ТАРИХЫМЫЗДЫ ҒЫЛЫМИ ТҰРҒЫДАН БАҒАЛАУ – сана отарсыздануына бастар жол
29.12.2024
356
1

2021 жылы жарияланған «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» ат­ты бағдарламалық мақаласында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шынына келсек, Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлт­тық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ. Оның тұжырымдамасын бұған де­йінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді. Барлық оқулықтар осындай іргелі еңбекке негізделіп әзірленеді. Бұл – ұлт шежіресін дәріптеу тұрғысынан алғанда страте­гиялық маңызы бар мәселе», – деп атап көрсеткен еді.

Иә, шындығын айтқанда, патшалық Ресейдің екі жүз жылдан астам уақыт­ты қамтыған және одан ке­йінгі кеңес дәуірінде жетпіс жылға созылған отарлық кезеңдерден сіңген санадағы дағдарыс салдарын зерт­теу әлі күнге де­йін өзектілігін жойған жоқ. Отарлық жүйе күйреп, тәуелсіз мемлекет құруға талпынып жатсақ та санадағы отарсыздану немесе деколонизация үдерісі әлі өрістей алмай келеді. Себебі отарсыздану процесі – үздіксіз, тоқтамайтын үрдіс. Сондықтан отарсыздану (деколонизация) процесін мемлекет­тік деңгейде қолға алып, санадағы дағдарыстарды жою қажет­тігін бүгінгі күнде уақыт­тың өзі алға қойып отырғандай. Себебі отар елдің тарихын да отарлаушы елдер өз тарихына бейімдеп жазары белгілі. Біздің де осы уақытқа де­йінгі төл тарихымызды ресейлік тарихшылардың қатысуымен «ортақ тарихшылар тобы» жазғаны қазір құпия емес. Сондықтан да мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақ­стан» газетіне берген сұхбатында және Ұлт­тық құрылтайда сөйлеген сөзінде Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл толатынын атап өте келіп, осыған байланысты Ұлы дала өркениетінің және қазақ мемлекет­тілігінің терең тамырына жаңаша үңіліп, түсіну және насихат­тау арқылы тарихи әділдікті орнатуға мүмкіндік беретін ауқымды зерт­теулер жүргізудің қажет­тігін баса айтқан болатын. Осыған байланысты ке­йінгі жылдары Қазақ Ұлт­тық ғылым академиясы «Ежелгі дәуірден бүгінге де­йінгі Қазақ­стан тарихы» академиялық басылымының жаңадан жеті томдығын дайындауға белсенді түрде кірісіп кет­ті. Оның болашақта қалай болып шығарын, Қазақ­стан тарихына қандай жаңалықтар қосарын уақыт көрсете жатар. Біз бұл мақаламызда «Қазақ әдебиеті» газетінің №45 санында көтерген тақырыпты жалғастыра отырып, зерт­теушілер назарынан тыс қалып келе жатқан кейбір мәселелерге тоқталмақпыз. Сібірде қырық жылдан аса хандық құрып, Ресей патшалығы тарапынан басталған отарлау шараларын жүз жылға кешіктірген Көшім хан жеңілісінен ке­йін және жоңғарлармен арада жүздеген жылдарға созылған соғыстан қазақ хандығының қалжырап шыққанын пайдаланған патшалық билік қазақ жерлерін отарлауға асқан қарқынмен, белсенді түрде кіріскен еді. Сібір хандығы тарих сахнасынан кеткен соң, Ресей отарлаушылары еліміздің теріскей өңірлеріндегі сулы да, нулы, шұрайлы жерлерді тез арада иеленіп, Сібір өлкесінде отарлау ісін жүйелі түрде жүргізу үшін шеп (острог), әскери бекіністер желісін тұрғызуды қолға алды. Бұл бекіністер империяның жаулаушы жорығын нығайтып, отарлық саясатын жеделдету үшін таптырмайтын тәсілге айналды. Осы тұрғыда 1708 жылы қазақ жерінің солтүстік өңірлерін Ресей патшалығы құрамына қосып алу мақсатында орталығы Тобыл қаласы болған Сібір губерниясы құрылды. 1713 жылы Сібір губернаторы, князь Гагарин император Петр біріншіге Ертістің бойын өрлей отырып, қазіргі Шығыс Қазақ­стан, Тарбағатай аймағына қарай әскери бекіністер желісін салу туралы ұсыныс жасайды. Патша тарапынан бұл ұсыныс қолдау тауып, әскери бекіністер салуға мол қаржы бөлінген. Нәтижесінде, 1714 жылы Сібір бекініс белдеуі желісінің алғашқы қадалары қағылып, 1717 жылы Омбы, Железинск, Ямышев, 1718 жылы Семей бекіністері тұрғызылады. 1720 жылдары Өскемен бекінісі тұрғызылып, қазақ даласын құрсаулай өзендер бойымен жағалай салынған бекіністер негізінде Орынбор шебі белдеуі құрылды. Бұл бекіністер желісін бақылау осы белдеу бойындағы Орынбор казак әскери отрядтарына міндет­телді.
Ресей империясы Кіші жүз бен Орта жүз территорияларын осындай тәсілмен «заңдастырылған» түрде қосып алған соң өзінің отарлық құрсауын одан әрі қысып, бекіте түсу үшін және жаңадан құрылған Тобыл губерниясын «қазақтар мен жоңғарлар» шабуылдауы мүмкін деген желеумен, бірақ ең бастысы Батыс Сібір жерлерін отарлауды одан әрі жалғастыру үшін көшпелі халықтан іргесін жасанды бекіністермен бөлу жоспарын жасап, Жайықтан Ертіске қарай созылған батыста Орынбор өлкесінен басталып, шығыста Ертіс өзеніне де­йін жалғасқан Пресногорька немесе Жаңа Есіл шебі (Ново-Ишимская линия) деп аталатын бекініс желілерін салуды қолға алды. Терістік өңірде бір-біріне жақын орналасқан тұзды көлдер тізбегі бойын қуа­лай тартылған бұл бекініс желілері халық аузында «горькая линия» немесе қазақтар үшін «қасірет белдеуі» деген атпен тарихта қалды (бұлай аталуын тарихшылар шептің бойында тізбектей қатарласа орналасқан тұзды көлдердің көптігінен дейді. Бұрынғы доға тәрізді Ескі Есіл шебі тігінен түзетіліп, қазақтардың байырғы қонысын көктей өтіп, Орынбордан Омбыға де­йін сымдай тік сызық бойымен тартылған бекіністер желісі 250 шақырымға де­йін ішкері кіріп кет­ті. Ор мен Ертіс бойын жалғастырған «Қасірет белдеуі» осылай дүниеге келді). Нақтырақ айтқанда, міне, осы кез­ден бастап, Ресей үкіметі қазақ даласын әскери күшпен бағындырудың жоспарын жасап, байырғы қазақ жерлерін отарлауды жүйелі түрде жүргізе бастады.
1740 жылдардың басында Патша Үкіметі бұрынғы Есіл бекініс желілерінің оңтүстік жағына қарай, яғни қазақ даласының ішкері өңірін тереңдей қамтыған ұзындығы 558 шақырым болатын жаңадан әскери шеп құру жоспарын бекіт­ті, ол енді Тобыл өзенінен (Звериная Голова) бастап, Ертіс өзені жағасындағы Омбы қамалына де­йін тартылуға тиісті болды. Нәтижесінде, қалың тоғайлы өзен бойындағы ежелден қазаққа жайлы қоныс болған Шақшақ аталынған жерде жаңа елді мекендер, ке­йіннен Соколовка және Вагулино атанған алғашқы орыс деревнялары пайда болды. 1752 жылы 26 наурызда Сенат­тың шешімімен ұзындығы 548 версть болатын, 9 қамал мен 53 редут­тан тұратын Жаңа Есіл шебін салу аяқталды. Бұл шеп 540 шақырымға созылған Уйск шебін Ертіс шебімен жалғастырды. Шептің орталығы ретінде апостол Петр мен Павелдің құрметіне орай 12 шілде күні аты қойылған Петропавловск бекінісі таңдалды. Бұл белдеудің бойында 1752 жылы 10 бекініс, 31 қорған, 40 маяк орнап, бір мың орыс-казак ат­ты әскері мен екі драгун полкі сияқты тұрақты әскерлердің эскадроны орналасты. Жалпы, ұзындығы 572 версть болатын желі бойын­да әрбір 50-60 шақырым сайын бекініс қамалдар, әрбір 10-20 шақырым сайын шағын қамалдар (редут­тар), ал әрбір 5-10 шақырым сайын жол белгілері (маяктар) тұрғызылды. Генерал Киндерманның басшылығымен 1752 жылы әу баста негізгі база ретінде тұрғызылып, басты бекініс ретінде салынған бұл қамал ке­йіннен Петропавл қаласы атауына ие болды. Қаладан батысқа қарай бір-біріне жалғасқан Скопинская, Становая, Пресновская, Кабанья, Пресногорьковская, Звериноголовская қамалдары салынса, шығыс бағытқа қарай Полуденная, Лебяжья, Николаевская, Покровская қамалдары тұрғызылды. Қамалдар арасын жалғаған Плоский, Сенжарский, Кривоозерный, Кладбинка, Ново Рыбинский редут­тары тағы бар. Қамалдар солтүстік өңірінің қалың тоғайларынан дайындалған бөрене ағаш, қадалардан тұрғызылып, топырақ жалдармен бекітілді. Айналасы терең қазылған орлармен қоршалған қамалдың ішінде әскери мекемелер, офицерлер үйлері мен солдат­тар казармалары және әскери дайындық алаңдары болды. Гарнизон қамалдарда 60-тан 80 адамға (негізінен әскери казактар) де­йін орналастырылып, әр гарнизонда 2-ден 4-ке де­йін зеңбірек қойылды, ал редут­тарда 25-45 адам және бір зеңбіректен болды. Тек бас қамал Петропавлдың өзінде ғана 300-500 де­йін әскерилер орналасып, онда қойылған 12 зеңбірек бекіністер қауіпсіздігін қорғауға тиісті болды. Осылайша, қазіргі қазақ жерінің солтүстік өңірлерін көктей өтіп, Оралдың жоғары сағасынан басталған бекіністер желісі әрі қарай Омбыны тірек етіп, Ертістің бойын жағалай жоспарлы түрде жалғасты. Уақыт өте келе осы қамалдар мен редут­тарды жағалай орналасқан казактар станицалары үлкен поселкелерге, ірі елді мекендерге айналды, сөйтіп, әскери отарлаудың аяғы жер ауған шаруалардың қазақ жеріне ағылып қоныстана бастауына себепші болды.
1742 жылы 20 мамырда Сенат шекара­лық өңірдегі бекіністерді қорғау жайында жарлық шығарды. Сөйтіп, қазақ даласын әскери бекіністер шебімен біртіндеп қамту патша үкіметінің кең байтақ өлкені жайлаған еркін елді отарлауына зор мүмкіндік берді. Әскери бекіністер шебінің бойына жерсіз қалған мұжықтар қоныстандырылып, орыс-казак станицалары мен шаруа слободалары пайда болды. 1846–1849 жылдары осындай жеңілдіктерден хабардар болған Ресейдің ішкі губернияларынан жаппай қоныс аударған орыс және украин шаруалары әскери міндеткерлікпен казактар қауымдастығына жазыла бастады. Осыны пайдаланған кейбір казактар қазақтардан тартып алынған «өздерінің артық» егінге қолайлы және шабындық жерлерін ке­йінгі келгендерге аренда ретінде өткізіп отырғаны туралы да мәлімет­тер жеткілікті. Ресей патшалығының бекініс қамалдар айналасына алдымен, казак әскерлерін орналастырып, одан ке­йін шаруа-мұжықтарды қоныстандыра отырып, табиғи қоршау жасауы орта ғасырлардағы қамал-қалалардағы «цитадель», «шахристан» және «рабат» атанған қорғану тәсілдерін еске салады.
Сонымен Песчанная поселкесінен басталған бірінші Қасірет белдеуі (548 версть) Омбы қамалына де­йін тартылса, енді ірі елді мекенге айналған Омбы қаласы арқылы қазақ даласына ішкерілей ене түсіп, Петропавлдан басталған екінші кезеңі одан әрі Көкшетау, Атбасар, Ақмола жерлеріне (616 версть) де аяқ басты. Он екі жыл ішінде Қасірет белдеуі Петропавловскіден Көкшетауға де­йінгі, Ақмоладан Қарқаралыға де­йінгі даланың бәрін алып, қазақ өлкесін казак­тар күшімен жүргізілген әскери отарлау­дың бірінші кезеңі аяқталды. Ежелден қалыптасқан көш жолдары бұзылды. Қазақтар енді жаз жайлауынан терістіктегі тоғай ішіндегі жайлы қыстауларына бекіністер маңынан өту үшін де, яғни ғасырлар бойы мекен еткен өз жерлері үшін өздері салық төлеуге тиісті болды. 1800 жылы патшалық Ресей тарапынан бұл жағдай біршама «заңдастырылып», енді жайлаудан өз қыстауларына өткен қазақтарды түйеден басқа әрбір жүз бас малдан бір бас қалдыруға мәжбүр еткен.
Керісінше, қазақ жеріне құр сүлделерін зорға алып жеткен келімсектер, жер ауып келген босқын мұжықтар жылдар өте ол заманды ұмытып, өздерін байыр­ғы қазақ жерінің иесіндей сезінеді, біз бұл жердің ежелден тұрып келе жатқан автохтонды халқымыз, осы жердің аборигендеріміз дегенді еске салып қояды. Осылайша, олардың ара-тұра қазақтың байырғы атажұртын «исконно русская земля», «қасиет­ті орыс жері», «Мәскеудің қазақтарға берген сыйы» деген сияқты негізсіз әңгімелерді ортаға тастап, сепаратистік пиғылдағы сес көрсетулері әдетке айналып барады. Келімсектердің бұлайша еркінсуі адами тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да, этикалық тұрғыдан да қателік екені өз алдына, болашақта әлеумет­тік салдары болатынын да ұмытпауымыз керек.

Бұл мақалада біз бұған де­йін ғылыми зерт­теулер назарынан тыс, қалтарыста қалып келе жатқан мәселелердің бірі – қазақ жерлерін отарлау барысында патша әскери күштері үшін тұрғызылған берік қамалдар арасын жалғап, тірек пункт­тері қызметін атқарып келген әскери бекет­тердің (пикет­тер) қызметін және олардың тарих үшін топонимдік маңызын ескере отырып, қолымызда бар деректерге сүйеніп барынша толық көрсетуді мақсат ет­тік. Себебі қазақ даласын отарлау кезеңінде дәл осы бекет-бекіністердің зор әскери стратегиялық маңызы болған еді. Бекет­тер орта ғасырлардың өзінде-ақ белгілі бір аумақты, қаланы немесе елді мекендерді қорғайтын әскери-қорғаныс сипат­тағы бекіністер қызметі үшін салынды. Сондықтан да оның басты қызметі басып алынған аумақтарды бақылауда ұстау және сол өңірдегі биліктің үстемдігін қамтамасыз ету болып табылады. Бұл бекет­тер бір жағынан әскери отрядтар үшін тыныс алатын тірек пункт­тері қызметін атқарса, екінші жағынан пошта жолдары қызмет­терін де атқарған. Ке­йін уақыт өте келе олардың біразы өзінің тарихи маңызын жоғалтып жойылып кетсе, керісінше, стратегиялық жағынан қолайлы орындарда болғандықтан әскери қамалға, станицаға немесе қалаға айналып кеткендері де бар.
XIX ғасырдағы қазақ жерінде орналасқан бекет­тер көбінесе күйдірілмеген саман кірпіштерден немесе ағаштан салынған бірнеше шағын үйлер болған еді. Онда пошта қызметкері және басқа да қызмет­тік адамдар болды. Отарлау дәуіріндегі қазақ жерінде әскери бекет­тер желісінің салыну тарихы туралы зерт­теулерде: «Сыртқы округтің ашылуымен қатар пошта жолдарының қажет­тілігі де туындап, 1837 жылы Көкшетау, Ақмола, Атбасар бағыт­тарына пошта бекет­тері салынып және үлкен маңызды пошта жолы Омбы мен Петропавл арасын жалғастырып тұрды», – деген деректер бар (Гладышева Е.Н. Северо-Казахстанская область (экономико-географическое характеристика). Алма-Ата: Издательство Академии наук Каз ССР, 1959. – 185 с.). Бекет­тер бір-бірінен жер бедеріне және басқа да мақсат­тарға байланысты 25-40 верст болатын қашықтықта орналасқан. Әрине, бекет­тер арасында көбінесе жаз айларында бос тұратын, саман кірпіш немесе шым кесектерден салынған қазақтар қоныстанған қыстаулар да жиі кез­десіп тұратын. Жалпы, бекет­тер тарихына шолу жасар болсақ, ол Еуропа елдерінде сонау ерте темір дәуірінің соңғы кезеңдерінен бастау алатынын байқаймыз. Алғашқы дәуірлерде бекініс, қамалдар рөлін атқарған қорғандар ке­йіннен уақыт өте келе жетілдіріліп, әскери тірек орындарымен қоса пошталық байланыс жолдары қызмет­терін де атқарып отырған. Түпкі мағынасы, түбірі түркі сөзінен тараған «ямщик», қазақша мағынасы «жәмшік», «көшір», «делбеші», «ат айдаушы» деген сияқты сөздер этимологиясының шығу төркіні де осы қызмет түрімен байланысты екенін байқаймыз. Мәселен, орыс мұрағат­тық деректері негізінде Алтын Орда дәуірін жан-жақты зерт­теген орыс ғалымы Борис Акунин «Часть Азии. История Российского государства. Ордынский период» деген еңбегінде бұл туралы: «Одно важнейшее условие нормаль­ной работы большой империи – связь между регионами и быстрота коммуникаций. Чингис хан и его наследники создали ямскую систему (слово ям, от которого произойдет русское «ямщик», монгольского происхождения): регулярную конно-почтовую службу, станции которой находились на расстоянии примерно в 30 километров одна от другой. Иностранцев будет поражать скорость, с которой указы великого хана преодолевают огромные расстояния: триста километров за день. Увешанный колокольчиками гонец скакал во весь опор, на станции его приближение слышали издалека, и следующий курьер, на свежем коне, был уже наготове», – деп жазады.
Ал «Алтын Орда» тарихын зерт­теген тағы бір орыс ғалымы А.Широкорад «Русь и Орда» деген еңбегінде бұл тақырыпты тереңдете кеңінен зерт­тей отырып: «Уже во время правления Батыя на территории всех монгольских (татарских) ханств нормально функционировала общеимперская почта. О почте рассказывают арабские историки Джувейни, Рашид-ад-дин и другие. Наилучшим образом почта была налажена между Каракорумом и Пекином. Ращид-ад-дин пишет, что на этом участке через каждые 5 фарсахов (25-30 км.) распологалось 37 ямов (почтовых станций). На каждом яме находилось по тысяче человек как для охраны самой станции, так и для охраны проезжавших послов и гонцов. По этой дороге ежедневно в обоих направлениях двигалось около пятисот огромных телег, запряженных шестеркой волов. На этих телегах в Каракорум доставлялось продовольствие – хлеб, рис и др. На каждом яме имелись специальные амбары, куда складывалось продовольствие», – деген дерек береді (осы жерде негізгі тақырыптан сәл ауытқып айта кетсек, бір заманда Алтын Орда билігі құзырында болып, ке­йіннен ауызбіршілігі болмай өзара жауласып бірнеше ұсақ хандыққа бөлініп кеткен кезді пайдаланып, ордалықтардан дербестік алып кеткен Мәскеу кінәздігінің тұтас ел болып бірігіп кетуіне Ұлық ұлыс Алтын Орда мемлекетінің тигізген ықпалы өте зор. Тегі түркі танымал тұлғаларын былай қойғанда, бүгінде Ресей пайдаланып жүрген екі басты самұрық құс бастапқыда Алтын Орданың таңба белгісі еді. Ал қыран құс бейнесі – біздің бүгінгі көк байрағымыздың негізгі символдарының бірі).
Сондай-ақ осы тақырып аясында зерт­теу жүргізіп жүрген қазақ ғалымы Бүркіт Аяған: «Тағы бір қызмет түрі – «жемдер» (жем – атқа арналған азық сөзінен) бір-бірінен 20 км қашықтықта орналасқан. Бұл қызмет қашықтығы Қарақорымнан Сарай – Беркеге және Қырымға де­йін созылатын. Бұйрық бойынша, бұл «жемдер» жоғары дәрежеде қызмет көрсетуші болды, тәртіп бұзылған жағдайда оларға қатал жаза қолданылды. Шенеуніктер мен әскери қызметшілер күзет арқылы өтуге мүмкіндік беретін қызмет­тік құжат – «пайзы» алды. «Пайзының» әртүрлі мәртебесі және тіпті түстері де әртүрлі болған. Пошта қызметі әскерлерді жедел бақылауға және әскербасыларға қажет­ті ақпарат­ты жедел жеткізуге мүмкіндік берді», – деген тың деректермен тақырыпты толықтыра түскен. Міне, осы бір деректі мағлұмат­тардың өзінен бекет­тер тарихының бастаулары тым әріде екенін және бұл қызмет түрінің қазақ жеріндегі отарлық дәуірде кеңінен қанат жайып, зор рөл атқарғанына көз жеткіземіз. Жалпы, патшалық Ресей тарапынан орта жүз қазақтары жерлерінде орналасқан бекет­тер тарихын зерт­теудің маңыздылығы біріншіден, олардың географиялық қамту аймағын анықтау болса, екіншіден, бекет­тер атауы арқылы тарихи көне, ежелгі топонимдік жер атауларын анықтауға да мүмкіндік алар едік.
«Бөліп ал да, билей бер» деген саясат ұстанған патша билігі кіші жүздегі сияқты (Әбілхайыр және Бөкей хан) орта жүзде де екі бірдей хан таға­йындап (Абылай ханның баласы Уәлихан және Барақ ханның баласы Бөкей хан), бірақ олар екеуі де 1817 және 1819 жылдар аралығында бір мезгілде қайтыс болған соң, 1822 жылдан бастап орта жүзде хандық басқару жүйесі жойылып, оның орнына қазақтар дуан деп атап кеткен округтер құра бастайды. Осыған байланысты «Сібір қырғыздары» туралы устав қабылданып, осы ережеге сай жалпы орта жүзде сегіз округ құрылып, олардың екеуі – Көкшетау және Қарқаралы сыртқы округтері жедел түрде 1824 жылы ашылып, біріншісінде Уәлиханның баласы Ғұбайдулла аға сұлтан болса, екіншісінде Бөкей ханның немересі Тұрсын Шыңғысов аға сұлтан болып сайланады. Бір қызығы, мұрағат­тық деректерде көрсетілгендей, осы лауазымды қызмет­те Бөкей ханның немересі 20 жылдай, яғни 1843 жылға де­йін үзіліссіз отырған екен. Осылайша, орта жүзде алғаш ашылған дуандар аға сұлтаны болып орта жүздегі соңғы екі ханның тұқымдары сайланған.
Енді XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың бас кезінде сол кез­дегі ірі басқару бекініс орталығы болған Петропавл қамалынан Ақмола, Қарқаралы, Семей, Өскемен, Көкпекті, Зайсан, Алматы қалалары арасын жалғастырып тұрған бекет­тер желісі мен пошта жолдары туралы статистикалық деректерге тоқталайық. 1913 жылғы Ақмола облыстық статистикалық комитетінің мәлімет­тері бойынша Петропавлдан Ақмола – Қарақаралы – Семей – Өскемен – Көкпекті – Зайсан – Алматыға де­йінгі пошта жолдары мынадай бекет­тік елді мекендерде орналасқан екен (уақыт жағынан арада ұзақ жылдар өтуіне, патша билігі және кеңестік дәуірлердегі саяси науқандар салдарынан тарихи ежелгі жер атауларының өзгерістерге ұшырап тұруына байланысты оқырмандарды шатастырмас үшін бекет атауларын транскрипциясын бұзбай түпнұсқа күйін­де беріп отырмыз және сол дәуірдегі ұзындық өлшемі бір версть – 1,0668 шақырым қашықтыққа тең екенін де ескертеміз).
Петропавлдан Ақмолаға де­йінгі пошта бекет­терінің ара қашықтығы:
г. Коротальская – 18 версть. г. Коротомарская – 22 версть. г. Камышловская – 25 версть. г. Омантузская – 24,3/4 версть. г. Мизгильская – 23,1/4 версть. г. Аксу – 20 версть. г. Азатская – 18 версть. гор. Кокчетав – 28 версть. г. Приречный – 24,5 версть. г. Зерендинский – 20,5 версть. г. Викторовские – 18 версть. г. Сандыктавская – 23 версть. г. Петровский – 16 версть. г. Владимирский – 19 версть. г. Михайловский (Сарымсакты) – 19 версть. г. Покровская (Притычный) – 19 версть. гор. Атбасар – 19,5 версть. г. Байджигитская – 34,5 версть. г. Калутанская – 23 ¼ версть. г. Караобинская – 24,5 версть. ст. Чанчарская – 27 версть. ст. Джеландинская – 19,5 версть. ст. Корамендинская – 29 версть. ст. Бормакская – 31 версть. гор. Акмолинск – 30,5 версть.
Итого: 601,5 версть.
Азат поштаралық станицасынан Ақмолаға де­йін:
ст. Пуполевая – 30 версть. ст. Дорофеевская 35 версть. ст. Щучинская – 15 версть. ст. Молдобай – 25 версть. ст. Макинская – 25 версть. ст. Даниловская – 18 версть. ст. Никольская – 17 версть. ст. Картай – 20 версть. ст. Алексеевская – 20 версть. ст. Баймен – 18 версть. ст. Канкринская – 18 версть. ст. Джаке – тамар – 22 версть. ст. Сасык-куль – 23 версть. гор. Акмолинск – 25 версть.
Итого: 311 версть.

Ақмоладан Қарқаралыға де­йін:
ст. Александровская – 25 версть. ст. Турпаковская – 27 версть. ст. Джангыз-Агач – 23 версть. ст. Онор-куль – 30 версть. ст. Батпак-су — 25 версть. ст. Чокай-Колды – 35 версть. ст. Нура-Ауметаш – 25 версть. ст. Баша-Гора – 25 версть. ст. Нуринская – 23 версть. ст. Акташская – 30 ¼ версть. ст. Керетамская – 39 версть. ст. Карбогшевская – 14 версть. ст. Каркаралы – 38 версть.
Итого: 359, 1/4 версть.
Енді Семей қаласынан Өскемен, Көкпекті, Зайсан, Алматы (Верный) қалаларына де­йінгі бекет­тер желілері туралы деректерге тоқталайық (арада ғасырдан астам уақыт өткенін, бекет атауларының кеңес дәуіріндегі саяси науқандар салдарынан жиі өзгеріске ұшырап отырғанын және сол дәуірдегі орыс транскрип­циясымен жазылғанын ескере отырып, кейбір жер атаулары өзінің тарихи атауларымен сәйкес келмеуі мүмкін екенін де ескертеміз). Семей облысының орталығынан шығып сол кез­дегі Верный қаласына (қазіргі Алматы қаласы, ол кез­де Жетісу облысына қараған.
Сол кезеңдегі ұзындық өлшемдері бойынша ұзындығы 900,5 версть болған) де­йінгі бекет­тер желісі бойынша мәлімет­терге келсек (Семей үйезі бойынша, Семей қаласынан есептегенде): Ұлуғыз бекетіне де­йін – 25, Арқалық бекетіне де­йін – 22 версть, Ащыкөл бекетіне де­йін – 27 версть, Жартас бекетіне де­йін – 21,5 версть, Қызылмола бекетіне де­йін – 26 версть, Арқат бекетіне де­йін – 26,5 версть, Алжанадыр бекетіне де­йін – 24 версть, Ұзынбұлақ бекетіне де­йін – 24,5 версть, Еңрекей бекетіне де­йін – 26,5 версть қашықтықта болған екен. Жетісу облысының Жетісу үйезі бойынша да бекет­тер атауы мен олардың ара қашықтығына байланысты мәлімет­тер мынадай (соңғы бекет­тен бастағандағы қашықтық): Алтынхалат бекетіне де­йін – 22,5 версть; Сергио­поль қаласына де­йін – 26,5 версть; Орта Аягөз бекетіне де­йін – 31,5 версть; Талдықұдық бекетіне де­йін – 29 версть; Қызылқия бекетіне де­йін; – 23,5; версть. Кіші Аягөз бекетіне де­йін – 29,5 версть; Жүз Ағаш бекетіне де­йін – 29,5 версть.; Үкінің (Укунын Качскаго деп жазылған) бекетіне де­йін – 14,5 версть; Арғанаты бекетіне де­йін – 17,5 версть; Ащыбұлақ бекетіне де­йін – 28,5 версть;

Семейден Өскемен үйезі, Өскемен қаласы арқылы Көкпекті қаласына де­йінгі елді мекендер мен бекет­тер: Үбі (деревня деп жазылған) бекетіне де­йін – 18 вер., Барашевск (поселок деп жазылған) бекетіне де­йін – 25 вер., Красноярск (поселок деп жазылған) бекетіне де­йін – 20,5 вер., Уваровкого (поселок деп жазылған) бекетіне де­йін – 21,5 вер., Өскемен қаласына де­йін – 24,5 версть; Барлығы – 201 версть.
Одан әрі Көкпекті қаласына де­йін тағы да бекет­тер желісі: Урунхай бекетіне де­йін – 29,5 вер., Себинск бекетіне де­йін – 23 вер., Сынташ бекетіне де­йін – 24 вер., Ағынықат­ты бекетіне де­йін – 25,5 вер., Қаражал бекетіне де­йін – 24,5 вер., Көкпекті қаласына де­йін – 29 версть. Барлығы – 159 версть.
Көкпектіден Зайсан қаласына де­йінгі елді мекендер мен бекет­тер: Аралтөбе бекетіне де­йін – 23,4 вер., Жусагаш бекетіне де­йін – 19,4 вер., Чоганск бекетіне де­йін – 21 вер, Базарки бекетіне де­йін – 28,4 вер, Бурханки бекетіне де­йін – 25 вер., Чорга бекетіне де­йін – 15,5 вер., Нора (Еспе) бекетіне де­йін – 17 вер., Тайжүзген бекетіне де­йін – 23 вер., Сарыбұлақ бекетіне де­йін – 19 вер., Қарабұлақ бекетіне де­йін – 31 вер., Зайсан қаласы – 17 вер; Барлығы – 239,4 версть (бұл деректер XIX ғасырдың аяғындағы статистикалық мәлімет­тер негізінде 1901 жылы шыққан «Памятная книжка Семипалатинской обл.» деген еңбектен алынды). Негізінде отарлау кезеңінде қазақ даласында орналасқан әскери бекет­тер тарихын ғылыми тұрғыдан терең зерт­тейтін болсақ, толықтай бір диссертациялық жұмыс болып шығар еді. Біз бұл мақалада қазақ даласының Солтүстік және Шығыс өңірлерінде тұрғызылған бекет­тер туралы ғана сөз қозғадық. Ал Сарысу немесе Атбасар округтерінің құрылуымен байланысты Атбасардан бастап, батыс бағытқа қарай Теріс­аққан өзендерінің бойын жағалай Ұлытауға де­йінгі немесе Атбасардан оңтүстік бағытқа қарай Нұра, Амантау, Ескене жерлері бойындағы Құланөтпес, Сарысу, Атасу, Манақа өздері бойымен Ақтау бекінісіне де­йінгі бір көштік жерлер аралығында тұрғызылған бекет­тер саны қаншама. Деректер бойынша ондағы әскери казактар саны елу адамнан тоқсан адамға де­йін болған. Әрине, осыншама адамды ұстап тұру да қазынаға біраз салмақ салғаны анық. Сондықтан да болар уақыт өте келе олардың көпшілігі стратегиялық жағынан маңызы жойы­лып және экономикалық жағынан тиімсіз болғандықтан таратылған. Ал керісінше, кейбіреу­лері іріленіп, казак­тар станицасы немесе поселкелеріне айналған.
Жалпы қорытындылай айтқанда, назардан тыс қалып толыққанды ғылыми тұрғыдан зерт­теу объектісіне айналмай келе жатқан тақырыптың бірі – осы, қазақ жерлерін отарлауда әскери тұрғыдан стратегиялық зор маңызға ие болған бекет­тер тарихы екенін байқауға болады. Баспа бет­терінде бірен-саран ғана кез­десетін сондай деректердің бірі жергілікті қаламгер Ә.Асқаровтың тарихи хикаятынан да көрініс береді. Онда: «Мұрағат деректері Шыңғыстай бекетінің негізін 1873 жылы әскери казактар қалағанын айтады. Бекет Шыңғыстай мен Өрел аралығында әкімшілік міндет­терді шешу үшін қажет болған. Бекет үйінде жаз айларында пошта тасушы тұрған. Бұл бекет­тен басқа, Шыңғыстайдан бірнеше шақырым жерде казак шекаралық тағы бір бекеті болған. Ол жерде 30 казак пен шекараны күзететін бір офицер тұрған», – деп жазып біздің деректерімізді толықтыра түскен.
Міне, осылайша, бірте-бірте құрсауға түскен ежелгі қазақ даласы, Ертістің оң жағалауы мен оның салаларының бойындағы ең құнарлы жерлер бөтеннің меншігіне айнала бастады. Ертіс өзенінің екі бірдей жағынан он шақырымдық шұрайлы жерлер («Иртышская десятиверстная полоса» аталынған) қазақтардан тартып алынып, казак-орыстардың пайдалануына берілді, яғни қазақтарға Ертіс өзеніне 10 шақырымнан жақын жерде қоныстануға тыйым салынды. Қазақтар ең шұрайлы жерлерінен айрылып, ата-қоныстарының атауларын жоғалт­ты, олардың орнына карта бет­терінде сақталған орысша атаулар пайда болды. Бүкіл Ертіс өзеніне құятын салалар мен жыра-сайлар, жылғалар орысша аталып кет­ті. Сібірден басталған Ертіс бойын қуалаған бекініс қамалдар, казактар мен шаруалар қоныстанған станицалар біртіндеп осы бекет­тер желісі арқылы оңтүстікке және оңтүстік-батысқа қарай жылжи отырып, қазақ даласының оңтүстік нүктесінде Верный бекінісі пайда болды. Ал батыста Орынбор өлкесінен басталған дәл осындай бекіністер желісі арқылы пайда болған құрсаулар тізбегі де қазақ жерінің батыс, оңтүстік аймағын қамти құрсаулай отырып қазіргі Алматы қаласында түйіскені тарихтан белгілі. Өр Алтайдың жер-су атауларын терең зерт­теп жүрген ғалым Бердібек Бияров бұл туралы: «Орыс қоныс аударушылары шұрайлы жерлерді алып қана қоймай, ол аймақтағы жер-судың қазақша атауларын да біржолата жойып жіберді. Бұқтырманың оң жағалауы, Ақсу бойы түгелге жуық орысша атала бастады. Алғашқы карталарға орысша атпен түскен көптеген жер-су өзінің бастапқы түркі немесе моңғол тілді атауларын мәңгіге жоғалт­ты. Моңғол тілді атаулар көбінесе калька түрінде келіп, түркілік мәнін сақтап тұрса, орыс атаулары мақсат­ты түрде мағынасына де­йін алмастырылып Алексеевка, Николаеевка деп аталды», – деп жазады.
Иә, бекет­тер атауларынан көрініп тұрғандай келімсектер өздерімен бірге жер бедеріне ешқандай сәйкеспейтін, жергілікті ұғымға мүлде сай келмейтін топонимдік атауларды да ала келген. Бұл туралы осы өңірдің тумасы Ә.Асқаров естелік хикаятында: «Жер-судың бәрінің екі атауы бар
біреуі – қазақша, екіншісі – орысша. Картада ресми орысшасы қабылданып кеткен. Сөйтіп, ежелгі түркі елінің Қоңыржоны – Листяга таулар сілемі, Қаумыш көлі – Черновское, Қаракөл – Язевая, Шаянбай көлі – Хариусовое, Ақсу өзені – Белая, Мұзтау – Белуха, Камачиха, Кауриха, Середчиха, Сенчиха, Поскочиха деп тізіліп кете берген», – деп жер атауларының тарихи негізсіз бұрмаланғаны туралы деректер қосады.
Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан аса уақыт өтсе де, кеңестік дәуірден қалған империялық саясат салдарынан күні бүгінге де­йін арыла алмай келеміз. Жаңа Қазақ­стан құрамыз десек, қоғамдық санадағы деколонизация процесін де жеделдету керек. Осы тұрғыда алғанда кезек күт­тірмейтін, жедел қолға алатын мәселелердің бірі – Кеңес дәуірінде бұра тартып, кері түсіндірілген тарихымызды түзеу, негізсіз өзгерістерге ұшыраған жер атауларының тарихи атауларын қайтарып, келешек ұрпақ санасына сіңіру болып табылады. Жалпы елді мекен, жер-су атауларының шығу тегін, топонимикалық тарихын, уақыт кезеңдеріндегі өзгерістерге түсуін ғылыми тұрғыдан зерт­теудің елдің болашағы үшін де, тарихы үшін де маңызы зор болмақ.

Дәуренбек ЕСКЕКБАЕВ,
тарих ғылымының кандидаты

ПІКІРЛЕР1
Аноним 02.01.2025 | 00:01

ғылыми мақала ғой, қатесіз жазуға тырысайық:
версть деген сөз жоқ, жеке түрде 1 верста, көпше түрде 2, 3, 4- версты, 5-тен ары қарай верст түрінде жазылады

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір