Перизат ОМАРБЕКОВА, Мәдениет қайраткері: Өз елімізде ботқа жасап жатырмыз. Өзге елде не істеп жүрміз?
Газетіміздің 3-бетінде Жазушылар одағына Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның арнайы келіп, ақын-жазушылардың ортасында «Мәдениет туралы» заң мен Қазақстан Республикасы мәдени саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы мәселе қозғағаны жайында жаздық. Осы жиынға қатысқан Перизат Омарбекова би өнерінің тасада қалып, қазақтың сахналық ұлттық киімдерінің ұсқыны кетіп бара жатқаны туралы айтқан болатын. Тілшімізбен әңгіме барысында ол өнер саласын басқарып жүрген адамдардың білімсіздігі мен немкеттілігін де сынға алды.
– Перизат ханым, бүгінде қазақтың ұлттық өнер түрлері өз деңгейінде ұлықталып жүр деп ойлайсыз ба? Соның ішінде ұлттық би өнерінің ахуалы қалай?
– Қазіргі кезде қазақтың ұлттық биін әркім әртүрлі етіп, өз ырқына салып орындауда. Сондықтан да ұлттық биіміздің сипаты да өз деңгейінде деп айта алмаймын. Мен үшін «ұлттық», «дәстүрлі» деген сөздердің мағынасы тым тереңде. Арыда… Заманымыз мың өзгеріп, қалай құбылса да, ұлтымызға қатысты дүниелерге өте үлкен жауапкершілікпен қарауға тиіспіз деп ойлаймын. Ұлттық өнер, ұлттық киім, ұлттық спорт түрлерінің өзіне тән заңды стандарттары болуы қажет. Әйтпесе, біз өзге ұлттан қалай ерекшеленеміз? Қазіргі таңда, мемлекеттік ансамбльдеріміз болсын, өңірдегі ансамбльдер болсын, бұл заңдылықтарды ұмытқан секілді. Мысалы, шетелге қандай билерімізді көрсетіп жүрміз? «Сахна деген – айна, ұлттық өнер – әр ұлттың сахнадағы айнасы» деген сөз тарапынан қарайтын болсақ, біздің ұлттық билерімізді біреу қадағалап отыр ма? Жоқ. Бұрындары арнайы маманданған өнер сыншылары болатын. Әсіресе шетелге баратын бағдарлама қатаң қаралатын. Би үлгісі, қимыл, фольклорлы музыка, ұлттық киім – бәрі бірнеше сараптамадан, адал сыншылардың сүзгісінен өтіп барып, шетел көрерменіне ұсынылатын. Ұлттық бидің төл қимылдарынан бұрын, ұлттық киімнің әр оюы мен әр түйір түймесіне дейін мән беріп қарап, ұлтымызды ең жоғарғы деңгейде паш етуге бар жандарын салатын! Ұлттық өнердің өзге ұлттардыкіне ұқсамайтын тұстарын айрықшалап, сол тұстарына ерекше екпін беріп, түрлі ұлт өкілдері өнер көрсетіп жатқан әлемдік сахнада қазақтың қазақ екенін танытуға ден қоятын.
«Шетелде жүрміз», – деген өнерпаздардың суретін, бейнероликтерін көріп қаламын кейде. Ұлттық киімнің жұрнағы да қалмаған. Жалпы, мемлекеттік би ансамбльдері қай халықтың болса да, мемлекеттік би ансамбльдерімен бір деңгейде тұрып, кез келгенімен бәсекелесе алатын дәрежеде болуы қажет. Шама жетсе, олардан асып түсуге тырысуы керек емес пе?
Қазіргі кезеңде біз, ұлттық фольклорымыздағы қазақы нақышты жоғалтып алғандаймыз. Бидің билеу мәнері, «ішкі жан-дүниесі», мәні мен мағынасы қазақы келбетін жоғалтты десе де болады. Аракідік жақсы билерді көремін, олар өте аз әрі тасада қалып жатыр. Мысалы, ән өнерінде жыраулар мен дәстүрлі әншілер ұлттық нақышты ұстауға тырысады ғой, бишілер де сол талап үдесінен шыға білуге тиіс.
Бүгінде ұлттық биді түрлі жанрға (модерн, эстрада, джаз, т.б) салып орындап, соған қарамастан оған «ұлттық» сөзін таңып жүр. «Неге олай болып жатыр?» – десек, «бұл – эксперимент, даму процесі», – деп түсіндіреді. Ол – мүлде дұрыс емес. Ұлттық өнер – ұлттық код. Оны бұрмалауға, өзгертуге, көрші жатқан халықтың билеріне ұқсатып орындауға еш хақымыз жоқ. Қазақтың би өнері қазақ – қазақ болғалы ата-бабамыздан, аналарымыз бен әжелерімізден айнымас мұра болып жалғасып келеді, келешек ұрпаққа да оның сыны мен сипатын бұзбай жеткізу – басты борышымыз. Шет мемлекетке де сол артықшылығымызбен, ерекшелігімізбен, «бұл қазақтың биі ғой» деп бір көргенде танитындай деңгейде жеткізуіміз керек деп ойлаймын. Соңғы жылдары, өкініштісі, қазақтың биі шеттен келіп қосылып жатқан қандастарымыздың туып-өскен жерінің билеріне де ұқсап барады. Оны қатаң түрде бақылауға алу керек деп есептеймін. Мысалы, әлдебір моңғол ұлты өкілінің әлеуметтік желідегі парақшасынан: «Қазақтар біздің биімізді ұрлап алыпты, плагиатщики», – деп жазғанын көріп, қатты ұялдым. Намыстандым. Қазақтың биін бұрмаламай, бұзбай орындап, дәріптеуге міндеттіміз. Өнерге қатысты ЖОО-да «Қазақ биі» пәні аптасына бір рет қана өтіледі екен. Бұл да немқұрайылықты білдіреді. Осы пән күнде өткізілсе, жастар да төл өнерін жете таныр еді.
– Ұзақ жылдар қазақ сахнасының сәнін келтіріп жүрген өнер адамы ретінде осы саладағы ескерілмей жүрген жайларға тоқталып өтсеңіз?
– «Би өнері» саласында ескерілмей тұрған ең бірінші мәселе – бишілердің зейнетке шығу көрсеткіші. Біздің мемлекеттің қазіргі заңына сәйкес, бишілер 61-63 жасқа дейін билеп, ел қатарлы шығу керек екен зейнетке. «Ұлттық би» өнерінің өкілдеріне шыдауға болатын шығар… Балет бишісі ше? Олардың «пуанты» деп аталатын (аяқтың ұшымен билейтін) сахналық аяқ киіміне 38-40 жастан соң шыдау мүмкін емес. Балет дегеніміз, ол – классика. Ол – өнердің ең әуелі сұлулық пен грациясын сипаттайтын жанр. Өкінішке қарай, оны түсініп жатқан ешкім жоқ қазір біздің мемлекетте. Бізде би өнерін ысырып, шетқақпайлап қойғандай әсер болады кейде. Солисттерге қолдау жоқ. Би десе, топырлаған топ биші ары-бері жүріп өтсе болды деп түсінетін секілді кей басшылар. Қимылын, жанрын, стилін түсініп қарап жатқан кім бар? Жоғарғы жақта осы өнерді түбірімен және түбегейлі түсінетін бір би өнерінің өкілі де отыруы қажет деп ойлаймын. Және де ол міндетті түрде ұлттық би өнерінің өкілі болуы шарт. Өз елімізде ботқа жасап жатырмыз, жарайды, ал шетелге қазақтың киімі, биі деп кімнің киіміне ұқсас киім киіп, кімнің биін көрсетіп жүрміз? Мұны кешіруге болмайды!
Тағы бір өте өзекті мәселе – би өнерінің солисттерінің статусы қорғалмаған. Жеке орындаудағы бишіге мүлдем жағдай жасалмаған. «Солист-биші» деген штат жоқ», – деген әңгімелер естіп, осы мәселеде түрлі жағдайларға тап болдым. Би өнері өнер емес пе? Неге бір мекемеде 20-30 «солист-әнші» бар да, бір жеке-бишіге орын жоқ?! Неге біз би өнері мен бишілерге жетім балаға қараған секілді қараймыз? Бұл не саясат? Ән, күй, жыр, би, түрлі музыкалық аспаптарда ойнайтын өнерпаздардың барлығы да бір деңгейде тұруы керек. Басқаша айтқанда, ұлттық би өнеріне де «солист-биші» деген штаттар ашылғаны жөн. Сонда ғана бұл өнер өсіп-өркендейді деп сенемін. Әйтпесе, осы мазмұны бұлыңғыр топ күйінде, болашағы жоқ күйінде қалмақ.
«Ұлттық өнер өкілдері Батыс мәдениетін дәріптейтін өнерпаздардан биік тұруы қажет», – деп мәжіліс депутаты Абзал Құспан бәрімізді толғандырып жүрген мәселені жақсы көтерді. «Ұлттық мәдениетіміз өз елінде өгейлік көріп жүр», – деген сөзіне де толықтай қосыламын. Қазір өнер саласында тоқырау жүріп жатыр ма деп те ойлаймын кейде. Олай дейтінім, айтып өткенімдей, сауатты сыншылар жоқ. Әркім өз білгенімен, өз бетімен әрекет жасап, сахнаға кім көрінген шығып жүр. Өнер ошақтарын өнерге қатысы жоқ жап-жас адамдар немесе өнерді жете түсінбейтін тәжірибесі аз мамандар басқарып жүр. Бір мәселені айтып алдына барсаң, қисыны жоқ әңгімелер айтып отырады. Өнер заңдылықтарын білмейтініне, өнердің соқпағынан өтпегеніне, білімінің кемшін екеніне бірден көз жеткізуге болады. Шаруаңды түсініп тыңдайтындар жоқтың қасы. Өнер ордасын Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз секілді қазақ өнеріне шын жаны ашитын адамдардың басқаруы – қазақ өнерін алға жетелейтін негізгі күш болатыны сөзсіз. Бұл мәселені айтып отырған себебім, біздің өнердегі тағдырымыз басшыға тікелей байланысты.
Үшінші үлкен мәселе – ұлттық киім мәселесі. Ұлттық киімге бұрмалау енді дегенше қазақтығымыз кетті дей беріңіз. Ұлттық ою-өрнектердің де қолданылатын, киімге қойылатын өз реті бар. Осының барлығына арнайы стандарттар бекітіліп, қазақ халқы қай жағынан да төл болмысынан ажырамаса екен деп армандаймын!
– Жалпы, қазіргі уақытта ұлттық би түрлерін паш етіп жүрген бишілер көп пе? Бұрынырақтағыдай бишілер көп атала бермейтін секілді. Әлде танымал бишілердің қатары сирегені ме?
– Осындай түйткілді мәселесі көп өнерде қалу, дараланып шығу – қиынның-қиыны. Өнерге әрқашан да қолдау қажет. «Нағыз өнер адамы – ғасырда бір туатын тұлға» деп қарайтын болсақ, оларға өкімет барынша қолдау көрсетсе, өрлеу де бірден білінер еді. Репертуарын толықтырып, сахна киімдерін тігіп, жеке концерттерін жасап беруге міндетті деп санаймын. Ал өнер адамы өнерінен басқа ешнәрсеге бас қатырмауы керек. Бұрындары ол солай болған да. Қазір көп нәрсенің қадірі кеткен сияқты. Жалпы, өнер ошақтарын басқарып отырған басшылар қол астындағы өнер адамдарының өшкенін емес, өскенін қалайтын, пейілі кең, адал, ұлты десе барын салатын, ұлтжанды адам болғаны дұрыс. Жанбай жатып сөніп қалған талай өнерпаздарды көрдім. Дәл қазіргі уақытта өз басымнан небір оқиғалар өтіп жатыр… Қиын өте. Шын таланттар далада жүр. Шала өнерпаздар сахнада… Ащы болса да, шындық – осы. Бұл олқылықтардың орны толмай, таланттардың сирегені сиреген.
Ұлттық жанрдағы театрларда басқа жанрдағы би орындаушылар да жұмыс істей береді қазір. Қазақ биі туралы толық білмейтін адам қазақтың фольклорлы ұлттық, дәстүрлі биін қалай қояды? Тіпті, ұлттық би қойылымдарына шет елден мамандар шақырылады екен. Ал ол адам қазақ дәстүрін, оның ішінде ұлттық би қимылын қайдан түсінсін?
– Ал қазақ тарихында қандай ұлттық би түрлері бар? Олардың ұмыт бола бастағаны мен сахна төрінен түспей келе жатқандары жайлы да жеке-жеке баяндап берсеңіз?
– Қазақ биі бүгінгі таңда «сахналық би» түріне, яғни методикасы қалыптасқан, сахналық сипатын тапқан билер тобына жатады. Бұл – осы өнерге талмай қызмет еткен майталмандарымыздың еңбегі. Қазақта би көп. Қазақ қызының нағыз келбетін сипаттайтын «Қамажайдан» бастап, «Буын би», «Қаражорға», «Келіншек», «Ұтыс би», «Бүркіт биі», «Аю биі», «Қазқатар», «Қоян-бүркіт», «Насыбайшы», Шара апамыздың «Айжан-қызы» бар, тізе берсек, өте көп. Тағы да бір мәселенің шеті шығады, бұрынғы билердің мәні мен мағынасы зор еді. Қазіргі билер мен би қоюшылар би қойылымының негізгі табиғатын ескере бермейді. Мысалы, Гүлжан Талпақова апайымыз «Қыз-қууды» қалай сипаттаған! Тойған Ізім апайымыздың «Жезтырнағы» неткен керемет! Онда қаншама мән мен мағына жатыр! Нұрсұлу Тапалова апайымыздың ұршықты қалай иіргенін көріңіздер! Қандай ғажап! Сондай өміршең, таза қазақы билер көзден бұл-бұл ұшты…
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА