«ҚАРА ЖЕЛ» – АДАМЗАТ ҚАСІРЕТІ
…Алыстағы Дегелең тауының бүйірі сөнген оттың орнындай түтіні бықсып қала берді. Тау іші жаман қыздың жиналмай қалған төсек орнындай астаң-кестеңі шығып, жайрап жатыр. Қопарылған тастар теңкиіп-теңкиіп дөңбектей боп әр жерде шашылып қала берді.
Өткен ғасырдың орта шенінен бастап сыналған атом бомбасының сынағы қазақ елінің жүрегінде сыз, жерінде қайғылы із қалдырды. «Полигон» дейтін осынау суық сөз қаншама жүректі мұздатып, қаншама адамның асыл сүйегін сыздатып қара жер қойнына табыстауға мәжбүр қылды. Санасақ та, тереңіне үңіліп қарасақ та жан түршігіп, жағаңызды ұстап, безіп кетеріңіз кәміл. Алпыс төрт жасында көз жұмған, қазақтың қазыналы әдебиетінің қамбасын соқталы романдарымен байытқан Бекежан Тілегенов есімі бүгін де күңгірт. Әдеби жиындарда көзін бақырайтып қойып тірілерді мақтаудан аспайтын жандар оны ауызға алудан қалғалы қашан?.. Бұл «Өлдің, Мамай, қор болдыңның» кері ме, кері кеткен біздің кеспіріміз бе, кім білсін?..
1989 жылы төрт-ақ айдың ішінде жазылып, тоқсаныншы жылдары «Жұлдыз» журналында жария көрген осынау «Қара жел» романы жер әлемге жазылмастай дерт әкелген полигон зардабын баяндайды. Бұл – Кеңестік жүйе тұсында жазылып, басылған, экологиялық апат пен полигон зардабы хақындағы тұңғыш роман, алғашқы көркем шығарма, сүйекті дүние. Рас, сену қиын. Ал біз кейінгі жылдары жазылған немесе бертінгі жылдары тұсауы кесілген дүниелерді ғана айтып жүрміз. 2020 жылы «Ел-шежіре» қоғамдық қорының қолдауымен жарық көрген «Қара жел» романын оқып шықсаңыз, отыз неше жыл бұрын жазылған туындының көркемдік деңгейіне бас ұрып, талғамы жоғары талант Бекежан Тілегеновтің шығармашылығына бас иесіз.
«Қара жел» романының басталуы мен дамуы да, байланысуы мен шиеленісуі де, шарықтау шегі мен шешімі де оқырманды асықпай-аптықпай оқуға жетелеп, Семейдегі атом полигонының қасіреті мен Дегелең трагедеясы арқылы бүкіл адамзат баласына ортақ зауалды суреттейді. Автордың тілі мен ерекше стилі жауыр болған тіркестерді жоққа шығарып, таныс оқиғалардың өзін шебер баяндап, жаттанды диалогтарды қолданбай, кейіпкерлерінің ішкі сыры мен сыртқы келбетін келістіре отырып суреттеуі де жан сүйсінтеді. Шиеленіске толы шебер сомдалған персонаждар, тартысқа түсетін кейіпкерлер характері үш бөлімнен құралған, 250 беттен тұратын шығарманың мазмұнын қоюлата түседі.
«Бәрі де аяқ астынан болды. Бір-ақ күнде бүкіл аудан қопарылып, орнынан қозғалды», – деп басталатын алғашқы сөйлемінен-ақ Семей аймағында жарылған алғашқы атом сынағының ауыр салмағын бар жүйке-жүйеңізбен сезесіз. 1953 жылдың тамыз айында Кеңес Одағында алғаш рет сутегі бомбасы сыннан өтуі ғылымға айтарлықтай жаңалық әкеліп, саяси сахнада бәсін өсіргенімен, қарапайым халыққа, Дегелең тауының баурайындағы жандарға, жүгірген аң мен жыбырлаған жәндіктерге дейін айтулы апат әкелді. Айдын-күннің аманында, бейбіт аспан астында тірлік жалғаған қазақ баласына ғана төнген зауал сәті еді бұл. Әлденеден үріккендей үдере көшкен елдің кескіні автор тілінде: «Ғасырлар бойы орнынан қозғала қоюы қиын жайбасар ауыл бір-ақ күнде топалаң тигендей апыр-топыр болып, ойран-асыры шығып, дүр сілкінді. Алдымен аудан орталығы көшті. Аудандық мекемелердің біраз қызметкерлері облыс орталығына, қалғаны көрші аудандарға аттанды. Басшылар қастарындағы Ақшатау ауданынан тиген Ақтерек жазығына қаптаған малмен, қалың жанмен көшетін болды», – деп әдіптеліпті.
Айдаладағы Мәскеудің мұрты да қисаймай, іргесіндегі ел үркінді болып көшіп, туған жер мен туған елінен безіп тоз-тозы шықты. Бұл көрініс шығармада суреттелетін аудан орталығы Қайрақтының тұрғындарына емес, тұтас қазаққа қарсы пайдаланылған ұлтты жою жоспары болмаса, бассыз қалған елді басынғаны деп ұғынсаңыз да болады. Шығарманың бірінші бөліміндегі екі деталь назар аударарлық екен. Біреуі – Әукеннің әрекеті. Екіншісі – Балқияның бағып отырған лағының солдаттар мінген көліктің астында қалып жанышталуы.
«Әукен тағы да баж-баж етіп, қолын сілтеп, ымдап жауап берді. Солдаттар аң-таң, ештеңеге түсінбейді. Қали асықпай тыңдап, Әукеннің бар қимылына, ымына ықылас қойып, әңгіменің нобайын түсінгендей болды» немесе «Жаншылып қалған лақты жерден көтеріп алып, етегіне салды. Бірақ жансыз лақтың басы былқ-сылқ етіп, денесі бүктетіле береді. Жерде ала шұбар жыландай ирелеңдеп, дар ағашының дұзақ бауындай иіріліп арқан жатты» делінетін осынау эпизодта автор тілсіз қалған қазақтың, мақұлұқ құрлы тұяқ серпуге жарамай қалған ел тағдырын деталь арқылы жеткізгендей көрінеді. Көшкелі жатқан елдің жолына бөгет болғандай шығарма кейіпкері Жұманның шешесінің қазасы да бұйрық алған жандарға еш кедергі бола алмайды. Әне-міне жүреміз деп тұрған сәтте демі үзілген кемпірдің сүйегін жау қуғандай жерлей сала көше жөнелуі де туындыны одан әрмен ширықтыра түседі: «Терең шұңқырдың бүйірінен лақат жасатты. Төрт солдат жаны қалмай, айтқанын жасап шықты. Киізге оралған сүйекті өздері көтеріп, өздері түсірді. Денені орнына жатқызып болып, киізді сыртқа шығарды. Кірпішін тегістеп қалап, топырақты өздері үйді. Аласа төмпешіктің топырағы үйіліп бола бергенде майор тағы да асығып, жұрттың екі аяғын бір етікке тыққандай етті…»
Қаншама күн қалжырап, мал айдап келген күні шешесінің өлімін естіген сәтте Жұманның ашуға булығып айтқан сөзі – басына пәле болып жабысады. Кеңес заманында дәл осылай сөйлеу мүмкін емес деуіңіз де кәдік. Алайда, ашу үстінде адамның, шарасыз жанның жанайқайы естілері хақ: «Бәріне кінәлі – анау. Осының бәрі – соның ісі. Сталинді құдайдай көріп, Сталин үшін қан кешіп келіп едік, сондағы көрсеткен жақсылығы осы ма. Қарғайын десем – жалғызым, қарғамайын десем – жалмауызым. Нағыз тажал сол болды ғой. Көріңде өкіргір, көріңде өкір. Басқа жер табылмағандай, құдайдың кең жері құрып қалғандай, қалың елдің ортасына әкеп бомба жарам деп, жұрттың берекесін алған қайбір оңған адам дейсің. О дүниеде де жақсылық көрме», – дейді ол. Болды, бітті. Бір ауыз сөз үшін сол күні түнде шалдыққанына қарамай, қайғылы болғанын елемей, екі-үш солдат көсемді тілдегені үшін айыпты қылып, алдына салып айдап әкетеді.
«…Дегелеңнің төбесінде қара бұлттай үйіріліп, қалың шаң бұрқ ете қалды. Осы қара бұлттың арасынан найзағай оты жарқ еткендей қызыл жалын түйдектеп от шашты. Тапа-тал түсте ашық аспанның беті өрттей алаулап, жалындай лап ете түсті. Жай оты Дегелеңнің құз биігіне ұрып шағылғандай тау ішін күңірентіп, жаңғырықтырып жіберді. Найзағай оты да көбейіп, түйдек-түйдегімен жер астынан бұрқырап шығып жатыр. Жүздеген, мыңдаған жай оты бірден жарқ етіп, күн күркіреп, жер сілкініп, тау ортасынан қақ айырылғандай болды» – бұл үзінді жазушының атом бомбасының жарылысын суреттейтін сәттен алынып отыр.
Атом сынағы жарылған мезетте, Дегелеңнің төбесінде от-жалын жарқ етіп, тау іші гүр етіп, жерді сілкінткен кезде, Мөлдірдің жетегінде келе жатқан қара жал аты үркіп ала қашады. Астындағы жирен ат та мөңки жөнеледі. Алыстағы жалынға шошынып жалт қараған Мөлдір жерге ұшып түссе де, от-жалыннан көз айырмай қарай береді. Радиация апанында қалған Мөлдір көп ұзамай, өз шаңырағының табалдырығына жетіп, үлкен азаппен жан тәсілім етеді. Шын мәнінде тереңірек үңілсек, бұл – басын тоқпақтап жылайтын роман кейіпкері Түсіптің, ботасынан айырылған аруанадай боздаған Балқияның ғана емес, тұтас ұлттың трагедиясы. Романдағы жайт осы болғанмен, қаншама ата-ана туынды персонаждарының кебін киіп, құлындаған дауысымен құлыншақтарын қара жер қойнына тапсырды екен. Жаның түршігіп, төбе құйқаң шымырлайды. Содан кейін де осы романның көркемдік қуатын жоғарылатып, артықшылығы артатыны сол өмірдегі оқиғалармен ұштастырып шығарманы өруі емей немене?! Автор ядролық сынақты суреттеумен бірге шөп шабуға барған ауыл адамдарының және Мөлдірдің радиацияға ұшырап опат болуымен талай мән-жайдың сырына үңілгенін аңғару қиын емес.
Үркінді болып көшкен елдің ішіндегі Түсіп пен Балқия, Жұман мен Гүлжанның отбасы, Қали мен Мөлдірдің ғашығы, Алматыда білім алатын студент Арман образдары шынайы сомдалуымен шығарманың соңына дейін жалықпай оқуға жетелейді. Мұндағы шымыр сөйлемдер мен ықшам әрі салмақты диалогтар аз сөзбен көп мағына үстеп, астарлап жеткізілген қаншама идея мен ойды алдыңызға тартады. Кейіпкерлердің ішкі монологы арқылы сыртқы кескін-келбеті де ашық, айқын көрініс береді. Жанын жегідей жеп, уайым-қайғы қажытқан адамдар тағдырын ашқан жазушы шеберлігі таң-тамаша етіп, бас шайқатады. Әр бөлім алдында «Арада жылдар өтті» деген бір ауыз сөзден-ақ келесі жайға қанығып, ойша дайындала түсесіз де, нақты қаншама уақыт өткенін оқып отырып қаныға түсесіз.
Бірінші бөлімде полигон аймағынан көшкен халықтың, атамекенінен ажыраған адамдардың тағдыры кеңінен, егжей-тегжейлі сөз болса, екінші бөлімде Қайрақты ауданы, Сарбел жазығы, Дегелең тауының дүйім жұртқа әйгілі болғанын, әр атом сынағы сайын қариялардың жер бауырлап жатып қалуы мен балалардың ауру-сырқаулы болып өмір есігін ашып жатқаны мәлім болады. Талай жылдардан соң туған мекеніне Алматыдан үйлі-баранды болып келген Арманның ойында кіндік қаны тамған жер сондай жат болып көрінеді. Ел басқарғандардың «бәрі жақсы» деген сөзі мен «несін айтасың, халіміз осы» деп күрсінген ауыл адамдарының аужайынан оқырман да полигон зауалының жан төзгісіз қасіретін сезіне түседі.
Қайғылы жайға душар болып, көз жұмған Мөлдірдің шаңырағына Арманның аяқ басқан сәтіндегі психологиясы, мәңгі жас қалпында жадында қалған асыл жар бейнесі кейіпкер жан дүниесін аша түседі. Алыста жүрсе де, қызмет басты болып басқа тірлік жалғаса да Арманның оған деген сезімі алғаусыз, ұмытылмайтын тәтті елес пен келмес күндер жадынан өшпейді.
Романдағы Мақсұт пен Хадиша образы қияндағы ауылда тірлік кешіп, қақ-соқпен ісі жоқ бұйығы кейіптегі, керек десеңіз, совет заманындағы шенеуніктер елемей шопан етіп, аса бір көзге ілмей қойған елеусіз еңбек адамдарын, екі бірдей баласын атом ажалы жалмаған жаралы жандарды еске салады. Осы шығармадағы иен қалған Қайрақтының сұқыты бүгінгі ауылмен де тығыз байланысты астарлы сөйлемдер арқылы автор үлкен ойға із тастап өтеді. Кейіпкер дегеннен шығады, романда толықтай ашылып, оқиғаларға ішінара емес, іші-сыртымен бірдей кіріп кетіп, сыртқы сұлбасымен де, ішкі жан дүниесімен де оқырманын бейжай қалдырмайтын бір образ, ол – Жұман. Шығарманың шарықтау шегінде пішеншілер шапқан шөпті өртеймінге салып, «шулататын» Жұман. Бір қарағанда жай ғана ауыл адамы болып көрінгенмен, оның қарсылықты (протестік) ойлары шын мәнінде бізді ойландыруға шақырады. Әлдебір дастарқан мәзірінің үстінде полигон басшылары үшін тілек айтудан бас тартып, бұлқынған іштегі сезімімен бас көтеріп жүруінде де автордың айтқысы келген, айтуға тырысқан ойлары тырс-тырс тамған тамшыдай ми қабыршығыңа әсер етпей қоймайды. Тіпті туындыны қолға алғанда негізгі кейіпкер еместей көрінген осынау адам шығарма шешімінде басты орынға шығып, жазушы ойымен астасып, биік тұғырға көтерілгендей әсерге бөлейді.
Шығармада «Киік-қырған жазығы» мен «Атом көлі» деп аталып, кейіпкерлер диалогында баяндалатын осынау жерлер – адам тағдырына әсер еткен полигонның экологиялық апат ошағының ордасы екенін тағы да дәйектейді.
Үшінші бөлімде, баян етілетін оқиғалар шиеленісінде Тойғанбаев, Жиенбаева, Нұржанов сынды атаққа алданып, Баймағанбетов, Мырзашев, Дарбасов сияқты мансапқа малданған кейіпкерлердің «өзім аман болсам, болды» деген эго ойларын автор күл-талқан етеді.
Иығы дірілдеп, ұйқысынан шошып оянып, сандырақтай жөнелетін радиация дертіне шалдыққан, ел ішінде «сәулелі ауру» деген атауға ие болған кішкентай ғана Қайраттың дерті Арман мен оның айналасындағы кейіпкерлер сөзімен жан дүниемізді толғандырады. Бұл – біз күнде көрмесек те оқтын-оқтын ұшырасып қалатын жағдай болған соң, жан ауыртатын көрініс. Бұрыннан басталып бүгінге жалғасқан дауасыз дерт шығарма кейіпкері Арман мен мына біздерді де ұшы-қиыры жоқ тұңғиық ойға батырады.
«Қап-қара болған қара бұлттың арасынан таудың шыңы қылтиып әзер көрінеді. Қара бұлт пен қара жел араласқан қара түнек Дегелеңді буып, басып барады. Осы қара түнектің арасынан қара құйын бөлініп, бөлек шықты. Ұйытқып, үйіріліп келе жатыр. Қара толқындай толқыған қара құйынның арасында топырлап қалың топ араласып бірге келеді. Соңынан өкшелей қуған қара желмен қалың топ қоса жарысып, ұйқы-тұйқы боп, арпалысып бой бермейді. Жан дәрменге түсіп, қашып құтылғысы келеді. Құтылмаса, сол қара түнектің арасына көміліп, жоқ болатындай үрейі ұшады. Қара жел үйірген сол үрей соңдарынан қалатын емес».
Бұл – біз сөз етіп отырған «Қара жел» романының соңғы түйіні. Шығарма шешімі. Қара жел – қазақтың ғана емес, адамзат баласының басына төнген қара түнек дегенді қайталау емес, қайта сырына үңілу деп бағамдасаңыз болады. Дегелеңнен бастау алып, Арқа даласына жайылған, дауасын таба алмай дал ұратын дерттің ұшығы осы болатын.
«Алыста, кең жазықтың бір шетінде қыл көпірдің үстінде қалғандай қалтырап, мүләйімсіп мүсәпір күйге ұшыраған қараша үй, оған жапсырыласа салынған ескі қоралар көзге түсті… Жер түбінде, жердің бір бүйірінде өз бетімен жатқан момын ел, азғана қойшы ауылы осы бір шарасыз, мүсәпір күйден шыға алмай қалғаны ма? Арман тағы да төменге үңілді. Жазық дала артта ұзап қалып бара жатты».
Бұл тағы да роман кейіпкерінің емес, біздің де монологымыз болуға керек-ті. Атом сынағы өткеннен кейін радиация аймағында әлі де қаншама тағдыр жатыр. Ол тағдырлардың келешегі бар ма? Келер күн қанжығасындағы екі ойлы дүние. Автордың өзі де «Қара жел» туралы: «Бұл – атом соққысының қопарылысынан шыққан қара түнек қою шаңның Арқа желімен араласып, жазық бойын түнертіп, торлап келе жатқан үрейлі лебі, қатерлі салқыны еді» дегенді бекер айтпаса керек.
«Роман жарық көргеннен кейін бір жылдан соң атом сынағы тоқтатылды. Бұл – Бекежан Тілегеновтің жазушылық әрі азаматтық парызына деген адалдығының және шығармашылық батылдығының көрінісі», – дейді Тұрсын Жұртбай. Осы роман туралы, жазушының шығармашылық лабораториясы хақында Әзілхан Нұршайықов, Мұхтар Мағауин және де тағы басқа қалам иелері өз бағасын берді. «Қара жел» романы – бір ғана дәуірдің емес, тұтастай алғанда тағдырымызды безбендеген бірегей шығарма. Осынау дүниені оқып, жан байытып, қазақ еліндегі барша адамзат баласына қасірет әкелген атом зардабы зар күйіне жетіп туған шығарма екеніне оқи отыра көз жеткізесіз. Шабыт үстінде шамырқанып толғанған туынды иесіне расында таңдай қағасыз. Романның біз келтірген негізгі оқиғалары мен қамтуға тырысқан артықшылығы да менмұндалайды. Тосын тіркестер мен деректі детальдар оқырманын ойландыра түседі. Бекежанды танудағы, жазушыны танытудағы мақсат та – сол. Әйтпесе, өз атын тасқа жазып қалдырған жазушы басқа шығармаларымен де ерек, өткен ғасырдағы да, бүгінгі күндегі де қазақ әдебиетінің көрнекті сөз иесі – ол.
Қуат ҚИЫҚБАЙ,
жазушы