НЕКЕСІЗДІК пен ӘКЕСІЗДІК – СОҒЫС ҚАСІРЕТІ
23.05.2023
510
0

Әдебиет маусымдық емес. Жазылған әдеби, тарихи, көркем шығармалар өткеніміздің бір парасы ретінде сақталады. Дегенмен заман ырғағына, уақыт талабына орай кейбір тарихи оқиғалар бүгін ұмытылып, ертең қайта жаңғырып жатады. Мәселен, ұлт шежіресінде қара дақ болып қалған 1932-1937 жылдардағы халқымыздың қаншама сүйегін далаға шашып кеткен ашаршылық, қуғын-сүргін, 1939-45 жылдардағы соғыс зардаптары кезінде айғайлата жазылды, дүрілдете жырланды. Енді даталы жылдарда немесе еске түсіру күндерінде ғана жұрт жүрегін сыздатады. Соғыс кезінде хабарсыз кеткен әкелері мен ағаларының, туыс-туғандарының сүйегі қайда жатқандарынан сыбыс күтіп, іздеу салып жатқандар әлі де бар. Осы жай көңіл түкпіріне қозғау салатын болса керек, жазушы Ғабдул-Сәбит Юсуповтың «Соғыстан соңғы ұрпақпыз…» роман-трилогиясы көз жүгіртуге ынтықтыра берді.

  «…Теңіздің дәмін тамшысынан білесің» демекші, автордың төселген қаламгер екені табиғат­ты сурет­теуінен-ақ аңғарылып тұр. «Ашық, қызғылт сары шапағы шығыс жақтан арайлана білініп, айналаға ерекше, көз қызығарлық реңк бергенімен, алтын күннің өзі жер көкжиегінен көтеріліп шығуға ерінгендей, асыға қоймаған шақ», – деп, ары қарай не айтар екен дегізіп, оқуға жетелей түседі. Парақтаған сайын жесір әйелдер, жетім балалар тағдыры көз алдыңа көлбеңдей береді. Кеше өзің жалаңаяқ топырағын кешкен сон-а-а-ау қиырдағы ауыл өмірі сағынышыңды түрткілейді. Таң азаңнан көрші үйдің маңайынан тезек терген Сәмет Қалиша тәтесінен: «Біздің жаққа жолама», – деген ұрыс естиді. Оларға бір тонна болса да көмір сатып алу деген – арман. Әлеумет­тік теңсіздіктің беті осылай ашылады.
Соғыстан кейінгі жылдардағы, әсіресе әкесіз балалар мен әкелі балалар арасындағы теңгермеушілік – ауыл арасындағы асқынып тұрған «дерт» еді. «Әкесіздіктен» жапа шекпеген, оңашада көз жасынан «өшін» алмаған «тірі жетімдер» аз емес еді-ау!..
Бестас ойнау, текпіш (ләңгі) тебу, доп қуалаудан басқа не ермек бар. Радио, теледидар қаперге кіріп те шықпайды. Қорадағы жекеменшік тоқты, торпақтары мен сүт берерлерін өріске шығарып, кешке бөліп алу да тиянақты шаруа. Қолы жеткендердің кірпіш құйып, үй салу кезінде қазылған шұңқырына бау-бақша суаруға бағыт­талған арықтағы суын бұрып әкеліп толтырып, лай суына жағалаудан секіре сүңгіп, балықша жүзу де бір ғанибет. Мал қайырып, доп қуалап, жалаң аяқ, жалаң бас жүгіргенде табанға кіріп кеткен шөгірді жұлып алғанда немесе әйнек кесіп кеткенде аққан қанға қара топырақты уыстай сеуіп, өрімтал жеткіншектер ақсаңдай басып жөнеле береді. Міне, ауыл медицинасы.
Жоғарыдағы оқуын енді бітіріп, ауылға келіп, қолымды ұзартады ғой деп жалғызілікті Ғазиза анасы күтіп отырған қызы Венераны басқа жақтың жігіт­тері алып қашып кетеді. Бұл – сол кездегі қалыптасқан дәстүр еді… Күйеуі ішкіштер тобынан болып шығады. Венераны ұрып-соғып, бар бейнет­ті басына үйіп-төгеді. Келіншек қанша қиындық көрсе де, «қайтып келген қыз жаман» тәмсілін ұстанады. Өз қанынан бала сүйген соң есерсоқтығын қояр деген Венераның үмітін ақтамайды. Ішкен сайын қызғаныш иті себепсіз «шәбелеңдеп», жыны қоза түседі. Бұл да – ауыл тынысындағы қара дақ.
Ағасы Қамет қайсыбір кездері Сәметті қасына жатқызбай ұрып, ұрсып жіберетін әрекет­тері де болатын. Бұл Қамет­тің інісін еркеліктен арылтып, отбасы тәрбиесіне үйлестірудегі «қаталдығы» екенін Сәмет есейе келе түйсінген. Шынайы туысқандықты мойындаған ол өздеріне жеке баспана салу жұмысында ағасының қамқоршысына айналады. Жан-тәнімен оған күндіз-түн демей көмектеседі.
Осы іс барысында Сәметке досы Марат­тың: «Таста жұмысты, киін де тез жүр», – деп дікектеуі де өз орталарына жарасымды.
Ауылдасы Қали асқақалды мал ұрлады деп, өтірік жала жауып, түрмеге қамап тастағанда кемпірі Шәукеннің Ғазизаға келіп Құран аштыруы – дінге деген шынайы сенім. Ғазизаның «Шалың таяуда ақталады. Нәресте иісіне зар болып жүрген екеуің бастарың қосылған соң, көп ұзамай қызды боласыңдар» дегені шындыққа айналады. Болған жайды қаз қалпында жазып, Мәскеудегі депутат Беляевке арызын қолымен тапсырып келген Шәукеннің ауыл жұрты алдындағы беделі артады. Қали шал түрмеден босатылады. Еліне аман-есен келгеннен кейін, араға уақыт салып, кемпірі екеуі бірінен соң бірін екі қыз сүйеді. Еш залалсыз бейнет түбі қуаныш тойына ұласады.
Сыртынан қанша қыздар сұқтана ғашық болып жүрсе де, Қамет­тің сабырлы да салмақты, ақылына көркі сай Әлияға ынтазарлық танытуы – табиғилық. Ұнатқан қызына жігіт­тің өлеңдете хат жазуы – ұлт болмысына тән ерекшелік. Қамет­тің Әлияға: «Тілейтінім өмірлік боп бірге жүрсек…», – деп ыстық сезімін ақтарған жүрекжарды өлең-хатына Әлияның да:
«Көгершінің болайын,
Оң қолыңа қонайын.
Айлық емес, жылдық емес,
Өмірлігің болайын», – деп, өлеңмен наздана жауап қатып, оны айлы аспан астында әнмен жеткізуі – қандағы қазақы қасиет. Екеуі шаңырақ көтеріп, жалғызілікті ана Ғазизаны қуанышқа кенелтіп, ауылдастарына шат­тық сыйлайды. Сәмет жеңгесі Әлияның бір сөзін екі етпейтін сүйікті қайын інісіне айналады.
Ықылас танытқандардың ойыншығына айналған Жария сынды жеңіл жүрістілер мен соңынан қанша жүгірсең де сүйгізгенді қойып, білегінен ұстатпайтын, кинодан шыққан соң шығарып салғаныңда үйіне екі көше қалғанда: «Әкем көріп қалса, масқара болады», – деп, рақметін айтып, жөнімен қоштасатын Риза бойжеткенді салыстыра көз алдына елестетуі – Сәмет­тің әрине, азамат­тыққа тән ойлылығы. Ол мектепте жүргенде-ақ спорт­ты жанына серік еткен. Әскерде дене мүшелерін шынықтырады, шыңдайды. Аялдамада өз тірлігімен өзі тебіреністе тұрған оған «жынды суға» бөгіп алған үш жігіт темекі сұрап, тиіседі. «Шекпеуші едім» дегеніне: «Сен сонда жігіт емессің бе?» – деп Сәмет­тің намысын қоздырады. Екеуін сұлатып салған ол үшіншісімен айқас үстінде жүргенінде алғаш құлатқаны тәлтіректеп келіп, сыртынан таспен басына ұрып жаралайды. Ал тергеу барысында әкелерінің арт­тары «диірмен тартатындардың» балаларының бұзақылықтары көлеңкеде қалып, өзін-өзі қорғай жүріп, таяқ жеген Сәмет сот­талады. Шалғай ауылдарда да әділет­тілік еш салтанат құрмайтынының куәсі боласың. Тесік қалталылар әркез билік басындағылардың бишік соққысының астында қалатынының бір айғағы – осы.
Шығармадағы барлық оқиға кешегі мектептегі оқу екпіндісі, кейінгі тағдыры тәлкекке түскен Сәмет­тің айналасында өрбиді. Кішірек кезінде оны көрші әйелдер «шатасың» деп бөзексінетін. Бала кезден көңіліне қаяу түскен ол кейінгі тіршілігіне мейірім, қайырым жасамақ болып, «адасқан қаздай болып жүрген Жария­ны ана атандырып, бақытты етсем, өмірдегі бір азаматтық ісім болар еді», – деп Жарияға үйленеді. Сәмет бұл мақсат-әрекетінен еш жақсылық көрмеген соң Жариямен ажырасады. Араға уақыт салып, Зияданың төсек жылуына бөленбек болады. Былайғы уақыт­та бір-бірінсіз өмір сүре алмайтындай болған екеуінің арасы ләззат дәмін татысқан алғашқы түні-ақ суынады. Көктегі айға теңеп жүрген ғашығының «сақинасыздығы» өз алдына, көкдолы ауру, қызғаншақ, дүниеқоңыз екенін көп ұзамай-ақ келіншектің өзі әйгілейді. Жоқ сылтау­мен ұрыс шығарып, күйеуінің берекесін кетіреді. Текелі шахта құрылыс басқармасында озат жұмысшылар қатарында мол еңбекақы тауып, тиынын қалдырмай алақанына салып беріп жүрсе де көкбет әйеліне жақпайды. Күндізгі жұмыстың шаршатқанынан кешке сүйіктісінің қажытқаны жанына әбден батады. «Қажай берсе, темір де тозады» демекші, қаңылтырды балғамен ұрғандай даңғырлаған «жан-жарының» дауысы жүйкесін жұқартқан Сәмет екеу арасындағы тұңғышы Қарлыға мен ұлы Русланды қимаса да, сазбет «ғашығынан» іргесін аулақтатпасқа шарасы қалмайды. Ақыры онымен ажырасып, өтініш жазып, шахта құрылыс басқармасының бастығы Китайкиннің кабинетіне енеді.
«Коллектив басшысы:
– О-о, Сәмет, кел, кел. Жағдайыңның шет жағасын естіп жатырмыз… Көмек керек болса, ұялмай айта отыр.
– Анатолий Никифорович, жұмыстан босауға келдім. – Сәмет қолындағы өтінішін ұсына берді. Китайкин қағаз бетінен жасырын сыр оқығандай, көз алмастан тұнжырап отыр.
…Үнсіздікті бұзған Китайкин қинала тіл қат­ты:
– Сәмет, мүмкін балаларың үшін оны тағы бір сынап көрерсің.
– Бәрін терең ойластырдым, Анатолий Никифорович. Басқа жол қалмады.
– Қайтеміз енді? Қолдан келер шара жоқ, – деген басшы өтінішке «Қарсы емеспін» деп бұрыштама жазды да, парақты Сәмет­тің алдына ығыстырды. Орнынан тұра берген жұмысшысын айқара құшақтаған күйі:
– Сау бол! Әрқашан сәт­тілік тілеймін және сенің бақыт­ты болатыныңа сенемін, – деп, босаған көңілін сез­дірмес үшін тезірек кетуге асыққан жігіт­тің соңынан қимас сезіммен қарап қала берді».
Міне, осы үзіндіден-ақ Сәмет­тің еңбек еткен ортасына да, ондағы басшыларға да сыйлы, құрмет­ті азамат болғанын аңғара жатасыз. Ол Талдықорған қаласында жаңа салынып жатқан зауыт­тың «Ауылқұрылыс» тресі басқармасының 2315 жылжымалы механикаландырылған коллонасына кірпіш қалаушы болып жұмысқа қабылданған алғашқы күні-ақ арақ сасып, карта ойнап, домино соғуға құмартып, жұмысқа бейімсіз жүрген ортадан:
« – Коля, кірпіш тасимыз ба? – Қолына носилка алған Сәмет картадан ұтылған, өзі «ынжық» деп бағалаған жігіт­тің қасына келді.
– Мен дайынмын, ал кет­тік. Вася «тюремшік» бастаған топтың жұмысқа кірісер түрі жоқ…»
Сәмет сол күні-ақ жұмысшыларды өз дегеніне иліктіреді. Бәріне қожалық жасап жүрген «тюремшікті» де тіксіндіреді. Таныстық барысында:
«– Геннадий Литвин. Осы учаскенің бригадирімін.
– Сәмет Үсенов. Сіздерге жұмысқа келдім.
– Өте жақсы. Қуана қабылдаймыз».
Міне, осылайша Сәмет­тің образы сомдала, толыға түседі. Ол бұл жұмыс орнында да іскерлігімен, еңбекқорлығымен ұжым құрметіне бөленеді. Басшылары мұның атқарған жұмысын өзгелерге үлгі тұтады. Сөйтіп, ол ауысым бригадирі, цех басшысы, бас инженер қызметіне көтеріледі.
Сәмет­тің қаламгерлікке ынтығуы да тұтқиылдан. Кейінтінде қолы қағаз, қаламға тарта береді. Болмаған соң өзі еңбек етіп жүрген заводта өткен сенбілік туралы хабар жазып, нартәуекел деп облыстық газет редакциясына алып барады. Өндіріс бөлімінің меңгерушісі жылы шыраймен қарсы алып, материалын оқып: «Жетіспейтін тұстары бар. Бірақ көркем әдебиет­ті көбірек оқып, талмай ізденсең, сенен жақсы журналист шығады», – деп арқаландырып жіберді. Хабар ертеңінде газет бетіне жарқ ете қалады. Содан шабыт­танған ол қолы босаған сәт­терде, демалыс күндері түрлі жанрларға қалам тербей береді. Келе-келе ондаған көркем прозалық кітаптың авторы атанып, оқырмандар назарын аударады. Сөйтіп, Сәмет типтік образ деңгейіне көтеріледі. Бұл – жазушы шеберлігі.
Іс ілгері басқан сайын тұрмыс та оңалып, Сәмет облыстық сотта қызмет атқаратын, танымы да, тағылымы да, тірліктен түйгені де мол Бишамен айрандай ұйыған отбасы жылуына бөленеді. Сәмет­тің шешесі Ғазиза жалғыздықты тарта жүріп, соғыстан соңғы әлеумет­тік қиындықтарды арқалай жүріп, ұл-қыздарын аяқтандырып, оқытып-тоқытып, немере, шөбере сүйіп, 92 жасында аурудан дүние салады.
Барлық шәкірт­теріне «Батырлар жырын», кітапханада бар басқа да көркем әдебиет­терді оқытуға үйірсектете баулып, өздері оқыған эпостық жыр, кітаптардағы кейіпкерлеріне ұқсауды арман тұтқан оқушыларына қанат байлайтын Күлжан сынды тәрбиешілер руханиятқа деген көзқарас құлдырап тұрған қазіргі күндері керек-ақ.
Трилогиядағы Қамет, Қали, Шәукен, милиция ардагері Омар ата, сондай-ақ Қамқа әже, Зияда, Жария, Биша, Тастемір, Венера, Китайкин, Геннадий Литвин, Сәрсен, Сағынбек, басқа да бейнелер сәт­ті сомдалған. Сәмет­тің Жариядан туған қызы Риза жастайынан жеңіл жүріске салынып, әкесінің төсегін былғап жатқан сәтінде ұсталады. Әкесі мен өгей шешесінің мерейлі мейірім, ыстық алақандарын тәрк етеді. Сәмет­тің қызына деген көңілі мүлдем қалады. Шығармада қазақы дәстүр, салт, ұлт­тық тіл, дін, тін мәселесі кеңінен қамтылған. Ғазиза қайтыс болғандағы әйелдердің айтқан зарлы жоқтаулары сай-сүйегіңді сырқыратады. Бүгінгі таңда жоғалып бара жатқан жоқтау жыры ұлт ерекшелігінің бір нұсқасы еді-ау!..
Бала күнінде көрші әйелдер «шатасың» деп зәбірлеп, әкесіздіктің тауқыметін тартқан Сәмет соғысқа қарғыс айтады. Трилогиядағы көркемдік тұрғыда баяндалған өзекті өртер жайлар – қанды қырғыннан кейінгі еліміздің барлық ауылдарына тән көріністер. Бұл – шығармашылықтағы жазушы жетістігі.
Иә, некесіздік пен әкесіздік – соғыс қасіреті.
Трилогия «Тоғанай – Т» баспасынан 2019 жылы жарық көрген.

Еркін ЖАП­ПАСҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір