«СЕМЕЙ ҚАСІРЕТІ»
26.02.2025
710
0

Семей қасіреті – тек Қазақ­станның ғана емес, жұмыр жерді мекендеген күллі адамзат­тың қасіреті. Әлемдік зұлмат, жан түршігерлік трагедия.

Сондықтан қазақ қаламгерлерінің Семей полигоны хақында қалам тербеуі заңды. Өлең, жырлар, поэмалар, романдар туғызған халықтың басына түскен ауыр халді өнер туындысы арқылы айыптау қажет­тілігі туды. Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты Тыныштықбек Әбдікәкімұлының «Қара дала» өлеңіндегі:
Күн кірпігін қаққанда тақыр дала көрінген,
Қалаға да сол тақыр қорқынышты өлімнен.
Қасқыр да жоқ ол жақта,
Арқар да жоқ, құрыған.
Тек,
Ит­тері мияулап,
Мысықтары ұлыған.
Жер төсіне сол жақта Атом сына қаққан-ды,
Мекендейтін халқы да қара халық ақ қанды –
деп келетін жолдардан полигон маңайындағы халықтың ашу-ызасы, ұлт қасіреті көрінеді. Қалың көптің лағнеті жинақталған.
«Семей қасіретінің» авторы Медеу Сәрсеке – қазақ фантастикасының негізін салушы, өндіріс тақырыбын шиырлай сурет­теген, Қ.Сәтбаев, Е.Бөкетов, Е.Бекмаханов туралы тарихи-документальды шығармаларын ке­йінгі ұрпаққа табыстап кеткен жазушы.
Полигонның кіндігінде отырып адамзатқа ажал құштырған кесапатқа үн қосуға азамат, қаламгер ретінде міндет­ті еді.
«Толған ел тарихын жақпар тасқа жазады. Тозған ел басынан кешкенді көз жасымен жуады» деген уәжге бағып, «Семей қасіретін» толғау туралы ой маған сол кез­де келді. Ел-жұртыммен бірге басымнан кешкен ғасырлық қасірет­ті жазбай өмірден ат­тансам, жер басып жүргеніне мәз тоғышардың бірі болам-ау деген жегі ой жиі мазалап, әсіресе полигон таратқан ауыр дерт­тен дәрігерлер жәрдемімен сауыққан кезімде-ақ, 2012 жылы жазу үстеліне шегенделгенім анық», – деп нақтылай түседі.
850 бет­тік деректі тарихи хикаятында адамзат экологиясы, табиғат экологиясы байыпты баяндалады. Қазақ сахарасы сынақ алаңына айналуы болашақтағы зобалаңның басы ғана еді.
Көп ұзамай халық бірнеше ауылға қоныс аударды, біраз бөлігін жарылыс ошағынан 70-80 шақырым жерге екі-үш айға уақытша көшірді.
Ел дауыс айтып елімен, жерімен қоштасып жат­ты. Жазушының бірде құжат­тарды сөйлетіп, арасында полигон құрбанына айналған азамат­тар толғанысын кітаптың өнебойына ұқыптылықпен енгізуі жемісін берген. Мәселен, полигондағы сынақтың зардабын шеккен суретші Кәріпбек Күйіковтің терең тебіренісіне бей-жай қарау мүмкін емес:
«Қатал тағдыр мені анамның құрсағында жатқанымда-ақ аяған жоқ: қос қанаты қиылған құсқа ұқсап екі қолсыз өмірге келдім, тіліммен жалап ас ішіп, Ленинград іргесіндегі пансионат­та қылқаламды тісіммен қысып, сурет салуға машықтандым. Менің сорымды қайнатқан қасірет – Семей полигонымен көрші орналасқан Егіндібұлақ ауданында туғандығым. Полигон зардабын тартқан тірі мұрағат болып, суретшілік өнеріммен күллі дүниежүзін аралап, туған елім тап болған қасірет­ті бейнелеген сурет­терімді көрсетіп, ядролық жарылыстың кеселін әшкерелеп жүрмін…»
Заманның ащы ақиқаты, Жер-Ананың күрсініп аһ ұруы, бейкүнә халықтың полигон зардабынан қасірет шегуі, ұрпақтардың бірнеше буынының айықпас дертке ұшырауы – жазушы жүрегіне қанжардай қадалған мұңлы шындық.
М.Сәрсеке «Семей қасіретін» жазуымен кеңестік заманда менмендікке басып, ол жерде бейбіт халықтың мекендегенін көргісі келмей, түсінгісі келмей озбырлық, өктемдік жасағандарға жазушылық үкімін тақты, қатал айыптады.
Бұл үлкен ерлік болатын.

Арап Еспенбетов,
филология ғылымының докторы, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір