ҚҰҚЫҚТЫҚ САНА қалыптастырудың басты шарты
Елде жүргізіліп жатқан реформалардың ішіндегі ең маңыздыларының бірі құқықтық саясатқа байланысты. Ең алдымен азаматтар арасында құқықтық сана қалыптастыру маңызды. Жасыратыны жоқ, тоталитарлық жүйе де, оған ілесе келген біржақты президенттік билік те азаматтық ой-сананы одан барынша аулақ, алшақ ұстауға тырысты.
Оның зардабы да ұзақ күттірген жоқ. Әлбетте, ол кешегі қаңтар оқиғасы түрінде. Маркстен мұраға қалған «адамды тұрмыс билейді» деген қағида бар. Әлеуметтік-тұрмыстық тұрғыдағы әділетсіздіктердің ақыры қарсылық акцияларына ұласты.
Демек құқықтық-демократиялық ел есебінде Қазақстанның алдында әділетті қоғам құру міндеті тұрды. Әділет іздеген халықтың басты үміті сот шешімдерінің әділ шығуында. Қазір елде сот ісін реформалау жүріп жатыр. Бұған дейін судьяларды ең жоғарғы билік органы тағайындап келді. Соған орай, қарапайым азаматтар мүддесі толық деңгейде ескерілмеді.
Сот жүйесінің реформасы басталар 2021 жылы ел бойынша аудандық соттар күніне 5 мың қорытынды шешім шығарыпты. Оны әр судьяға шаққанда күніне 3 шешімнен келеді. Әлбетте, жаман көрсеткіш емес.
Тағы бір көңіл аударарлық дерек – шешімдердің 92 пайызы тараптардың бәрін қанағаттандырған. Ал аппеляциялық шешімдер мен кассациялардың 1 пайыздан астамы ғана қанағаттандырылыпты. Ол да көп нәрседен хабар береді. Яғни сот шешімі соңғы шешім болуға тиіс емес деген сөз.
Осыны түсінген биліктің биылғы 1 қаңтардағы жарлығымен елімізде жаңарған Конституциялық сот құрылды. Жаңа тәртіпке орай, енді әр азаматтың Конституциялық сотқа жүгінуге қақысы бар. Әлбетте, ол әділетті қоғам құрудың басты шарты есебінде қабылданып отыр.
Мәселе сот шешімдерінің тараптарды 100 пайыз қанағаттандыруына келіп тіреледі. Ақиқатында 100 пайыздық қанағаттану әлемнің ең өркениетті елдерінде де жоқ. Мысалға, Еуропа елдерін алайық.
Еуропалық Кеңестің парламенттік ассамблеясы Болгария, Польша, Румыния, Түркия сияқты елдердің соттарындағы елеулі кемшіліктерді ашық мойындап отыр.
Демек сот шешімдерінің біржақты қанағаттандырылуы алдыңғы қатарлы елдердің өзінде де жоқ. Осыны ескерген қазақ билігі құқықтық саясатты жаңартып, азаматтар арасында құқықтық ой-сана қалыптастыруды қолға алды. Оның басты нышаны – жаңарған Конституциялық сот жүйесі. Әділет аңсаған халықтың ендігі үміті де сонда.
Қазақстанда сот өндірісінің қылмыстық, азаматтық, әкімшілік тәртіп бұзушылық, әкімшілік әділет деген 4 формасы бар. Осы төрт бағыттағы сот шешімдерінің дұрыс, немесе бұрыстығы осыдан бастап азаматтар жүгінген жағдайда ең соңғы инстанция Конституциялық соттың шешімі бойынша нақтыланады. Қарапайым халық оны әділетті Қазақстан қоғамын құрудың үміт күттірер бастамасы есебінде бағалап отыр.
Өмірзақ МҰҚАЙ