ӘДЕБИЕТ ПӘНІН ҚАЛАЙ ОҚЫТЫП ЖҮРМІЗ?
01.12.2020
7150
5

Мектептегі әдебиет пәнін кім қалай түсінеді? Жалпы мектептегі әдебиет пәнінің функциясы қандай болуы керек? Бұл қүрделі әрі көп талқыдағы сұрақ. Көп талқыда дейтін себебіміз бүгінде әдебиет пәнінің бағдарламасы жиі ауысатын болды әрі сол ауыстырулардың белгілі себептері түсіндіріліп жатқан жоқ. Білім саласындағы мемлекеттік реформалар қандай негіздерге, әлеуметтік-ғылыми зерттеулерге сүйеніп жүргізіліп жатыр – мұның да жауабын алу оңай емес.  Әр бағдарлама өндіріске енгеннен кейін оның тиімді-тиімсіз болған тұсы сарапталып, нәтижелері есепке алынбайды. Бізде қоғамдық-әлеуметтік, педагогикалық сараптамалар жоқтың қасы.

Береке ЖҰМАҚАЕВА, п.ғ.к., СДУ профессоры


Ең алдымен «ӘДЕБИЕТ ПӘНІ» дегеніміз не?» дегенге үңіліп, түсініп, түйсінгеніміз абзал.

Әдебиет пәні  – қоғамтану пәні емес, әдебиет – тарих пәні емес, әдебиет пәні – әдебиеттану ғылымы емес, әдебиет пәні  – ақпарат құралы емес.   Айтылған мәселелерді аражігін дұрыс түсіну – оны оқытудың да өзіндік талап-таразысын көруімізге жол  ашады. Тарқатып айтып көрейік.

 

           ОҚУШЫ ҚАНДАЙ КЕЙІПКЕРЛЕРГЕ ЕЛІКТЕЙДІ?

Әдебиет – қоғамтану пәні емес, бірақ қоғамдық пән. Олай дейтініміз авторларды топтастырғанда  Егемен елдің сипатын көрсетуге құлшынып, тәуелсіздікті дәріптейтін шығармаларды енгізуге тырысқанымыз байқалады. Әдебиеттің ең алғаш қоғамдық пәндердің құрамына енгізіп, идеологиялық құралға айналдырғаны тарихтан мәлім. Бұдан әдебиетті идеялогия қаруына айналдыру керек деген ой тумаса керек. Дегенмен ертеңгі мемлекет тізгінін ұстайтын  буынның қандай боларына алаңдайтын қоғам – дұрыс бағыт-бағдар ұстанып, тұлғаны рухани кемелдендіруді көздеуі маңызды. Әдебиеттің рухани құндылық екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Бүгінгі оқушы қатыгездікті, кісі өлтіруге шімірікпейтін небір қаныпезер кейіпкерді  әлеуметтік желілерден күнде көріп отыр. ХХ ғасыр әдебиеті мен өнерінде туындаған ағым-бағыттарда супер адамның іс-әрекеттері дәріптеліп, ол өнердің бар саласында көрініс табуда. Оның философиялық теорияларын Ф.Ницшеден  түсінуімізге болады.  «Икс адамдар», «Тор», «Халк», «Бэтман», «Өрмекші адам», т.т. шексіз күшке ие болған қаһармандар оқушы сенетін күштер. Бүгінгі оқырманның белсенділігі кеміп, көрерменге ұсынылатын дүние талғам-сарапсыз кетіп жатқанын мойындамасақ болмайды. Оқырманның азаюына да қазіргі бағдарламалардағы келеңсіздіктердің үлесі бар. Мектепте әр сынып бойынша қандай оқу материалдарын ұсынып отырмыз. Қай авторлардан қандай мазмұндағы шығармаларды оқып отыр? Оқушының 11 сынып бойында оқитын әдебиетінен қандай образдар, тұлғалар бой көрсетеді? Оқушы қандай кейіпкерлермен қауышады, кімдерге еліктейді? Ертеңгі қоғам адамының тұлғалық қасиеттеріне кімдер үлгі деген сұрақтар қоюымыз да заңды. Оқушы қазақ қыздарының қиын тағдырымен ғана қауышып, отарлық езгіден бас көтермеген өткеніміз ғана айтылып жатқан жоқ па? Немесе дидактикалық-насихатқа құрылған, ұрандаған өлеңдерді ғана топтастырып беріп алғанымыз жоқ па? Бүгінгі оқырманның талап-сұранысын қанағаттандыратын шығармалар қайсы, мұның бәрін сараптай алдық па?  Оқушылардан сауалнамалар алып, олардың қандай шығармаларды оқығысы келетінін сараптайтын немесе жасөспірімнің  көркем әдебиет пен қоғамдағы эвалюциясына мониторингтер жүргізетін педагогикалық, психологиялық, әлеуметтік орталықтар бар ма? Негізі қазақ әдебиеті деген көл-көсір дүниенің барлық алқабынан көркем галерея құра алдық па?! Олай болса жаңартылған мазмұндағы бағдарламада неліктен әдеби материалдар шектен тыс қысқарып отыр?! Санаулы шығармалармен оқырманды қалай қалыптастырмақпыз?

           БҰЛ ШЫҒАРМАЛАРДЫ НЕЛІКТЕН ҚЫСҚАРТТЫ?

Баланың көркем әдебиетке деген сүйіспеншілігін оятатын кезең орта буын екенін түсінсек, ең әуелі 5-9 сыныптарға таңдаулы шығармаларды оқушы ұғымы мен қызығушылығына сай ұсына білуіміз керек емес пе еді. Қазақ әдебиетінің классиктері саналатын М.Жұмабаевтың көркем де рухты өлеңдері, С.Сейфуллиннің «Ақсақ киік», көркем эстетикалық бағасы жоғары «Көкшетау» сияқты шығармалары, М.Мақатев лирикасы, С.Мұқановтың ұлттық саятшылық өнерді дәріптейтін «Өмір мектебі» романынан «Лашын», «Саятшы Ораз» әңгімелері, балалар жазушысы С.Бегалиннің тұлғаның қалыптасуын танытарлық «Бала Шоқан» әңгімесі, Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе» романынан алынған «Тұтқын бала» сияқты қазақтың ардақты ұлдарының өмір жолын танырлық тағылымдық шығармалары, Қ.Жұмаділовтің «Сәйгүліктер» романынан алынған «Қозыкүрең» әңгімесі,  М.Мағауиннің «Бір атаның балалары» атты тарихи-танымдық шығармалары, адамгершілік тәрбиенің терең тамырлы дүниелерінен сыр шертетін Д.Исабековтің «Ата үміті» әңгімелері, т.т. шығармалар қандай  себептермен жаңартылған мазмұндағы бағдарламадан алынып тасталған деген заңды сұрақ туындайды. Әңгіме жанрының шебері Б.Майлиннің шығармалары,  ана тақырыбындағы Ғ.Мүсіреповтің бағалы әңгімелері, І.Жансүгіровтің эстетикалық бағасы биік «Күйші» поэмасы, кезінде тоталитарлық жүйенің ықпалымен оқытылмай келген М.Ж.Көпеев шығармалары, сал-серілер поэзиясы, т.т.  бүгінгі бағдарламадан неліктен қысқарып кеткен. Санамалай берсек жоқтайтын дүниеміз өте көп.

Психолог-ғалымдардың айтуынша, оқушылар 5-9 сыныптарда жасөспірім кезеңде кейіпкер характерінің жасалуына, оның шындық өмірдегі адамдарға ұқсастық жақтарына ден қояды. Шығармадағы кейіпкер тұлғасынан өмірдегі адамдар әлемінің болмысына, еліктеп, шынайы  құндылықтарды түсіне бастайды. Кейіпкердің моральдік бейнесінен өмірдегі адамдардың  сипатын тануға бейімделе түседі. Оқыған шығармаларындағы кейіпкерлерге еліктеп бой түзейтін кезеңі де осы шақ. Кейіпкерлердің қалыптасу жолына, іс-әрекетінің мотивін  іздеуге  қызығушылықтары артады. Жеткіншек кезеңде автор өрнектеп отырған кейіпкер болмысындағы реалистік мінез, құбылыстарды, оған себепкер жағдай мен мотивтерді бағалай бастайды. Ал жоғары сыныптарда кейіпкерлердің ішкі күрделі болмысын тануға қызығып, автордың шығармашылық пайымын түсінуге талаптанады. Сондай-ақ, адамның өміртанымдық көзқарасын түсінуге,  моральдық қасиетін бағалауға деген талпынысы молаяды. Көп оқушылардың 10-11 сыныптарда эстетикалық талғамына сай туындының көркемдік маңызын тануға қабілеті артады. Жалпы алғанда жоғары сынып оқушыларының шығарманы тұтас құрылым ретінде қабылдап, одан алған әсерін жүйелеу талабы басым болады екен (Н.Д.Молдавская, Н.И.Кудряшев, Д.Б.Эльконин, В.В.Давыдов т.б.). Осының өзінен бірнеше байлам жасап, қорытынды шығаруға болады. Алдымен, әдебиетті оқытудың методологиялық негіздеріне мән бермеу көптеген олқылықтар мен қарама-қайшылықтарға ұрындырды. Мәселен, жаңартылған мазмұндағы бағдарламадағы оқу мақсаттарында  бағалау, эссе жазу тапсырмалары 5 сыныпқа да, 11 сыныпқа да бірдей ұсынылған. Бұның өзі оқушылардың жас және психологиялық ерекшеліктерін ескермеуден туындап отыр. Екіншіден, орта буын сыныптарда оқырман қалыптастыру үшін әдеби шығармалардың қажетті мөлшері болуы қажет еді. Бір шығарманы бір тоқсан бойы талдап, таразылайтындай оқушылар әдеби мәтін сарапшылары емес әрі әдебиеттің теориялық мәселелерін терең қазып, орта буында тықпалау орынсыз.

Үшіншіден, орта буын сыныптардағы оқу материалдары балалар әдебиеті өкілдерінен құралуы керек. Себебі қазақ балалар әдебиетінің іргесі қаланып, көркем дүниелермен қаныққанын жоққа шығаруымыз ретсіз. Ол шығармалардың тілі, сюжеті,  образдары балалар түсінік-танымына қабысып жатыр. Сондықтан орта буында оқу материалдарын балалар әдебиетінен құруымыз міндетті әрі оқырманның қандай шығармаларға қызығатыны да есепке алынуы керек. 5-7 сыныптардағы әдебиеттің ең үлкен міндеті оқырман қалыптастыру. Сондықтан тарихи-хронологиялық жүйеге жүгінбей, шағын жанрлардың таңдаулысын ұсынуымыз қажет.

Тәуелсіздік алғаннан бері мектеп бағдарламаларын қанша ауыстырғанымызбен, айқын бағыт-бағдарды ұстана алмай келеміз. Біздің жіберіп отырған ағаттымыз – әдебиетті оқыту әдістемесі саласындағы қалыптасқан әдістемелік жүйені мойындағымыз келмейтіндігінде. Шетелдік білім жүйесіне дайындықсыз түсе салғымыз келеді. Әр елдің білім саласында өзіне ғана тән жүріп өткен жолы, тәжірибесі болады. Оны аттап өтіп, келесі баспалдаққа түсе қою мүмкін бе?! Әдебиет дербес пән ретінде оқытылған 1932 жылдан бері қалыптасқан әдістемелік тәжірибені жоққа шығаруға болмайды. Қазақ мектептерінде әдебиеттік оқу сыныптарына арналған әдістеменің іргетасын қалаған Ы.Алтынсарин десек, мәтінді пайымдап оқу, талдап оқу, мақамдап оқу, сөйлету, жаздыру, мазмұндау, мінездеу, ғибратшылдық оқу (шығарманың идеясын  түю) сияқты оқу әрекеттері алғаш Ы.Алтынсарин мектебінен бастау алып, әдістемелік жүйеге еркін енген еді. Бүгінде көркем мәтінді оқу мен оны қабылдаудағы (восприятие) баланың жай-күйін есепке алмастан шығарманың құрылымы мен пішінінен бастап оқыту жаңартылған мазмұндағы бағдарламаларда орын алып отыр, бұл – әдебиетті оқытудың әдіснамалық негіздерін ескермеуден туған қателік. «Әдебиеттік оқу» сыныптары саналатын орта буында көркем шығарманы қабылдау үдерісінің маңыздылығын М.М.Бахтин, Н.Д.Молдаская, В.Г.Маранцман, В.Е.Хализев, М.А.Рыбникова, Ә.Қоңыратбаев қатарлы талай әдебиеттанушы, психолог, әдіскерлер зерттеп негіздеген болатын. Ал ғылымда анықталған оқу-таным жүйесін сырып тастап, «қайдан құлақ шығарсақ та еркімізде» деуге бола ма?!

Мәтінді тану сөз бірліктерін түсініп оқудан басталатынын жоққа шығара алмаймыз. Ендеше алғашқы оқу-таным әрекеті бағдарламадағыдай шығарманың құрылымдық жүйесі, мазмұны мен пішінді талдаудан басталмай, сөз мағынасын танудан басталғаны жөн. Автордың айтқысы келген ойын жеткізетін ең кіші бірлік – сөз. Сөз – таңба, сөз – пайым, сөз – поэтикалық образ құраушы да элемент. Сөздің мәтін ішіндегі қызметі де әр алуан. Көркем шығармадағы бірліктерді дербес те, мәтін ішіндегі қызметіне қарай да, сөйлемнің конструкциясындағы қызметіне, автордың қолданыс ерекшеліге қарай да салмақтамай түсіну, түйсіну қиынға соғады.  Олай болғанда автор дискурсын зерделеу, мәтінмен алғашқы жұмыс тілтанымдық бағытта жүргізілуі керек екен.

 ӘДЕБИЕТТІ ШОЛУ ТҮРІНДЕ ҒАНА ОҚЫТАМЫЗ БА?

Тәуелсіздік алғаннан бергі 1999 жылғы Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі мақұлдаған Қазақ әдебиеті пәні бағдарламасында оқу материалдары қазақ әдебиетін түгел қамтимыз деп шектен тыс оқу материалдарын енгізіп, әдебиет шолу түрінде ғана оқытылып, әдеби мәтіннен оқушыларды алшақтатып алсақ, жаңартылған бағдарламада керісінше 5-11 сыныптарда 600 дей сағатқа 100-ден сәл асатын шығарма енгізіп, оның өзін әдебиетті оқытуға жұмсамай, әдебиеттануға басымдық беру, кіріктірілген басқа мәселелерге бұру, дүниенің екі шегіне құлаш ұру деп түсінуге болады. 

Әдебиет – тарих пәні емес дедік. Әдебиетте де хронологиялық жүйе, тарихи кезең бар дегенмен әдебиеттің тарихи курсы тек жоғары сыныптарда ғана оқыту ұстанымы әдістемемізде қалыптасқан еді. Ал 1999 жылғы бағдарламада мектепте оқытылатын тарихи курсты екіге жіктеп, барлық тұтас курс 8,9,10,11 төрт сынып бойы оқытылған тұстары болды. Сонда  мамандық алуға берілетін университеттік білім мөлшерін мектеп бағдарламасына сығымдап, әдеби материалдарды шектен тыс  көп бергенде не ұттық? Одан шыққан қорытынды – мұғалімдер әр қаламгер шығармасын шолып қана оқытатын жағдайға жеткені, әдебиетті ақпарат құралына айналдырып жібергені жасырын емес. Әдебиет пәнінен жабық тесттерге дайындалатын оқушының тек ақпаратқа ғана көңіл бөлетіні де белгілі.

Әдебиеттің қысқаша тарихи курсын оқыту керек, себебі  ол әдеби үдерісті, ағымдар мен бағыттарды, қазақ әдебиетінің болмыс, бітімін түсіну үшін маңызды. Әдебиеттің тарихи курсын 10-12 сыныптарға жүйелегеніміз оң болмақ. Ал жаңартылған мазмұндағы бағдарламада әдебиеттің тарихы мүлде ескерілмеген, есепке алынбаған. Байқап отырғанымыздай әдебиетті оқытудағы өткен тәжірибені сараптап, тиісті қорытынды жасалмай отыр.

Әдебиет пәні – әдебиеттану ғылымы емес дедік. Тәжірибеміздегі қалыптасқан жүйеде әдебиет пәнінде теориялық білім берілетін, тек негізгі нысан теориялық білім емес, көркем мәтінді қабылдау үдерісі болатын. Ал теориялық білім әдебиеттің көркемдік қырларын түсініп, түйсіну құралы ретінде жұмсалатын. Бағдарламада оқытылатын тақырыптардың атауы ғана болып, оны оқушыға қалай оқытып, қалай сіңіретінін әдебиет пәні мұғалімінің құзырына тиетін. Себебі әдебиет пәні мұғалімінің филологиялық білім алатыны онсыз да белгілі.

Бүгінде әдебиет пәні мұғаліміне әр тақырыпты қалай оқытатынына дейін тәптіштеліп, барлық оқу әрекетін құрып беріп отыр. Бір тақырып бойынша оқушының атқаратын оқу әрекеті оннан асады. Оқу мақсатының көптігінен оқу сапасы жақсара ма екен?! Күмәнді. Бұл ретте ұстаздардың пікірі екіге жарылады. Бірқатары мәтінді таныту бағытын ұстанса, енді жартысы шығарма арқылы оқушыны тәрбиелеу керек деген ойды алдыға тартады. Әдебиетті оқытудағы оқу нысаны шығарма болғанымен, орталық тұлға  – оқушы. Барлық оқу әрекеті оқушыны тұлға ретінде қалыптастыру бағытында болуы керек деп ойлаймыз. Әдебиет пәні – әдебиеттану ғылымы емес, теориялық білім тек әдебиетті түсініп, түйсінуі үшін жұмсалғаны абзал. Кейбір ұстаздарымыз мәтіндегі көркемдік құралдарды атап айтқызумен шектеліп жатады. Егер троп пен фигуралар: теңеу мен алмастырулар  шығармаға қандай көркемдік үстегенін оқушы сезінбейтін, түйсінбейтін болса,  сөз өнерінен эстетикалық талғамы қалыптаспайтын болса, теорияны оқытудың да еш мәні болмай қалады. Образдың жасалу тәсілдерін білу көркем образды тұтас  қабылдау үшін қызмет етуі керек, ал уақыт пен кеңістік композициясы  көбіне  шығарманың құрылымдық бөліктерін, кейде сюжеттік желілерді ажыратуғы қызмет етіп жатады.

 ӘДЕБИЕТ ПӘНІН ОҚЫТУДАҒЫ ҚАТЕЛІКТЕР НЕДЕ?

Сонымен қатар жаңартылған мазмұндағы бағдарламаларда теориялық қателіктер мен бірқатар олқылықтарға жол берілген. Атап айтар болсақ:

Біріншіден, оқушыға алғашқы қойылған мақсат – «Көркем шығарманың мазмұны мен пішінін» талдау делінген. Мазмұн деген кең ұғым. Көркем шығарманың композициялық құрылымы: сюжет, образ, суреттеу, мекеншақ композициясы, мотив, т.т. барлығы қосылып келіп мазмұнды құрайды. Сұралып отырғаны қандай мазмұн екені беймәлім. Оқушы оқу әрекетіне түспей тұрып, қалай мазмұнды талдамақ?

Екінші оқу міндеті – «әдеби шығарманың тұжырымдамасы» делінген. Бұл жердегі түйткілдісі «тұжырымдама» деген сөздің қолданысында. Әдебиеттану ғылымында көркем шығарманың тақырыбы мен идеясы, өзекті ойы (мысль, выдумка, вымысел; намеренье, замысел). Десе де, әдеби шығарманың тұжырымдамасы делінбейді. Тұжырымдама ғылыми ізденістерге, ірі жобалар мен бағдарламаларға тән термин. Осыдан бағдарлама түзушілердің  мәтінді көркем шығарма деп танымай, барлық пәндерге ортақ оқу мәтіндері ғана  деп қарағаны байқалады.

6.1.2.1. оқу мақсаты «Әдеби шығармада көтерілген әлеуметтік-қоғамдық  мәселені идеясы арқылы түсіндіру» делінген. 6-сыныпта қоғамдық-әлеуметтік мәселенің көрінісін басқа қандай жолмен түсіндіруге болатыны белгісіз. 6.1.3.1 әдеби туындыдағы кейіпкердің типтерін тек тұрғысынан сипатта делінген. Бұл – шығарманың тегі мен түрімен толық таныспаған сыныпқа орынсыз берілген тапсырма. 7.1 2.1 – «әдеби шығармадағы тұлғалық болмысты гуманистік тұрғыдан талда, 9.1.2.1 «әдеби шығармадағы психологизмді анықта» деген тапсырмалар теориялық жағынан айқын емес әрі беріліп отырған сыныптарға лайықталмаған. Ал барлық сыныптарға беріліп отырған «автор бейнесін анықтау» деген тапсырмалар мүлде қисынға келмейді. Автор бейнесі көркем шығарманың көбінде имплицитті мәнге ие болып келеді. Кез келген шығармадан автор бейнесін анықтау оңай емес. Күрделі танымды мектептің орта буынынан сұрау қаншалықты ретті?! Оқу таным деңгейлері барлық сыныптарға ортақ беріліп,  қалып-трафарет болып шыққан. Шығармадағы автор бейнесін анықтау жырға да, мысал өлеңге де, толғауға да, әңгімеге де берілген.

Шығармашылық жұмыс әдебиет сабақтарында көбіне алған білімді жинақтауға, қорытуға сай қолданылады. Тағы бір айта кетерлік мәселе: Б.Блумның таксономиясындағы  қолдану деңгейінің үшінші кезекте беріліп, соған сай жұмыс жүргізу жаратылыстану пәндеріне тән, яғни есепті түсінгеннен кейін мысалға салып қолданып көру жаратылыстану пәндеріне лайықталған. Ал әдебиет пәнінде қолдану деңгейі шығармашылыққа сай келеді. Шығармашылық әдебиет пәнінде жоғары деңгей, ол – жаңа өнім алуға пара-пар. Б.Блумның жаңа жүйесінде де жоғары деңгей шығармашылық өнім алуға сәйкес келеді

Шығарманың «заманауилығы мен жаңалығы» деген оқу міндетін қою мен оның оқу үдерісіндегі нәтижесін бағамдауда үстірттік байқалады. Дәл осы міндеттің сыныптар бойынша жіктелісінде: «кейіпкерлер жүйесінің заманауи жаңашылдығын», «әдеби жанр түрлерінің даму барысына, жаңашылдығына заманауи тұрғыдан баға беру» деген тапсырмалар оқушы емес, әдебиеттану саласын сараптаушы ғалымдарға қоятын міндет дерлік.

Авторға хат жазу, кейіпкерге хат жазу, әдеби эссе жазу, сыни хабарлама деген тапсырмалар әр тақырып бойынша қайталанады. 9.3.3.1-дағы  «шығарманың идеясын ғаламдық тұрғыдан талдап, әдеби эссе жазу» делінген оқу міндетіндегі «ғаламдық тұрғыдан» деген тіркесті де түсіндіріп беретін ғұлама керек. Жалпы үшінші оқу-таным мақсаты шығармашылық болған соң, бағдарламада «әдеби сын», «әдеби эссе» деп шектеп тастау ретсіз. Себебі 5 сынып пен 11 сыныптың оқушыларына бұлай бірдей тапсырма беру дидактикалық жағынан қисынға келмейді. Әр сынып оқушысының  шығармашылық мүмкіндігі, психологиялық ерекшелігі ескерілуі керек. Оқытудың жеңілден күрделіге қарай, жалқыдан жалпыға қарай деген  қалыптасқан ұстанымдарын, педагогикалық негіздерін жоққа шығаруға болмайды.  5-сынып оқулығына берілген бірінші шығарма «Керқұла атты Кендебай» ертегісінің айналасында, яғни оқулықтың алғашқы  оншақты бетінде теориялық ұғымдар сықап тұр: шығарманың тақырыбы, идеясы, мазмұн, пішін, түрі, тартыс, сюжет, фабула, композициялық құрылым әдеби түр мен тек, троптың түрлері, типтік бейне, прототип, т.т. жиырмадан аса теориялық ұғым берілген. Қайталап айтамыз әдебиет пәні – әдебиеттану ғылымы емес, теориялық білімді шектен тыс көбейту көркем шығарма мен оқырман диалогіне қызмет ете бермейтіні анық.

1987 жылы жазылған әдістемелік еңбегінде Ә.Қоңыратбаев: «Танымның (білімнің) негізінде материал (текст) жататын болса, бірінші жинақтауға мазмұн (тексті оқу) сатысы жатады. Затты (материалды) бала өзі ұстап көрмей жатып, сол зат туралы онда ешқандай актив ұғым тумайды. Бүтін – сол.  Білім дегеніміз таным болса,  ол заттың өзін игеруден басталады… материал арқылы бала болмысты, адам табиғатын танып біледі. Бала алманы көзбен көріп (түсі), қолмен ұстап (салмағы), мұрнымен иіскеп, өз білгенін тілмен айтады. Екінші саты – талдау (бөлшек). Бұл тұста балалар бірлескен түрде шығарманың формасын (образдарын) композициясын, тілін, өлең өлшемін) жеке-жеке талдайды. Бөлшексіз бүтін жоқ. Бұл оқуды тереңдетеді. Кластағы  бірлескен талдау сабақты активтендіреді. Талдау сабақтарын тереңдетудің екінші формасы – теориялық мағлұмат» дей келе автор теориялық білімнің ретімен берілуін назардан тыс қалдырмайды. «Кейбіреулер соңғы жинақтаудың орнын жақсы түсінбей жүр. Бірінші жинақтау – оқу болса, екінші жинақтау – шығарма, автор идеясына жататыны рас. Оқушылар мінездемелік шығарма ғана емес, топшылау, әсіресе көркем стильдегі шығармаларды да жазып игерген болуы керек… Бұрын мұғалім бірінші орында тұрған болса,  енді оқушы бірінші орынға шыға бастайды» деген бағалы пайымдарынан оқу мақсаттарын жүйелеуде бұрыннан  білім, түсіну, талдау, жинақтау, қолдану (шығармашылық) барын аңғару қиын емес.

Әдебиет – өнер пәні. Өнер пәнін оқытуға қойылатын міндет те аса жауапты. Ә.Бөкейханов: «Ән өлең, күй – ең сенімді үн, бұл үнмен адам мехнатын, рақатын, ғайратын, шафқатын, сүйіспеншілігін билейтін, қайғы-қасіретін Құдайға тапсырады, жеткізеді…»,–деген екен. Әдебиет пәні оқушының ақыл ойын, шығармашылық қабілетін ғана жетілдіріп қоймай, эмоциялық зиятын шыңдап, тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін мектептегі жалғыз, дара пән екенін түсінсек, әдебиетті оқытуға жеңіл-желпі қарамас едік.

Әдебиет – адамтану пәні, сонымен қатар, әдебиет – жан-жақты да терең ойлантатын пән. Оқушы танымы мен логикасын дамытуда әдебиет пәні жаратылыстану пәндерінен кем түспейді. Жаратылыстану пәндері сияқты тұрақты бір формула мен қағидалар, заңдылықтармен шектелмей, әдебиет пәні еркін ойдың, қиялдың дамуына жолбасшы бола алады. Әдебиет пәнінде дәлелдеуді қажет ететін тұрақты формула, элементтердің бұлжымас ережелері жоқ. Бірақ кейде шығарма өзегіндегі ой қисынын зерделеу, азаматтық ұстаным тұрғысынан келгенде күрделі есепті шығарудан да ауыр болатын тұстары аз емес. Себебі шығарманың терең астары, тағдырлар тартысы, идеялар тартысында оқырманның өзіндік пікірі мен көзқарасына жүгінетін тұстар көп. Белгілі әдіскер Қ.Бітібаева «Әдебиет – адамтану құралы» болса, әдебиет пәні – «адам тәрбиелеу құралы» деген пікір айтады. Ал әдіскер ғалым Е.Н.Ильин «Әдебиет – адам қалыптастырушы құрал» деген әдебиет пәнін оқытудың жаңа жүйесін ұсынған болатын. Әдебиет пәні арқылы оқушы адам болмысын тануды үйренеді, сол арқылы өзін-өзі тануға талпыныс жасайды. Қоршаған орта туралы ұғымдарын кеңейтеді, рухани дүниесі байиды, туған тілі мен еліне деген құрмет сезімі, ұлттық ділі мен рухы қалыптасады. Адам тұлға ретінде рухани қуаттанады. Ашығын айтқанда, білімі бекем, рухы қуатты ұрпақтың өз туған ұлтына, Отанына деген сатқындығы болмайтыны айқын. «Пайданы көрсе бас ұратын», өзінен бастап, Отанына дейін сататын жеткіншек қайдан қалыптасады деп таңырқаудан бұрын, себебі неден деп зерделеген орынды болмақ. Сондықтан әдебиетті оқыту қажеттігін білу және оны қай мазмұнда оқытуды терең пайымдау бүгінгі күннің аса өзекті мәселесі.

Меніңше әдебиетте оқушының өзінің қабылдауы, түсінуі, түйсінуі есепке алып барып келесі оқу міндетіне қадам жасау маңызды. Біз әдебиетті оқытқанда ақпарат қана беріп отырғанымыз жоқ. Әр оқушы өзі қауышқан кейіпкерімен бірге өсіп жетілетінін, өмір тәжірибесіне жүгініп сарапқа салатынын ұмытпауымыз керек. Оқушының сыни, дивергентті, аналитикалық,  шығармалық, образды ойлау жүйесіне септігі тимейтін болса, пәннің де бағасына жетпеген болып шығамыз.  Абайдың:

Ұқпассың үстірт қарап бұлғақтасаң,

Суретін көре алмассың көп бақпасаң

Көлеңкесі түседі көкейіңе

Әр сөзін бір ойланып салмақтасаң» дегеніндей оқушының образды ойын, қиялын дамытуға қызмет етуі қажет. Біздің бүгінгі әдебиетті оқытуымызда әр сөзді салмақтау, мәнін түсініп, түйсіну, шығарманың сюжеті, іс-әрекетіндегі мотивтер, образдар болмысы, оның туу себептері сияқты шығарманың ішкі бірлігімен жүргізілетін мұғалім мен оқушының талқылауларын жоғалтып алған сияқтымыз. Аналитикалық сұхбат, эмпатиялық диалог, эвристикалық әңгіме дегендеріміз оқу мақсатында көрінбейді. Оқушыларды әдеби-теориялық талдаулардың ізіне түсіріп жібергендей көрінеміз.

 

                             

ПІКІРЛЕР5
Аноним 07.03.2021 | 07:03

Дұрыс айтады. 5-6-сыныпқа теориясын азайтып, шағын әңгімелер көбейтілсе екен.

Аноним 03.09.2021 | 03:50

Орынды ой айтылған. Толық келісемін. Осы айтылған пікірді ескере отырып, 5-сынып пен 11-сыныптың әдебиет пәніне дереу өзгерістер енгізілуі тиіс.

Аноним 25.09.2023 | 21:37

Сонымен ғаламдық тұрғыда талдау дегенді қалай түсінеміз?

Аноним 26.11.2023 | 17:35

орынды мәселе, жалпы әдебиет арқылы бала өмірді танып, кейіпкерлер арқылы жақсы мен жаманды ажыратып, ойын еркін жеткізетін, тәрбиелі тұлға болып қалыптасу қажет деп ойлаймын. өзімізде бала күнімізде кітап оқып қажетімізге жараттық, ненің бұрыс ,ненің бұрыс екенін ұғынуға көмек берді деп айта аламыз.

Аноним 02.01.2024 | 16:01

5-7 — сыныптарға белгілі оқу мақсатымен жұмыс жасағаннан гөрі, қысқа мәтіндермен жұмыс жасалғаны дұрыс. Ненің дұрыс , ненің бұрыс екенін біліп, кейіпкерлерге талдау жасап, өзіндік пікірін айта алуға дағдыларды. Шығарманың басы, ортасы, аяғында не болғанын білген оқушы сюжетін анықтайды. Осының бәрі мақсат емес пе?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір