Рита СҰЛТАНҒАЛИЕВА, әдебиеттанушы. СҰЛТАНӘЛІ БАЛҒАБАЕВТЫҢ ДРАМАТУРГИЯСЫНДАҒЫ ЖАҢАШЫЛ ІЗДЕНІСТЕР
26.05.2026
48
0

Драматургия – (грек. dramaturgia) қандай да бір халықтың немесе жазушының белгілі бір дәуір мен кезеңдегі драмалық шығармаларының жиынтығы. Драматургиялық шығармалардың алғашқы үлгілері Ежелгі Грекияда діни дәстүрлерден (Дионис құдайға табынудан) басталған. Олардың сюжетінің негізін құдайлар мен мифтік кейіпкерлер құрады.

«Қазақ сөз өнерінде драма ХХ ғасырдың басында қалыптасты. Қазақ топырағында драматургияны дамытқандар қатарында Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Жұмат Шанин пьесалары ұлттық классикалық дәстүр жолын қалыптастырды және т.б. кейінгі толқын драматург-қаламгерлер шығармашылығы арқылы жалғасты», – деп әдебиетші ғалым Т.Тебегенов қазақ драматургиясының даму тарихы туралы мақаласында айтып өткен. Қазіргі таңда қазақ драматургиясында өзіндік ерекшелігімен танымал болған ірі тұлғалардың бірі – Сұлтанәлі Балғабаев. Оның «Қыз жиырмаға толғанда», «Ең әдемі келіншек», «Біз де ғашық болғанбыз», «Қазақша күрес», «Ғашықсыз ғасыр», «Тойдан қайтқан қазақтар», «Әйелдер әлемі», «Сағыныш пен елес» пьесалары еліміздің барлық театрлары мен Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан театрларында қойылып жүр. Драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың 2 актілі, 4 суретті «Біз де ғашық болғанбыз» драмасы қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің жауабы боларлықтай. Пьесаның сюжеттік-композициялық желісінде заманымыздың ең өзекті мәселесі – отбасы бірлігінің сақталуы нысанға алынған. Ер мен әйел арасындағы қайшылықтар, тұрмыстық-әлеуметтік жағдай сөз болады. Драманың негізгі идеясы: адамның шынайы махаббаты. Отбасылық одақ екі жанның бір-бірінің адамшылық қасиеттерін қастерлеуге негізделуге тиіс екенін дәріптейді. Оқиға күтпеген кездесу не тағдырдың тосын сыйынан басталып, Дәукен, Сарман, Айжан арасында өрбиді. Пьесаның екінші көрінісіндегі тартыс қолма-қол шешім шығаруға итермелегенмен, Дәукеннің: «Ау, кім-ей мынау бажылдап жатқан? Бетіне жан келтірмейтін… жел жағынан адам жүргізбейтін бір сылқым бар еді, сол сіз бе? Ау, сізге не болған? Бізден құтылсаңыз, көзіңіз ашылатындай… бағыңыз жанатындай… жеті шекпен киіп жетісіп қалатындай… бізден мың есе артық тамаша бай тауып алатындай боп едіңіз… дүниедегі еркек біткеннің бәрі данышпан… бәрі керемет… жалғыз оңбаған бар екен ғой… бұрыңғы байдан соңғы бай сорақы болады екен ғой… ақымақ!» – деген сөзінен аңғаруға болатын әрекеттері арқылы нағыз пендешілік пен адамгершіліктің тартысқа түскен сәті екенін көрсетеді. Философиялық иірімдерге, ойлы оралымдарға бай, ірі тартыстар мен шамырқанған шарпысуларға толы драма осындай мегзеулерге жетелейді. Адам, қоғам, халық өміріндегі әйелдің, ананың рөлін Зияданың бейнесі арқылы көрсетеді. Тағдырдың тәлкегіне ұшыраған Дәукен мен Зияда және бейкүнә сәбидің өмірінде өз үлестерінің жоққа шығуы немесе кішкене қыздары Күнсұлудың ендігі мүгедектік өмірі, аналық ой-арманы мен мақсатының орындалмауы қоғамның, заманның келеңсіз жағдайларына әкеліп тірейді. Азаптан бойы арылмаған Зияданың бейнесі арқылы қазіргі қазақ қыздарынан шыққан аналармен қатар Сарман сияқты-қайырымсыз әкелер тағдыры бейнеленеді. Сырт қарағанда төрт құбыласы түгел жандар секілді, «басында – үйі, бауырында – қазаны, алдында – малы, аясында – отбасы бар, жұмыр басты пенде осыдан өзге не тілейді» деп ойлайсың. Дегенмен сырт көзге ғана осылай көрінгенмен, өз басына жетерлік отбасылық жағдайы, өткен өміріндегі келеңсіз жайттардың елесі немесе қазіргі тағдырындағы тап болған мәселелері оны адам төзгісіз күйге түсіреді. Міне, дәл осы жағдайды пьесадағы бас кейіпкер Дәукеннің өмірінен де көруге болады. Қоғамымызда қаншама жастар драматург кейіпкерлеріндегідей күйге түсіп, жас өміріне балта шапты. Зияда секілді қаншама қаракөздеріміз өмірден опық жеді. Бұл пьеса арқылы С.Балғабаев қазіргі қоғамдағы отбасы тәрбиесін, олардың іс-әрекетін шынайы суреттеген.


Қазақ драматургиясынан ерекше орын алатын «Сағыныш пен елес» («Мен сізді түсімде көрдім») екі бөлімді лирикалық пьесасы арқылы драматург елес арқылы көрерменге ой салады. Сұлтанәлі Балғабаев осы пьесасын 2007 жылы қазан айында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бо­йынша жазған. Белгiлi ғалым, профессор Хайретдин, бұрынғы партия қызметкерi Абдулхамит, мектеп директоры Анардың тұрмыстары бiрқалыпты өрбіп, әрқайсы өмiрге разы кейiппен ғұмыр кешiп жатқан кезде аяқ астынан отбасыларының шырқы бұзылады. Ауылдан келген Арайлымның ғалымның үйiне телефон шалуы, телефон тұтқасын көтерген Арманның Арайлымды ұнатып қалуы, қалыңдығын отбасына, отбасының достарына алып келiп таныстыруы оқиғаны шиеленістіре бастайды. Сол күннен бастап өткеннiң де елесi қайтадан өмірлеріне кірігеді. Өздерiнен өздерi жасырған, еске түсiргiсi келмейтiн, баяғыда ұмыт болған оқиға көз алдарында қайтадан жанданады. Әрі кеткенде алты адамның арасында (Хайретдин, Абдулхамит, Анар, Елес, Арман, Арайлым) өтетiн оқиғада ең басты кейіпкер – Елес. Тек өткенге өкiну, бармақ тiстеу, жан ауыртпалығы, қатыгездiк, қоғамның тоғышарлығы ғана бар. Бәрiне қоғам кiнәлi шығар, бiрақ басты кiнә адамзат баласында екенi айқын. Онда қызметiнен қуылып кетуден қорыққан мектеп директоры, партияның қатаң ұстанымы, сүйгенiн арашалап алып қала алмаған ғалым болмысы жан-жақты ашылады. Қоғамның озбырлығына, қия­натшылдығына қарамастан, қыз өз ұрпағын аман сақтап қалады. Балалар үйiнде өскен баланың келешек тағдырынан хабар беретiн кейiпкер – Арайлым ғана. Одан әрі қарай оқиға Елес пен Арайлым арқылы тiзбектеле бередi. Ең бастысы, пьесада автор адам баласының ұрпақ алдындағы жауапкершiлiгiн сезiндiрiп қана қоймай, қиянаттың да түбi қайта өзiңе оралатынын, яғни атаңа не істесең, алдыңа сол келетінін де көрсетеді. Қай заманда болса да адамзат баласы жақсылықтан аттап, имандылықтан безіп, кесірлікке ұшырағанда, «көп асқанға – бір тосқан» дегендей, тылсым күш иелері мен рух тәубесіне келтіреді деген сенімге арқа сүйеген драматургтың «Сағыныш пен елес» пьесасында да осы жайттар орын алған.
Сұлтанәлі Балғабаевтың өмір шындығының сан салалы мәселелері сөз болатын туындыларының бірі – «Ғашықсыз ғасыр» пьесасы. Бұл пьесаның негізгі идея­сы – мәңгілік махаббат жырын насихаттау арқылы жас ұрпақ санасына отбасының берік тірегі, алтын қазығы адалдық пен пәктік, шынайылық пен түсіністік, сезім мен сенім екенін ұғындыру. Драматург осы пьесасы арқылы шын махаббаттың күші тау қопарып, тас жарып, қиындықтардың бәрін жеңетінін, махаббаттан асқан ұлы сезім жоқ екенін түсіндіру. Жалындаған жастық шақтың бір белгісіндей болған балауса махаббаттың жарқын естеліктерінің жұбайлар санасында жатталып, мәңгілік махаббат жырына айналуы, Қайырбайдың серілік дәуренінің әшкере болып, жар алдындағы опасыздығы себепті шаңырақтың шайқалып, отбасының ойрандалуы драманың дамуына себеп болады. Жас тоқалдың қыз баланы дүниеге әкелгеніне налыған Қайырбайдың біржола ішкілікке салынып кетуін, ауруханадан оралған Фаридаға Русланның үйленуге ұсыныс жасауын, Қайырбайдың өз қатесін түсініп, жас тоқал Нәзікештің сәбиін Фаридаға тастап, жаңа өмір іздеуге аттануын драматург шебер суреттеген. Пьеса турасында режисер Оңталап Нұрмаханов: «…пьеса бүгінгі және мәңгілік өмірдің тақырыбын қозғайды. Аста-төк дәулет, шаңырақ тыныштығының бұзылуы, өмірден адасқан жандардың қасіреті, міне, осылар жұртты ойға батырып, жақсы мен жаманды, өз бақытын бағамдай алмаушылықты алға тартады», – деп пікірін білдіреді. Расында да, бұл пьесада әншейінде күйкі тірлікпен жүріп мән бермейтін, күнделікті өмірде кездеспей тұрмайтын жайттар көрерменнің жүрегін қозғайды, ой салады және қазіргі заманның шынайы бейнесін ашады.
Сұлтанәлі Балғабаевтың 1998 жылы М.Әуезов атындағы академиялық Ұлттық театрында қойылған «Тойдан қайтқан қазақтар» атты екі бөлімді, тоғыз көріністі комедиясы – қазіргі уақыт талабына сай, заманына қарай амалын табар пенделерді, ел өмірін, бүгінгі қоғам мәселесін бейнелеген комедиялық туынды. Бұл пьесадағы бір ерекшелік, оқиға желісі «Қазақстан» пойызында өрбиді. Автор бұл пьесасының арнасын адам бойындағы жағымпаздықты астарлап жеткізуге бұрған. «Тойдан қайтқан қазақтар» комедиясында барлық қатысушылар қазіргі кезеңдегі адамдардың іс-әрекеттері, мінез-құлық дағдылары жинақталған жиынтық образбен көрсете білген. Пьеса тойдан қайтқан қазақтардың перронға келуінен бастау алады. Автор бірінші көріністегі: «Жасасын жақсы ағалар! Асыл ағалар жасасын! Жасасын қамқор ағалар, бастық ағалар жасасын!» деген тұсынан немесе үшінші көріністегі Қошқарбайдың: «Жасасын Мэлис Әлібаевич! Мэлис Әлібаевич жасасын! Жасасын асыл ағаларымыз! Ұлы ағаларымыз жасасын!» деген сөзінен жағымпаздықтың, екіжүзділіктің, көзге көлгірсіп, бетке жылтыраудың, аяқ-қолын жерге тигізбей мақтау мен жазылып жастық, иіліп төсек болудың үлгісін көрсетсе, екінші көріністегі билетсіз жолаушының: «Қарағым-ау, оқудағы балама барып… қазіргі кезде бала оқыту деген… Бұрын тек оқуға түсерде ғана беретін едік… енді ай сайын… сессия сайын… Біресе ақша сұрайды… Біресе соғым сұрайды… Тіпті күріш, консерві сұрайтындары да бар», – деген сөзінен қазіргі замандағы парақорлықтың белең алып бара жатқанын да әсерлі етіп суреттеген. Драматург пьесадағы әрекеттерді заман талабына сай өрбітеді. Композициялық құрылысы жағынан драманың дамуы пойыздың бастығы мен жолсерік келіншектің Мэлис Әлібаевичке арақ беріп, мас қылатын кезіне сәйкес келеді. «Тойдан қайтқан қазақтар» пьесасы арқылы Сұлтанәлі Балғабаев қоғамда, үкімет органдарында екіжүзді, жағымпаз адамдардың пайда болу барысын, қоғамдық халыққа қызмет көрсету орындарында парақорлықтың көбейіп келе жатқанын, халық арасында әлі күнге дейін рушылдықтың қалдықтары бар екенін қозғаған.
Сұлтанәлі Балғабаевтың қаламынан туған, жоғарыда талдап отырған «Біз де ғашық болғанбыз», «Ғашықсыз ғасыр», «Тойдан қайтқан қазақтар», «Сағыныш пен елес» атты пьесалары – өз оқырмамдары мен көреремендерінің шынайы ықыласына бөленген туындылар. Аталған пьесалар республикалық, облыстық драма театрларда көптен бері сахналанып келеді. Оның қаламынан туған пьесалардың тақырыптық, жанрлық ауқымы сан қилы. Трагедия, драма, комедия болсын, қай жанрда да дөп басып жазатын қаламгер – қоғам, өмір, орта ұсынған мәселелерді сахна төріне асқан талғампаздықпен алып шығып, өзінің жеке-дара жазу стилін қалыптастырған суреткер, драматург. Бұл пьесаларды көру арқылы оқырман өз заманының құбылыстарын, пендешілікке салынған адамдар бейнесін және әр пенденің жан дүниесінен кездесетін жақсылы-жаманды мінездерді көре алады. Драматург өз шығармаларын қазақ театрының (кей жағдайда нақты режиссер мен актерлердің) мүмкіндігіне лайықтап жазады.
Сұлтанәлі Балғабаев: «Біз соңғы кезде «елімізде мемлекеттік идеология болу керек» деген мәселені көтеріп жүрміз. Мемлекеттік идеология теңіздің арғы бетінде жатқан Америкада да бар. Ал идеологияны қалыптастыратын мәдениет пен әдебиет екенін ұмытпағанымыз абзал. Мемлекеттік идеологияны қалыптастыруды қолдамайтындар – ұлттың бірлігін ойламайтындар», – деген болатын. Ал өз шығармаларында әдебиет пен мәдениетті ұштастыра білген, өмірдегі сан алуан құбылысты танытуда да әдебиетті байыта отырып, мәдениетті биік шыңға көтеріп жүрген драматургтың шеберлік қырлары барлық пьесасынан анық байқалады. Драматург пьесаларының қай-қайсысын алсақ та, оның әрқайсысынан біз заманға лайық кейіпкерлердің шынайы бет-бейнесін танимыз. Өйткені драматург жазған пьесалардың бәрі сахнаға лайықталып жазылғандықтан, режиссердің қатаң өзгертуіне ұшырамастан сахналанып жүр. Сұлтанәлі Балғабаевтың барлық драмасынан, мейлі ол 80-90 жылдардағы жазылған пьеса болсын, тіпті тәуелсіздік алғаннан кейінгі бүгінгі қоғамда жазылған туындылары болсын, одан әрдайым заманның бейнесі сезіліп тұрады. Драматургтің өзіндік ерекшелігі деп те осы қырын айтуға болады. Еліміз егемендік алған жылдан бері театр репертуарындағы тарихи қойылымдар, драма, трагедия, комедия жанры ерекше дамып келеді. Сол жеткен жетістіктердің арасында Сұлтанәлі Балғабаевтың алар орны зор.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір