Ұлттық сана және әлеуметтік желі
05.03.2024
401
0

Бүгінгі өзекті мәселенің бірі – ғаламтордағы танымал іздестіру жүйелерінен, мысалы, Google мен Yandex-тен еліміздің арғы-бергі тарихына, ұлт тағдырының шешуші кезеңдеріне қатысты мазмұнды ақпарат табудың қиындығы.

Болған күннің өзінде орыстілді мә­тін­дерінің жұпыны баламасы шығады. Google арқылы Википедиядан Сақтар жөнінде орысша мәлімет сұрадық. Шыққаны – «Антика дәуірінің дереккөздеріне сүйенсек, сақтар – біздің заманымыздан бұрын I мыңжылдықтарда өмір сүрген ирантілдес, жартылай көшпелі тайпалардың жиынтық есімі».
Енді сол Википедиядан әйгілі Тұмар ханым, яғни кәдуілгі Томирис жөнінде ақпарат іздеп көрейік: «Томирис – Сақ массагеттерінің патшайымы». Осы тіркестегі «сақ» және «массагеттер» сөзде­рінің сілтемелеріне үңілсек, «Иран халықтары» және «ирантілдес көшпенді халық» деген анықтамалықтар қайта шығады.
«Есік» қорғанынан табылған «Ал­тын адамның» Википедиядағы танысты­рылымы мынадай: «Алтын адам» – 1969-1970 жж. Алматыдан 53,5 шақырым жердегі Есік өзенінің жанынан археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлердің шартты атауы. Алтындатылған киім үлгісін киінген сақ жауынгері». Бұл анықтамалықтағы «сақ жауынгері» сілтемесіне одан әрі жүгінсек, жоғарыда көрсетілген ирантілдес халықтарға тағы тірелеміз.
Апыр-ай, осы анықтамалықтарда – ондаған жыл бойы жарғақ құлағы жастыққа тимей, археологиялық қазба жұмыстарына айлап-жылдап ғұмырын сарп еткен төл ғалымдарымыздың маңдай тер, адал еңбектерінің бір пұшпағы да көрінбейтінін қайтерсің?! Әрине, мәселе – бабаларымыздың жүріп өткен тарихи жолын кезең-кезеңімен саралап, ғылыми айналымға жүйелі түрде енгізуде болып отыр. Оған қоса заманауи контенттердің тапшылығы тағы бар.
Қайткен күнде де, ғылыми жағынан дәйекті, елдік ұстаным тұрғысынан замана талабына сай дайындалған ақпараттарды танымал әлеуметтік желілерге орналастырудың маңызы күннен-күнге артып келеді.
DataReportal аналитикалық платформасының мәліметі бойынша, 2023 жылдың басында Қазақстанда 17,73 млн. ғаламтор пайдаланушы болған екен, оның 66,8%-ы әлеуметтік желілерде отырған. Ал сол әлеуметтік желілерді тұтынушылардың 86,3%-ы – 18 бен 34 жас аралығындағы жастар.
Жастардың арасында үлкен сұраныс­қа ие әлеуметтік желілерге келетін болсақ, жағдай төмендегідей. Былтырғы жылдың басындағы мәлімет бойынша, Instagram желісінде тіркелгендердің саны – 12,6 млн, ал TikTok-та – 10,41 млн. TikTok-ты Қазақстанда ең көп тұ­тыну­шылардың жасы – 13 пен 24 жас аралығында. Ал Instagram желісін пайдаланушылардың 35-жасқа дейінгілердің үлес салмағы – 70%-дан асады.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан халқының үштен бірін құрайтын осы – 14 пен 35 жас аралығындағы ұрпақ. Олардың саны бүгінде 6 млн-нан асты. Ал ғаламторды жиі пайдаланушылардың жинақтық портретіне келетін болсақ, 15 пен 34 жас аралығындағылардың үлесі – 48,6 %, 35 пен 44 – 23,1 %, 45 пен 54 – 16,7 %, ал 55 пен 64 – 11,7 %. Мұның бәрін жіпке тізіп отыр­ғанымыздың себебі неде?
Сұрақ: Ғаламторды пайдаланушылардың жартысын құрайтын өндірдей жастарымыздың ақыл-ой, парасатын ұштайтын, замана талабына сай бәсекелестік әлеуетін арттыратын танымдық ақпарат­тарды әлеуметтік желілерге жеткілікті дәрежеде жүктедік пе?
Бүгінгі шиеленіскен геосаяси тәуекелдердің тұсында: «Біз кімбіз? Қайдан келдік? Қайда барамыз? Кіммен барамыз? Үзеңгілес серігіміз кім болмақ?» – деген сұрақтар бізді ғана емес, алпауыт елдерді де мазалап отырғаны –шындық.
Жаһандық күн тәртібінің тудырып отырған сын-қатерлеріне дайын болу үшін түп-тегіміз бен рухани мұрамызды саралап, салт-дәстүрлеріміздің етек-жеңін жинап, солардан жүйелі сабақ түзіп, тас-түйін жүруіміз қажет-ау! Тіпті алысқа бармай-ақ, Құдай қосқан көршілеріміздің ішінен де мемлекеттігіміздің баяндылығын әлсін-әлсін жоққа шығарып жүрген әр деңгейдегі қайраткерсымақтардың саны жылдан-жылға көбейіп бара жатқан жоқ па? Солардың қайсыбірі еліміздің бүгінгі сапасына, кешегі өткен жолына топырақ шашқандай әңгіме айта қалса, бүкіл қоғам боп дүрліге қаламыз! Әйтпесе ше, айналамызда, тіпті анау қыр астында болып жатқан геосая­си қақтығыстар мен мемлекетаралық кикілжіңдердің басты себептерінің қатарында заманында қабылданған тарихи шешімдерді бүгінгі сұраныстарға сай қайта қарап, «ревизиялау» жатқан жоқ па? Соның есебінен, саяси терминологияда «қалыптасқан шекараларды қате» деп танып, «жаңа тарих жасау», сәйкесінше «тарихи жадыны түбегейлі өзгерту» секілді ұғымдар басымдыққа ие болуда. Қайсыбір жаңғыртылған тарихи қорытындылар, мәдени ұстанымдар, осылайша, жаһандық арасалмақты өзгертудің идеологиялық негіздеріне айналып отыр.
Мұндай үдерістердің түбі әртүрлі аймақтық дағдарыстарға соқтыруда. Мәселен, бұрынғы ТМД елдерінің арасындағы болып жатқан қақтығыс себептерінің қатарында, В.И.Ленин заманында, одан бергі кеңестік дәуірде қабылданған «территориялық шешімдердің қате болғаны», тіпті кейбір жерлердің «сыйға тартылғаны» жөніндегі уәждердің аталғаны белгілі.
Осылардың бәрін ескерсек, жаһанданудың қазіргі сатысында, әсіресе соңғы кездері жүріп жатқан Палестина мен Израиль арасындағы қарулы текетірестердің тұсында бізге ұлттық бірегейлігімізді (идентичность) түбегейлі анықтап алу – аса зәру мәселеге айналып отыр.
Белгілі америкалық әлеуметтанушы Самюэль Хантингтонның «Біз кімбіз?» атты кітабында мынандай ойлар бар: «2001 жылғы 11 қыркүйектегі трагедиялық жағдайлар (Нью-Йорктегі теракт) Америкаға оның ұлттық бірегейлігін қайтарып берді. Америкалықтардың бір ерекшелігі – олар елдеріне қауіп төнген сәттерде ғана ұлттық бірегейлікке мән бере бастайды». (Самюэль Хантингтон. «Біз кімбіз?» М., «Транзиткнига».
2004 ж., 15-16 бет).
«Ендігі жерде адамдарды бір-бірінен алшақтататын – идеологиялық, саяси не экономикалық себептер емес, мәдени ұстанымдар. Әр халық «біз кімбіз, қай мәдени шеңбердеміз, қандай ұлыстар мен этникалық топтарға жатамыз, қай діни бағыттар мен бірлестіктерге жақынбыз, қайсы өркениеттік топтың өкіліміз» деген сауалдарға жиі жауап іздейді. Алдымен ұлттық бірегейлігін анықтап алмай, ешбір халық саясат тетіктерін өз мақсаттарына табыспен жұмсай алмайды», – деп Хантингтон ойын әрі қарай өрбітеді.
Осыған ұқсас пікірді Фрэнсис Фукуяма да айтқан болатын: «Жаһандық бәсекелестік – мейлі, ол саяси не экономикалық себептермен жүрсін, алдағы уақытта, негізінен, мәдени терминологиямен дәйектелетін болады».
Қайткен күнде де, ұлттық бірегейліктің тамыры оның жүріп өткен тарихи жолынан бастау алады. Ал бірегейліктің архитектоникасы – ұлттың мінез-құлқы, тіршілік жасаудағы қажыр-қайраты, өмір сүру салты, түпкі мақсат-мұраты секілді рухани ұстанымдардан жасақталатыны сөзсіз.
Осы орайда, халқымыздың қазіргі өмір сапасының, пайым-парасат, тарихи сана деңгейінің басты негіздерін толық ажыратып болдық па? Күннен-күнге шиеленісіп бара жатқан жаһандық құбылыстардың оңы мен солын танып, өзіміздің барар жер, басар тауымыздың бағыттарын айқындап алдық па?
Болашаққа қандай ұлттық сапада қадам басуымыз қажет? Кіммен, қай өрістерге бағыт алуымыз керек? Түпкі мұратымыз неде? Алдымызда қандай тәуе­келдер күтіп тұр? Солардан аман-есен, абыроймен өту жолында ұлт болып ұйысуымыз үшін не қажет? Ең маңыздысы, осындай сан-салалы, күрделі сұрақтардың тұжырымдамаларын жасайтын, ғылыми негіздерін анықтайтын жаңа форматтағы мәдениет, өркениет зерттеушілері, саясаттанушылар жеткілікті ме? Замананың озық ғылыми-методологиялық, сандық технологияларын меңгерген жас ғалымдардың жаңа буыны қалыптасты ма?
Бір нәрсе анық – жоғарыда аталған сын-қатерлердің алдын алу үшін ағартушылық салада жүйелі жұмыстар қажет. Замананың алға тартқан сауалдарына салиқалы жауаптар дайындалуы қажет. Кезінде Алаш қайраткерлері де өз миссиясын осы ағартушылықтан бастап еді. Тауарих дөңгелегі шырқ айналып, сол зәруліктерге қайта әкелгенін көрмейсің бе?
Ол үшін, ең алдымен, халық пен мемлекет ұғымдарының біртұтас екенін жүйелі әңгіменің арқауы етуіміз керек. Әрине, ондаған жыл қоғамымызда қалыптасқан қасаң қағидалар мен бұрыс ұстанымдар, көзбояушылық пен әділетсіздіктердің зардабын әлі де шегіп келеміз. Бірақ қайткен күнде де, ертеңгімізді басымырақ ойлап, жаңа мұраттарға ұмтылсақ, оны да жеңіп шығатынымыз сөзсіз.
Өйткені осы ұлы жолда ұлтымыз қалыптастырған озық дәстүрлер жеткілікті. Жаратқанға шүкіршілік, Абайдан, Алаш қайраткерлерінен, басқа да ұлтымыздың ұлағатты тұлғаларынан қалған мағыналы мұра бар.
Оның бер жағында тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында дүниеге келген жаңа ұрпақ бар. Олардың алды өз шаңырағының түтінін түтетіп те үлгерді. Санасы тоталитарлық жүйенің ұғым-түсінік, салт-жоралғыларынан таза. Араларында әлемнің озық университеттерінен білім алғандары да жетерлік.
«Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел», – деп Абай айтқандай, Жаңа Қазақстанның тұғырлы рухани ұстанымдарын қалыптастыратын уақыт әлдеқашан жетті.

Хантингтон Америка халқының мінез-құлық ерекшелігін, дүниетаным өзектерін қалыптастыруға бірден-бір себеп болған «жалпыамерикалық кредо» жөнінде мынандай пікірлер айтады:
«Америкалық сенім-нанымның негізгі принциптері протестанттық идеологиядан бастау алады. Протестантизм әрбір адамның өз тағдырына өзі жауап беру міндетін, яғни жеке жауапкершілігін дәйектеді. Өмір бойы тынбай еңбек етіп, өз тағдырының иесі өзі болуы керегін, осы жолда табыстарға жетіп жатса немесе көлденең кедергілер орын алып жатса, оған да, ең алдымен, өзі жауапты екенін тайға таңба басқандай айқындап берді» («Біз кімбіз?», 117-бет).
Сөйтіп, әрбір адамның өз тіршілігіне, тағдыр-талайына, ең алдымен, өзі жауап­ты екеніне иек артқан протестанттық ұғымдар, түптеп келгенде, Америка халқының ой-пікір, ұждан еркіндігінің негіздерін қалады.
Осы орайда, жіктеп-жіліктеп, айқындап алатын мәселелер бар. Бүгінгі жаһандық бәсекелестік дәуірінде ұлт сипатының қандай қырлары баса айқындалуы қажет? Дүниедегі өз орнымызды түбегейлі шегендеу жолында қандай әлеуетімізді айрықша ыждаһатпен дамытуымыз қажет? Ұлт мінезінің алтын діңгектері қайсы?
Әрине, ұлттық бірегейліктің түп-тамыры – оның жүріп өткен тарихи жолынан бастау алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістандағы Ұлттық құрылтай жиынында: «Ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту өте маңызды. Дамыған мемлекеттің бәрі толық зерттелген төл шежіресін дәріптеуге айрықша мән береді. Бұл істе ел тарихының көптомдық жинағы басты рөл атқарады. Қазақстан тарихының жаңа ғылыми ұстанымдарға сай әзірленген көптомдық жинағы әлі күнге дейін жарыққа шыққан жоқ. Өкінішке қарай, стратегиялық маңызы бар осы мәселе тәуелсіздік жылдарында толық шешімін таппады…
Тамыры терең төл шежіреміз – халқымыздың мәдени кодының өзегі. Оны жан-жақты зерттеп, ой елегінен өткізуге және барынша дәріптеуге қажетті жағдай жасауымыз керек. Бұл – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі», – деген болатын.
Мемлекет басшысы сонымен қатар «Қазақстан аумағында өткен тарихи оқиғалардың әлемдік үдерістермен тығыз байланыста сипатталуының маңыздығын» да арнайы атап өткен еді.
Әңгімемізді одан әрі өрбітейік. Қазақтың байырғы жерінде сонау атам заманнан бері сақталған барша тарихи, мәдени мұраларды – біртұтас Еуразия мәдениетінің құрамдас бөлігі ретінде саралайтын уақыт жетті. Қазақ жері – сол қуатты өркениеттің қазығы қадалған төрі.
Қазақ тарихшысы Б.Б.Ирмуханов: «Сонда қалай, Қазақстан территориясы тек XIV-XV ғасырларда Қазақ хандығы құрылған кезде ғана қазақтардың отаны болғаны ма? Егер мұндай түсінікпен қарайтын болсақ, қазақ халқы – ғасырлар бойы тіршілік кешкен төл территориясына еш қатысы жоқ, яғни автохтонды емес, тарихи жолы күңгірт, басқа аумақтардан көшіп келген жұрт болып шықпай ма?» – деп әділ сауал қойған болатын.
Байырғы еуразиялық негіздер: Алтай – Тұран – Иран – Үндістан (протоарийлік түп-төркін) – Ғұндар – Сақтар – Түркі қағанаты – Шыңғыс хан дәуірі – Алтын Орда – Қазақ хандығы – патшалық Ресейге қараған кезең – Алаш Орда – Кеңестер Одағы – Тәуелсіз Қазақстан секілді ұлтымыздың мемлекет болып қалыптасуындағы шешуші кезеңдерді рет-ретімен зерделейтін, ғылыми түрде тиянақтайтын соны ізденістер керек-ақ.
Осы қатарда, доңғалақ арба мен әскери күймелерді дүниеге алғаш әкеліп, тек қана Еуразия кеңістігіне ғана емес, жалпы, жаһандық өркениеттің дамуына орасан зор пассионарлық серпілістер әкелген – Ертіс, Тобыл өзендерінің сағаларынан табылған – Сынтасты, Арқайым, оның тарихи жалғасы есептелетін, сақтардың бабаларына тікелей қатысы бар – Андронов, ең алғашқы боп жылқы малын қолға үйреткен Ботай мәдениеттерінің, қола заманының ірі сакральды, рухани орталықтарының бірі саналатын Таңбалы петроглифтер галереясының, «Есік» қорғанынан табылған «Алтын адам» кешенінің адамзат өркениетіндегі орнын ғаламдық деңгейдегі пікірталастардың өзегіне айналдыратын уақыт та әлдеқашан келген. Бірақ соны тиісті дәрежеде іске асыра алмай жатырмыз. Мәселен, Ұлы даланың Альтамирасы, ежелгі Шығыстың рухани зиярат орталықтарының бірі саналатын Таңбалы шатқалындағы петроглифтер мен таңба, жазуларды, мифологиялық иллюстрацияларды көне ирандық Авестамен, үндістердің жауһар туындылары Ведалар мен Махабхаратамен салыстыра зерттеп, ортақ рухани өзегін саралай алатын өркениеттанушы, мифологтарды, этно-лингвистер мен жазу тарихын зерттеуші ғалымдардың жаңа толқынын тәрбиеледік пе?
Басқаны былай қойғанда, әйгілі «Алтын адам» кешеніндегі – көне түркі руникалық жазуына ұқсайтын 26 таңбасы бар күміс тостағандағы мәтінді әлі күнге дейін нақты оқи алмай жүрген жоқпыз ба? Ол үшін жалпы емле – алфавит тарихын зерттейтін, бірнеше тілді меңгерген полиглот тілшілер, археологиялық қабаттарды салыстыра отырып өркениеттік байламдар жасайтын мәдениеттанушылар, жасанды интеллект, сандық жүйе мамандары, генеологиялық, онтогенездік, этногенездік құбылыстардың парқын анықтайтын ғалымдардың жаңа генерациясы қажет-ақ.
Сондай жағдайда ғана пиктографиялық табиғаты айқын [аса көнеліктің белгісі] «көне түркілік» деп жүрген таңба жазуларының түп-тамырын әйгілі шумерлік сына жазуларымен, кейініректегі скандинавиялық руналармен салыстыра зерттеуге болар еді. Тіпті әлемдік алфавиттің шығу тегіне тірелген болар ма едік? Әсіресе осы бабаларымыздан қалған жауһар мұраларды заманауи форматтарға сай 3G жүйелеріне көшіріп, әлемнің бірталай тіліне аударып, танымалдығын арттыра түссек, нұр үстіне нұр жауар еді.
Қайткен күнде де, бұл мәселелерді жүйелі мемлекеттік бағдарлама деңгейінде қолға алу керек болады. Оның негізгі салалары төмендегідей болуы мүмкін: Жастар арасында әлгі аталған мамандықтарға деген қызығушылықты арттыру, оларды игеру үшін ерекше мемлекеттік патернализм форматындағы үстеме жағдайлар жасау;
Мәдениеттанушылардың, тарихшы, саясаттанушы, түркологтардың, тілшілердің жаңа буынын қалыптастыру үшін сол мамандықтарға арнайы мемлекеттік гранттар белгілеу.
Арнайы гранттарда тек оқу бағдарламалары ғана емес, түлектердің болашақтағы белді-беделді ғылыми-зерттеу институттарында жұмыс істеу мүмкіндігі, тұрмыстық, әлеуметтік жағдайлары да ескерілуі керек. Сонда ғана ол мамандықтар сұранысқа ие болып, беделі арта түспек.
Озық сандық технологиялардың – жасанды интеллект бола ма, жоғары жылдамдықпен ақпарат жүйелейтін Big Data бола ма, ағымдағы қолданыс аяларын кеңейте түсіп, рухани сұраныстарымызға белсенді қызмет істеуін қамтамасыз етуіміз керек. Осы мақсаттарға да мемлекет тарапынан қолдау шаралары қажет болады.
Ең бастысы, жасалған істі жүйелі насихаттаудың өрістері де жан-жақты, кең болғаны жөн. Тек қана ғылыми орта емес, қоғамымыздағы сан алуан әлеуметтік топтар мен мақсатты аудиториялардың жасын, білім деңгейін, қоғамдық статусын, рухани сұраныстарын, әуестенетін салаларын ескерген жан-жақты, танымдық, ғылыми көпшілік анықтамалықтарды, мәтін құралдарды, фильмдерді (анимациялық, деректі, көркем, сандық негіздегі) барша ақпарат құралдарына, әсіресе әлеуметтік желілерге кеңінен тарату керек. Әрине, әлеуметтік желіге бағышталған контенттердің көлемі, мазмұны, уақыт мөлшері (20-30 секундтан 2-3 минутқа дейін), аудио-визуалдық сипаты әбден ескерілгені дұрыс.
Сол контенттерді жасайтын креативті орталық не агенттік қажет болады. Агенттік Жаңа Қазақстанның жаңа сападағы гуманитарлық келбетін қалыптастырып, оның ежелден келе жатқан мемлекеттігі, алдыңғы қатарлы мәдениеті бар, тіптен жаһандық өркениеттің дамуына үлес қосқан пассионарлық серпілістердің де отаны болғанын жүйелі түрде баяндап беруі керек.
Әрине, әр контенттің табысты таратылатын кәсіби өрісі, сұранысқа ие алаңы бар. Әр ақпараттың мазмұнына, сұранысына сай қалыптасқан миллион­даған аудиториялы каналы бар. Жан-жаққа шашыла бермей, соларды ескеріп, нақты жұмыстар істегеніміз жөн.
Қайткен күнде де, Жаңа Қазақстанның рухани келбетін құрайтын, игілікті мақсат-мұраттарын айқындайтын, ұлт­тық бірегейлігіміздің жан-жақтығын дәйектейтін жаңа ұстанымдар мен іргелі ізденістердің қатары арта түскені ләзім.
Бұл – геосаяси ахуалы шиеленіскен бүгінгі заманның талабы.

Ермек АМАНШАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір