«ҚАРА МЫСЫҚ» ҚАСІРЕТІ (әңгіме)
12.11.2022
3717
0

– Не сыйласам екен саған?
– Гүл.
– Гүл дейсің бе? Қандайын?
– Қарасын.
– Қарасын?! Ондай да гүл бола ма екен?
– Қара адамдар болғанда, неге қара гүлдер болмасқа?
«Қара адамдар дейсің бе? Оларың кімдер?» деп сұрайын деп тұрдым да:
– Біздің ұйқыға батқан қаламыздан ондай гүлді табу мүмкін емес шығар, – деп оның жұмыртқадай жұп-жұмыр, әппақ тамағынан сүйдім. Ол да әдемі сүйір иегін жоғары көтеріп, бейімделе берді.
– Бай екеніңді білсе, жердің түбінен болса да тауып әкеп береді.
– Кімдер?
– Кімдер болушы еді? Гүл сатушыларды айтам.
– Қызыл гүлдер тұрғанда, қара гүлді неғыласың?
– Ұнатам. Қызылдың көз жауын ала­тыны рас, бірақ қара гүлде философия бар. Ол – ойлантады.
– Қияли.
– Мені Николь Кидманға ұқсатып жүрген өзің – қияли. Сен үшін «әппақтан» басқа сұлулықты білдіретін сөз жоқ. Ал мен қараны ұнатам.
– Мен сияқты ма?
– Иә, қап-қара болған қарғам менің сол.
Аннаның осылай еркелегені өзіне қат­ты жарасады. «Қап-қара болған қарғам менің сол», – деген күйі құшақтай алып, ерніме ернін тигізіп, көзіме-көзін қадап тұрып тіл қатқандағы ыстық демінен алпыс екі тамырым иіп, тұла бойым тас үгітердей бір алапат күш-қуатқа мелдектей толып кет­ті.
– Никольға ұқсайсың дейтінім, оның кейде ойлы, кейде мұңлы тұңғиық жанарын көрем сенен…
– Біздің еуропалықтар қара түсті ұнатпайды. Қара киім, қара шәлі… бәрін жаманға жориды.
– Қарадан неге қорқады екен сонша?
– Ал мен қорықпаймын.
Анна күлді. Күлкінің де есіңді тандыратын әсерлісі болатынын осы Аннамен танысқалы бері байқадым.
– Әскерде жүрген кезіңде сержант­тарың «урюк», «чурка», «калбит» деп мазақтаған жоқ па?
– Ой, ол бер жағы ғой, «қара кө…дер» деп әжуәлайтын әуелі.
Аннаның жүзінен әлгіндегі әсем күлкінің ізі лезде ғайып боп, қабағын шыт­ты да еппен ғана күрсінді.
– Естігем.
– Е-е, соның бәріне шыдадық қой.
Анна менің өтірік момақан бола қалғанымды түсініп, қабағын ашты. Көзі тағы да күлімдеп сала берді.
– Әп, бәлем, сырың белгілі болды. Сонда… сен… соларда кеткен кегіңді қайтару үшін жүр екенсің ғой менімен, ә?
Бағаналы бері шалқасынан жатқан Анна маған қарай бұрылып тақала түсті де жалаңаш төсін кеудеме тигізе құшақтады. Анарының ұшындағы қоңырқай түсті дөңгелек әппақ үрпісі ақ теңіздің үстіндегі шөкімдей аралға ұқсап көзімді суырды. Сүйіп алғың кеп кететін сол дөңгелекшенің ортасындағы бөртіп тұрған бүртік жүрегімді шым еткізді де, тұла бойымды құштарлық сезіміне суарып, балқытып жіберді. Тұмса байталдың сауырына тұмсығын тығып оқыранған айғырдай оқыста оянып кеткен алақұйын бүлікті басу үшін көзімді тарс жұмдым да, терең демалып:
– Ал мен ақ түсті ұнатам, – дедім. – Мысалы, әппақ раушан гүлін. Әппақ көгершінді. Сосын әппақ болған сені. Дауысың да ғажап! Ауылдан апам келіп, ел ішінің әңгімесін айтып отырғандай тыңдап жата бергім келеді. Қайдан үйреніп жүрсің?
– Немене, үйренбеуім керек пе?
– Жоға, «Үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің елге жақсы», – дейтін апам қыздарына. Бірақ біздің осы «үйренгенің өзіңе жақсы» деген сөзімізге шамданып, қорлық санайтындар да бар.
– Иә, ондайлар көп, әсіресе біздің елде.
– Мен осы немістерге қайранмын.
– Неге?
– Германияларына көшіп кетсе де әлі күнге дейін әндерімізді айтып, сәлем жолдап жатады.
– Ал сен себебін білесің бе соның?
– Ерекше қабілет­ті халық шығар деймін де қоям. Қолдарынан келмейтіні жоқ шебер ғой өздері шетінен.
– Қабілет жағынан біз де ешкімнен кем емеспіз. Мәселе басқада…
– Ол не?
– О-о, оны түсіну оңай емес.
– Айтшы енді жалындырмай.
– Бәрібір түсінбейсің.
– Түсінбесем, түсіндірсейші өзің.
– Жарайды, қоймай қойдың ғой. Олар бұл жаққа жер ауып келген.
– Немістер ме?
– Иә.
– Онымен не демексің?
– Есіңде болсын, бөтен елге қару асынып келгендер мен жер ауып келгендердің мінез-құлықтары екі бөлек болады.
– Білмейді екем.
– Айт­тым ғой, түсінбейсің деп.
Анна қайтадан шалқасынан жат­ты да, жанарын үйдің төбесіндегі шамдарға қадап, ішінен терең дем шығара күрсінді де:
– Өзге елге қорған боламыз деп, өктемдікпен келгендер тек қана өз тілінде сөйлеп, өз дегендерін істейді, – деді.
– «Бөтендердің мінәжат үйіне өзіңнің заң-зәкөніңмен енбе» деген тастай талабы қайда қалады сонда?
– Оны өз еліне келгендерден талап еткенімен, өзге елге озбырлықпен басып кіріп алған кезде қаперіне де алмайды.
– Олары қиын екен.
– Мәдениет­тен мақұрым десеңші одан да.
– Ондай сөзді айтатын еуропалықтар ғой, ал бізде ондайларды «имансыздар» дейді.
– Сен үлкен кәсіпкерсің. Ақша тапсаң болды, басқаға бас қатырмайсың. Күресудің орнына жатысың мынау, мені құшып-сүйгеніңе мәз боп.
– Кәсіпкер болғаныма шүкір.
– Шүкір деуін, осы жайбарақат­тық құртады сендерді. Сонымен қара гүлді сыйлайсың ба, жоқ па?
– Жердің түбінен алдырсам да сыйлаймын, жаным.
– Маған «жаным» деген сөзің қат­ты ұнайды. Біреуді құлай сүйген кезде ауызға түсетін теңеулердің барлығы бір сөзге қалай сыйып кеткен деп таңғалам да жүрем. Әсіресе құлағыма: «Жаным!» – деп сыбырлағаның отқа ұстап еріткен қорғасындай тәнімді балқытып жібереді.
– Жаным менің! Келші, берірек жатшы…
Аннаны бауырыма тартып, ерніне ернімді қадап, гүлге қонған ара сияқты тілінің бал-шырынын таусып, жабыстым да қалдым. Ол да тілімнің сөлін сорып, құшырлана өпті. Бірақ ол өбу гүлден-гүлге ұшып-қонған араның бір сәт­тік тыз етпе ләззатына ұқсайтын өбу емес, тек қана менің тілімнің дәмінен ғана балқып, менің тілімнің шырынымен ғана шөлін басатын өліп-өшіп өбу болатын.
– Тілің не деген тәт­ті еді.
– Сенікі де.
– Менің тілім бүртік-бүртік шығар.
– Жоқ, бал-шекердің нағыз өзі.
Анна масайып қалған менің құшағымнан босап шықты да, басын әнтек шалқайтып, ақ білегімен шашын түзеген кезде ұзын мойны мен кеудесі жанарымды суа­рып, Венера Медичиге арналған мәрмәр мүсіндегі мінсіз бейнедей құмарымды одан сайын қоздыра түсті.

* * *

– Көркем.
– Ау?
– Сен «Қара мысық» деген әнді білесің бе?
Әдепкіде тағы да «қара» туралы әуеніне басты ма деп көңілім секем алып қалса да, онымды сездірмей:
– Баяғы ма? Әні есімде, бірақ сөзінің бас жағын ғана білем, – дедім селқостау.
– Бәрің осындайсыңдар. Кәсіпкерлерді айтам. Бір әннің сөзін аяғына дейін жатқа айта алмайсыңдар. Бір кітапты соңына дейін оқымайсыңдар.
– Кәсіпкерлер оқудың соңында жүрсе, ақшаны кім табады?
– Ақша, ақша! Өмірде одан басқа құнды ештеңе жоқ па?
Анна бұртиды.
– Кешірші, жаным. Менің «Киіз кітабым» – сенсің. Жаныма керек жауһардың бәрі сенің кеудеңде том-том боп жиюлы тұр. Қалаған кезімде құлағымды төсіңе тақаймын да, дүрс-дүрс соққан жүрегіңдегі сөздерді мейірімім қанғанша тыңдай берем, тыңдай берем. Бірақ бүгінгі әңгімеңнің бәрі «қара» боп кет­ті. Бағана: «Қара гүл», – деп ең, енді кеп «қара мысыққа» көштің.
– Жәй, ойыма түсіп кет­ті. Соңғы кезде, тіпті жиі еске алатынды шығардым.
Анна әннің сөздерін күбірлей бастады.
Жил да был черный кот за углом,
И его ненавидел весь дом…
Говорят, не повезет,
Если черный кот дорогу перейдет.
Ертеректе аға-әпкелеріміздің осы әнге твист билейтіндері есіме түсіп, «қандай замандар өт­ті десеңші» деп ойланып жатқанымда Анна:
– Көркем, – деді ернімен құлағымның сырғалығын қытықтап. Ыстық демі жаныма жағып барады.
– Ау.
– Осы өлең шынымен қара мысық туралы ма екен?
– Мен қайдан білейін.
– Тыңдашы…
Бедный кот от усов до хвоста
Был черней, чем сама чернота
Да и песенка, в общем, о том
Как обидно быть чёрным котом… ­–
дейді соңында.
– Нәсілшілдер мен әсіреұлтшылдардың әрекет­теріне қарсылық дегің кеп жатыр ма?
– Білмеймін, тегін емес әйтеуір. Әйт­песе қайдағы бір мысықтың түсіне бола дауысы қаңситындай не көрініпті сонша ақынға?
– Мүмкін.
– Білесің бе, осы өлеңді жазған адамның әкесі отыз сегізінші жылы жаламен атылып кетіпті. Ол аздай, анасын да тұтқындап, жер аударған. Ал өзі соғысқа қатысып, ол жақтан орден тағып келсе де, 58-10-баппен сот­талған.
– Ол қандай бап?
– «Билікке қарсы үгіт-насихат жүргізді» деген.
– Қандай үгіт жүргізген сонда?
– «Немістер бізге қарағанда өте дамып кеткен ел екен», – деген ғой қасындағы «досыңбыз» деп дорбасындағы арақ-шарабын бірге ұрт­тап жүргендерге.
– Ал олар ше?
– Олар болса, қаламдарының ұштарына бір түкіріп алып, жазған да жіберген.
– Қайда?
– Жоғарыға.
– Оның айтқаны үгіт емес, ақиқат қой. Менің майдангер әкем де: «Еуропа мен Америкаңның техникасы сол кездің өзінде біздікінен әлдеқайда сапалы болатын», – деп отыратын.
– Айтқаны ақиқат болса да сот­таған, ендеше.
– Не деген қасірет?! Әуелі әкесі, сосын анасы, соңында өзі. «Как охотился двор за котом», – дейтініндей бар екен да байғұстың. Осындайдың бәрі ойыңа қайдан келе береді, «Киіз кітабым» менің?!
– Ал ақынның не дегенін білесің бе кейін?
– Жоға.
– «Әуелі ызам келді, сосын «менікі шынында да дұрыс емес екен» деп дегендеріне көндім», – депті.
– Онысы несі? Озбырларға ақынның да құлдық ұрғаны ма?
– Білмеймін, бірақ өйтіп айтпаса, «Қара мысық» өмірге келер ме еді, келмес пе еді?
– Қазір де сол ғой. Айтпақшы, ол осы әнімен биліктегілердің бәріне твист билетіп жіберген жоқ па?
– Иә, Таничке ризамын, өте ақылды адам.
– Ол кім?
– Осы әннің сөзін жазған Михаил деген ақынды айтам.
– Иә, әсіресе «Жил да был черный кот за углом, И его ненавидел весь дом», – дегені сұмдық. Бір ауыз сөзбен бүкіл бір биліктің пиғылын әшкерелепті. Осының бәрін біліп жүрген сен де тегін емессің, жаным. Докторлығыңды алаңдамай қорға. Ақша жағынан тарықтырмауды өз мойныма алам.
– Тіл ғылымының докторына зәру қоғамды көріп тұрғаным жоқ.
– Неге?
– Өйткені адамдар сияқты тілдер де бір күндері ғайып болады. Ал ғайып болатын тілге ғылым докторы неге керек?
– Қалайша?
– «Эяк» деген халық болған. Енді ол халықтың тілінде ешкім сөйлемейді.
– Неге?
– Өйткені өз тілін білетін ең соңғы эяк өмірден өт­ті.
– Басқа эяктр ше?
– Басқалары білмейді, білгісі де келмейді.
Анна төсектен тұрып, бір аяғын орындыққа қойды да әппақ балтырын одан бетер әдемі ғып көрсететін қара кап­рон шөлкейін шыжымдап тартып, еппен кие бастады. Қара капрон әппақ қайыңдай балтыры мен жұп-жұмыр тізесінен өтіп, тоқ санына барып тоқтаған кезде, Аннаның сымбат­ты денесіне қанша сұқтансам да көзім тоймайтынын сезіп, таңдауыма бір масат­танып алдым.
– Жарайды, жаным, көңілді әңгіме айтайықшы. Менің саған деген үлкен сыйлығым бар еді, бірақ бағана өзің: «Қара гүл сыйлашы», – дедің де сөзімді бөліп жібердің.
– Ол қандай сыйлық?
– Үй!
– Үй?
– Иә, үй!
– Кімнің үйі?
– Сенің үйің!
– Менің үйім? Ол қай жерде?
– Қаланың қақ ортасында. Екі қабат­ты үлкен кот­тедж.
– Кот­тедж?!
– Иә, жаным. «Ұнады, жақсы екен» десең болды, ақшасын үй иесінің есеп-шотына дәл қазір аударып жіберем де, атыңа тіркеп берем.
Аннаның аппақ жүзіндегі күлкінің ізі лезде жоғалып, үндемей қалды. Қуанғаннан құшақтап, ерніме жабысатын шығар дегем. Жоқ, ол болса сылқ етіп, төсекке қайтадан отыра кет­ті. Бір шөлкейі киілмей орындық үстінде жатыр.
– Не болды? Неге қуанбайсың?
– Қуанып отырмын…
– Ендеше, неге күлмейсің? Неге алақайлап, шат­танбайсың?
– Өзім де білмей отырмын соны. Тым артық сияқты.
Кейде тойға боянып барған кездегі Аннаның түрін, бағана өзі айтқандай, Николь Кидманға ұқсататыным рас еді. Кәсібіме қатысты алыс елдерге сапарға ат­танып, қонақ үйде оңаша қалғанда ноутбугымды қосып, «Монако ханшайы­мы» фильмінен сол ғажап актрисаның әсем бейнесін көріп, Аннаға деген сағыныш шөлін басатынмын. Қасы, көзі, кірпігі… Әсіресе көзіндегі мұң мен ойлы жанарын айтсаңшы…
Міне, сол Анна, фильмдегі актриса Николь Кидман сияқты тұнжырап ойланды да қалды. Қазір ол жанары жасаурап маған қарайды. Мен ол жанардағы өзіме деген махаббат­ты көрем. Мен ол жанар арқылы жүрегін жарып шыққан «Рақмет, жаным!» деген сөзді үндемей, тек тесіле қарап тұрса да естимін.
Сосын ол орнынан тұрып кеп мені құшақтайды. Құшағы сондай ыстық. «Әлде бетіме ерні тиген кездегі демі ме екен жүзімді ысытып бара жатқан?» деп ойлаймын ішімнен. Кермек дәмді де сезем тілімдегі. Сірә, оның көзінен аққан қуаныш жасы ерніме, одан тіліме жеткен сияқты. Жылап тұрып, сүйісіп тұрмыз. Әрине, қуаныштан. Әрине, бақыт­тан…

* * *

Шетел сапары қаражат жағынан табысты болғанымен, көңілім әлденеге алағызи берді. Аннамен күнде сөйлесем. Тіпті WhatsAp арқылы бір-біріміздің бейнемізге қарап отырып та сырласамыз. Әсіресе Аннаның мені жолға шығарып салар кездегі басын кеудеме қойып, жүрегімнің өзіне арналған дүрсілін үнсіз тыңдап, ұзақ тұрған кездегі мұңлы бейнесі ойымнан, ал шашына сепкен француз әтірінің жұпары мұрнымнан кетсейші.
Қолтықтап ертіп алып барып, кілтін сыйлап кеткен екі қабат­ты кот­теджге әлі көшіп кірмепті. «Тым үлкен екен, жалғыз өзім қорқам», – дейді. Әлі өзінің бір бөлмелі ескі пәтерінде тұрып жатыр.
Ұлымның әнебір сөзі де жүрегімді ауырт­ты. Елге қайтатынымды айтып:
– Немерелерімді Отанына ала кетейін, туған жерінің топырағына бір аунап-қунап қайтсын, – десем:
– Қайдағы Отан? Қандай туған жер? Олар осында туып-өсті ғой, – демесі бар ма?!
Дап-дардай баламды шапалақпен тартып жібере жаздадым. Бірақ ұрсам, ол да жағама жармаса кетуден тайынар емес. Жақтарының бұлшық ет­тері білеуленіп, қабағын түйіп алыпты. Сосын ұрысқаннан ештеңе өнбесін сезіп, көңілім босады.
Бәріне кінәлі өзім. Көзін ашқаннан шетелде тұрып, шетелде оқып, шетелде қызмет етіп келе жатқан балаң мен немерелеріңнің Отан туралы ойы бұдан басқа қандай болуы мүмкін? Осындай өкініштің боларын о баста ойламаған, әрине, өзім кінәлімін. Компаниямның шетелдегі табысының бәрі осы ұлдың қолында болғанға мардымсып жүре берген екем. Әлде анасы тірі болғанда бүйтпес пе еді? «Әкенің жақындығы жездедей-ақ» деген, мен бейбақ жөндеп тәрбие бере алмадым-ау, сірә.
Есіме Анна түсті. Эяк деген халық туралы не деп еді? «Енді ол халықтың тілінде ешкім сөйлемейді», – демеп пе еді? Маған да бірдеңе деген сияқты еді-ау. Ә, «Ақша тапсаң болды, басқаға бас қатырмайсың», – деген. Қандай ауыр сөз. Сол сәт­те неғып мән бермегем?.. Шынында өзегіңді жарып шыққан өз балаң өз ұясынан безіп, кеудеңнен итеріп отырса, мыс-мыс қып тапқан ақшаңның керегі не? Ең аяғы жаныма деген жұбанышты елімнен таппаққа елпілдеп жетіп келгенімде жүрегімнің жартысы болған Анна да алдымнан күлімдеп қарсы алмады. Соңғы күндері смартфоны да көңіліме неше түрлі күдік пен күмән ұялатып, «абонент байланыс аясынан тыс жерде немесе оның телефоны өшірулі» деген бір сөзді жағы талмай қайталау­мен болған.
Сырт­та көршінің иті ұлыды. «Ұлы, ұли түс», – деп күбірлеп отырып жалғыз өзім екінші бөтелкені орталадым. Әшейінде екі адам бір бөтелкеге қызып қалушы едік, мына мықтылығыма таңмын. Адам іші күйіктен өртеніп бара жатқан кезде масаймайтын, бекерден-бекерге даурықпайтын болса керек. Есесіне, жападан-жалғыз отырып алып, өзінен-өзі күбірлеп сөйлей береді екен. Арасында жылап та ала ма деймін.
– Анна, жаным, неге тастап кет­тің? Анна, қайдасың? Бір рет көрінші көзіме…
Еңкілдеп жылаған даусыма ит­тің ұлығаны қосылды.
–А-а-а-ү-ү-ү-у-у-у, а-а-а-а-ү-ү-ү-ү-у-у-у-у…
– Құдай-ай, қасыңда болғанымда бұлай болмас па еді? Қайдан ғана кете қалдым?
Мына меңіреу түнді ұйқысыз өткізіп жатқан біреу болмаса біреу ит­тің ұлығанын естіп, жаратқанды есіне алып, аятын оқып жатқан шығар, ал менің қасымда еңкілдеп жылағанымды еститін құлақ та, аяйтын пенде де жоқ. Айнала жарқыраған шам, жалт-жұлт еткен жиһаз. Сосын… қалың қабырға.
Сол сән-салтанаты келіскен зәулім кот­тедж, қалың қабырғаның ішінде шалқып өмір сүріп отырған мені Аннадан айы­рылып, ал үрім-бұтағым болар ұлым мен немерелерімді атамекенінен жериді деп кім ойлаған? Бұдан өткен қасірет бар ма?!
– Сол күні «қара гүл», «қара мысық» деп қоймай қойып ең, осыған көрінген екен ғой!
Тағы еңкілдедім. Прокурордың күмілжіген үні құлағымда тұр. Бағана келіп: «Анна Андрейкоға кімдер қастандық жасағанын іздестіріп жатырмыз. Мұндай оқиға біздің қалада бұрын-соңды болмаған. Басымыз қат­ты әбден. Жәй ұры-қарылардың қолтаңбасына ұқсамайды. Арнайы құрылған ұйым ба, әлде секта ма, бірдеңенің әрекеті сияқты», – деп кеткен.
Сол кезде миым солқ ете қалған. «Қара адамдар болғанда, неге қара гүлдер болмасқа?» – демеп пе еді Анна. Ескерткісі келген екен ғой, жаным. Сол кезде неге сұрай салмадым «қараулық жасағысы кеп жүрген қара адамдар кімдер?» деп. Ашып айтпаса да, бір құпияның шетін шығарар ма еді? «Ақша тапсаң болды, басқаға бас қатырмайсың», – дейтіні рас қой.
Көзімнен аққан жасты біреу-міреу көріп мүсіркесе, жұбатса екен деймін. Бірақ қайдағы жұбатқан – қасымда ешкім жоқ. Жоқ, бар. Төсектің үстінде Аннаның докторлығына арналған банкетке жаратам деп алып келген долларларым жатыр бір шабадан боп. Сосын үстел бетіндегі шашылып түскен иесіз гүлдер… кілең қара, қарақошқыл ма әлде? Жапырақтарынан қанға ұқсас қызылкүрең түс те жасырына сығалайтын сияқты ма, қалай? Анна аңсаған қара гүлдер осылар ғой.
Бірақ қап-қап ақша мен десте-десте гүлдерде мені Анна құсап жақсы көретін, мені Анна құсап жұбататын, мені Анна құсап сүйетін тіл де, жүрек те, жылу да жоқ. Гүл қанша жерден әдемі болса да, ақша қанша жерден көп болса да жабырқаған жанымды сүйіктім сияқты жылыта алмады.
Прокурор көзімен жер шұқып отырып тағы да не деп еді? «Тілінде несі бар дейім де…» деді ме? Иә, тілінде не ақылары бар қаныпезерлердің? «Жартысын кесіп алған деді ме, әлде түбінен кесіп алған» деді ме? Бір қаражүректер мен сүйген, мен бал-шырынын татқан тілді қолдары қалтырамастан кесіп алған да, аяқтарының астына лақтырып тастап кеткен дейді. Жауыздар-ай! Дәт­тері қалай барды?
Баламмен жасты прокурордың жаны нәзік екен, көңілі босап, жылайын деп отырды бағана. «Жансақтау бөлімінде жатыр қазір. Бәрібір сөйлесе алмайсыз, неменеге келе бересіз? Ешкім келмесін деп жазып жіберіпті медсестрадан», – дейді. «Мүмкін шетелдің дәрігерлеріне апарып тілін жалғауға болатын шығар, аға. Қалай ойлайсыз?» – деп қояды мені жұбатқысы келгендей. Басын жерден көтеріп, анда-санда үйдің ішіне таңғала қарайды. «Мынандай байлықпен шетелге апарып, операция жасату сізге не тұрады?» деп ойлап отырған сияқты.
Бірақ менде дәл қазір ойланатын хал бар ма? Миымда тек қана тілін кескелі жатқан кездегі жанталаса арпалысқан сүйіктімнің қасіретке толы жүзі тұр. Қаражүректер-ай! Өздерінен басқалардың бәрінің тілін қанжоса ғып кесіп ала бермек пе сонда? Мұндай да жауыздық болады екен-ау!..
Қаныпезерлер бейнебір Аннаның емес, менің тілімді кесіп алып, еденге лақтырып тастағандай жүрегімнің зу ете түскені сонша, табан астында аузым уылып, екі ұртым ойылып қалғандай күй кештім. Таңдайымды жібіткен сөл де жылымшы қанға ұқсап кет­ті.
– Кесілген тілді қайта жалғауға бола ма?
Мәңгіріп отырып айтқаным осы. Не демек болдым мұнымен? «Білгім келген сұрағым ғой» дейін десем, кімге қойдым оны? Кімге арнадым? Прокурорға ма? Әлде төрткүл дүниені жалпағынан басып, құдайсынғысы кеп жүргендерге ме?
Прокурор көңілімді жұбатуға шындап кіріскендей.
– Жазып жатады ғой осы, біреудің қолын жалғапты, біреудің көзін салыпты деп.
– Тілдің жөні бөлек қой. Оны қайта жалғаған соң оңа ма?
– Иә, бірақ о жағы да бар.
Ол күмілжіп, төмен қарады.
– Өуһ, сау кезінде менсінбеген тілді, мүкіс боп қалған соң тіл екен дей ме олар?
«Олар» деймін. Бірақ «олар» дегенім кімдер екенін білмеймін.

* * *

– Олар – біз!
Кенет кіріп келген прокурордың соққысы көзімнің отын жарқ еткізді. Жұдырығы қара ағаштай сонша қат­ты болар ма? Бағанағы жанашырлық сезім мен мейірімнен жүзінде түк қалмаған. Қабағы қату. Жүрегі тас боп қалған адамдардың түрі ғана осындай болар.
– Ұлытпай мынаның да тілін кесіп алыңдар.
Бір топ қара киімді адамдар жабыла кетіп, қолымды артыма қайырды да журнал үстелінің алдына шөкелей отырғызды.
– Пышақты әкеңдер, өз қолыммен кесем.
Жағымды күшпен ашып, көмейіме қарай қашқан тілімді шымшуырмен қысып тартып алды да, астыңғы ернімнің үстіне төседі. Қазір қайран да қайран қызыл тілімді кесетінін, сосын одан мәңгі бақи айрылатынымды ойлағанда шымшуырдың тіліме батқаны жәй бірдеңе болып қалды. Басымды әнтек жұлқып, тілімді тістеп алған шаян сияқты бәленің ұшынан босатып алдым да жанұшыра:
– Тоқтаңдаршы, – дедім жалынышты үнмен.
– Не айтпақсың? Соңғы рет сөйлеп қалғың кеп тұр ма?
Прокурор тізерлеп отырған маған тө­бем­­нен төне қарап тұр. Өзім де «тоқтаңдар­шы» деп жалынғаныммен не дерімді біл­мей­мін. Әлде уақыт­ты соза түсудің айласы ма?
– Бол!
– Аннаның тілін де сен… сендер кестің­дер ме?
– Енді кім деп ең?! Біз кестік.
– Не үшін?
– Көп сөйлейтіні үшін. Ескерткенбіз, тыңдамады.
– Нені?
– Нені болушы еді, көп сөйлеуді. Онысы­мен қоймай «Қара мысық» дегенді талдап, ығыр қылды.
– «Жил да был черный кот за углом, И его ненавидел весь дом…» – деп қырылдай күбірледім.
– Бұл да біледі екен.
Прокурор қасындағы жендет­теріне көзімен мені нұсқады.
– Менің тілімнің жазығы не?
– Тым ұзын.
– Жұртымның тілі менікінен де өткен ұзын. Сонда соның бәрінің тілін кесе бересіңдер ме?
– Қарсы шыққандардың тілдері түгел кесіледі. Бұлбұл болса да, бозторғай болса да. Тапсырма солай.
– Неге?
– Қожайындарыңның тілін ғана түсінсеңдер жетеді. Ал сендер сияқтылар үшін тіл деген – ауыз қуысындағы басы артық ет.
– Бұл – әділетсіздік қой!
– Шетелде қап кеткен ұлың ақылды екен сенен қайта. Айт­тым ғой тілі салақұлаш мұның деп. Ұстазы – Анна ғой.
– Ғашығы деңіз.
– Қайдағы ғашығы, ойнасы. Қане, әпкел пышақты. Өткір ме?
Қара киімді адамдар қарқылдай күлді.
Осы кезде тілімнің қақ ортасы шым ете түсті. Сосын пышақтың ізі қалған жер удай ашыды. Сезіп жатырмын кесілген тіл үстел үстіндегі шашылып жатқан қара гүлдің жапырақтарының бетіне барып сылп ете түсті. Аузымның іші қанға толып, көзім қарауытып кет­ті. Йод басты ма, әйтеуір есімнен танып қалыппын… Есімді жисам ит ұлып жатыр екен. Ол ұзақ ұлыды.
(Әңгіме көлемді болғандықтан сәл ықшамдалып жарияланды).

Көсемәлі СӘТ­ТІБАЙҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір