Қуғын-сүргін құрбаны – қайран Халел
29.05.2023
188
0

Өткен ғасырдың 30-шы жылдарында Кеңес Одағы билігінің қазаққа қарсы ұйымдастырған қуғын-сүргін зобалаңының құрбаны болған ұлттық ұлы тұлғаның бірі – Халел Досмұхамедұлы. Халелдің әрі дәрігер, әрі педагог, әдебиетші, тарихшы, ағартушы, тіл маманы, өз заманының озық ойлы саясаткері, өмірде өте сирек ұшырасатын айрықша біртуар тұлға екенін бүгінгі жас ұрпақ әлі де толық біле бермейді.

Халел Досмұхамедовтің «Табиғаттану», «Адам анатомиясы», «Жануарлар» және басқа да еңбектері ғылым саласында күні бүгінге дейін өз құндылығын бір мысқалдай жоғалтқан емес.
Халел – ұлттық әдебиетке де қомақты үлес қосқан қаламгер. Жазушы, аудармашы Халелдің Ю.Вагнердің «Рассказы о том, как устранено и работает наше тело» («Дене бітімі мен оның жұмысы туралы әңгімелер»), «Рассказы о том, как живут и устроены растения» («Өсімдіктердің жаратылысы мен тіршілігі туралы әңгімелер») кітаптарын қазақшаға тәржімалап, кітап етіп шығарғаны өз алдына бір тақырып.
Кеңестік-кремльдік қуғын-сүргін құрбаны болған қазақ зиялыларының есімін ел есіне салып, оларды жас ұрпақтың отаншылдық, ұлтшылдық сезімінің бастауы етіп көрсету – бүгінгінің абыройлы парызы екенін көріп отырмыз.
Жуырда Алматы уәлаятының мәдениет, мұрағат және құжатнама басқармасының дәрегейіндегі «Алматы облысының мұражайлар бірлестігі» МКҚК бөлімшесі «Саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының ұйымдастыруымен Алаш қозғалысының қайраткері, мамандығы дәрігер бола тұра қоғам өмірінің, оның ішінде қазақ милләтінің өміріндегі қым-қуыт мәселелердің оң шешілуіне қисапсыз үлес қосқан Халел Досмұхамедовты еске алуға, яғни оның 140 жылдығына арналған алқалы жиын Алматыда өтті.
Шара барысында Халел Досмұхамедұлының Алашорда үкіметін құру жолындағы жанқиярлық еңбегі, Батыс аймақтағы Алашорданы басқарған уақыттағы қайраткерлік қимылдары, қазақтың ауыз әдебиетінің нұсқаларын жинақтатуға бастамашы болуы «Алматыдағы ең алғашқы жоғары оқу орнын ашуға сіңірген еңбегі», бұған қоса медицина саласындағы маңызды ғылыми еңбектері жайлы әңгімелер айтылып, оның қалай «халық жауы» атанып, жазықсыз атылғаны туралы халелтанушы, тарихшы, медицина саласының ғалымдары жасаған баяндамалар өте тартымды болды. Филология ғылымының докторы, профессор Ғарифолла Әнес «Пассионар тұлға» деген тақырыпта дәріс-лекция жасады. «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» мұражайындағы келелі (Алматы облысы Талғар ауданы Жаңалық ауылы) әңгіме-дүкеннен кейін Жаңалық ауылындағы «Алаш арыстары» атты мешітте Халел Досмұхамедовтің рухына дұға оқылып, Құран бағышталды.

Мырзан ШАЛҚАРИ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір