Сана-сезіміміз жаңғыруы қажет
Түркістан қаласында «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбында өткен Ұлттық Құрылтайдың отырысында еліміздің әрбір аймағынан арнайы келген делегаттар ұлт келешегі үшін өзекті мәселелерді талқылады.
Жиында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жиналған қауым алдында сөз сөйлеп, ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын ой-толғамдары мен керемет ұсыныстарын ортаға салды. Мемлекет басшысының мектептегі бала тәрбиесі туралы ойлары әр ата-анаға, мұғалім мен оқушыға ой салатыны хақ. Жалпы еліміздің болашағы балаларға арналған оқулықтар оларға берілетін тәрбие жайында Президент көңілге қонарлықтай жақсы ой өрбітті. Және ол өте дұрыс айтты, Жаңа Қазақстанның болашағы қазір мектеп партасында отыр, соларға нақты білім мен тәрбиені бүгінгі аталары мен әжелері болған біз беруіміз керек.
Жасыратыны жоқ, бізде ел мүддесіндегі ірі мәселелер дұрыс шешілмесе немесе реформалардың жүзеге асуында олқылықтар байқалса, кінәні дереу жоғарыда отырған министр шенеуніктерге артамыз. Ал бұл үдеріске азамат ретінде әрбіріміз өз үлесімізді қосуымыз керектігі жайлы ұмытып қаламыз. Яғни қоғамды түбегейлі өзгертудің кілті тікелей өзіміздің санамызға байланысты екендігін ескере бермейміз. Президент айтқандай, Әділетті Қазақстан құру үшін әр азаматтың саяси да, ұлттық та, әлеуметтік те сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары жаңаша өзгеруге тиіс. Әйтпесе, әрқандай реформаның бәрі бекер. Мемлекет басшысы салмақты ұсыныстардың алдағы жұмыс кезінде міндетті түрде ескерілетінін айтты. Президент әсіресе көп ұлтты қазақ әдебиетінің даму жолдарына, балалар әдебиетіне көп көңіл бөлді.
Қазақ әдебиеті дегенімізде оның қарамағында 22 ұйғыр ақын-жазушысы бар. Міне, сол ұйғыр әдебиетінің белді өкілдерімен жақында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов кездесіп, ұйғыр әдебиетін дамыту мен қолдаудың өзекті мәселелерін талқылады. Төраға дарынды қаламгерлерді қолдау қажеттігін айтып, ұйғыр тілінде «Жұлдыз», «Простор» сияқты әдеби журнал, қысқасы, бұдан отыз жыл бұрын шығып, тоқтап қалған «Арзу» журналын шығаруды ұсынды.
Сөз соңында айтарым: Біз яғни қаламгерлер қауымы Құрылтайда айтылған салмақты, маңызды пікір-ұсыныстарды ескеріп, Әділетті Қазақстан құру жолындағы сенімді қадамымызды әрі қарай жалғастыруымыз қажет. Ол менің, сенің, оның кешіктермей қолға алатын жұмысымыз.
Авут МӘСІМОВ,
жазушы