Дулат ТАСТЕКЕЕВ: УАҚЫТ – ҚАЙТАЛАНБАЙТЫН РЕСУРС
22.04.2022
1779
0

Адам өмірінде рухани құндылықтардан бөлек, қаржылық сауаттылықтың да маңызы зор. Ал руханият пен кәсіпкерлікті ұштастыра отырып, өз саласының биігіне жеткендер санаулы ғана. Солардың бірі – «TAS GROUP» компаниялар тобының негізін қалаушы Дулат Тастекеев сұхбат барысында қаржы саласындағы түрлі мәселелерге тоқталып, бизнес әлеміндегі өзіндік құпияларынан сыр шертті.

Бағынбайтындай көрінетін белестерді мақсат ету керек

– Дулат, әңгімемізді мұхиттың арғы жағынан жеткен ақжолтай хабардан бастайық. Гарвард университетіне қабылданыпсың, құтты болсын! Бұл жолда талай тер төккенің белгілі. Дегенмен мүмкіндік қалай және қашан туды? Бұл оқу орнының талапкерге қоятын шарттары қандай екен?

– Құттықтауыңызға рақмет! Расында, мұхиттың арғы жағынан келген ақжолтай хабарға балаша қуанып, әлі де толқып жүрген жайымыз бар. Сұрағыңызға келсек, былай деп жауап бергім келеді. Тегінде адам баласы білім іздеуін ешуақытта тоқтатпауы керек. Үнемі ізденіс үстінде болғаны абзал. Менің ұстанған қағидам да – осы. Бұған дейін қазақстандық, шетелдік бірнеше білім мекемелерінде оқығаным бар. Бірақ, қарап отырсам, олардың барлығы Гарвардқа дейінгі жолдың баспалдақтары болыпты. Адам алдына үлкен асуларды, құдды бір бағынбайтындай көрінетін белестерді мақсат етіп қоюы керек. Мен бірнеше жыл бұрын «қалайда білім ордаларының ордасына айналған, әлемнің ең озық университеті – Гарвардқа оқуға түсуім керек» деп, өзімді қамшыладым. «Қалай болар екен?» деп алаңдағаным да бар, өйткені аталған әйгілі оқу орнында оқу – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Оқуға тапсырар алдында толтыратын әр құжатына, шарттарына мән бердім, ағылшын тілімнің деңгейін көтердім. Үміткерлерге бірден айтайын, сенің алған білімің мен ағылшын тіліңнің деңгейі жеткіліксіз мұнда, істеген жұмысыңа да, қоғам алдындағы рөліңе де ерекше мән береді. Мәселен, бұл жаққа өзінің атағы, белгілі бір статусы, абыройы қалыптасқан кәсіпкерлердің бірді-екілісі ғана қабылданады. Яғни, кемінде, кандидаттың бизнесті басқару саласында 10 жылдан астам еңбек өтілі болуы керек, өз бизнесі болғаны абзал. Менің кәсіп ашып, оны белгілі бір деңгейге жеткізгенім, қоғамға жасаған азды-көпті жақсылықтарым ескерілсе керек. Осы тұрғыда, жолым болып, оқуға қабылдандым. Түсінікті болуы үшін тағы бір нәрсені айта кетейін. Көпшілік Гарвард деген кезде магистратура мен бакалавриат­ты, одан кейін Гарвард бизнес мектебі мен Кеннеди мемлекеттік басқару мектебін шатастырып жатады. Ал менің түскен оқу орным – Гарвард бизнес мектебі (Harvard Business School executive бағдарламасы OPM Owners/Presidents Management) – бизнеске қатысты Массачусетс штатының Бостон қаласындағы кәсіпкерлерге арналған оқу орны. Көпшілікке оқу бағасы қызық болуы мүмкін, айтайын… Гарвардта білім алу – ақылы. Оқуға қабылданудың өзі арман болса, оған төлейтін ақша да аз емес. Әр өтетін сессияның құны – 47000 доллар шамасында, мен үш сессия оқимын, яғни 150 мыңдай АҚШ доллары кетеді. Мұнда оқудың артықшылығы, тек білім алып қана қоймай, сонымен қатар әлемнің түкпір-түкпірінен келген азаматтармен танысып, сөйлесіп, көптеген тақырыпты талқылаудың нәтижесінде «нетворкинг» орнатуға мүмкіндік туады. Бұл көптен бері армандап жүрген мақсаттарымның бірі болатын. Оқудың басталуын асыға күтіп жүрмін. Биылғы жылдың күзінде, қазан айында оқу басталады. Үш жыл бойы оқимыз.

– Осыдан 12 жыл бұрын қаржы нарығында TASCREDIT компаниясы пайда болды. Ұйым осы уақыт ішінде Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын біраз шетелде танылып үлгерді. Әлемдік нарықта өз орнын табу, мойындату үшін компания қазір не істеп жатыр және нені қаперден шығармауға тиіс?

– Кішкентай дүңгіршекті жалға алып, кәсіп ашқанымыз кеше ғана сияқты еді. Одан бері 12 жыл өтіпті. TASCREDIT компаниясының негізін 2010 жылдың 23 ақпанында қаладық. Жалпы алғанда, 10 жылдық межеден асқан компаниялардың саны елімізде болсын, әлемде болсын, өте аз екен, себебі, жоспарлы түрде жолға қойылған бизнес жобалар ашылғаннан кейін бір жылдық межеден аса алмай жатады. Оған көптеген себептер әсер етуі мүмкін. Ал енді осылай 12 жылдық межеден өткен компания болған соң, біздің алға қойған мақсаттарымыз көп. Соның бірі – Қазақстанның аумағында бизнесті масштабтандыру. Ол жобамызды қазіргі кезде толықтай жүзеге асыра алдық. Қазақстанның барлық өңірінде өкілдіктеріміз, бөлімше-филиалдарымыз бар. Қазақстаннан бөлек, Ресей, Өзбек­стан нарығына да қызметімізді ұсынып жатырмыз. Әрі қарай да басқа мемлекеттерге есік ашып, түрлі елдерде қазақтың қаржы қызметін көрсетуді жоспарлап отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, әлемдік нарықта да өзіміздің орнымызды айқындағымыз келеді.

– Таяуда Бразилияға барып қайт­тың. Бұл өзің көрген 29-мемлекет екен! Әлеуметтік желідегі жазбаңда: «Мен көрген Бразилия мүмкіндіктердің елі екен. Маған кәсіпкер ретінде Бразилияның масштабы, мүмкіндігі, нарығы ұнады. Яғни кәсіп ашып, соны дамытуға болатынына көз жеткіздім. Неге десеңіздер, мұнда бұл сала әлі де толық дамып үлгермеген, халықтың да әлі мұндай іске белсене араласпайтыны байқалып тұр», – депсің. Еріксіз екі сұрақ туындайды. Біріншісі, дәл осы ойыңды Қазақстанға да қаратып айтуға бола ма? Өйткені бізде де игерілмей жатқан сала мол емес пе?
Екінші, бұған дейін барған 28 мемлекеттен көңілге не түйдің? Бәріне тоқталу міндет емес, ерекше әсер еткен, өзімізге үлгі қылуға болады дегендерін айтсаң…

– Иә, жақында ғана Бразилия сапары аяқталды. Бір аптадай Бразилияда болып, алғаш рет Оңтүстік Америкаға барып, сол құрлықтың табиғатына тамсанып, дәстүрлеріне қанық болдық. Жалпы, қай мемлекетке барсам да, қалыптасқан бір әдетім бар. Біздегі барды басқалармен салыстырып, өзіміздің артық-кем тұстарымызды саралап отырамын. Менің де бірінші функциям – салыстыра отырып, өзімше ой қалыптастыру.
Бразилия – әлемдегі жер көлемі жағынан да (дүиежүзі бойынша, бесінші орында), халық саны бойынша да алдыңғы қатардағы мемлекет. Бұл кәсіпкер, бизнесмен үшін үлкен нарықтың бар екенін көрсетеді. Тұтынушылардың саны неғұрлым көп болса, соғұрлым аяғына тұрған бизнестің табысты, сатылымның жоғары деңгейде жүруі – автоматты түрде жүзеге асырылатын дүние. Бұл – бизнесмен үшін маңызды фактор. Әккі кәсіпкерлердің интуитивті түрде көпшілік елей бермейтін дүниелерді байқап, сезетіні бар. Бразилия немесе басқа ел болсын, ақпараттарды интернеттен де, басқа жақтан да алып, ой топшылауға болады. Ал өз көзіңмен барып көргенге ештеңе жетпейді.
Үлкен мемлекеттерге барған кезде, үлкен масштабтарды көргенде жеке тұлғаның да масштабы өсетінін байқап жүрмін. Алматы мен астанадағы әуежайдан ұшып, өзге елдің үлкен әуежайы­на қонған сәттегі алып масштабты, ауқымды сезген кезде адамның ойына «осындай дүниені жасауға болады екен ғой, басқалар істеген нәрсені неге бізге де жасамасқа?» деген сияқты ойлар келеді. Бізде жоқ, бірақ басқа елде бар инфраструктураны көрген кезде де дәл осындай сезім туады. Бір адам жасаған дүниені екінші адамның жасай алатынына толық сенемін. Қазақстанда игерілмей жатқан салалар көп, оныңыз рас, алайда біздің дамытып жатқан өз кәсібіміз бар, әзірге сол бағыттағы жұмысымызды жалғастырамыз.

– 2019 жылдың соңында TAS Group компаниялар тобы бірауыздан жаңажылдық кештен бас тартып, оның орнына Наурыз мейрамын атап өтетін болып еді. Бұл үрдіс жалғасын тауып жатыр ма?

– Өзіңіз айтып отырғандай, 2019 жылдың соңында жаңажылдық корпоративтен бас тартып, «Енді жаңа жылдық кешімізді, бүкіл компанияның бас қосатын стратегиялық сессиямызды Наурыз мейрамының қарсаңында жасаймыз», – деп ортақ шешімге келген болатынбыз. Ұлттық құндылықтарға ден қою, басқа компанияларды да осы бағытқа тарту, қызықтыру, күн мен түн теңелетін әз Наурыздың айрықша рөлі бар екенін көрсету ниетінде осылай ұйғарғанбыз, өкінішке қарай, пандемияға байланысты екі жыл бойы жоспарымызды жүзеге асыра алмадық. Дегенмен, биыл, 2022 жылы сәтін салып, «TAS Group құрылтайы» атты Наурыз думанын ұйымдастырдық. Қазақстан, Өзбекстан мемлекеттерінің қызметкерлері осы шарада бас қосты. Ортақ идеяларымызды ортаға тастап, болашаққа жоспар жасадық. Көздеп, діттеп отырған мақсаттарымызды тағы да айтып, айқындап алдық. Біз, қазақ халқы өз әдеп-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді ұмытпауымыз керек.

Қазақ тілінде іскерлік әдебиет өте аз

– Өткен жылы «Өте маңызды» деген атпен кітабың шықты. «Кітапта кәсіпкерлердің ғана емес, қалың жұртшылықтың да керегіне жарайтындай ақпараттар мол екен», – деп, көпшілік оң бағасын беріп жатыр. Осындай қажетті дүниелерді тағы жазу ойда бар ма?

– Кітап оқуға үйір, білімге құштар адамдардың әрбірінің жүрегінің түкпірінде «оқыған, түйген дүниелерімді кітап етіп шығарсам» деген арманның бар екеніне сенемін. Осы орайда, мен де өткен жылы «Өте маңызды» деген туындыны шығардым. Бұл кітапта жалпы бизнестің дамуында он жылдықта болуы мүмкін деген жобалар қамтылды. Әрине көпшіліктен алған батаны, бағаны көріп, одан әрі қуаттандық. Шыны керек, қазақ тілінде іскерлік әдебиет өте аз. Студент шағымызда, қазақ тілінде экономикаға қатысты бірде-бір кітап таппай күйінген едік. Бизнесмен болып, әрі қарай да білімімізді тереңдетейік дегенде, тағы сол проблема алдымыздан шықты. Әлі күнге дейін өзге тілдердегі кітаптарды оқып жүрміз. Осынау олқылықтың орнын толтыру үшін, кәсіпкерлікке, бизнеске қызыққан жандарға арнап, құнды дүниелерді жазып отырсақ, ол өзінің оқырманын, бағасын табады екен. Алдағы уақытта осы бағыттағы ісімізді жалғастырып, тағы да кітап жазу ойда бар.

– Кітап жазу өз алдына, енді әр аптаның сәрсенбісінде «Өте маңызды» атты радиобағдарламаға шығып жүрсің. «Business FM» арнасында бұған дейін қазақ тілінде бірде-бір хабар болмапты. Бұл да – біздің ақсап жатқан бір тұсымыз. Аталмыш бағдарламада не сөз болады, мақсаты қандай?

– «Business FM»-дегі бұл бағдарламамыз, аталған радионың қазақ тіліндегі алғашқы қарлығаштарының бірі болып тұр. Бұл жерде де жоғарыда айтқан кітаптағыдай мәселе бар. Сол олқылықтың орнын толтырайық, қазақ тіліне басымдық берейік деген оймен ашылған хабар еді. Бағдарламада қаржылық сауаттылықты арттыру жайлы сөз қозғалып, қаржы айналасындағы әңгімелер айтылып жүр. Әрі қарай да бұл жұмысты жалғастырып, шыңдаймыз. Өзінің пікірін білдіремін, қатысамын деген азаматтар болса, есігіміз ашық. Хабарлассын, келсін. Қаржылық сауаты бар, қазақ тілінде емін-еркін сөйлей алатын азаматтарды бағдарламаның қонағы, спикері болуға шақырамыз.

Қаржылай қолдауымыздан өзімізге емес, қоғамға қайтарым күтеміз

– Өзің жиі айтатын әлемдегі тұңғыш долларлық миллиардер Джон Рокфеллер байлығын беталды шашпай, жүйелі пайдаланған әрі көп бөлігін филонтропияға жұмсаған екен. «Рокфеллер қорын» құрып, білім саласына, медициналық зерт­теулерге қомақты қаржы бөліпті. «Чикаго және Рокфеллер» университетін ашып, Орталық Филиппин университетінің құрылысын қаржыландырғаны тағы бар. Өзің де талай игі істерге демеушілік жасап жүрсің. Десе де, долларлық миллиар­дер болып жатсаң, тағы не істер едің?

– Жақсы сұрақ. Долларлық миллиардер болып жатсақ, істейтін игі істеріміз бірнеше есеге өсетіні анық. Бұл қоғамға, айналамызға жақсы әсер етеді. «Жомарттың қолын жоқтық байлайды» деген мақал бар ғой қазақта. Қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігімізді ұмытпауымыз қажет. Осы ретте, 2018 жылы ASSYLTAS қоғамдық қорын құрдық. Жыл өткен сайын қордың әлеуеті артып, ауқымы кеңейіп келеді. Қолдан келгенше таланттарды қолпаштап, жағдайы жоқтарға жәрдемдесіп жүрміз.Тапқанын игілікке жұмсай білген Джон Рокфеллерді үлгі тұтып, ұқсап-баққанымыз абзал.

– «Біз қоғам алдында әлеуметтік жауапкершілігімізді сезініп, оны ұмытпай, жылдық тапқан пайдамыздың бір мөлшерін қайырымдылық пен қоғамдық істерге жұмсаймыз», – депсің тағы бірде. Бұл да Рокфеллер сынды тұлғалардан үйренген іс пе, ата-бабадан келе жатқан қазақы жомарттық па?

– Бұл заманда әлемдік бизнес кеңістігінде трендте тұрған түсініктердің бірі – ESG. Ол – бизнестің әлеуметтік, экологикалық жауапкершілігін, қызметкерлердің алдындағы жауапкершілігін неғұрлым жақсарту деген мәнді білдіреді. Сонымен қатар ата-бабадан келе жатқан жомарттықтың сипаты ретінде, тапқан пайдамыздың белгілі бір бөлігін қоғамға пайдалы істерге жұмсай аламыз. Мұндай мінезді әр азаматтың бойында бар деп айту қиын, алайда жаны жомарт, көңілі дархан халықпыз, сондықтан да табиғи гендік тұрғыда келген қасиетті дамыту үшін текті тұлғалардан үйренетініміз көп.

– Қаңтар оқиғасы туралы ойларыңды әлеуметтік желіде ашық айтып отырдың. «Бұл жағдай елімізде жаңа дәуірдің басталуына себеп болды», – дейтіндер де, «содан бергі төрт айда ештеңе де өзгерген жоқ. Баяғы жартас – сол жартас», – дейтіндер де бар. Сен қандай баға бересің?

– Қаңтар оқиғасы елімізде болған қайғылы сәттердің, қайғылы тарих парақтарының бірі екендігі айдан анық. Дегенмен де сондай кезеңнен кейін серпіліс, жаңару пайда болатынын тарихтан да көре аламыз. Енді, «баяғы жартас – сол жартас» деп айту қиын. Себебі елде өзгеріс бар. Биліктегі өзгеріс. «Балық басынан шіриді» дегенге салсақ, жалпы биліктің бірінші тұтқасында тұрған адамның халыққа қарым-қатынасы көптеген дүниеге тікелей әсер ететін болғандықтан, қазіргі өзгерістерді мен өз тарапымнан да көремін. Әрине, жалғыз адамның қолынан ештеңе келмейді. Жаңарудың барлығын бір адамның мойнына жүктеп қойып, «енді не істер екен?» деп оны сынаумен ғана отыруға болмайды. Өзгерісті әркім өз қолымен жасайды. Біз, мысалы, қалыптасқан қарым-қатынасты өзгертіп, жаңаша бағытқа бет бұратын болсақ, өзгеріс деген – сол. Сондықтан мен оң өзгерістің болатынына сенемін.

– ASSYLTAS қоғамдық қорының идеясымен және қолдауымен «Тұманды қаңтар» атты деректі фильм түсірілді. Бұл да осы ойыңның, көзқарасыңның дәлелі іспеттес…

– Иә, «Тұманды қаңтар» деректі фильмі түсірілді. Фильмді осы күнге дейін 300 мыңға жуық көрермен көріп, оң бағасын беріп, ойларын ортаға салып, басқалармен бөлісіп жатыр. Бұл – жақсы көрсеткіш. Деректі фильмді түсіргендегі ойымыз, қарапайым бір жанның тағдыры арқылы қазаққа қайғы әкелген «қаңтар қасіретін» жан-жақты ашу еді. Жалпы, Конституциямызға сәйкес, адам мен адам құқықтары – басты байлығымыз екенін астын сызып көрсету үшін түсірілген туынды. Осы деректі фильмді жарыққа шығарған, халыққа таратқан, қасымда жүрген барлық азаматтарға алғысым шексіз. Осы іспеттес туындыларды алдағы уақытта да ASSYLTAS қоғамдық қоры жарыққа шығарып отырады. Оқырмандар арасында ерекше идеялары бар жандар болса, бізге хабарлассын, деректі фильмдер сериясын бірлесе жасауға мүмкіндік бар.

– Семейдегі А.Құнанбайұлы атындағы мешітті салуыңа атаң Құлбай Тәстекейұлының Д.Қонаевқа жазған хаты түрткі болған дейді. Осыған тоқталсаң…

– Семей қаласындағы, қазіргі Абай облысының орталығындағы неше жылдан бері құрылысы аяқталмай, қаңырап тұрған мешіттің құрылысын аяқтап, халықтың игілігіне беру бақыты бізге бұйырғаны үшін Жаратқанға шүкір дейміз!
Иә, атам Құлбайдың Дінмұхаммед Қонаевқа жазған хаты болғаны рас. Ол хаттың мәтіні сол мешіт ішінде де ілініп тұр.
«Арыз жазам, Қонаев,
Иманға бет бұрайық!
Ақсуат пен Жданға
Екі мешіт салайық», –
деп сонау қылышынан қан тамып тұрған кеңес дәуірінде атам қаймықпастан ауылымызда діннің, руханияттың құлдырап бара жатқаны жайлы өлеңдетіп тұрып хат жазған. Ол хатты қағазға түсірген – әкем екен. Хат үшін атамыз да, әкеміз де кезінде кеңес өкіметінің азаматтарынан қысастық көрген. Ол кезде жұртшылық атеизм бағытында жүрді ғой. Қатталған хат жайлы білмейтінмін. Ақсуат пен Екпінге екі мешіт салып болған кезде осындай хаттың бар екенін әкем айтып таңғалдырды. Оны дәлелдейтін көнекөз қариялар да бар. Семейдегі мешітті салу, тозығы жетіп, руханиятқа ұйытқы болатын орынның толық аяқталмай тұрғанын көргенде, сол өңірдің перзенті ретінде шырылдап барып, «не істей аламыз?» деген ойдан шыққан бастама болатын.

– «Тарихқа толы Тарбағатай» атты альманахты біраз жылдан бері дәстүрлі түрде шығарып келесіңдер. Кітап Шығыс өлкесінің мәдениетін, табиғатын, таным-түсінігін, тарихын таныстыратын еңбек қой. Болашақта өзге өңірлерді де назарға алу ойда бар ма?

– «Тарихқа толы Тарбағатай» атты альманах – алғашқы баспалдақ деп айтқаным жөн болар. Бұл идеяны Ерден Оралбай деген азамат екеуміз ойға алып, жинақ шығаруды бастап кеттік. Халықққа қажет еңбек екеніне көзіміз жетті, сондықтан мұны Тарбағатай өңірімен ғана шектемей, әрі қарай Алтайдан Арқаға, Арқадан Атырауға дейін­гі жобалармен жалғастыру ойымызда бар. Әрі қарай алып кетіп, жүзеге асыра аламыз деген азаматтар табылып жатса, ынтымақтастыққа, серіктестікке шақырамыз. Ұсыныс күтеміз. Кез келген жобаны соған жаны ашитын адамдар бастамаса, оның толықтай ел игілігіне қызмет ететін деңгейде орындалуына қаржы да көмектесе алмайды.

– «Айтысқа көп бет бұрып кетті», – деп айтатындар жоқ емес. Расымен де айтысқа жиі демеуші боласың. Бұл танылудың, компанияға жарнама жасаудың жолы ма, әлде айтыс өнерін бала күніңнен жақсы көресің бе?

– Рас, «айтысты қолдағанша, жазба ақындарды, әдебиетшілерді қолдасаңшы, оны неғыласың?» деген сыңайдағы әңгімелер жиі айтылып жатады. Бірден айтайын, айтыс арқылы өзімнің атымды шығару немесе оны өз мақсатыма пайдалану деген нәрсе жоқ менде. Жалпы, ұлтымыз, қазақ халқы – сөз қадірін, мәнін түсінетін, сөзге тоқтаған халық қой. Сондықтан да сөздің қадірін білетін азаматтардың айтысты сүймеуі мүмкін емес деп ойлаймын. Менің де бала күнімнен айтысқа қызығушылығым жоғары болды. Сол айтысқа деген бала кезден бергі сүйіспеншілігіміз бүгінгі күні айтысқа демеуші болуға негіз болып жатыр. Айтыстың заманауи форматқа көшкенін, шынайы суырыпсалма, шап­па-шап айтыстың дамығанын қалаймын. Айтыс – тіліміздің көркемдігін көрсететін, тілге деген қызығушылықты ұлғайтуға негіз болатын саф өнер. Сондықтан айтысқа қолдан келер барлық көмекті әлі де береміз. Айтыстың компанияға жарнама беретін тұсы жоқ. Айтыс тыңдармандары біздің қаржы компаниямыздың тұтынушылары бола алады деп айтуға келмейді. Айтысты қолдау – ұлт перзенті ретінде өзіміздің көңіліміздің тояр тұсының көрінісі.

Менде бос уақыт деген түсінік жоқ

– Шығыс Қазақстан бөлініп, Абай облысы құрылады дегенде, «Дулат жаңа облысқа әкім болуға әбден лайық», – деген пікірлер айтылып жатты. Бұған өзің не дейсің?

– Хәкім Абайдың еліне әкім қылып жатқан халыққа ризашылығымды білдіремін. Шынымен қолдап жатқан халықты көріп, қуанып қалдық. Бірақ Абай облысына әкім болу әзірге менің жоспарымда жоқ. Өйткені әлі дамытатын бизнесім бар, оқитын оқуым бар дегендей… Маған негізінен басқа масштабтағы, басқа кеңістіктегі қызметтерді атқару ұнайды. Әкім болмай-ақ, халқымызға жақын болсақ та арман жоқ. Семей облысының жанданып қайта Абай облысы болып құрылып жатқаны – жақсы жаңалық. Енді, қараусыз қалған Семей қаласы, айналасындағы елді мекендер дамиды деп үміттеніп отырған халықтың қуанары сөзсіз.

– Өзіңдей ұлды тәрбиелеген ата-анаң жайлы әңгімеге ойыссақ…

– Ата-анам – қарапайым жандар. Әкем – кәсіпті нәсіп қылған азамат, анам – ұстаз. Ата-анамыз үш бала тәрбие­леді, менен кейін інім мен қарындасым бар. Ата-анамыз бізден тоғыз немере сүйіп отыр. Әкем де, анам да өздерінің жанұясының үлкендері болды, ата-әжем өмірден ерте кеткен соң, іні-қарындастарына пана болып қалды, солардың қанаты қатайып, өз ұясынан ұшқанша, жауапкершілігін арқалады. Оған біз үшеуіміз қосылдық, тоғыз баланы тәрбиелеген отбасы болғандықтан әке-шешеміз бүкіл өмірін бізді бағып-қағуға арнады. Біз сондықтан әр заттың қадірін түсініп өстік, осындай азамат болып қалыптасуымызға, сол ата-ананың тәрбиесі зор әсер етті.

– Енді жеке басқа да тоқталайық, бос уақыт қалай өтеді?

– Уақытты үнемді пайдалануды жасөспірім жасымнан бастап түсіндім. Уақытты қаншалықты пайдалы дүниелерге жұмсасаң, соғұрлым өзіңе қажетті жетістікке жетер нәтиже аласың. Соған байланысты, тайм-менеджмент іліміне қатты қызықтым. Әлі де қызығамын. Түбі жоқ, жаңара беретін ілімнің бірі. Адам баласы өмірде не қалайтынын, бағытын қай арнаға бұрғысы келетінін білгені жөн. Мақсаттарын айқындап алған соң, соған жету үшін уақытты қалай дұрыс пайдалану керектігін де ескергені абзал. Бос уақыт дегенді өзім дұрыс қабылдамаймын. Толыққанды өмір сүретін адам баланста өмір сүреді. Бизнес, кәсібилік, даму, мансап, бала-шаға, туыстар, адамның жеке денсау­лығы, хобби – осының бәріне уақытты дұрыс бөліп, оны қашан, қалай жұмсайтынын түйсінсе, үйлесім болады. Ал оны бос уақыт емес, өзіңе пайдалы, қызықты дүниеге жұмсау деп білемін. Және уақытты нақты жоспарлағанды ұнатамын. Жоспарсыз келген дүниенің жоспарланған дүниеге килігіп кетуіне жол бермеуге тырысамын. «Егер сенің жоспарың жоқ болса, онда сен жоспары бар адамның өмірінің бір бөлшегі ретінде өмір сүресің» деген қағидат бар. Қыс мезгілінде уақытты отбасыммен шаңғы тебуге, табиғат аясында сейілдеуге, кітап оқуға, жазда гольф ойнауға жұмсаймын. Сондықтан бос уақыт дегенге қарағанда, уақытты жоспарлап, оны дұрыс игеріп, пайдалы нәрсеге жұмсауды жөн деп есептеймін.

– Көп рақмет!

Сұхбаттасқан Қанағат ӘБІЛҚАЙЫР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір