Әдеби сын… игілікті
Бүгінгі әдеби үдерісті қоғамдық санадағы рухани құндылықтар тұрғысынан тұтас қамтып, терең талдап, жинақтаумен қатар, көркем әдебиеттің алдағы асуларына бастайтын сара ойлар, құнды қағидалар жүйесін ұсыну қазіргі әдеби сын үшін оңай болмай тұрғаны рас. Дегенмен өткен 2021 жылдың әдеби сынында біршама жетістіктер бар. Мерзімді баспасөз беттерінде, әдебиеттанушылардың сын кітаптарында әдебиеттің өзекті мәселелері бойынша маңызды талдауларға қол жетті. Әдеби сын соны серпін, қарымды қарқын тапқандай сипат аңғартты.
Жанғара Дәдебаев
«Жұлдыз» жорналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби сынға елеулі орын берілді. «Жұлдызда» заманауи әдебиеттің түрлі мәселелері көтеріліп, әдеби сын өзінің белсенділігін тиісті деңгейде танытты. Жекелеген шығармалар туралы рецензия үлгісіндегі, проблемалық сипаттағы, шығармашылық портрет ыңғайындағы мақалалар қазіргі әдебиет пен әдеби үдерістің бағыт-бағдарын, жаңа тыныс-лебін танытуға лайықты үлес қосты. Сонымен қатар жазушының жан сырын аңғартатын эссе үлгісіндегі сындарлы толғамдар да болды. Бұл орайда С.Сматаевтың бес ойы, С.Ақсұңқарұлының «Барыс жылы туған асау балықпын…» ғұмырнамалық эссесі шығармашылық өмір сыры мен шығармашылық ойлау қырларын тануға талпынған жастар үшін ғибратты. Н.Мықтыбай «Сергек ой, серпінді сөздің ұстасы» мақаласында А.Бақтыгерееваның көсемсөз жанрындағы тереңдігі мен кемелдігі жайын жақсы көрсетті. Н.Сәрсенбаевтың «Мұқағали «Күнделігіне» зер салғанда…» мақаласы сыршыл сипатымен, ой дамыту жүйесінің айқындығымен ерекшеленді. С.Жамкеновтің «Тұрсынның тұлпары» мақаласының мазмұны бай, оқырмандар талғамына лайықты.
«Қазақ әдебиетінде» жарияланған әдеби сын үлгілерінің саны да, жалпы көлемі де аз емес, жанрлық түр жағынан да әр алуан. Ж.Шағатайдың бүгінгі проза, Б.Жүнісбековтің деректі проза, Д.Ысқақұлының әдеби сын хақында жазған шолу мақалалары мәліметтерге, деректерге бай болуымен, оқырмандар үшін мол мағлұмат беруімен бағалы. Әдебиеттанушы Ә.Қали «Тәуелсіздік романы», «Думан Рамазанның әңгімелері» мақалаларында кәсіби біліктілігімен, талдау мен талғаудағы мәнерлі машығымен, ғылыми және көркемдік ойлау қуатының тазалығымен ерекшеленді. Д.Амантай Т.Әсемқұловтың «Тал түс» романы туралы, Қ.Құрманғали Б.Нұржекеұлының көркемдік, эстетикалық және тарихи болжамдары мен толғамдары, қисындары мен қағидалары, тұжырымдары жайында кең құлашты қарыштауларға барған. М.Тәж-Мұрат «Талант табиғаты» эссесінде жазушы С.Асылбекұлының шығармашылығы туралы ойларын ғылым мен өнердің, әдебиет пен әдебиеттанудың, сын мен сырдың тоғысқан тұсында толғаған. Т.Медетбек «Сертке берік мәрт ақындар» мақаласында С.Нұржан мен С.Адайдың ақындық әлемі, дарын даралығы туралы ойларын ыстық ықыласпен, ойын сезімге бөлеп, сезімін оймен байытып ұсынған.
«Қазақ әдебиеті» әдеби сынды, сындарлы ойды бағыттау, тіпті басқару мақсатында бірқатар жаңа түр, жаңа тәсіл, жаңа үлгі қалыптастырды. Солардың бірі – «Алқа отырысы». 2021 жылғы наурыз мейрамы тұсында өткен «Алқа отырысында» жазушы еңбегі, жазудың сыры мен сипатына қатысты зәру мәселелер талқыланды. Оған әртүрлі жанрда жазатын қаламгер қыз-келіншектердің түрлі буын өкілдері қатысып, ғылым және шығармашылық тәжірибе үшін маңызы зор ойлар мен сырлар айтылған.
Газет редакциясы есімдері енді таныла бастаған үш жас автордың қазақ әдебиетін үш жаңа романмен байытқанын байқап, «Параллель» романының авторы Әлішер Рахатқа, «Ай қызы» романының авторы Темірлан Қылышбекке, «Тәнсіз гүлдер» романының авторы Нұрбек Нұржанұлына романдарының қалай, қандай жағдайда жазылғаны, қандай тақырыпты көтергені туралы сұрақтар қойып, олардың әрқайсысының ойларын білген, қазақ әдебиетінің жаңа толқын өкілдеріне сәттілік тілеген.
«Қазақ әдебиеті» газетінің әдебиет үдерісін, әдеби шығарманы насихаттау мақсатында – ойлап тапқан мұндай жаңа тәсілдері шығармашылық тұлғалар, әдебиет пен әдеби сын, оқырман үшін пайдалы, игілікті.
Қазақ әдебиетін және оның ірі тұлғаларының шығармашылығын насихаттауға еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда», сондай-ақ «Ана тілі», «Түркістан» газеттерінде, «Ақиқат», «Үркер», «Жалын», «Мұқағали» жорналдарында лайықты көңіл бөлінді.
Электронды басылымдардың қатарында Қаламгер.кз https://qalamger.kz/ әдеби-танымдық порталында жарияланған әдеби сын мақалалардың көркемдік-эстетикалық, танымдық мәні мен маңызын арнайы атап өтуді жөн көремін. 2021 жылы жарияланған мақалалардың тобында Әуезхан Қодардың «Мағжан және орыс символизмі», «Хайдеггер мен Қорқыт», «Өтежан мен Гомер» мақалалары автордың ойлау кеңістігінің кеңдігімен, талдау мәнерінің кемелдігімен, қисындарының негізділігімен дараланды. Маралтайдың ақындығы туралы Несіпбек Дәутайұлының «Қанатының астына маржан тағып…» мақаласы анық та айқын шыншылдығымен, тебіреністі сыршылдығымен бағалы. Мақала авторы Маралтай туралы: «Әлей ақын. Құйма талант. Сұңғыла суреткер. Поэзияның сирек мүсiншiсiнiң бiрi. Мәрт», – дейді және осы пікірлерінің әрқайсысын нақты талдаулар өзегінен өріп шығарады.
Ә.Асқаровтың жазушылық өнері туралы Қ.Ергөбектің «Алтай жыршысы», М.Мағауиннің жаңа прозасының алтын өзегі жайында А.Тойшанұлының мақалалары – құрылымдық бітімі келісті, мазмұндық-мағыналық болмысы баянды, сындарлы сынның үлгісі.
Т.Әсемқұловтың «Талтүс» романының басты идеясын ашуға арналған А.Кабдуллинаның, Ж.Әбдірашевтың поэтикасын парықтаған С.Құлбарақтың мақалалары, А.Сүлейменов һәм 60-жылғылар туралы А.Қалшабектің толғанысы өткен қаламгерлердің шығармашылық мұрасын бүгінгі әдеби үдеріспен шектес саралауымен маңызды.
2021 жылы әдеби сында сындарлы пайымдау мен ғылыми зерделеу ұстанымдары ұштасып жатқан бірнеше еңбек жарық көрді. Солардың ішінен мынадай бірнешеуін атап өткім келеді:
1. Құлбек Ергөбек. Адамның бір қызығы бала деген… Қазақ балалар әдебиеті мәселелері.
2. Гүлзия Пірәлі. Қазақтың қаламгер қыздары.
3. Сәмен Құлбарақ. Уақыт және әдебиет.
4. Сәмен Құлбарақ. Әдеби бейне және оның жасалу жолдары.
5. Қазіргі қазақ әдебиеті. Авторлар ұжымы.
6. Жүсіпбек Қорғасбек. Қыш адам: Әдеби эсселер мен өмірбаяндық
Хикаяттар.
7. Армиябек Сағындықұлы. Қиялдың көркем көкжиегі. Сын мақалалар.
2021 жылы әдебиет мәселелері туралы жазылып, түрлі баспалардан шыққан көп кітаптың ішінде біздің көзіміз түсіп, көңіліміз тоқтағаны – осы 7 кітап. Осы 7 жақсының ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша жарық көргені – Қ.Ергөбек пен Ж.Қорғасбектің кітаптары. Аталған 7 кітаптың тақырыптық аясы айқын, жанрлық саласы анық, талдау, жинақтау, бағалау стилі сара.
Қ.Ергөбектің кітабы бірнеше бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде автор қазіргі балалар поэзиясының а) бесік жыры,ә) тақпақ, б) жұмбақ сияқты түрлерін даралап, олардың әрқайсысына нақты сипаттама береді, таңдамалы үлгілері негізінде тиянақты, тағылымды талдаулар жасайды. Кітаптың екінші бөлімінде Ө.Тұрманжанов, Б.Соқпақбаев, Қ. Әбдіқадыров, М.Әлімбайұлы, Ә.Дүйсенбиев, Ж.Смақов, М. Жаманбалинов, Қ.Баянбаев, Н.Әлімқұлов, Ж.Кәрбозин, Т.Дәуренбеков, С.Әлімқұлов, М.Қаназ сияқты қаламгерлердің оқырмандарына үлгі боларлық, тәлім-тәрбие, тағылым берерлік шығармаларын талдап, олардың шығармашылық даралығын, шеберлігін ашады. Кітаптың «Балалар әдебиетінің бақшасында» деп аталатын үшінші бөлімінде балалар әдебиетінің бірқатар өзекті мәселелері пайымдалған. Автор қазақ балалар әдебиетінің қалыптасу, даму жолдарын саралап, қазіргі ахуалын бағалады, келешектегі өсу, өркендеу бағыттарын барлады. Балалар әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармашылық жетістіктерін көрсетті, жетпей, жетіспей жатқан жайларына да назар аударды. Кейбір авторлардың шығармашылық өміріндегі бүгінгі заман адамдарының көбіне белгісіз, ашылмай жатқан, танымдық, тағылымдық маңызы үлкен деректер мен мәліметтерді қорытты. Сыншының талдаулары заманауи әдеби үдеріске негізделеді. Ойлары нақты талдаудан өріліп шығады.
Г.Жайлауқызының «Қазақтың қаламгер қыздары» кітабы екі бөлімнен тұрады. «Парасатты проза» бөлімі Н.Құлжанованың (1887-1934) шығармашылық өмір жолынан басталып, Ш.Құмарова, З.Ахметова, Ш. Бейсенова, М.Қожахметова, Ж.Солтиева, С.Досжан, Р.Мұқанова, А.Кемелбаева, Д.Мамырбаева, Л.Қоныс, М.Омарова, М.Жылқыбаева мен Ш.Жылқыбаева, Ұ.Айтөлен секілді қаламгер қыздардың шығармашылық портреттеріне жалғасқан. Кітаптың «Поэзия поэтикасы» атты екінші бөлімінде Қ.Бұғыбаева, Р.Асанқызы, О.Тұржан, Қ.Әбілдақызы, Ш.Жұбатова, Б.Бекетова сияқты бір топ қаламгер қыздардың ақындық әлемі сараланған. Автор әдеби сын, әдебиеттану саласында Ә.Құрманғалиқызы, Ә.Бөпежанова, Қ.Мәдібаева, Л.Мұсалы қатарлы тұлғалардың сынау, талдау, бағалау үлгілеріндегі ерекшеліктерді саралаған.
Автор бұған дейінгі бір кітабында қазақтың Л.Әуезова, Ш.Сәтбаева, Р.Сыздықова, М.Бағызбаева, Ү.Субханбердина, А.Қыраубаева, С.Күзембаева, А.Осман сынды ғалым қыздарының шығармашылық портреттерінің бүтін бір галереясын жасаған болатын. Осы аталған еңбектерінің тобымен Г.Пірәлі қазақ әдебиеттануы мен әдеби сынында үлкен іс атқарып, білім мен ғылым, әдебиет пен әдебиеттану, әдеби сын қазынасына игілікті үлес қосты.
С.Құлбарақтың «Уақыт және әдебиет», «Әдеби бейне және оның жасалу жолдары» кітаптарында автордың қазіргі әдебиеттің көркемдік ізденістері мен көкейкесті мәселелеріне қатысты әдеби зерттеулер мен сын мақалалары топтастырылған. З.Шүкіров, Т.Ахтанов, Ш.Мұртаза, Ж.Әбдірашев, Н.Дәутаев, Қ.Жиенбай, т.б. шығармашылығы дәстүр және жалғастық жүйесінде пайымдалып, қазіргі әдеби үдеріс бағыты, соны көркемдік ізденіс бағдары парықталған.
Құрамында – Ж.Дәдебаев, Д.Ысқақ, Қ.Мәдібаева, Г.Пірәлі, Ә.Қалиева, Е.Солтанаева, Л.Мұсалы бар авторлар ұжымының «Қазіргі қазақ әдебиеті» кітабы да әдеби сынның байырғы сыры мен қазіргі қырларын сақтай отырып, заманауи әдебиеттің, әдеби шығарманың, әдеби үдерістің, шығармашылық тұлғаның табиғатын заман лебімен, уақыт талабымен бірлікте ашқан. Қазіргі қазақ әдебиетінің барлық салалары бойынша жан-жақты талдаулар жасалған бұл кітапта тәуелсіздік кезеңінің әдебиеті мынадай 7 сала бойынша сарапталған: 1) поэзия, 2) проза, 3) драматургия, 4) балалар әдебиеті, 5) әдеби-көркем сын, 6) көркем тәржіме жайы, 7) әдебиеттану. «Қазіргі қазақ әдебиеті» – 2021 жылғы қазақ әдебиеттануының, оның ішінде әдеби сынның үлкен нәтижесі.
Ж.Қорғасбектің «Қыш адамы» «Әдеби эсселер мен өмірбаяндық хикаяттар» деген жанрлық айқындауышпен нақтыланған. Кітапқа енген оннан астам эссе мен хикаяттың соңғысы дәстүрлі мағынадағы хикаят жанрында жазылған да, қалғандары – әдеби эссе, өмірбаяндық хикаят. Әдеби эссе, өмірбаяндық хикаяттар қатарында дәстүрлі үлгідегі әдеби сын да бар. Автор – әдеби шығармашылықтың сынын, шығармашылық тұлғаның сырын талдау мен жинақтау, пайымдау мен парықтау, саралау мен бағалау сияқты ойлау әрекеттері арқылы ғана емес, бейнелеу, суреттеу амалдары арқылы да танытады.
«Қыш адам» – әдеби шығарма, шығармашылық еңбек, шығармашылық ойлау, шығармашылық тұлға болмысы туралы нұрлы әрі сырлы толғаныс, әдеби сын, әдеби эссе үлгісіндегі жаңа ізденіс нәтижесі.
А.Сағындықұлының «Қиялдың көркем көкжиегі» кітабындағы Қ.Жұмаділов, М.Разданұлы, Ж.Сәмитұлы шығармашылығы туралы мақалалар – әдеби сынның сындарлы үлгілерінің қатарына жатады. Автордың мақалалары талдау нысанының нақтылығымен, ойларының негізділігімен, талдау және баяндау мәнерінің анықтығымен ерекшеленеді.
Асылы, шетелдегі қазақ әдебиетінің қазіргі жайы, әдеби даму үдерісі туралы әдеби сынға кең өріс беруіміз орынды болмақ. А.Сағындықұлының кәсіби жоғары деңгейін, мүмкіншіліктерін пайдаланып, оған осындай шығармашылық ұсыныс жасауды қисынды көреміз.
Әдебиет сыны саласында 2021 жылы жарық көрген кітаптардың тобынан арнайы сипатталған 7 кітап – жыл қорытындысы аясындағы елеулі жетістіктер. 2021 жылғы әдеби сын жанрлық құрамы, стильдік қырлары, танымдық байлығы, көпшіліктің қабылдауына әсерлі болуы, қоғамның көркемдік-эстетикалық сұраныстарына сай келуі жағынан бір қалыпты даму үстінде.
Орны толмай тұрған олқылықтарымыз да бар. Олардың бастысы – әдебиет сыншыларының жаңа буынын қалыптастыруға қажетті жағдайдың жайсыздығы. Ұсыныс ыңғайында әдеби сынның мынадай жанрлық түрлеріне баса назар аударуды дұрыс көреміз:
1. Әдеби үдерістің іргелі мәселелерін қоғамдық сананың қазіргі даму мәселелерімен өзектес өретін проблемалық мақалалардың жазылуы мен жариялануын ұдайы назарда ұстау;
2. Жаңа кітаптар туралы рецензиялардың дер кезінде жариялануы.
Өндірістік сипатта мынадай бір ұсынысым бар:
1. «Жұлдыз» жорналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің PDF нұсқаларын
вебсайтқа еш өзгеріссіз салып, тұтынушылардың оларға жазылуына мүмкіндік беру.
ПІКІРЛЕР1