Құқықтық сана өзгермей, қоғам өзгермейді
«Малда да бар жан мен тән,
Ақыл, сезім болмаса.
Тіршіліктің несі сән,
Тереңге бет қоймаса?» – деп хакім Абай жырлағандай, адамзат атаулының өзге тіршілік иесінен айырмашылығы – еркі мен санасының болуында. Қазіргі қоғам талабына сәйкес әр азаматтың құқықтық санасы мен мәдениетін арттыру – мемлекет алдындағы негізгі басым бағыттың бірі. Оған дәлел ретінде ҚР Әділет министрлігінің Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасы жобасын айтсақ болады. Аталмыш жаңа құжат ұлттық құқық пен сот жүйесін дамытудың, экономикалық қызметтің, құқықтық насихат пен білім беру бағытын айқындайтын бағдарламалық құжат болып есептеледі. Республикамыз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қатарына енетіндіктен, тұжырымдама жобасы Құқықтық саясаттың ашықтығын көздейді. Стратегиялық құжаттың «аса маңызды серпінді өзгерістер: жүйелі реформалар» деген тарауында «Сыбайлас жемқорлық жоқ құқықтық мемлекет» мәселесі де қарастырылған. Бұл реформадағы басым бағыт деп танылып, тұрақты құқықтық сананы қалыптастыру және құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеуді орнату үшін белгіленген.
Сана – шындықты бейнелейтін механизм десек, құқықтық сана – адамның күнделікті өмірде қолданып жүрген құқықтық заңнамаларға деген жеке көзқарасын білдіретін түсінігі мен ой-пікірі. Мәселен, біздің заманымызға дейінгі І ғасырдағы Римдегі Спартак, І-ІІ ғасырлардағы Қытайдағы «Сары тартқандар» және «Қызыл қастар» сынды қарулы көтерілістердегі құл иеленуші мемлекеттерде құл иеленушілердің құқықтық саналары құлдарды қинау, азаптау, баю сияқты тар шеңберден аса алмаса, құлдардың құқықтық санасының негізі еркіндік, теңдік, бостандық болды.
Кеңестік әрі ресейлік ғалым
С.С.Алексеев құқықтық сананы құқықтың құтыла алмайтын серігі деп көрсетеді. Бұл – дұрыс айтылған пікір. Себебі құқық адамдар арасындағы қарым-қатынасты реттесе, құқықты жүзеге асыру, орындау адамдардың тікелей санасымен байланысты. Халық өз құқығын саналы түрде өзі жүзеге асырады.
Ресейлік заңгер-ғалым В.С.Нерсесянц құқықтық сананы әлеуметтік шындықтың нақты құбылысы ретінде құқықты сезінудің бір түрі деп жазады. Ал заң ғылымдарының докторы, профессор Н.Н.Вопленко өз еңбегінде құқықтық сананы құқық туралы білім, қолданыстағы заңдар мен ондағы өзгерістерге баға беру дей келе: «Бұл – объектіні көрсетудің нәтижесі ғана емес, мемлекеттің объектісіне, бүкіл құқықтық жүйесіне әсер ету құралы», – дейді.
Құқықтық сана мен мәдениеттің жоғары болуы заң үстемдігінің нығая түсуіне ықпал етеді. Сана өзгермей, қоғам өзгермейді. Сондықтан аталған бағытта реформалар жүзеге асырылмас бұрын, мемлекетте әр адам «құқықтық сана» ұғымымен жете таныс болып, құқықтық сана деңгейін арттыруға баса мән беруі керек. Құқықтық санасы жоғары халық өзгеге кінә артпас бұрын қабылданып жатқан заңдардың мазмұнын және сол заңдарда көзделген өз құқығы мен міндетін жетік біледі, өзге адамның құқығы мен бостандығына құрметпен қарайды. Нәтижесінде қоғамда белгілі бір тәртіп орнап, мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік, саяси, мәдени тұрғыда дамуының көрінісіне ие болады.
Дана САДЫРҚАН