ҒЫЛЫМИ САНА БОЛМАСА, ЭКСТРЕМИСТІК САНА КҮШЕЙЕДІ
23.02.2022
984
0

Таяуда ҚР Президенті әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Аида Балаева қазақтың бір топ орта буын зиялы азаматтарымен кездесіп, елдегі, қоғамдағы қордалы мәселелерді талқылаған болатын. Сол жиында А.Байтұрсынұлы птындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Анар Фазылжан ұлттық мүддеге, тіл саясатына қатысты маңызды тақырыптарды қаузаған еді. Біз сол басқосудан соң Анар ханымға хабарласып, көкейді тескен сол мәселелерді қайта талқылаған болатынбыз.    

– Анар ханым, қоғамды дүр сілкіндірген қаңтар оқиғасы елімізде қай саланың да ақсап жатқанын көрсетті. Осы дүрбелеңнің астарында не жатыр деп ойлайсыз?

– Қаңтар оқиғасы кездейсоқтық емес: ұлттың, мемлекеттің көп мәселесінің жылдар бойы шешілмеуінің салдары. Әрине, еліміз тәуелсіздік алғалы ілгерілеу көп. Ел болдық, еңсемізді көтердік, ұлттық бірегейлік артты, мемлекеттік сана қалыптасып келеді, біртұтас мемлекет болдық. Егер олай болмаса, қаңтар қасіреті Президенттен бастап мектеп баласына дейін Қазақстанның кез келген азаматын бейжай қалдырмаған оқиға болмас еді. Кемедегінің жаны бір екенін сездірген сол Тәуелсіздік жылдарындағы ең үлкен жетістігіміз – бір ел, бір ұлт екенімізді сезіну. Бұл – үлкен табыс.

Еліміздің болашағына деген үмітім осыдан нәр алады. Болашақ туралы ойлағанда, біздіңше, жедел шаралардан гөрі, бірнеше ұрпақтың дамуын бағдарлайтын ұзақмерзімді жоспардың рөлі зор. Осы туралы ойларымды былайша сабақтағым келеді.

Ең алдымен, мемлекеттік тіл мен мемлекеттің арасына тең дәрежесін қоятын уақыт жетті дегім келеді. Осы күнге дейін бұған немқұрайды қарадық. Қазір саяси элита өз электоратымен қазақша сөйлесуге тырысып жатыр. Қуанарлық жағдай. Бұрын мұны біз армандамаған да едік. Жасыратыны жоқ, билік өкілі осы күнге дейін электоратымен олар түсінбейтін, қабылдамайтын тілмен сөйлесіп келді. Сондықтан халық пен биліктің арасы алшақтап кетті. Неге? Себебі бәрін коммуникация шешеді. Коммуникация жоқ жерде іс ешқашан оңға баспайды. Ал коммуникацияның әмбебап құралы – тіл. Мәселен, шеруге қатысқандарды жаппай «экстремист, террорист» деп атауға қарсылық болуы – заңды. Өйткені ресми ақпарат құралдардың өзі шеруге бірнеше топтың қатысқанын айтып келеді. Оларды  бізге айтылған ақпарат негізінде жіктесек, мынадай картина туады: бейбіт шерушілер: 1) нақты әлеуметтік талап айтқан бейбіт халық, 2) көпті қолдап шыққан, бірақ талабы нақты емес, наразы топ, 3) қызық үшін шыққан сырттан бақылаушы топ («зеваки»), 4) шеру өтіп жатқан жермен өтуге мәжбүр болған кездейсоқ адамдар; қаскөй шерушілер: 5) жағдайды пайдаланып шыққан ұры-қары, 6) сырттан келген элементтер: террористер мен экстремистер; 7) іштен дайындалған террористер мен экстремистер, 8) арнайы дайындалмаған, алайда экстремистерге қосылып кеткен қоғамға агрессиялы пиғылдағы деструктивті топ; тәртіп сақшылары: полиция мен әскер.

Енді осылардың бәріне қарата бір атауды қолдану коммуникацияда қайшылық, түсініспеушілік тудырады. Меніңше, бұл – билік өкілдерінің халқына қарсылығы дегеннен гөрі, олардың тілді коммуникация құралы ретінде дұрыс пайдалана алмауынан туындаған проблема.

Міне, сондықтан енді мемлекеттік тілге өте мұқият қарау керек. Бір өкініштісі, бізде саяси элита, экономикалық элита, ауқатты бизнес-қауымдастық ана тілімізге қазақ халқының ұлттық тілі, қазақтардың тұрмыстағы қатынасына жұмсайтын тіл, той мен өзара әңгіменің тілі деп қарайды. Содан ғой, кейбір жиындарда сыбап, салып, ұрсу үшін шенеунік қазақ тілін, ал маңызды тапсырмаларды беру үшін орыс тілін пайдаланады. Бұл – адасушылық. Қазақ тілі – қазақ ұлтының тілі ғана емес, Қазақстан деген мемлекеттің ресми мемлекеттік тілі.

Қазақстанда әлеуметтік проблемаларды ортаға салып, әлеуметтік жағдайын жақсартуды талап еткен топтар қазақтілділер екені айқын көрінді. Демек, бұл проблеманы зерттеу керек.  Әлеуметтік мәселелер неге қалада көтерілді? Өйткені қазақ халқы қалаланып жатыр. Қалалану, урбанизация – ұлттану процесінің ажырамас бөлігі. Мегаполис ұлтты шыңдайды: экономикалық жағынан қауымдастыққа біріккен ірі елдімекендер – ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың нағыз катализаторы. Мұны адамзат тарихынан жақсы білеміз.

Ал енді Қазақстандағы қалалану үдерісі қалай жүріп жатыр? Қала мен ауылдың арасындағы теңсіздікті жою үшін мемлекет тарапынан қаншама бағдарламалар қолданылды. Бірақ қалалану үдерісі тоқтаған жоқ. Демек, бұл – табиғи процесс, ұлттану үрдерісінің ажырамас бір бөлігі деген сөз. Соны түсінетін кез келді. Сондықтан ішкі миграция мәселелеріне көңіл аударып, соның ішінде ауылдан лек-легімен қалаға жақсы жағдай, жақсы жұмыс іздеп ағылған отандастарымыздың әл-ауқатын жақсарту керек. Қазақты қала құшақ жая қарсы алмай тұр. Әсіресе жастарға қиын. Баспана, жұмыссыздық мәселесі ушығып тұр. Қарапайым мысал, ірі қаланың шет аумағында салынған бейберекет үйлердің бәрінде ауылдан келген жандар тұрып жатыр. Мұның өзі бізге сигнал-тұғын. Ой түйетін оқиғаларды талай бастан кешірген едік. «Шаңырақ» оқиғасы – соның айқын дәлелі.

«Қаңтар қасіреті»  сырт көзбен қарағанда, бір күнде бұрқ ете қалған оқиғаға ұқсас болғанымен, бұл – талай жылдан бергі қордаланған ұлттың мәселесі.

Қазір әлемде жаһандану процесі жүріп жатыр. Ыстық пен суық, күн мен түн сынды кез келген құбылыстың өзіне қарсы үрдісі бар. Жаһанданумен бірге және оған қарсы ұлттану да қатар жүріп жатыр. Мысалы, француздар қазір ағылшын тілінің экспансиясына қарсы франкофондар ұйымын күшейтіп отыр. Ол ұйымға 54 мемлекет мүше, ұйым 88 елге француз тілі мен мәдениетін тарату бойынша қызмет атқарады, ұйым құрамына ресми тілі француз емес мемлекеттер бақылаушы мүше ретінде еніп отыр. Мысалы, Армения. Мұның бәрі – француз тілін сақтап қалу үшін жасалып жатқан шаралар. Француз байлары неге бірігіп, бұған қаржы құйып жатыр? Өйткені оларға Франция мемлекеті керек. Франция мемлекеті тарихта қалуға, дамуға тиіс, өйткені олар ұрпағының Франциямен бірге гүлденгенін қалайды.

Сондықтан мемлекеттік тілге мән бермесек, елдігімізге қауіп төнеді. Оны ұлтаралық жанжал тудыратын фактор, ұлттық экстремизм деп қарамау керек. Егер қоғамда «қазақ тілін талап еткендер әсіреұлтшылдар, жалған патриоттар, шовинистер» деген пікірге жол берілсе, бұл бізді құрдымға апарады. Өйткені қазақ тілін талап ету – ұлттанудың көрінісі ғана, яғни жаһандануға қарсы табиғи реакциясы. Қайта халық өзі талап етіп жатқанына қуануымыз керек. Соны пайдаланып, мемлекеттік тілді көтеріп жіберу керек. Сол кезде не болады? Ұлттық-мемлекеттік бірегейлік күшейеді, себебі қазақ тілі – Қазақстан деген мемлекеттің Туы, территориясы, Елтаңбасы, Әнұраны сияқты мықты, тіпті олардан да биік нышаны. Ұлттық-мемлекеттік бірегейлік күшейген мемлекет дамиды.

 

ТІЛГЕ НЕМҚҰРАЙЛЫ ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ

– Ол үшін қандай шаралар жасаған жөн?

– Осыған қажет шара көп, соның бірі мынадай. Кәсіби біліктілік стандарты дегенді бәріміз білеміз. Лауазымдық нұсқаулық деп те айтып жатамыз. Мемлекеттік тіл – кәсіби біліктіліктің ажырамас бір компоненті. Бұл дегеніміз не? Маманның мемлекеттік тілді өз кәсіби саласында жетік білуі оның кәсіби құзіреттілігін кеңейтеді, кәсіби беделін арттырады. Осыны түсінетін уақыт жетті. Мәселен, педагогсың ба, онда мемлеттік тілді мұғалім деңгейінде, оқушыға мағлұматты түсіндіре алатын деңгейде құзіретің болуы керек. Себебі бұл – кәсіби біліктіліктен нәтиже шығаруға көмектесетін фактор.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында институционалды коммуникация бойынша, соның ішінде медицина саласында зерттеу жүргізілді. Сонда пациент пен дәрігердің арасында коммуникацияның жоқтығы анық көрсетілді, яғни дәрігердің тілін пациент түсінбейді, науқастың тілін дәрігер ұқпайды. Соның себебінен ауру дұрыс емделмейді. Өйткені дәрігер ауруды емдеудің жолын білгенімен, оны пациентке дұрыс түсіндірмесе (түсіндіре алмаса), науқастың аурудан айығуы екіталай.

Түсіндіре алмаудың кесірінен тұтынушы мен қызмет көрсетушінің, сатып алушы мен сатушының, пациент пен дәрігердің, оқушы мен педагогтың, саяси элита мен электораттың арасында конфликт туады.  Коммуникациядағы конфликтің жаппай таралатын қасиеті бар, ал бұл қоғам тұрақтылығына қауіп төндіреді. Сондықтан тілге немқұрайлы қарауға, жай нәрсе деп қарауға болмайды. Бұл – коммуникацияның нағыз қайнар көзі. Стратегиялық маңызы бар «зияткерлік инфрақұрылым» деуге де болады.

Мемлекеттік тілді дамыту жайлы мәселе көтергеннен кейін тағы бір маңызды дүниені айта кетейік. Қазір қазақ тілінде сапалы контент жоқтың қасы. Сапалы контент ең алдымен ұлттық тілде жасалуға тиіс. Қазақ тілінде контент жоқтығын біз оқулық жазған кезде анық байқадық. Сапалы ғылыми мәтін мүлде аз. Kitap.kz, Bilimland, Қазақша Уикипедия, National geographic журналы сияқты саусақпен санарлық ақпарат көздері мен ресурстары ғана біршама сапалы контент дайындап жүр.

Сондықтан Қазақстанда ғылыми диссертацияны жазуға оның қазақ тіліндегі нұсқасы дайындалсын деп шарт қойылса, шіркін. Орыс не ағылшын тілінде қорғауына жол ашық, бірақ мемлекеттік тілдегі нұсқасы міндетті түрде болуға тиіс. Бұл ғылыми сананы қалыптастыруға үлес қосады. Елімізде ғылыми сананың жоқтығынан экстремистік сана күшейіп кетті. Әсіресе, әсіредіншіл сана етек алып барады. Неге? Өйткені қоғам мүшелерінің, жастардың ғылымнан бос санасын улау оңай.

 

ЛАТЫНДАНУ – ЖАҺАНДАНУДЫҢ АЖЫРАМАС ҮДЕРІСІ

– Латын қарпіне көшу жайлы сөз қозғалды. Бірқатар іс-шаралар жасалғанын да білеміз. Алайда қазіргі кезде аталмыш бастаманың алға жылжуы байқалмайды. Бұл жайлы не айтар едіңіз?

– Жаһандану мен мемлекеттік тіл мәселесін айтып отырып, латын қарпіне тоқталмай өту мүмкін емес. Латын графикасы да – ұлттану үдерісінің бір көрінісі. Сондықтан жаһандануға қарсы таразы басы – ұлттану процесін тоқтатып алмай, оған қолдау білдіріп, латынға көшу жұмысын да тоқтатпауымыз керек. Сарапшылар қазір Қазақстанның жазба коммуникация кеңістігі, әсіресе аса маңызды экономика секторында алуантүрлілікке шалдыққанын байқап отыр: кирилл; ресми бекітілген акутты латын; ағылшын тіліне қазақ мәтінін транслитерациялайтын латын; умлаутты (түрікшеге жақын) латын; жетілдірілген жоба бойынша жазылған мәтіндер…

Мамандар мұндай жағдай өте қауіпті екенін ескертеді: мемлекеттік тілдегі жазба коммуникация қоғамның барлық саласында тек бір ғана әліпби негізінде жүзеге аспаса, ұлттық-мемлекеттік бірегейлікке нұқсан келеді. Латындану бүкіл әлемде жүріп жатыр, ал Қазақстанда ол, бір өкініштісі, стихиялы түрге көшті. Оны тоқтату қиын. Себебі латындану – жаһанданудың ажырамас үдерісі. Сондықтан бір әліпбиді бекіту аса маңызды.

САЯСИ ЭЛИТА МЕН ҒАЛЫМДАР ТОБЫ

– Тап осы  мәселеде  ғылым мен саяси элитаның рөлі қандай?

– Осы тұста тағы бір мәселеге назар аудартқым келеді. Қазақстанда, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің мәліметінше, 21 782 ғалым бар. Бұл деген мықты зияткерлік әскер ғой, біздің ойымызша, елдегі маңызды реформалар, нормативтік құжаттар, басқа да мемлекеттік тағдыршешті әрекеттер осы ғалымдардан құралған салалық эксперттік топта қызу талқыланып, пісіп, әзірленуі керек. Себебі ғалым өз кәсіби дағдысына орай мәселені қазбалап, түбіне дейін объективті зерттейді. Ғалымның мамандығы – сол: зерттеу жүргізіп, ақиқатына көз жеткізу. Ғалымдар – ақиқат үшін еңбек ететін нағыз жанкешті қауым. Онсыз ғалым болмайды, залым боп шығады. Билік осыған назар аударса екен. Саяси элита мен ғылыми қауым біріксе, мықты конгломерат түзіледі.

Бүгінге дейін сарапшыларды мазалаған тағы бір ой: саяси элита өзі басқарып отырған электоратын неге зерттемейді? Қоғамда не болып жатыр, қандай мәселе туындап, қайда бағыт алып барады – мұның бәрінен «жоғарыдағылар» бейхабар. Билік өкілі халық алдында сөйлеуі үшін де сол қауымға не керегін түсінуі керек. Бәріне бірдей сөйлей салуға болмайды. Талап қойған қауымның мәселесін жіті ұғынып, соған орай тіл қатуы қажет. Ал оны түсіну үшін саяси элитаның қасына сарапшылар қауымдастығы, ғалымдар тобы шоғырлануға тиіс. Егер қандай да бір эксперттік топтар  құрылып жатса, тілтанушылар әрқашан қолдауға дайын. Тіпті, еліміз үшін тегін жұмыс істеуге бармыз.

 

БАЛАМЕН БІРГЕ АТА-АНАНЫ ДА ТӘРБИЕЛЕУ КЕРЕК

– Қазір «ұлттық идеология» десе, үйреншікті, таптаурын сөз секілді қабылданатын болған. Дегенмен қоғамда орын алып жатқан келеңсіздіктер мен түрлі қақтығыстар ұлттық идеологияның қаншалықты маңызды екенін айғақтап келеді. Сіздіңше, ұлттық идеологияның қайнар көзі неде?

– Ұлттық идеологияның құралы да, өзегі де – тіл, мемлекеттік тіл. Қазақстан азаматтарының санасында ортақ түсініктер, құндылықтар, мәдени кодтар, ізгі ахлақ стереотиптері орныққанда, олар әр тұлғаның күнделікті ойлау, әрекет ету «программасын» басқарғанда, жалпымемлекеттік бірегейлік орнайды, идеологияның мақсаты – осы. Ал бұлардың барлығының сақтаушы, жинақтаушы, жүйелеуші, таратушы мықты әмбебап құралы –мемлекеттік тіл. Қоғамның идеологиялық тұтастығы үшін ең алдымен мемлекеттік тілді қолға алу керек. Екіншіден, ұлттық идеологияның қозғаушы күші мен генераторлары болатын стейкхолдерлерді, яғни қоғамның маңызды азаматтық институты мен әлеуметтік топ өкілдерін анықтап, солармен жұмыс жүргізілсе, абзал еді. Бұл, біздіңше, ата-ана институты, аналар институты,  жасөспірімдер (тинейджерлер) болып жіктеледі.

Педагогикалық процесс туралы іргелі ілім бойынша оның негізгі үш ойыншысы бар: мектеп (мұғалім), бала, ата-ана. Мектеп баламен ғана жұмыс істейді, ата-ана педагогикалық процестен шет қалды. Тіпті отбасында да оның баласына қарауға шамасы қалмады, оған «гаджеттік» тәрбиені қосыңыз. Біздің ойымызша, ата-ананың өзін тәрбие процесіне тартпаса, әрі мұны мектептен басқа істейтін ешкім, ештеңе жоқ болып тұр, ана тілін, ұлттық дәстүрді үйрету қиындап кетеді. Мәселен, бала мектепте қазақша сөйлейді де, үйінде ата-анасымен орысша сөйлеседі. Мұны реттеудің жолы – ата-анамен жұмыс істейтін шараларды қолға алу. Мектеп өміріне көптеп тарту, сөйтіп баламен бірге, ата-ананы да тәрбиелеуден басқа амал қалмай бара жатыр. Мектеп балаға ғана емес, біздіңше, оған қоса ата-анаға да бағытталған тәрбие ошағы болу керек. Қарапайым мысал, баласын мектептен алуға келген ата-анаға «ата-ананың қазақ сыныбында оқитын баласымен орысша сөйлесуі – тәрбие ошағының кодексін бұзады» деген ақпарат беретін ескертулер мектеп қабырғаларында, визуалды кеңістігінде самсап тұру керек. Бала мен ата-ана бірлесіп мемлекеттік тілде өткізетін шаралар, орындайтын тапсырмалар керек-ақ. Мектептің бүкіл визуалды ақпараттық кеңістігі мемлекеттік тілде ғана сауатты да тартымды безендірілуі, оның барлық сыртқы коммуникациясы, хабарландырулары, чаттағы жазбалары, т.б. түгел тек мемлекеттік тілде болғанда ата-ана да процеске тартылады. Айтайын дегеніміз, мектеп тек құрғақ білім берудің емес, ең алдымен шұрайлы тәрбие берудің ошағы болу керек.

Аналар институтына арналған шараларды қолға алмайынша, біздің ұрпақ дүбәра болып қалмақ. Аналар институтын дамыту туралы ойларым бар. Олар көп мәселені қамтымауы мүмкін. Бірақ өзім де ана болған соң, қазіргі қоғамда біздің, аналардың, мәселесі аз емес екенін көрдім, оларды өз басымнан өткердім. Осы туралы өзімізше концепция да жасаған едік, ол осыдан он жыл бұрын еді, бір өкініштісі, проблемалар әлі шешілмеген күйі қалған.

Әйелді ана болу рөліне ынталандыратын, физикалық және рухани денсаулығын қалыптастыратын біз көрсеткен негізгі факторлардың 3, 5, 7, 8-ін тікелей мемлекеттік шаралармен реттеуге болады. Бұл басқа факторларды мемлекет ескермеу керек дегенді білдірмейді. Бұлардың барлығы мемлекеттік саясаттың, мемлекеттің ұзақмерзімді дамуының басымдығы деп танылуы керек, осылайша оны білім беру, денсаулық сақтау, мәдени даму және т.б. саладағы ұлттық саясаттың барлық негізгі міндеттеріне кіріктіру қажет. Мұндай шаралар дәстүрлі отбасылық құндылықтар мен әйелге ең алдымен ана ретінде құрмет мәдениетін қалпына келтіруге ықпал етеді. Бұған мемлекет аянбау керек, себебі оның мемлекет үшін қайтымы аса зор! Мықты дамыған аналар институты азаматтық институт ретінде демографиялық, экономикалық және барлық әлеуметтік саясаттың берік негізі болады, егер қоғамда анаға деген жоғары құрмет мәдениеті жаппай сипат алса, нақты айтқанда, егер әйелдің әлеуметтік рөлі ең алдымен ана болудың өзінде болса және оның өндіргіш күш ретіндегі кәсіби рөлі ана рөлінің статусынан кейін тұрса, мұндай қоғам сөзсіз берік болады. Бізде аналар бала-шағасын асырау үшін өздерінің ана екенін ұмытып кеткен, олар сол себепті жанталасып мансап қуады. Қоғам анаға алдымен ана болғаны үшін әлеуметтік мәртебе беріп, қамқор болса, жағдай өзгерер еді. Ана бала тәрбиесін тек инстинкті әрекет емес, қоғамдық маңызды функция, «кәсіби» жауапкершілік ретінде қабылдар еді. Қоғамның қазіргі өмірінде ана мен әйелдің кәсіби рөлі бір-біріне қарама-қайшы және өзара дербестеніп кеткен. Ана болуды қоғам әйелдің жеке бас ісі деп қарайды. Ал мұны әйелдің негізгі әлеуметтік рөлі, оның әлеуметтік функциясы ретінде тануға жағдай жасау қажет. Сонда ғана барлық, оның ішінде әсіресе репродуктивті жастағы әйелдерді әлеуметтік қорғау жөніндегі нақты шаралар бір жүйеге келтіріліп, оң нәтижеге қол жеткізетініне және елдің адами капиталын сапалы молайту мен дамытуға әсер ететініне кепілдік беруге болады. Бұл бағыт бойынша дәстүрлі қазақ мәдениетінің көпғасырлық тәжірибесі де жоқ емес: әйелге социумда басты рөл берілген, оны ең алдымен әулет мұрагерінің анасы ретінде бүкіл рудың (социумның) қамқорлығына алған. Ананың рөлі әлеуметтік сипатта болды, яғни дәстүрлі қазақ қоғамында әйелдің ана болуы кәсіби рөлге қарама-қарсы болмады. Дәстүр ұстанатын қазіргі қазақ отбасыларында жағдай әлі де солай. Мұндай отбасында әйелдің кәсіби статусын құрметтей отырып, ең алдымен ана болу рөлін бағалайды.

Бізде бүлдіршіндерге арналған ақпараттық кеңістік бар, ал жасөспірімдерге арналған ғылыми, ғылыми-көпшілік, ғылыми-танымдық ақпараттық кеңістік осал. Арнайы телеканал, басқа да ресурстар аса қажет. Ғылыми сана осы кезде қалыптасады, оны қалыптастырмаса, экстремистік, деструктивтік таным жаулайды.

Сосын жобалық менеджментпен әр өңірге лайық нақты жұмыс жүргізу керек. Өйткені қазір Қазақстанның солтүстігі мен шығысында жағдай өте ауыр. Ол жақта қазақ тілінде сөйлейтін қауымдастықтың саны азайған үстіне азайып бара жатыр, 0 жас пен 14 жастаң арасындағы балалар қалған жоқ. Шекаралық аймақтар болғандықтан, жағдай мүшкіл. Стейкхолдерге арналған идеология алдымен осы өңірлерде жүзеге асырылса деген ұсыныс айтқым келеді.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Әңгімелескен Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір