АРАЛ ҚАСІРЕТІ – АДАМЗАТ ҚАСІРЕТІ
Осыдан көп жыл бұрын Алматыдан Аралға аттанып, жолға шықтым. Мақсатым – төңкеріс жылдары мен азамат соғысы кезіндегі Арал балықшыларының тағдыры, тұрмыс-тіршілігі жөнінде кітап жазу-тұғын. Бүгінде өткен күндерге көз жүгіртіп ойлап отырсам, айналайын қарт Аралдың сол бір қимас шақтардағы керемет сұлу көркі мен таңғажайып тұлғасы менің әлі де қанаты қатая қоймаған жас қаламыма әлдебір құпиясы мол күш-қуат беріп жатқан екен-ау. Сөйтіп, мен осы кітапты жаздым.
Сол заманда менің қайран Аралымның жан тәсілім етер алдындағы пендедей қиналып жатқан аянышты бейнесі, менің болашақ туындымның жаңа бір қайнар көзі болады деген ой менің басыма келе қоймаған да шығар, сірә. Бірақ мен жақында бір замандарда көз жетпес көкжиегі аспанмен астасып құлан өтпес, құс ұшпас қу медиен шөл далада жатқан көк теңіздің суы сарқылып, құм басқан ақ қайраңға айналған тасбауыр тағдыры туралы жаңа кітап жазып бітірдім.
Міне, өнер дегеннің қандай қатігез екенін көріп отырсыздар. Оның қатігездігінің өзі ондағы тіршіліктің қуаныш, шадымандығымен бірге қасірет, қайғы атаулысы қатар бүкіл көрініп тұратындығында екен ғой.
Бұрынғыны қайдам, бүгінде біз ғұмыр кешіп жатқан мына заманда адамдар да, бүкіл тіршілік атаулы да көз ілеспес жылдамдықпен қысқа күнде қырық құбылып, мың сан өзгеріске түсіп жатады. Ойлап көріңіздерші, талай-талай ғасырларды қамтитын тарих көшінің ішіндегі бас-аяғы бір-ақ тұтам жиырма жыл дегеніңіз, не тәйірі? Көзді-ашып жұмған бір-ақ сәт сияқты емес пе?! Бірақ осы қып-қысқа мерзімде-ақ адам баласы ежелден ақырзаман туралы айтылып келе жатқандардың бәрі де, тіпті адамзат өзін-өзі жойып жіберуі де ықтимал екеніне енді көзі жеткендей болып та отыр-ау. Бүгінде ешқандай ақылға сыймайтын ең қасіретті нәрсе ешқандай соғыссыз-ақ бүкіл әлем бір-ақ сәтте ойран-топан болып, тіршілік атаулы жер бетінен ғайып боп кетуі де ықтимал екендігінде болып тұр. Кейде ойлап отырсам, осы біз анау алып мұхиттың аржағындағы қарсыластарымызды қатаң сынға алып, тойымсыздық, сараңдық, жер бетін химиялық заттармен залалдандыру, оны аяусыз таптап тоздыру, жекебастың байлығы мен пайдасына бола қазыналарын тонау тәрізді күнәһарлықтың һәммасын соларға жаппақ болып, қыза-қыза келе өзіміз ғұмыр кешіп жатқан жеріміздің табиғаты бүгінде қандай адам аярлық күйге түскеніне де көңіл бөлмейміз, бөлгіміз де келмейді. Өйткені мына біздер, өзімізге ұнамайтын ондай оспадарсыздыққа көзді жұмып қойып қарауды өте шебер меңгерген жандармыз. Біз өз тірлігіміздің нағыз ақиқат көріністеріне енді-енді ғана назар салып, көріп тұрған нәрселерімізге енді ғана қайран қала бастадық».
Сөйтсек, шет-шегі жоқ аппақ құм басқан шөл даланың қақ ортасында Алланың құдіретімен қолайнадай болып жарқырап жатқан кешегі көк теңіз – қарт Арал көз алдымызда, о дүниелік болып бара жатқан шалажансар тіршілік иесінше тартылып, солып бара жатқанын көріп, ол туралы енді ғана айтуға мұршамыз болған сияқты.
Бүгінде Қазақстан мен Орталық Азияның кең байтақ алқаптарында бірнеше ай бойы күндіз-түні тоқтамастан тұзды шаң дауылы бұрқырай соғып, бір шаршы шақырым алқапқа бір жылда елу тоннаға шейін тұз жаудырады екен. Жер тозып, ауа мен су уланып, өсімдік атаулы қурап, солып, бір кездердегі көкорай көлтабандар, табиғи тоғайлы биокешендер жойылып барады. Қазірдің өзінде Әмудария мен Сырдария аралығында және Арал жағалауларында көсіліп жатқан кең алқап адамдардың өмір сүруіне жарамсыз жағдайға душар болды. Бұл жерлердегі эпидемиялық, яғни жұқпалы дерт таралу қаупі кез келген сәтте өрттей лап етуі әбден ықтимал. Мен бұл жерде ешқандайда отқа май құйғалы ешнәрсені өршітіп отырған жоқпын. Қазақстанның Ғылым Академиясы дәл осындай тоқетер қортындыға келіп отыр.
Асыра айтпай-ақ қоялық, бірақ Арал теңізінің жағалауындағы тіршілік бүгінде түгелімен дерлік әбден бүлінген, шаруашылықтар тарап кеткен, өздерінің күнкөріс көзі, асыраушысы болған теңізінен айырылған жергілікті халық негізінен қазақтар өз кінәсінен де, өз еркімен де емес, амалсыздан жан-жаққа бытырап көшіп, босып кетті.
Иә, бәле-жала келгенде жаңғыз боп келмейді. Қайран бабаларымыз «жұт жеті ағайынды» деп бекер айта салмаған ғой. Айтпасқа болмайтын, зиялы адамның зығырданын қайнататын тағы да мына бір-екі келеңсіздікке қараңызшы: осы жерде кіндігі кесіліп, қаны тамған қазақтың онсыз да басына түсіп жатқан бәле-мәтер аз болғандай Жаратушы бір Алладан кейін халық тағдырының тізгінін қолына ұстап отырған мықтылардың бірі енді оның ас-суына да ауыз салған сияқты. Мысалы, бүгінде Қызылорда уәлаятының халқы ет пен сүтті Одақ бойынша орташа мөлшерден екі есе кем алады екен. Ал көкөністер мен жеміс-жидек дегеніңізді, тіпті он есе аз алады. Балалар тағамдары да жеткіліксіз. Небәрі елу-алпыс қана балалар асханалары жұмыс істейді. Олар орналасқан үй-жай, ғимараттардың өзі асхана қызыметіне бейімделмеген, қажетті жабдықтармен қамсыздандырылмаған. Ал ауылдық жерлерде балалар тағамдары деген атымен жоқ. Сүт өнімдері ілуде бір ұшырасады. Жекеменшігі барлар жем-шөп пен жайылымдық жерлердің жоқтығынан сиыр ұстап жарытпайды.
Ал енді осы келтірілген деректер мен мысалдардың барлығы жергілікті халықтың денсаулығына қиғаш әсер етпей қойған жоқ. Соңғы он, он екі жылдың ішінде бұл уәлаяттағы адамдарда асқазан-ішек жолдары аурулары үш есеге көбейіпті. Ал асқазан рагы (қылтамақ) дерті бойынша Қызылорда уәлаяты республика бойынша бірінші орында. Ауыз судың қарапайым режімінің түгелдей бұзылуы мен адамның иммундық-қорғаныс қабілеттерін әлсірететін улы заттардың ағзаға өтіп жатуының кесірінен тұрғындардың, әсіресе жас балалардың әртүрлі кеселдерге душар болуы тіпті жиілеп кеткен (он есеге көбейген). Республика бойынша жұқпалы сары аурумен ауыратындардың қырық пайызға жуығы осы аймақтың адамдарына тиесілі екен. Әнебір кезде бұл уәлаятта іш сүзегі, сары ауру, парафит тәрізді жұқпалы кеселдер екі-үш жыл ауқымында отыз бес мәрте лап ете түсті де, сол іш сүзегіне шалдыққандар саны отыз есе көбейіпті.
Аса қадірменді достар! Мен мақтан тұтқан, мен сүйген, орыстың әйгілі ақыны айтқандай, таңғажайып түсініксіз махаббатпен әлі де сүйетін менің туған өлкемнің бүгінде басына түскен зілмауыр тағдыр сыбағасы осындай болып тұр.
Мен жоғарыда дерек есебінде келтірген мағлұматтар 1986 жылдың соңғы кезеңдеріне тиесілі. Содан бері де жыл жарым уақыт өтіпті. Міне, осы уақыт аралығында Арал аймағының азып-тозуы да, сол маңайда ғұмыр кешіп жатқан халықтың да тұрмыстық-әлеуметтік ахуалы бұрынғыдан да күйрей түспесе, құлпыра түспегеніне кепілдік бере аламын. Бірақ дәл Арал теңізінің жағалаулары мен Әму, Сыр атты қос дарияның ортасында мына заманда болып жатқан бұл қасірет бұлай ұласа берсе, адам айтқысыз табиғат апатына әкелуі әбден ықтимал. Ал мұндай зарлы зобалаң жер шарының басқа бір тұсында бар ма, жоқ па, ол да беймағлұм.
Иә, әрбір саналы адам бүгінде ешқандай экологиялық күйзелістерге бейжай қарай алмайды. Әсіресе қайран Арал туралы осы тақылеттес сөз бола қалғанда бүкіл Одақты басына көтеріп, кеудеңді удай ащы запыран қысып: «Құтқарыңдар! Құтқарыңдаршы, Аралды!» деп айқайға басқың келеді. Расын айтсам, сөйтіп айқайлап болып ішімнен осының бәрін анау жоғарыдағылар шынымен естімей ме екен, әлде естіп отырса да естімеген бола ма екен деген ойға кетемін.
Біреу білер, біреу білмес, бірақ бүгінде бүткіл халық атаулы Арал теңізін жер бетінен жойылып кетуден аман сақтап қалуға мүдделі болып отыр.
Мен ғылымнан алыстау адаммын. Бірақ та егер онсыз да климаты қатал Қазақстан мен Орталық Азия үшін қажетті ылғалды бөліп шығарып жататын Арал теңізі жойылып кетер болса, оның адам баласы мен жер бетіне әкелетін залалы, зардабы сұмдық сұрапыл екенін айтып та, ескертіп те жатқан ғалымдарға иланбасқа ешқандай да амалым жоқ. Тіпті ғарышкерлердің де айтуынша, еліміздің тың өлкесіне жаңбыр жаудыратын бұлттар да әуелі Арал теңізінің аспанында шоғырланады екен ғой. Яғни бұлай бола берсе, еліміздің астықты аудандарының өзі көп ұзамай-ақ Аралдың тағдырына душар болады деген сөз.
Тағы да ғалымдардан мысалдар келтірейін: Егер Арал теңізі түп-түгел тартылып, оның орнында қу медиен құладүз қалар болса, бұл маңдағы қалың тұз кристалданып құрғақ ыстық дауылды жел басталып күндіз-түні соғып тұрады да жолындағының бәрін жанды, жансызына қарамай өртше шалып өтіп жататын болады. Даладағы әр жерде ербиген қу бұталар мен бірен-саран шөп-шалаң, оларға қоса, «ақ алтын» дегенді өсіріп жатқан суландырмалы алқаптар да үйіткен терідей күйге түседі.
Қазақстан энергияшылары экономикалық пайда табудың бір жолы ретінде осындағы өзен бойына әлдебір құрылыстар салу немесе «Балқашты реконструкциялау» деген ұсыныстарды қайта-қайта алға тартумен жүр. Мен бұл өңірдің небір жылармандық жағдайы хақында ботаниктердің, зоологтер мен медицина саласындағылардың бірталай зерттеу еңбектерінен де хабардармын. Соларға қарап отырып, әлгі айтылып жүрген «айқын экономикалық пайда» дегенді қуалай беру, күндердің күні болғанда Аралмен бірге Балқаштың да құрғақ құрлыққа әкеп соқтырарына көз жеткізуге әбден болады.
Не айтатыны бар, бұ заманда өзендер мен көлдер бұрын-соңды болып көрмеген жылдамдықпен тез тартылып, қайраңданып барады. Және бұл үрейлі үдеріс біздің ешқандай да ғылыми болжамдарымызға да, ғылыми институттардың керемет біліктілікпен жасаған кесте, жоспарларына да қарамастан ешқандай кідіріссіз, ешқандай іркіліссіз жүріп жатыр. Осының бәрін көзалдыңыздан ойша өткере отырып, Паустовскийдің баяғыда «біз әлі де өте нашар зерттелген әлемде күн кешудеміз» дегенін еріксіз еске алады екенсің.
Өздеріңіз ойлап көріңіздерші! Қазақ жеріне, Алла тағала таңғажайып көркем суреттей қып қондыра салған Көкшетау маңындағы небір көрікті көлдер көз алдымызда тартылып, Балқаштың, Ыстықкөлдің, Севанның деңгейі өте тез төмендеп, тайызданып барады. Арал ажал аузында тұр. Балта тіс, жез тырнақ техниканың түр-түрі қаптаған бұ заманда кез келген өзенді де, кең дарияны да кері қарай ағызып, алуан түрлі апаттарға әкелетін, табиғаттың кескін-келбетін кісі көргісіз күйге келтіре алатын атом электр стансасын салу оп-оңай нәрсе. Мен өзім осы жасқа келгенше кейде кез келген сұлулықты, әсіресе адам баласындағы ақыл-ой, ақ ниет пен салиқалы сана деген киелі ұғымдарды жекебастың бір сәттік пайдасы үшін құрбандыққа шалу, сұлулық атаулыны аяқ асты ету түптің түбінде адамзатқа өлшеусіз қайғы-қасірет әкелетінін талай мәрте көргенмін. Әттең, біз табиғаттың сұлулығын сақтау, адам ақыл-ойының ең әділ өлшемі екенін әлі де түсіне қоймаған сияқтымыз.
Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ,
(1988 ж. тамыз айы).
(Орысшадан тәржімалаған
Мырзан Қайғы)