Жырларын уақыт жеңе алмаған ақын
Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қасымхан Бегманов қазақтың белгілі ақыны Әділбек Абайділдановтың туған жері Жетісу облысы Сарқан ауданында аталып өткен 90 жылдық мерейтойына байланысты әдеби іс-шараға арнайы барып қатысты. Ақынның сол сапар туралы жазған сапарнамасы мен Әділбек Абайділданов жайында жасаған баяндамасын қысқартып ұсынып отырмыз.
Қарашаның қарасуығында сыншы, Қазақстан Жазушылар одағының «Шетелдегі қазақ әдебиеті кеңесінің» төрағасы Әрмиябек Сағындықұлының көлігімен ардақты ақын Әділбек Абайділдановтың артында қалған мұрасын жинақтап жүрген ардагер-ұстаз Мырзахан Қабасов аға үшеуіміз Алматыдан Сарқан бағытына қарай жолға шықтық.
Мақсатымыз – дүниеден ерте өткен қазақтың қабырғалы ақыны Әділбек Абайділдановтың тоқсан жылдық мерейтойына арналған мерекелік іс-шараға, әдеби конференцияға қатысу.
Алматыдан шыққан соң көсілген қара жолда Мырзахан ақсақал Әділбек Абайділданов туралы қызықты естеліктерін айтып, ұзақ жолды қысқартты.
Қара жол демекші, баяғы Әділбек пен Жұматай Жақыпбаевтар ары-бері талай жүріп өткен қасқа жол теп-тегіс, әлі сайрап жатыр.
Шөкімдей бұлтсыз аспан, күн ашық, жарқырап тұр.
Қапшағай теңізі де баяғыда Әділбек ақын жырлағандай толқындары тулап, қалада құрылыс жұмысы жүріп жатқан сияқты.
Әділбек ақынның өлеңін арада өткен уақыт жеңе алмапты. Бұл ақынның «Алматы мен Талдықорған жолы» секілді өлеңінен анық байқалады. Бұл – ақынның ұлылығы емес пе?!
Қазақтың талай таланттары өмірге келген таңғажайып, көркем өлке –Сарқанға кіре берістегі қасқа жолда бізді аудандық әкімшіліктің Мәдениет және спорт, ішкі саясат бөлімінің бастығы Дамир Әбдіжәмілұлы, аудандық мәдениет бөлімінің жетекшісі Әлішер Әсетұлы, аудандық газеттің бас редакторы, ақын Жомарт Игіман тәрізді осы елдің атпал азаматтары қарсы алып, қонақ үйге орналастырды. Сол күні аудан әкімі Ғалымжан Маманбаевтың қабылдауында болдық.
Он жеті жыл сегіз әкімге орынбасар болған, бүгінгі Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Маманбаев туған жері – «Қарабөгет» ауылының дамуына зор үлес қосқан азамат. Аудан әкімі ауданның экономикалық әл-ауқаты мен дамуы және елдің әлеуметтік-тұрмыс жағдайы туралы жан-жақты таратып айтып өтті.
Бүгінгі күні есімін көпшілік оқырман біле бермейтін, ақындық тағдыры ауыр Әділбек Абайділдановтың шығармашылығын өз заманында Сәбит Мұқановтан бастап, Жұмағали Саин, Есмағамбет Ысмайылов, Қалижан Бекхожин, Қасым Қайсенов пен замандасы Тұманбай, Төлеген, Сағи, Ғафу ақындар зор құрметтеп, жоғары бағалағанын білеміз.
Ақын Әділбек Абайділдановтың мерейтойына арналған мерекелік іс-шара өтетін «Қарабөгет» ауылына аудан әкімі бастап, жолға шықтық.
Жетісу облысы, Сарқан ауданы, «Қарабөгет» ауылы әл-Фараби атындағы мектепке кездесуге барған қонақтарды ауыл өнерпаздары мен мектеп оқушылары арнайы арнау өлеңдерімен қарсы алып, әдемі көңіл күй сыйлады.
Әдеби конференцияны аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев құттықтау сөзімен ашты.
Конференция үстінде «Қарабөгет» ауылындағы мәдениет сарайына ақын Әділбек Абайділдановтың атын беруге ұсыныс жасалды. Бұл ұсынысты облыстық ономастикалық комиссияға бір ауыздан ұсындық.
«Қарабөгет» ауылы атынан сөз сөйлеген ауыл тұрғыны Балтабек Әбілқасымов ағамыздың менің шығармашылығымды терең біліп, «Дәстүр» ұлттық-этнографиялық журналын алғашқы санынан бастап, жаздырып оқитынын естігенімде қуанып қалдым. Сарқан ауданы мәдениет бөлімінің бастығы Әлішер Әсетұлы, аудандық әкімшіліктің мәдениет және спорт, ішкі саясат бөлімінің бастығы Дамир Әбдіжәмілұлы сөздеріме жазылған әндерді ерекше жақсы көретіндерін айтқанда, еңсем көтеріліп қалды.
«Қарабөгет» ауылдық округінің әкімі Жабайхан Рабиғұлов кезінде Павлодар облысында он жылдай жауапты қызмет атқарған, парасатты азамат екен.
Аудан әкімі халық алдында мерекелік іс-шараға арнайы келген сапарымызға сәттілік тілеп, иығымызға шапан жауып, аудан халқы атынан құрмет көрсетті.
Айналайын, алыстағы, орталықтан жырақта жатқан, ақындардың алтын бесігі – қазақ ауылдары аман болсын!
Қасымдағы серіктерім – Қазақстан Жазушылар одағы шетелдегі қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы, белгілі сыншы Әрмиялбек Сағындықұлы мен Әділбек Абайділдановтың «жоқтаушысы» Мырзахан Қабасов үшеуіміз дүниеден ерте өткен қазақтың қабырғалы ақыны Әділбек Абайділдановтың мерейтойына арналған мерекелік іс-шараға арнайы қатысып, ардақты ақынның жерлестерімен, ауылдағы қарапайым оқырмандармен жүздескенімізге қуандық.
* * *
Ақындардың өмірге келуі мен өтуі кездейсоқ болмайды. Шынайы ақын туған халқы мен туған жері үшін бәріне дайын болады. Бірден емес, әрине, бірте-бірте өмір осыған алып келеді. Әділбек Абайділданов жай ғана ақын емес, ол – тағдырлы ақын. Мықты ақын.
Иә, өмір деген осы. Алматы-Талдықорған жолы әлі де сайрап жатыр.
Ақын Ілияс, Әділбек Абайділданов пен Жұматай Жақыпбаевтар талай ары-бері өткен жол…
Сол баяғы қасқа жол…
Сол Қапшағай. Дәл сондағыдай қайнаған құрылыс.
Мен ақын Әділбек Абайділдановтың «АЛМАТЫ МЕН ТАЛДЫҚОРҒАН ЖОЛЫ» деген өлеңінен үзінді келтіре кеткенді жөн көріп отырмын.
…Толқынын алыстырған,
Көк теңіз. Құрым құстар.
Мұнара жарыстырған,
Қапшағай құрылыстар.
Төсінде нұр түлеген,
Кермеиық кезеңдері.
Кеудемде дүркіреген,
Жетісу өзендері.
Әділбек Абайділдановтың заманынан бері бұл өңірде қанша өзгерістер болғанымен, ақынның өлеңдерін уақыт жеңе алмапты. Өлең кемі алпыс жыл бұрын емес, бүгінгі оқырманға күні кеше жазылғандай жылы әсер етері сөзсіз.
Біздер, менің замандастарым поэзияға алғаш келген кезімізде Әділбек ақынның есімін сирек болса да естіп, өлеңдерін ара-тұра мерзімді баспасөзден оқып қалушы едік.
Сол кезде оқыған өлеңдерімнің бірінде, туған өлкесінің табиғатына деген сүйіспеншілігін «САРАТТЫҢ БОЙЫ САРЫ АҒАШ» өлеңінде ақын ағамыз былай деп жырға қосады:
Төменде Лепсі ағады,
Шекесі күнмен жалтырап.
Баяғы таныс жағада,
Қайың тұр желмен қалтырап.
Қарақұс, әне, кетті іліп,
Шуылдап қалды құс мүлде.
Бір әйел жеміс кептіріп,
Әлі жүр үйдің үстінде.
Қандай сурет! Көз алдыңа еріксіз өз туған ауылың оралады. Ақынның тебіренісі оқырманды қатты толқытады.
Бүгінде есімі көп айтыла бермейтін, тағдырлы ақын Әділбек Абайділдановтың поэзиясын өз заманында Сәбит Мұқановтан бастап, Жұмағали Саин, Қасым Қайсенов пен замандасы Тұманбай, Сағилар құрметтеп, жоғары бағалаған. Дарынды ақынның өмірбаянына тоқтала кетейік.
Белгілі ақын Әділбек Абайділданов 1932 жылы 18 наурызда Талдықорған облысы Ақсу ауданындағы «Бақалы» ауылына қарасты «Бастаушы» бөлімшесінде дүниеге келген.
Әке-шешесінен ерте қалған Әділбек атасы Смағұлдың қолында тәрбиеленген.
1950 жылы Лепсі педагогикалық училищесін бітірген соң, Ақсу ауданының «Октябрь» жетіжылдық мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек еткен. 1951 жылы С.М.Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетіне түсіп, 1956 жылы филология факультетін бітірген.
Алғашқы өлеңдері университет қабырғасында оқып жүрген кезінен республикалық баспасөз беттерінде жарық көрген жас ақын университет қабырғасында жүріп-ақ газет жұмысына белсене араласқан.
1956-59 жылдар аралығында Әділбек ағамыз Талдықорған облыстық «Советтік Жетісу», кейіннен Алматы облыстық «Жетісу», республикалық «Қазақ әдебиеті» газеттерінің редакцияларында әртүрлі қызметтер атқарған.
Әділбек Абайділданов сәтті аудармалар жасаған, Лермонтов, Блок, Иван Франко шығармаларын, орыс кеңес поэзиясының антологиясын аударуға қатысты.
1969 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Латын Америкасының ақындары» жинағынан Чилидің ХХ ғасырдағы әйгілі тұлғалары Габриэла Мистраль мен Пабло Неруданың өлеңдерін, 1976 жылы «Өнегелі адамдар өмірі» (ЖЗЛ) сериясымен жарық көрген «Николай Островский» атты кітапты (авторы Раиса Островская) аударды.
Ақын Әділбек Абайділдановтың есімі өткен ғасырдың алпысыншы-сексенінші жылдарындағы қазақ поэзиясы тарихында оқырманмен етене таныс, өз орны бар. Бұл – дау тудырмайтын шындық. Алғаш әдебиет әлемінің табалдырығын аттаған кезінен сол кездегі ірі тұлғалардан, алдыңғы толқын ағаларынан жылы сөз естіп, шығармашылығына қуана құлаш ұрған талантты ақынның қаламынан: «Ақ қайың» (1961ж), «Салтанат» (1964 ж), «Қыран» (1966 ж), «Алыс көкжиек» (1968 ж), «Маржан» (1971 ж), «Сенемін саған» (1977 ж), «Құс жолы» (1978 ж), «Армысың, махаббат» (1981ж), «Жүрегімнің шұғыласы» (1982 ж) атты жыр кітаптары шығып, оқырмандары көзайым болды.
«Фолиант» баспасынан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлының құрастырып, алғысөзін жазған ақын Әділбек Абайділдановтың өлеңдері мен поэмалары топтастырылған көлемді шығармалар жинағы жарық көрді.
Жасынан саясында өсіп, балалық шағы өткен туған өлкесінің тау-тасы мен өзен-көліне деген шексіз сағынышы талантты ақынның өлеңдерінен анық аңғарылып тұрады.
Мысалы, «Лепсі» атты өлеңін алайықшы.
Өмірде не көп – өзен көп,
Булығып, тасып, тулаған;
Арқырап, қарғып, өзеуреп,
Азан да қазан шулаған.
Кездесіп енді алыпқа,
Бетің бір қайтқан батырсың.
Отыңды беріп халыққа,
Дірдектеп ағып жатырсың.
Осы өлеңдегі «Отыңды беріп халыққа, дірдектеп ағып жатырсың», «мендегі аз-кем жылудың, қаласаң қазір ал бәрін» немесе «Қадірін біле білгенге, мұзы да ыстық бізге елдің» деген теңеулер оқырманды елең еткізеді. Бұл – бұрын-соңды еш ақыннан кездеспеген соны теңеулер. Осы жыр жолдарында ақынның өз қолтаңбасы көрініп тұрған жоқ па?
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев замандас ақыны туралы:
«Әділбек Абайділданов – қазақ жырына «Қыранды» берген, пәк көңілді, романтик ақын. Әділбек – поэзияға өмірді көріп, оқып-тоқып дегендей, табиғи жаратылысымен, жырға деген ғашықтық құмарлығымен араласқан ақын», – деп қырық жыл бұрын жоғары бағалаған екен.
Ақынның 1982 жылы, көзі тірісінде жарық көрген «Жүрегімнің шұғыласы» атты соңғы өлеңдер жинағына алғысөз жазған профессор Тұрсынбек Кәкішев әдемі естелік жайлы былай деп есіне алады: «Алатаудың әсем қойнауындағы саяжайда Сәбит Мұқановтың кезекті демалып жатқан шағы болатын. Күні бұрын телефонмен келісіп алып барған едім, Әділбек саңқылдап өлең оқып отыр. Сәбең қолымен тыныштықты бұзбай «жайғаса бер» деп ымдады.
Аңызға негізделген «Қыран» атты поэмасын оқуды тәмамдағанда, Сәбеңнің жас баладай қуанғанын көзіммен көрдім»,– деген дерек келтіріпті.
Әділбектің таңдаулы туындыларының бірі – «Қыран» поэмасы туралы жаңағы жүздесудің үстінде Сәбит Мұқановтың дуалы аузынан «Ілиястың шалымы бар мұнда» деп ақын шығармашылығын ерекше бағалаған.
Белгілі әдебиеттанушы Баламер Сахариев: «Ілияс поэмаларын оқығандай әсер етеді», деген тұжырым жасаса, замандас інісі, ақын Сәкен Иманасов: «Бұл өзі кешегі Ілияс Жансүгіров сарынындағы бір дем, бір тыныспен төгіліп түскен, бас-аяғы жұп-жұмыр болып тұтаса шыққан бүтін дүние», – деген пікір айтқан.
Ақынның жақын досы Тұманбай Молдағалиев Әділбектің ақындық дарынын дәл тани отырып: «Ол табиғатынан талғампаз ақын, өз өлеңдеріне де соншалықты қатаңдықпен қарайтын. Ол төкпе ақын емес еді. Қиналып, көп толғанып, көп тер төгетін өлең жолында. Бірақ Әділбек қол қойған өлеңдер көбінесе шебер қолынан шыққан жиһаздай көзді де, көңілді де тартып тұратын», – деп тебірене жазады.
Шынында да, даланы жырлау дәстүрін жаңаша жаңғыртуда Ілияс Жансүгіровтің «Бүгінгі дала» өлеңі мен «Дала» поэмасында ұсынған идеялық және көркемдік қағидаттар әлденеше буын қазақ ақындарына бастау-бұлақ әрі өлшем-өнеге болып келді. Оның шығармашылығының арқасында «дала» сөзі шын мәнінде ұлттық символға айналды.
ТУҒАН ЖЕРДІ СҮЙГЕН БОЛСАҢ…
Туған жерді сүйген болсаң, жаяу жүр.
Жарқыным-ау, егер жаяу жүрмесең,
Көзден таса қалар еді анау гүл,
Жүзіңді онда өппес еді алау нұр,
Сен олардың қадірін де білмес ең.
Көк шалғынды белуардан кеш барып,
Жауқазынды жұлып ал да, иіске,
Жауқазындай дала қызын еске алып,
Тарта бер сен самал желді төске алып,
Қайнай берсін ыстық сезім жиі іште.
Осы өлеңдегі шалыс ұйқас, соны ой, ақынның туған жерге деген шексіз махаббаты оқырманды тебірентеді.
…Кей пысықтар орын алған
тап төрден,
Біреулерге сөйлесін деп жақ берген.
Жаны сүйген бір еңбектен басқаны,
Өмірде әсте білген емес Тәкберген.
Жастай тұрмыс жетегінде ол кеткен,
Шынықтырып күн қақтаған,
жел де өпкен.
Қиындықтың құрбысы боп белдесіп,
Қабырғасы ерте қатқан еңбекпен.
Ал, ақынның «Тәкберген» атты осы өлеңін оқығанда неге екені белгісіз ақын Есенғали Раушановтың «Мұратберген, оқудан құлап келді» деген өлеңі есіме түсе берді. Ақындық үндестік деген осы болар.
Өмір де – өнер. Өнер де – өмір. Ендеше, өмір мен өнерді қатар ұштастыра отырып, артына мол рухани мұра қалдырып, қыран жетер биікке көтерілген Әділбек Абайділданов – тумысы бөлек ақын.
Ақынның өнер өлкесіндегі соқпақтары да сан тарау – өлеңдер мен дастандар жазды, шебер аударма жасады, сын, публицистика саласында да артына өшпес мұра қалдырды.
Мына үш шумақ өлең ақынның «Қайран жеңгем» өлеңінен алынды, бірге оқиық:
Мұңлық едің, кеудесіне кек түйген,
Қабақ қату, күлкі қашып
кетті үйден…
Бір күндері суық хабар сап етті,
Сол қағаздан жүрегіңе оқ тиген.
Көрші-қолаң, у да шу боп топтасты,
Аза тұтты, арысыңды жоқтасты.
Тауыстың сен көз жасыңның
көлшігін,
Ажарыңды біржолата тот басты.
Қайтерсің-ай, есіңнен де жаңылдың,
Сені, мүмкін, алып қалған
жаны ұлдың…
Қара түннің бір пұшпағын
жыртып ап,
Басыңа сен содан қара жамылдың.
Өз басым қара түннің бір пұшпағын матадай жыртып алып, басына орамалдай жамылдың деген теңеуіне тәнті болдым. Бұл шумақтардан оқырман ақынның өз қолтаңбасын, өз пайым-парасатын терең аңғарады.
ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақ поэзиясында өзіндік терең із, мол мұра қалдырған ақиық ақынның бірі – Әділбек Абайділдановтың еңбегі уақыт өткен сайын жарқырай бермек.
Ардақты ақын Әділбек Абайділдановтың рухына фатиха! Жаны жәннатта болсын.
Біздің осы сапарымызды ұйымдастырған, сапардың сәтті өтуіне тілектес болған Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып пен «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, жазушы Дәурен Қуатқа алғысымыз шексіз.
Қасымхан БЕГМАНОВ