«Сен не нәрсені айтпайсың, уақыт?!»
24.02.2023
1356
0

 

Марлен ҒИЛЫМХАН

Жан гүлдеген

Ықшам аудaн сұрықcыз.
Қap кiрлеген,
Жaз кeлмеске кеткендей жaн гүлдеген.
…Жылап қалмау екен ғoй сынaқ мәні,
Бір-ақ таңдaу екен ғoй – Тaғдыp деген.

Oйлар ғажaп кезеңге бет түзедi,
Жолдар қарa түнекке ерт­ті мені.
Жүрек –
пендe бiткеннің аяулысы,
Жүрек –
пендe бiткеннің деpт­ті жерi.

Cенім күмән жiбіне байлaнды да,
Cәтсіздіктеpді әкeлдi қaйғы алдыма.
Жабықтым ба жалaңаш тал астында,
Жалғыздықтa тұнығым лайланды ма?!

Не cебепті кeлгенмін өмipге мен?!
Көп ауыртқaн,
ескірген,
төгілмегeн,
Құпияның ып-ыстық құшaғында
әлденеге құмартқан көңiл көрeм.

Кеуде тұсымды өpтеген дoс қайда екен,
Мөлдiреген жанаpда жас қайда екен?
Кейде Жылдаp,
Адамдаp,
Cәт­теp,
Cөздеp,
Жүpегiңді жыpтқылап тастайды екен.

Ықшам аудан cұpықсыз.
Қаp кiрлеген,
Жаз келмеске кеткендей жан гүлдеген.
…Жылап қалмау екен ғой сынақ мәнi,
Бір-ақ таңдау екен ғой – Тағдыp деген.

Басқақ тоғайында

Жапырақ бүгін – сары, кеше – жасыл…
Беймәлім кеңістікке көшеді өмір.
Өлді екен осылайша неше ғасыр,
Солды екен осылайша неше көңіл?!

Телмірдім құбылғанда құстар үні
Қоп-қоңыр теректерге тоғайдағы.
Күрмеуге келмейтұғын қысқа жібі
Ғұмырдың табылмайды оңай мәні.

Жоғалған айлар біраз әуреледі,
Неліктен шаршамағам ашынудан?
Сүңгимін тұңғиыққа сәуледегі,
Сәбидің күлкісіне жасырылған.

Ғажайып анығында көздің нұры,
Мың ойға малынамын қарағыштап.
Түсер ме жиі айтылған сөздің құны,
Бір күнім бір күніме барады ұқсап?!

Жапырақ күрсінтеді,
күлдіреді,
Қалайша дамыл табам ақтарылмай?
Ғайыпқа көз алдымда сіңді көбі,
Ерке жел ертіп кеткен шақтарымдай.

 

Аяулы сәт­ті еске алам мен де түнде,
Толғантқан,
тебіренткен әр жылдары.
…Бақытсыз емес жұмыр жер бетінде
Жападан жалғыз жүрген жанның бәрі.

Оңашалық

Таусылады тағат түбі,
Сағат безек қағады.
Жан көлінің сан аққуы
Бұлтқа батып барады.

Көп кірбіңді көңілдегі,
Өшіретін келер ме ай?
Күн өтуде өмір мені,
Мен өмірді жеңе алмай!

Бұл ғұмырды бір адаспай,
Сүрер дейсің бірақ кім?
Кей сөзіне құлақ аспай,
Жүректі де жылат­тым.

Өзімді-өзім мазаладым,
Өзімді-өзім күт­тірдім.
Өзімді-өзім жазаладым,
Өзіме-өзім тұтқынмын!

Санадағы қара бұлт­тан,
Қайда алыстап кетер күн?
…Ой астында алабұртқан
Оңашалық екенмін.

Эго

Бұл аумақтың тастары да бейтаныс,
жастары да бейтаныс.
Анда-санда қармен алдай салатын
аспаны да бейтаныс.

Мұнда күннің күйреуі де өзгеше,
Көктің қабақ түйгені де өзгеше.
Жан-жағында қаумалаған жат кісі,
Қабат-қабат үйлері де өзгеше.

Тұнжырай ма ақ таңы мен ақпаны,
Жылжымай ма бұлыңғырлау шақтары?
Тым ауыр ғой тұманытып санасы
Сырласымның сәл мұңайып жатқаны.

Суық екен – алыстаған таныстар,
Күмән-күдік жан-жүйкемді жаныштар.
Суық екен – қаңыраған көшелер,
жамыраған дауыстар…
Көңілімді құбылтқан да – мына маң,
Өмірімді құбылтқан да – мына маң.
…Баяғыша күбірлейді бірақ та,
Ішімдегі бір адам!

Жоғалу

Пенденің көбі – жатбауыр,
Пенденің көбі – күлегеш.
Сенімнің туын ақыры,
Жығып тынды ғой мың егес.

Ұмыт­тым бәрін расында,
Келмеске күндер кет­ті енді.
Қамыға береді екенсің,
Сағына берсең өткенді.

Осынау бес күн жалғанда,
Досым аз шығар… мүмкін көп?!
…Жаныңда жүрген адамдар
Жоғалады екен біртіндеп.

Мағынаcыздық

Күрсіністі талай күн
ғұмыр сүрген кеудемде,
Таң шуағын шашқанда
еске сала берген не?

Олқылыққа бойдағы
оңашада ой домбығар,
Махаббат жоқ жүректе…
үңірейген орны бар.

Кім екенім беймәлім.
Не тындырдым?
Атым кім?
Кей сұлбаны санаға
неге сызып жатырмын?

Ескі сәтке ілесіп ұмытылды жан даусым,
(Ет жақыным жаншыған Сезім –
менде қалған шың.)

Бір әке мен анадан жаратылған жандар да
Түсіне алмай бір-бірін
жүреді екен жалғанда!

Барлығына айыпты дүние еді мына тар,
Жолыққаным – қателік,
Жолыққандар – күнәһар!

Толғаныспен жарысқан
жүйрік уақыт сырғыды-ай,
Шеберлікпен бейнелер
әр суретін бір Құдай.

Жиі суық желімен кері итеріп күз бағы,
Үйге сүйреп келеді түннің қара ызғары.

Уақыт

Уақыт­ты тыңда,
уақыт­тан есті барлығын.

Күз бенен жазды,
Жаныңа тыныштық іздеген жазды,

Өзенге неге баратыныңды,
Ұмытқың келген кезеңді неге
есіңе жиі алатыныңды,

Қиялмен қырдан асатыныңды,
Өткен өмірдің елестерінен
Түсіңде неге қашатыныңды,

Олардың қашан жоғалатынын,
Олардың қашан оралатынын,

Уақыт айтады;

Жалғыздық жыры оқылатынын,
Қасыңда кімнің отыратынын,

Ашынғаныңды,
Кеудеңе нені жасырғаныңды,

Жүректің қашан тоқтайтынын да,
Біреудің қат­ты жоқтайтынын да,

Біреуді қат­ты аңсайтыныңды,
шаршайтыныңды,

Тұншығатыныңды,
Түнектен шығып кетуге құлшынатыныңды.

Уақыт айтады;

P.S. Сұрағын пенде қайталап өлер,
Сәт­тері жауап қайтара берер.

Сен неге кері қайтпайсың, Уақыт,
Сен не нәрсені айтпайсың, Уақыт?!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір