Жүсіп, т.б секілді сөз өнері өкілдерінің ел ішінде жиналмай жатқан әдеби мұраларын жинау жөнінде оқу комиссариатының атына төрт бірдей нақты ұсыныс жасай отырып, оны жинап, бастырудың жолдарын көрсетеді. Осы рет­те зерт­теуші Арап Еспенбетов: «…С.Торайғыровтың ғылыми, творчестволық өмірбаяны күні бүгінге де­йін жазылмағанын ескертер болсақ, оның үстіне жазушы өмірбаянының түрлі кезеңдерін әйгілейтін документ­тер, эпистолярлық мұраның мүлде жоқ екенін есепке алсақ, Аймауытов мақаласының мән-маңызы арта түспек. Басқаша айтсақ, «Ашық хат­та» С.Торайғыров өмірбаянының алғашқы контуры, ғылыми ізі бар. Сондығымен де құнды», – дейді (307-бет).
Ал «Түйін» деген соңғы сөзінде зерт­теуші А.Еспенбетов мынадай қорытынды жасайды: «…Сұлтанмахмұт – барша қазақтың бақыты мен бағына туған, ырысы мен дәулетіне айналған біртуар суреткер. Қазақ өлеңінің мерейі, қазақ әдебиетінің шынар шыңдарының біріне айналған Торайғыровтың өмір жолын қайта-қайта қайырыла қарап, көзауламыздан шығармай мұқият зерделеуді мақсатымызға айналдырған едік. Қолжазбасының сақталмауы, асыл мұрасының мұрагер-ұрпақтың қолына жетпеуі, күнделіктерінің, хат­тарының іс-түссіз кетуі көптеген қиындықтар туғызды…
Соңғы жылдары архив қойнауынан табылған, сондай-ақ ғалымдар, жазушылар, журналистер еңбектеріндегі Сұлтанмахмұт­тың өмір жолына жарық түсіретін деректердің баршасын зерделеп, саралағаннан соң еңбегімізден орын бердік. Ақын өскен орта, қысқа өмір сапарында аяқ басқан жерлер, қарым-қатынаста болған тұлғалар хақында уақыт табы солғын тартқызған сарғайған сурет­тер мен материалдарды да қалдырмауға тырыстық. Бір сөзбен айтқанда, ақын ғылыми өмірбаянының, әзірше соңғы нұсқасын жазуға жетіскен жайымыз бар» (394-395-бб).
Бұл еңбектің тағы бір құндылығы – «Сұлтанмахмұт Торайғыров өмірі мен шығармашылығының басты кезеңдері» деген тақырыппен бүкіл ғұмырындағы қажет­ті кезеңдерді, ондағы тарихи, әдеби деректерді жаңа фактілермен толықтырып, бір ізге түсіріп, жүйелеп беруі және ақын кітаптары жөнінде жаңадан «Қысқаша библиография» түзуі, «Ол туралы зерт­теулер» тізімін де тың деректермен толықтырып, жариялауы дер едік.

Г.ПІРӘЛІ,
М.Әуезов атындағы Әдебиет
және өнер институты
«Әуезов үйі» ҒМО-ның бас
ғылыми қызметкері, ф.ғ.д.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір