Дулат аға
09.04.2025
498
3
Біз жазушы Дулат Исабековтің шығармаларында жиі айтылатын Арыс пен Сарыағаш қалаларының аралығында, теміржолдың бойында орналасқан Монтайтас ауылында туып-өстік. Ауылымызда жазушының Нәбиалы және Пәрмен деген екі ағасының отбасы тұратын-ды.
Дулат ағамыздың алғашқы «Бекет» деп аталатын кітабы шыққанда, монтайтастықтар: «Дулат өзінің ағасы туралы жазыпты», – деп шу ете қалған көрінеді. Ол кезде біз әлі мектепке бара қоймаған баламыз. Үлкендердің қандай кітап оқып, не айтып жүргенін түсіне бермейтінбіз.  Сөйтсек, Нәбиалы, Пәрмен және Дулат ағаларымыз жастай жетім қалып, бірін-бірі сүйеп өскен жандар екен. Үйдің үлкені Бибіқали әпкеміз бен Нәбиалы көкеміз болғандықтан, тіршіліктің ауыр салмағы, алдымен, солардың иығына түсіпті. «Бекет» повесінде жазушы өзінің үлкен ағасының інілеріне қалай қамқор болып, ерте есейгенін нәзік сезіммен, табиғи көркем тілмен суреттейді. 
Есейе келе естіген әңгімемізді еске алсақ, Монтайтасқа Нәбиалы, Пармен көкелеріміз елуінші жылдардың ортасында Қараспан жақтан көшіп келген көрінеді. Ал Дулат ағамыз Арыстағы мектеп-интернатта, содан соң Түркістандағы әпкесінің үйінде жүріп оқып, онжылдықты бітірген соң, біздің ауылға  келіп, бір жыл монтер болып жұмыс істепті. Шамасы, жазушының «Мазасыз күндер» повесіндегі «бағанаға қатар-қатар қарғадай қонақтаған монтерлар» сол бір кездегі көрген, білген кісілерінің көркем бейнесі болса керек. 
Көзіқарақты оқырман Дулат ағамыздың әдеби псевдонимі «Монтай» екенін білетін болар. Бұл есім біздің ауылға тікелей қатысты. Себебі әлі күнге дейін аулымыздың атын айтқанда көбіне-көп «тасын» ұмытып, қысқаша ғана Монтай дей салатын әдетіміз бар. Міне, сол монтайлықтар әдебиет әлемінде Дулат ағамыздың аты дүркіреп шыға бастаған шақта: «Апыр-ай, кеше ғана ауылда жүрген жіп-жіңішке жігіт еді. Қалтасынан кемпірауызы көрініп жүретін», –  деп әзілдейтін-ді. Жас кезінде Дулат ағамызбен бірге монтер болып, кейін совхоз директорлығына дейін көтерілген Дәрбіш көкеміз сылқ-сылқ күліп: «Әй, ол «ирис» кәмпитті жақсы көретін. Өзінікі таусылып қалғанда, менен сұрап алатын», –  деп  отырушы еді. Қазір ол кісілердің көбі дүниеден өтіп кетті…
– Ә-әй, оқыдыңдар ма? – деуші еді бізге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін Пиянбек ағай, – Дулаттың «Тіршілік» деген повесі шықты ғой журналға. 
– Оқыдық! – деп бүкіл класс шу ете қаламыз. Оқымағандар да сол шудың ішіне қосыла кетеді. Өйткені шындықты мойындауға ешкімнің дәті бармайды. Пиянбек ағайдан бәріміз қорқатынбыз. Өңі сұсты кісі еді. 
Бірде сабаққа Аудақ деген кластас бала сәл кешігіңкіреп келді. Үйінен шыққан бойы жүгірген болуы керек, ентігіп қалыпты.
– Әй, қайда жүрсің? – деген Пиянбек ағайдың зілді сұрағына көзі жыпылықтап: 
– Ағай, бір кесе шай ішемін деп кешігіп қалдым,  – деп шынын айтты.
– Ой, Киеван! Отыр! – деді ағай жымиып.
Бүкіл класс ду күлдік. Аудақ та еріксіз езу тартып, өз орнына отыра кетті. Сол күннен бастап оған «Киеван» деген ат желімдей жабысты да қалды. Әуелде намыстанып, қызарақтап жүргенімен, кейін өзінің де құлағы үйреніп, «Әу!» дейтін болып алды. 
Дулат ағаның «Тіршілік» повесін алғаш оқи бастағанда көкнәрші Киеван шал мен Қыжымкүл кемпірдің қоржын тамдағы салдыр-салақ тіршілігі көз алдымызға елестеп, мынау бір әпенді адамдардың өмірі туралы  екен-ау дегенбіз. Сөйтсе-е-ек, ол байғұстардың маңдайына жазылған ауыр тағдырдың түп-тамыры тым-тым тереңде екен ғой.
Шығарма аяқталар тұста автор: «Төр алдында қаннен-қаперсіз Қыжымкүл жатыр. Байдың қызы боп дүние қызығын көрмей, әйел болып әуелгі жар қызығын көрмей, ана болып бала қызығын көрмей, жетпіс жыл өмірі күйбең тіршілікпен тураған еттей зу етіп өте шығып, бұ дүниеден аттанып кете барды. Әке қайда, ана қайда, толып жатқан ағалар қайда, шешесі өлгенде мола басында шырқырап жылап қалған іні қайда?» деген қиын сұрақты алға тартады. Расында да, «неге бұлай болды?». Мың-миллион оқырманның бірі ретінде сіз де қалың ойға батасыз. Бәлкім, шығарманың бір тұсында айтылған болар, байқамай өтіп кеттім бе деп қайта парақтайсыз. Содан соң  «Е-е, «Тіршілік» деген атауының өзі бүкіл сұраққа жауап беріп тұр екен-ау!..» деген ой келеді.
Иә,  адам баласы ес біліп, етек жапқаннан бастап, мына өмірдің жұмырбасты, екі аяқты пенде үшін «қамшының сабындай ғана қысқа екенін» біле тұра, байлыққа, мансапқа, жалған атақ пен беделге бола қырқысып жататынын қайтерсіз. Әрі сондай айқастар мен әділетсіздіктің, дүниеқоңыздықтың кесірінен Қыжымкүл мен Киеван секілді момын, қарапайым жандардың жапа шегіп, тағдыры күл-талқан болатынын қалай түсіндірерсіз.
Бала күнімізде біздің ауылдың дәл іргесінен басталатын адырлы даланың мидай тегіс жазығы мен алыстағы қырқа-қырқаларда қыбырлап дермене шауып жүретін кісілерді жиі көретінбіз. Шаңқай түсте оттай ыстық аптаптан бас сауғалап, өздері уақытша қалқайтып тұрғызып алған шайла, итарқаларының астында ерні кезеріп, күнге шыжып жататын. Олар бізге қосымша ақша тауып, дүние жию үшін азапқа түсіп жүрген жандар секілді көрінуші еді. Сөйтсек, күн қақтаған сусыз, шөлейт адырға оларды жетелеп әкелетін әртүрлі тағдыр, әртүрлі ниет болады екен ғой.
Біздің буынның бүгінге дейінгі өмірінің тең жартысы кеңестік дәуірде, атеистік қоғамда өтті. Ол кезде Құранды, хадистер жазылған кітаптарды Самарқанд жақтан келетін имам, ишандардың ғана қолынан көретінбіз. Әйтсе де дінсіз, парықсыз ұрпақ болған жоқпыз. Дулат Исабеков секілді дарынды жазушылардың шығармаларындағы адамгершілік, мейірім, адалдық, жан тазалығы туралы философиялық ойлардың нәрімен сусындап өстік. 
Қатал тағдырдың жазуымен қасына немересін ертіп, дермене шабуға шыққан Тоқсанбай қарттың Омаш деген арам ниетті біреумен еріксіз серіктес болып, құр босқа бейнет кешіп, ақыр соңында бос қайтуы кім-кімнің де ызасын келтіріп, көзіне жас үйіреді. Апыр-ай, бұған дейінгі басына түскен қайғы-қасірет аз ба  еді деп күйінесіз. Бір жақсысы, Тоқсанбай қарт оған өкпелеп келе жатқан жоқ. Керісінше, ұрлықпен келген арам дүниеден ештеңе алмай, көңілі де, қолы да тазарып қалғанын дәтке қуат етіп келеді. Азар тегі қорадағы сиырды сатармыз, әкесінің  көзіндей боп қалған мына баланы қайткен күнде де оқытармыз деп алдағы күнге үмітпен, сеніммен қарайды. Міне, сөйтіп, қазақ атамыз айтқан «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деген қағиданы суреткер оқырман жүрегіне шым-шымдап жеткізіп, дермененің дәрісімен емдегендей қуат беріп, жігерлендіріп жібереді.
Дулат ағаның «Сүйекші» повесінде де тіршіліктің түрлі-түрлі тау­қыметін көріп, бәріне көніп, алдағы күндерден жақсылық та, жамандық та күтпейтіндей көнтері болып алған Тұңғышты алыстан ағайыны іздеп келіп, еліне әкетіп бара жатқан шақта кенеттен қайтыс болуы қиын да күрделі  сұрақ туғызады.  Міне, қараңызшы: «– Қу Құдай, – деді Өмекей оның жас жуған жүзіне қарап тұрып, – соқыр Құдай! Бұл байғұсты аманат боп жүргенде неге алмадың, диуана боп итке таланып жүргенде неге көрмедің, қарақшылардың қолынан неге өлтірмедің, сүйекші боп мола қазып жүргенде неге алмадың. Енді бұ бейшараға бір жақсылық жасайықшы дегенде қолымыздан кеп жұлдың да кеттің. О, опасыз жалған!..»
«Сүйекшідегі» тағдыр тәлкегіне ұшыраған бейшараға жаны ашып отырған оқырман жүрегі осы сәтте дір ете қалады. «Апыр-ай, оған Құдай емес, адам кінәлі ғой, – дейді ашынып, – осылай боларын әу баста неге ойламадыңдар! Неге сонша қатігез болдыңдар?»  Әрине, оны Өмекейдің өзі де түсінгенін шығарма аяқталар тұста бір-ақ біліп, ашынғанда адам не айт­пайды деп, оны да ақтап алғымыз келеді.
Дулат ағаның «Біз соғысты көрген жоқпыз» повесінде де оқырманның жүрегін ауыртатын бір эпизод бар. Ол көпшілігі соғыстан қара қағаз алып, аңырап отырған ауылдағы бір үйден майданға кеткен төрт бірдей азамат бірінен соң бірі дін аман оралып жатқанда көзі жас, көңілі қаралы жұрттың шын ниетімен қуана алмауы. Осы тұста «Неге?» деген қара тастай ауыр сұрақтың жауабын автор ашық түрде: «Бұл қызғаныш емес еді, бұл күндеу емес еді, бұл – тағдырға ренжу, тағдырға налу еді. Жұрттың  бәрінің иығына бірдей түсті деп келген қасіреттің баршаға бірдей шашылмайтынына, шаңырақ таңдайтын сорлылығына білдірген іштей наразылық еді», –  деп береді.
Жазушының «Қарғын» романы – заманауи шығарма, яки түп-тамыры француз тілінің топырағында жатқан халықаралық атауға салсақ – модерн. ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында пайда болған модернизм ағымы да осы ұғымнан бастау алады. Сонау сексенінші жылы, әдебиет пен өнерден социалистік реализм бағытын ғана көргісі келетін Кеңес үкіметі мен коммунистік партияның дәуірлеп тұрған тұсында жарыққа шыққан «Қарғын» романы әдебиетсүйер қауымды бір сілкінтіп өткені анық. Жаңа роман туралы пікір әу бастан-ақ екіге, үшке, тіпті беске жарылды деуге болады. Бірінші кезекте оны жастар ұнатып, қолдан қолға тигізбей, кітап дүкенінен талап алып жатты. Орта буын әрі-сәрі күйге түсті. Таңғалғандар да, тамсанғандар да, ұнатпағандар да осы буынның ортасынан табылды. Ал аға буынның ішінде әдеби талғамы өте жоғары, Батыс, Шығыс әдебиетін түгелге жуық оқыған жандар болмаса, көпшілігі моральдық тұрғыдан  баға беріп, Жасын мен Бағиланың арасындағы мөлдір махаббатты айыптады. Қазақ топырағында дүниеге келген романдардың он пайызы тап осындай пікірталас тудырған болса, онда біздің әдебиетіміз тәуелсіздік заманында  қалт-құлт етіп, дәл бүгінгідей ғаріптің күйін кешпес еді. «Қарғын» романы тұңғыш рет жарық көргенде алғашқы оқырмандарының бірі болған сексенінші жылдардағы студент, бүгінгі академик, қоғам және мемлекет қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедтің таяуда ғана жарияланған мына бір пікірі көкейге қона кетеді: «Жазушы қаламынан шыққан жалғыз роман «Қарғын» қазақ прозасына өзгеше реңк, жаңа леп әкеліп, ұлттық прозадағы постмодернистік бағыттың ізашары болды. «Қарғында» оқиға шарықтау шегіне жеткенде үзіліп, жазушы кейіпкердің кейінгі тағдырын оқырманның өзіне қалдырады. Батыс әдебиеті метапрозасында жиі қолданылатын бұл тәсілді қазақ әдебиетіне тұңғыш енгізген жаңашыл қаламгер Д. Исабеков еді».
Дулат ағамыздың «Әпке» пьесасын біз Алматыға абитуриент болып келіп, студент атанған шағымызда көрдік. Сол күні бір қызылордалық курстасымыздың театрға бара жатып, «Әпке деген кім?»  деп сұрағаны әлі есімде. Біз оған таңдана қарап: «Немене, саған енді орысшалап түсіндіруіміз керек пе? Әпке – старшая сестра ғой», – деп күліп едік. Ол болса, бізге көзін бақырайта  қарап: «Е-е, ол – қыз апа емес пе?!» – деген-ді. Шындығында, ол кезде «әпке» сөзін қазақ қауымы түгел біле бермейтіні рас екен. Кейбір кісілер тіпті: «Шымкенттің диалектісі ғой» деп те жүрді. Дулат ағаның пьесасы М.Әуезов театрының сахнасына шыққаннан кейін ғана «әпке» сөзі барша жұртқа ұғынықты болды десек, артық айтқандық емес.
Жазушының кез келген шығармасына ерікті-еріксіз, саналы-бейсаналы түрде өз өмірінде көрген-білген дүниелері арқау болары анық. Сондықтан да біз Дулат ағаның «Әпке» пьесасындағы басты кейіп­кер Қамажайдың прототипі өзінің туған әпкесі Бибіқали екеніне шәк келтірмейміз. Жастай жетім қалған інілеріне ана орнына ана болып, панасына алған аяулы жанның бойында бауырмалдықпен бірге төзімділік, қайсарлық, керек десеңіз, қатал тағдырдың дегеніне бас ие бермейтін болаттай берік намыс та бар еді.
Осы ретте Дулат ағаның өз аузынан естіген бір әңгіме есіме түсіп отыр. «Қараспанда тұратын кезімізде бір жақын аталас әпкеміздің күйеуі колхоз басшыларының бірі боп қызмет істейтін. Соғыстан кейінгі ауыр жылдар ғой. Ел тоқшылық дегеннің не екенін әлі білмейтін кез. Бір күні әлгі әпке-жездеміздің үйіне ауданнан өкілдер келген болса керек, қой сойылып, дәу қазанға ет асылып жатыр екен. Кешке үйге келгенімізде Бибіқали әпкем «осылардың қарны бір тойсын» деді ме, әйтеуір, Пәрмен екеумізді әлгі үйге ертіп барды. Бірақ қазан-ошақ жақта жүрген әпкеміз бізді ішке кіргізбей, қатты-қатты сөздер айтып, кері қайтарып жіберді. Сол күні аш жатқанымызды ертеңіне-ақ ұмытып, ойнап кеттік. Ал әпкем өмір бақи ұмытпады. Ке­йін жаңағы атасы бір әпкеміз өзінің артық кеткенін біліп, үйге келіп кешірім сұраса да, жүрегі жібіген жоқ. Өле-өлгенше олардың табалдырығынан аттамай кетті», – деп еді жазушы ағамыз.  Иә, әпкенің мінезінде осындай намыс, күш-қайрат болмаса, өз басының қызығы мен бақытын бауырларына деген мейірімге айырбастай алар ма еді деген ой келеді. Дулат ағаның одан кейінгі бірінен соң бірі дүниеге келген «Мұрагерлер», «Кішкентай ауыл», «Ескі үйдегі екі кездесу», «Актриса», «Құстар фестивалі» т.б. пьесалары бойынша қойылған спектакльдерді оңтүстік астанамыздағы М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ю.Лермонтов, Корей театрларының сахнасынан тамашаладық. Соңғы көргеніміз жаңадан ашылған Алматы театрындағы «Бөрте» қойылымы болды. 
ҚР Еңбек Ері, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат ағамыз – бақытты жазушы. Оның шығармалары кеңестік дәуірде орыс тіліне, еліміз тәуел­сіздік алғаннан кейін ағылшын, неміс, француз, швед, итальян, түрік, қытай, араб т.б. тілдерге аударылып, әлем оқырмандарына жол тартты.
Ал пьесалары Еуропадағы, Азиядағы үздік театрлардың сахнасында қойылуда. Бүгінде біздің ауылды бүкіл әлеммен жалғастырып жатқан екі жол бар. Оның бірі – 1888 жылы басталып, 1905 жылы құрылысы аяқталған Ташкент-Орынбор теміржолы. Ал енді бірі – рухани жол. Есімі әлемге танылған жазушы, драматург Дулат Исабековтің классикалық шығармаларының жолы. Бұл жолдар тек біздің ауылды ғана емес, кең байтақ қазақ даласын дүниежүзіндегі барлық өркениетті елдермен жалғастырып жатқаны анық.
Дулат аға ауылды жиі еске алушы еді. Монтайтаста болған қызық оқиғаларды естіген кезде, тіпті көңілденіп қалатын. Бірде біз «Гауһартас» фильмін ауылда алғаш қалай көргенімізді айта отырып: «Аға, есіңізде ме, кино аяқталғанда сіз сахнаға шыққансыз. Ауыл басшылары құрмет көрсетіп, иығыңызға шапан жауып еді ғой», – дегенбіз. Сонда Дулат аға езу тартып: «Е-е, сендер ұмытпаған екенсіңдер-ау… Бірақ ол шапан емес, елу сегізінші размерлі костюм еді. Мен ол кезде қырық сегізінші размерлі киім киюші ем ғой. Иығыма ілген кезде қолпылдап, шапан сияқты болып көрінген шығар… Е-еһ, шіркін, біздің ауылдың адамдарының кез келгенін көшеден ұстап алып, үсті-басының шаңын қағып-сілкіп, әдебиетке кейіпкер етіп енгізіп жіберуге болады-ау», –  деп еді. Жазушының өзі туып-өскен өлкеге деген ыстық сағынышы сол сәтте дауысынан анық аңғарылып тұрған-ды.
Дулат ағамызды мәңгілік сапарына шығарып салып, Кеңсай зиратынан қайтып келе жатқанымызда ердің жасы – елуді еңсеріп қалған жалғыз ұлы Естияр: «Папам соңғы кезде: «Осыдан аздап тәуір болсам, анамның, аға-әпкелерімнің басына барып, қоштасып қайтармын-ау»  деуші еді. Бірақ кейінгі жылдары жабысқан сырқат ол арманына жеткізбеді…» – деп күрсініп еді.  Иә… жазушы ағамыздың ауылға енді қайтып келмейтінін ойлағанда біздің де көзіміз жасаурай береді. 
Нұрғали ОРАЗ
ПІКІРЛЕР3
Қонақ 09.04.2025 | 16:57

Өте жақсы талданған естелік көркем толғау. Осылай жазылуы керек қой

Қонақ 09.04.2025 | 18:32

Жазушыны жазушы ғана таниды. Тамаша жазылған!

Қонақ 12.04.2025 | 21:55

Қазіргі әділетсіздіктің бірі мынау. жазушы деген қауымға әділеттік, тең көзқарас бірдей болуы керек.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір