ТОҚТАП ҚАЛҒАН УАҚЫТ
Жақында америкалық жазушы Марк Твеннің «Менің платондық сүйіктім» атты шығармасын оқыдым. Шынымды айтсам, оқыған дүниелерімнің ішінде мені тебіренткен шығарма болды. Бұл хикаяны оқу барысында мағынасын бірден түсіну, қорту мен үшін кішкене қиын болғаны рас. «Неге? Қалай? Не себепті?» деген сұрақтар мазалады Қайталап оқыдым. Ептеп тереңіне бойладым. Жалпы шығарманың философиясы түске, кәдімгі адамның ұйықтағанда көретін түсіне негізделгенін ұқтым. Яғни үнемі қайталанатын бір түс, бір адам. Бұл жерге адамның арманын да қоса кетуге болады. Себебі сюжет желісінде арман тақырыбы да көтерілген.
Басты кейіпкер –Твен. Өмір бойы бір қыз туралы ойлайды және үнемі түсінде көреді. Осы тұста мені ойландырғаны – ол түстегі кейіпкерлер уақытқа тәуелсіз, жасының өзгермейтіні болды. Ал оянған сәтінде мүлде басқа, уақытпен еріп, жасы ұлғайып отырады. Бұл сонда уақыт түстің әсерінен зымырап өтіп кетті ме? Әлде арманның жетегінде жүріп, өмірінің қалай өткенін байқамай қалудың өкініші ме? Себебі шығармада бірінші түсінде кейіпкер жасы он жетіде болса, оянған сәтінде он тоғызда. Ал бесінші түсінде де он жеті жаста, бірақ оянған сәтте жасы алпыс үшке келген кезі-тұғын.
Шығарма шынайы, таза, мөлдір махаббатты жырлаған деп ойлаймын. Себебі түсінде олар қайда жүрсе де бір-бірін таниды, аңсап күтеді. Әр түсте кейіпкерлердің сыртқы түрі, яғни шашы, көзі өзгеріп отырады. Алайда бас кейіпкерді сыртқы келбеттің өзгерісі мүлде алаңдатпайды. Керісінше, оған деген сезімі көрген сайын артады. Меніңше, адам қандай болса да, қайда болса да оның бір ұмытылмайтын аяулы сәті, кідіріп, тоқтап қалған қастерлі уақыты болатын сыңайлы. Сол қастерлі сәтті адам түсте болса да іздеп табатын секілді. Себебі екі адамда бір-біріне деген сенім мен махаббат бар.
Қаншама шығарма оқисың. Әрине, бәрі бірден түсінікті бола бермейді. Кейде ондай дүниелерді түсінбей жатсаң, ары қарай жалғастырып оқығың келмейді. Бұл шығарманың мағынасын түсіну қиындау болғанымен, бәрібір қызықтырып, астарын түсінгенше оқуға тартып тұрады. Бір түсінгенім, арман асыл, биік және шынайы болуы керек. Шындықтың кейде бұлыңғыр, күңгірт және жасанды сипаты да бар. Арман – ол адамның көкейіндегі ізгі ниеті, болашақтан күтер үміті. Жүрегіңнің терең түкпірінде жатқан терең, өткір, шынайы қалау, сезім…
Аружан ОРАЗБАЙ
Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар
және Әлем тілдері университетінің 2-курс студенті