«Уақыт жебесі» оқырманға жол тартты
02.07.2024
1037
0

26-маусым күні Алматыдағы Достық үйінің қастерлі шаңырағында Қазақстанның Құрметті жазушысы, көрнекті публицист, қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы Деректі проза кеңесінің төрағасы, Алтын Жұлдыз сыйлығының, Ж.Жабаев атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Педагогикалық ғылым академиясының академигі, профессор Марат Байділдаұлы Тоқашбаевтың «Уақыт жебесі» атты бестомдығының тұсаукесері өтті.
Жиынға Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, көрнекті ақын Қасымхан Бегманов модераторлық етті.

«Суреттер сөйлейді» деген тақырыптағы фотокөрме автордың шығармашылық іссапарларынан туындаған өзіндік фотошежіресі іспетті. Жаңаша форматта өткізілген тұсаукесер рәсімінде мерейтой иесіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауы тапсырылды. Жиында сөз алғандар Марат Байділдаұлының жарты ғасырдан астам ұлт баспасөзіне талмай қызмет етіп келе жатқанын тілге тиек етті. Бұл аралықта ол «Білім және еңбек» журналында, «Халық Кеңесі» газетінде қызмет етті. «Заң газеті», «Қазақстан» телеарнасы, «Қазақстан-ZAMAN», «Президент және Халық» сияқты бұқаралық ақпарат құралдарына басшылық жасады. Көркем-әдеби, қоғамдық-саяси, этнографиялық тақырыптарда 20-дан астам кітаптары жарық көрді.
Жазушы-публицист қоғам өміріндегі оқиғалар мен құбылыстарға жанашырлықпен үн қосады. Әлеуметтік желілерде жазған дүние­лері мемлекет пен қоғамның өткір мәселелерін қозғайды. Проблемаларды шешудің жолдарын ұсынады. Бестомдықта жазушының отаншыл пейілінен, патриоттық дүниетанымынан туған дүниелер топтастырылған.

Абзал ТОҚАНОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір