ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚАСІРЕТІ
27.06.2022
530
0

15 маусым күні Қазақстан Жазушылар одағының конференция залында Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның, ақын-жазушылар мен ғалымдардың біріккен жиыны өтті.

Жиында комиссия мүшелері академик Мәмбет Қойгелді, Тарих ғылымы институты директорының орынбасары Шәмек Тілеубаев, жазушы Бейбіт Қойшыбай және қоғам қайраткері, жазушы Марат Тоқашбай, жазушы Әшірбек Көпіш, белгілі журналист Бақтыбай Айнабеков, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ақын Бауыржан Жақып, публицист-жазушы Көлбай Адырбекұлы сөз сөйледі.
Академик Мәмбет Қойгелді қуғын-сүргінге байланысты архивтік мате­риал­дардың өте көптігін, өзінің отыз ­жылдан астам уақыт осы мәселемен түбегейлі айналысып келе жатқанын тілге тиек етті. Айтуынша, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттік архивтерінде де жұмыс істепті. «Бізде оларға қарағанда архивке кең жол ашылған. ҰҚК, Прокуратура, Ішкі істер министрлігі архивтеріндегі «Құпия» деген таңбалы құжаттармен танысуға мүмкіндік бар», – деді ғалым архивтік құжаттарды саралай келе. Шәмек Баянұлы да ашаршылыққа, Алаш қозғалысына байланысты комиссия құрамындағы азаматтар бар мүмкіндіктерін салып жұмыс істеп жатқанын айтты. «Кешегілерді ақтау жұмыстарының ауқымы ондаған жылдарға ұласады. Сондықтан мемлекеттік комиссия жұмысын әуелгідей белгіленген үш жылға жеткізбей, осы жылдың аяғында тездетіп бітіруге асықпағандары жөн болар еді», – деді ол.
Міне, осындай ойларды Бейбіт Қойшыбай мен Ғарифолла Әнес те, көп жылдан бері Желтоқсан көтерілісіне байланысты ізденіп, архивтік материалдарға сүйеніп «Казахское дело» деген атпен бес том кітап жазған Көлбай Адырбекұлы да сөз етіп, шынайы жанашырлықпен ой өрбітті. Әзірге комиссия жұмысындағы жинақталған материалдарға сүйенсек, үздіксіз жалғасқан қуғын-сүргін, босқындық, бандылық құрылымдар және басқа да заңсыз қудалау­ларға байланысты үш миллионнан астам тұлғалық ақтауды қажет ететін шешімнің дерек-дәйегі нақтыланыпты. Міне, сол үшін де бастаған істі үш жылға жеткізбей, жартыкеш күйінде асығыс түйіндей салудың жөні жоқ екен.
Жиынға қатысушы Желтоқсан қаһармандары: «Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы комиссия материалынан желтоқсаншылар неге шет қалды?» – деген ойларын қайта-қайта көлденеңдетті. Бұл мәселеге Шәмек Тілеубаев тиянақты жауап қайырды. Желтоқсаншылардың ақталып жатқанын, оған байланысты архивтік материалдар қолжетімді екенін тігісін жатқыза әңгімеледі.
Белгілі қаламгер, қоғам қайраткері Марат Тоқашбай екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі әлі біржақты айтылатын адамдар тағдыры жөнінде сөз қозғап: «Енді бүгін уақыт басқа. Осыны ескеріп, бұған дейін «Отанын сатқан опасыз» деп күстәналанып келген арыстарымызды ақтап алуымыз керек», – деген ұсынысын шегелеп айтты.
Жиын қорытындысында ұйым­дастыру­­шыларға Қуғын-сүргін құрбан­дарын ақтау туралы мемлекеттік комиссия жұмысы жыл аяғында қоры­тын­дыланбай, жұмысын одан ары жалғастыруы керек деген ортақ шешім қабылданып, сол шешім Мемлекеттік кеңесші, Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы комиссияның төрағасы Е.Т.Қаринге жөнелтілді.

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір