Айнұр АХМЕТОВА, әдебиеттанушы, PhD: Мемлекетті алға жылжытуда ғылыми нәтижеге сүйенудің маңызы зор
10.08.2024
57
0

Қазақ тілінің әр саладағы қолданыс аясын кеңейту үшін көптеген іргелі жұмыстар атқарылуда. Бұл тұрғыда тілдің ғылыми көкжиегін кеңейтудің де мәні айрықша. Әдебиеттану саласымен қатар тіл ғылымына да ерекше ден қойып жүрген PhD Айнұр Ахметовадан осы бағыттың беталысы жайлы сұрадық.

– Еліміздегі тіл ғылымының ахуалы туралы не айтар едіңіз?
– Бұл өте күрделі және тіл білімі саласындағы ауқымды ғылыми зерттеулермен айналысатын ғалымдарға бағытталған сұрақ болса да, әдебиеттану саласындағы қазақтілді зерттеуші және жоғары оқу орнында филология, әдебиеттану мамандықтары бойынша еліміздің көрнекті тілтанушыларынан дәріс алған әрі отандық лингвистика саласының дамуына маңызды үлес қосқан Ахмет Байтұрсынұлынан бастап, Құдайберген Жұбанов, Рабиға Сыздық, Әлімхан Жүнісбек, Ахмеди Ысқақов, т.б. тілтанушылардың еңбектері арқылы академиялық білім алған түлек ретінде жауап беруге ұмтылайын. Кейде сырттан байқайтын көзқарастар мен пікірлер тілтану саласын ілгерілетуге септесуі әбден мүмкін.
Қазіргі уақытта тіл білімінің фундаментал/іргелі бағытындағы ауқымды зерттеулер нәтижесіне қарағанда қолданбалы саладағы жетістіктер қоғамда бірден көзге түседі. Елімізде бұл салада іргелі зерттеулер кешені әлдеқашан қалыптасып үлгергенін айтуға болады. Бұған Кеңес кезеңінен бастап отандық тілтану саласының негізін қалыптастырған, кейін ең өзекті деген тақырыптар бойынша шәкірттерін зерттеуге бағыттап, жанашыр, сауатты, зерделі зерттеуші болуға дайындаған еліміздің көрнекті ғалымдары елеулі үлес қосты. Отандық тілтану саласында ауқымды ғылыми мектептер өмір сүрді, яғни Қазақстандағы тілтанушылардың бұл салада жетістіктері мол екенін айтуға болады. Мұның барлығы бакалавриат пен магистратурада білім алған жылдары өзіме айқын байқалған болатын. Ал кейін докторантурадан бастап әдебиеттану бағытындағы зерттеулерге толықтай мойын бұрғаныммен, отандық тілтану саласындағы зерттеулерді көзден тасада қалдырмауға тырысамын.
Еліміздегі мемлекеттік тіл қолданысын арттыруға бағытталған игі қадамдар көбімізге жақсы таныс деп ойлаймын. Соңғы жылдардағы жетістіктің бірі – ауқымды Oxford Qazaq Dictionary деп аталатын қазақша-ағылшынша және ағылшынша-қазақша сөздіктің жарық көруі – қазақ тілінің күнделікті өмір мен әртүрлі саладағы ауызша және жазбаша қолданысын елімізде де, шетелде де арттыруға септесетінін айтуға болады. Біз қазақ тілінің сөйленіс аясын ауызша да, жазбаша да, әсіресе ғылыми кеңістіктегі әлеуетін арттырсақ, бұл сөздік те болашақта Oxford English Dictionary, Cambridge Dictionary, т.б. сынды басым қолданыста болады деп үміттенеміз. Сөздік отандық ғалымдардың саралауынан өткендіктен, қазақ ғылымының бір жетістігі саналады.
Қазіргі уақытта денеміз шынайы әлемде болғанымен, санамыз виртуалды кеңістікте өмір сүреді. Ой-санамыз цифрлы әлемге берік байланғандықтан, тіл арқылы келетін, тұтынатын азығымызды реттеуіміз қажет. Біздің санаулы мамандар бұл мәселені жақсы түсінеді. Елімізде қазақ тілін зерттеумен айналысатын мекемелер IT мамандармен бірге қазақ тілінің цифрлы кеңістіктегі қолданыс аясын арттыру мәселесін талқылаған ауқымды шаралар өткізгенінен хабардармыз. «Тіл-қазына» орталығы директорының сұхбатында қазақ тілінің әлеуетін арттыруға байланысты он шақты жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғаны да айтылыпты. Егер бұл жақсы нәтиже көрсетсе және біз де қоғам болып қазақша сөйлеуге, дұрыс жазуға талпынсақ, ана тіліміздің көкжиегі кеңейе түсері анық.
Тағы біршама арнайы жобалар аясында қазіргі уақытта қазақ тілін сауатты цифрландыруға, ғылыми әлеуетін арттыруға баса назар аударылғаны байқалады. Бұдан тыс, мемлекеттік ғылыми жобалар нәтижесінде жарық көріп жатқан тілтану саласындағы зерттеулер болашағымыз үшін ғылыми мұра ретінде жинала береді.

– Осы саладағы өзіңіз атаған нәтижелі істерден кейін тағы қандай жетістіктерді атауға болады?
– Кеңейте айтар болсақ, еліміздегі басты ғылыми мекеме – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты соңғы жылдары көптеген іргелі жобаларды жүзеге асырғанын байқап отырмыз. Институттың елеулі жетістіктерін сайтынан да көруге болады. Институт іске асырған «Қазақ тілінің ұлттық корпусы» атты ауқымды жоба жиі ауызға алынады. Сынап көру үшін өзім осы qazcorpus.kz жүйесі бойынша бірнеше сөзді іздеп тауып, оған қатысты тілдік ақпараттар алдым. Мысалы, Айнұр деген есім кездесетін мәтіндердегі бұл сөзге қоса, сөйлем құрауға қатысқан басқа да сөздердің тілдік деңгейіне қатысты мәліметтер ұсынды. Отандастарымыз үшін де, қазақ тіліне қызығушылық танытқан шетелдіктер үшін де тиімді жоба екені белгілі. Нақтылап айтқанда, аталған сайт белгілі бір сөз туралы тілдік ақпарат ұсынады. «Қазақ тілінің ұлттық корпусы» Қазақ тілінің электронды мәтіндік қоры (qazcorpus.kz) жобасының негізін қалаған филология ғылымдарының докторы Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов екені корпус сайтында көрсетілген. Бұл отандық тілтанушылардың идеялары бүгінгі цифрлы өркениеттегі қоғам сұранысын – қазақ қоғамының сұранысын өтеп жатқанын көрсетпей ме?.. Мемлекеттік қолдаумен жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалардың елеулі нәтижесі болуы тиіс. Қай қырынан алып қарағанда да еліміздегі тілді зерттеумен және қолданыс аясын – прагматикалық жағын күшейтумен айналысатын (IT) мамандар мен ғалымдар қазіргі заманғы әлемдік жаңалықтардан артта қалмағанын байқап отырмыз.
Өз тәжірибемнен келесі бір мәселені қамтып өткім келеді: қазақ тілін ғылыми кеңістікте әлеуеттендіру тәжірибесі қазақ тілінде мәтін жазатын және сөйлейтін ғалымдар арқылы іске асатыны түсінікті. Қазақ тіліндегі ғылыми дискурсты кәсібилендіру мен жаңарту тәжірибесі шет тіліндегі ең маңызды деген ғылыми өнімдердің теориялық және әдіснамалық жүйесіне де сүйенетін болсақ, сапалы зерттеулер жасалар еді. Ағылшынша, орысша, испанша, жапонша әлде түрікше оқып, қазақша жазу, меніңше, ғылыми кеңістікті сапалы қазақшаландыруға септесетіндей көрінеді. Бірақ бұл пікірім қазақша оқымау керек дегенді білдірмейді. Әдеби зерттеулер саласындағы жақсы жазылған қазақ тіліндегі жұмыстар әрқашан назарда, бола да береді.

– Иә, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында жасалып жатқан жұмыстар баршылық. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, бұл процесті ілгерілету үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге атсалысып жатқан мамандар әлеуметтік желіде де, сайттарда да – қазақ тіліндегі мәтін өмір сүретін кеңістікте қазақша сауатты жазуды және құрылғыларды қазақ тілінде қолдануға кеңес берген. Бұл әлемдік тәжірибеден алынған үлгі болуы керек. Біз мамандар кеңесіне құлақ түріп, бәріміз әлеуеті жоғары және сауатты мәтін жазуға ұмтылуымыз қажет.
Сауалды «…әлемдік тәжірибеге сүйене отырып…» деп бастаған екенсіз, әлемдік тәжірибенің ғылымдағы үлгі алатын екі жағы – ғылыми мектептер тәжірибесін қайта жандандыру мен академиялық байланысты арттыру. Бұл тілтану емес, басқа да қоғамдық және гуманитарлық салаларға қатысты. Бұрын бұл тәжірибе бізде жақсы дамыған (еді). 2006-2010 жылдары тілтану саласы бойынша студенттерге ғылыми мектептердің бір буыны дәріс берді. Олар ғалымдардың ғылыми қағидаларын және ғылыми көпшілік қабылдаған пайымдарды, ғылыми мұраны тікелей жеткізді. Бұл мектеп қазір де өмір сүріп жатыр деп ойлаймын, дегенмен, әліпби ауыстыру туралы бастама көтерілгенде ғылыми көпшіліктің ортақ тоқтамға келуі қиын болғанын байқадық. Әрине, ғылыми даму болған жерде қайшылық қоса жүреді, десе де, әліпби мәселесіне келгенде әртүрлі факторларды есте сақтай отырып, белгілі бір ортақ қағиданы ұстануға тура келеді.
Біз әрқашан қандай да бір іске кіріссек: ғылым болсын, аударма болсын – өз ұлтымызға пайдалы жағын баса ескеруге тиіспіз. Мемлекеттік ғылыми грантқа өтінім беретін әрбір отандық ғалым, студентке, магистрантқа, докторантқа зерттеу тақырыбын ұсынатын университет оқытушысы – зерттеудің соңғы нәтижесі қандай боларын, не пайда келтіретінін ескеруі қажет. Қазіргі уақытта интернеттегі деректерді оқып шығып, соның ізімен маңызсыз мәтін тудырудан асқан оңай іс жоқ. Ал бізге бұл қажет пе? Мемлекетімізді алға жылжытуда әрқашан ғылыми нәтижеге сүйенуіміз керегін жадымыздан шығармайық. Сонда қоғамның ой-санасы да ғылымилана түседі.
Әлемдік тәжірибенің екі үлгісіне қайта оралатын болсақ, біріншісі, белгілі бір ауқымды тақырып аясында шағын ғылыми ұжым болып жұмыс істеу өте маңызды. Бір ауқымды тақырыптың бір күрделі мәселесін зерттеп, одан кейін келесісіне кіріссек… Ретімен осылай жүзеге асар болса, жақсы нәтижелерге жететініміз сөзсіз. Бұл тәжірибе «баяғыдан белгілі ғой» деуі мүмкін бір оқырман, бірақ қазіргі уақытта әртүрлі өзгерістер өмірімізге араласқаннан кейін осы дәстүрді әлсіретіп алған сияқтымыз немесе маңызсыз санаймыз. Ал мұны жандандыратын – шағын, қарапайым ғылыми басқосулар: кітап талқылау, идея талқылау, жақсы зерттеулерді тасада қалдырмай, қолдау білдіру, маңызды зерттеу жарық көрсе, бас қосып пікір алысу, т.б. Мұны әрбір ғылыми мектеп өзі жүзеге асыруына болады. Мұндай «қарапайым жиындар» маңызын лауазымды тұлғалардың қатысуымен немесе қатысушылардың көптігімен өлшеудің қажеті жоқ. Мұны «500 ғалым» бағдарламасымен шетелдік тәжірибеге куә болған зерттеуші пікірі деп қабылдасаңыз да болады.
– Көп рақмет!

Әңгімелескен
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір