КҮН МЕН ТҮН ҚАЛАЙ ТЕҢЕЛДІ?
05.07.2024
1610
0

Ерте заманда адамдар мен жануарлар жер бетін мекен етіп, таңғажайып ғұмыр кешіп жатты. Адамдар отбасын құрып, жануарлар орман мен тоғайларда тіршілік етті. Құстар сайрап, ұясын салып, өзен-көлдер өз арнасымен ақты. Ағаштар мен гүлдер де өз жемісін беруден танбады. Тек…

Бір беймәлім құбылыс бәрібір сезіліп тұратын. Қоршаған ортада үйлесім мен тепе-теңдік жоқтығы бәрін қынжылтты. Оның себебі – қараңғылық мен жарық әлемі болатын. Екі құбылыстың да өз патшайымдары бар еді. Бірде тәуліктеп аспанда күн тұрса, кейін аспанды қараңғылық басып, жұлдыздар қаптап, айлап қараңғылық орнайтын болды. Барша әлем үшін бұл қалыпты жағдайға айналып кеткен де сияқты еді. Тек алыс аспандағы күн мен жұлдыздар ғана Қараңғылық пен Жарық патшайымдардың еркелігінен шаршайтын. Ал патшайымдар болса бір- бірін танымады. Олардың бірі ұйық­тап кеткенде, екіншісі төбе көрсетіп, айналасына жарық пен қараңғылық төгетін.
Ұзақ уақыттан кейін Жер бетінде тіршілік жалғасқан сайын күн мен түннен жаңылу, жоспарлардың орындалмауы жиі орын ала бастайды. Ұзақ уақыт түн болған сәттерде жарық шашудан шаршаған кейбір жұлдыздар Жер бетінен алыстап жарық сәулесін төгуді де азайтты. Қараңғылық ұзақ тұрып алған сәттерде Жер беті суытып, салқын жел соғатын.
Осындай тосын сыйы көп Жер бетінде Олжас пен Жалғас есімді егіз ұлдар Армандар қаласында өмір сүріп жатты. Олар күннің жарық кезеңі, күз айында дүниеге келгенімен қанша жаста екендерін тек әкесі ғана айыра алатын. Өйткені, Олжас пен Жалғастың әкесі жаратылыстану пәнінің мұғалімі еді.
– Ертең біздің ұлдар он үш жасқа толады. «Он үште отау иесі» деген, мүшел жастарыңа ерекше сый жасаймын — деп теледидар дауысын бәсеңдеткенде ғана, анасы:
– Әкесі-ау, күз келген бе еді? Мен әлі жаз бітпеді деп жүргенмін, – деді.
Ата-анасының әңгімесін естіген Олжас пен Жалғас қатты қуанып, тезірек ертеңгі күн болса екен деп күтті. Бірақ ертең болғанын қалай білетіндерін өздері де білмей қалудан қорқып, қынжылды.
– Уайымдама, Жалғас! Әкеміз бәрін біледі ғой. Ертең деді, демек бізге бүгін ертерек жатып ұйықтау қажет. Ұйқыдан тұрғанда жаңа күн, яғни туған күніміз басталады.
– Жақсы, қайырлы түн. Мен тезірек ұйықтаймын. Оянғанда бірінші боп сені туған күніңмен құттықтаймын. Өткен жолы сен құттықтап қойғансың, – деді Жалғас.
Ертеңіне таң ата салысымен үйдің үлкен бөлмесінде сыйлық лентасы бар орташалау ақ қорапша тұрды. Олжас пен Жалғас аң-таң. Әкесі мен анасы екеуін шақырып, туған күндерімен құттықтап жатты.
– Ал, кешеден бері сендерге да­йындаған сыйым осы еді. Екеуіңе ортақ сый, ортақ болғасын бірге пайдаланасыңдар, құлыншақтар. Ал, қәне, – дей беріп еді, бұл екеуі қорапты ашуға құлшына кірісіп кетті. Қораптың ішінде телескоп болатын. Мектепте география пәнінен оқығанымен, телескоп қарайтын күндері үнемі жарық болып, Жалғас пен Олжас бірде-бір рет телескоптан аспан әлемін қарап көрмеген еді. Екеуінің қуанышы қойнына сыймай әкесі мен анасын құшақтай кетті.
— Біз уәде береміз, әке. Сыйлықты күтіп ұстап, ортақ пайдаланамыз, – деді Жалғас. Сол күннен бастап Олжас пен Жалғас аспан әлемінің әр элементін бақылауды сүйікті істеріне айналдырды.
Олжас пен Жалғас жарық жұлдыздарды таңырқай қарап жүріп, олардың әлемін зерделеуге кірісті. Ұзақ уақыт жарық шашқан жұлдыздардың кері шегініп кішірейіп кететінін байқап, оны сағаттап есептеп, қағаз бетіне түсіруді бастады. Жұлдыздарға әдемі есімдер де қойып жүрді. Кейін ғаламтор арқылы өздері байқаған құбылыстарды ғаламшар зерттеушілеріне жіберіп отырды. Ғалымдардың қызығушылығы оянды. Сол сәттен бастап Олжас пен Жалғастың әкесі балаларының талабы мол екенін сезіп, өз білгенін айтып, тәжірибесін бөлісе бастады. Олжастың ойынша Жарық пен Қараңғылық арасында тепе-теңдік болуы тиіс еді. Сонда жер бетінде бір жүйе мен үйлесімділік орын алатынына сенетін. Әкесі Олжастың ойын құптады. Алайда Аспан әлемінің тылсымы әлі де беймәлім екендігін жеткізді. Сонда да аспантануды жалғастыруларын сұрады. Олжас пен Жалғас үшін жұлдыздардың қозғалысы мен жарқылын бақылау бәрінен маңызды іске айналды.
Уақыт өте келе Олжас пен Жалғасқа Астанадағы Ерсін Еділұлы атты ғалым хабарласты. Екеуін жұлдыздарға аттанатын ғалымдардың қатарына қосқанын айтып, ғаламшар көлігімен бірге аспан әлемін зерттеуге бірге баруға шақырды. Ұзақ ойланған әкесі мен анасы балаларды Астанаға ұшаққа отырғызып, шығарып салды.
– Жер мен аспан – екі әлем. Екі егіз ұлым екі әлемді зерттеген ғалым болса менің арманымның орындалғаны,- – деді әкесі.
Осылайша, ғаламшар көлігімен жұлдыздарға аттанғалы тұрған Олжас пен Жалғас ұзақ уақыттан бері жазып жүрген қағаздары мен сағаттары белгіленген журналдарына қарап, әр жұлдызды өздері қойған есімдермен атап, жоспар құра бастады. Ерсін Еділұлы болса жас ғалымдардың сыртынан қарап сүйсінді. Олжастың жарық пен қараңғының тепе-теңдігі туралы болжамын естіп таңырқай қарады. «Дұрыс айтасың, әлемге қажеті осы тепе-теңдік», – деп электронды журналын шимайлай жөнелді. Ғаламшар көлігі жұлдыздарға жақындады. Ұзақ уақыт қараңғылық орнап, әбден әбіржіген жұлдыздарды көрген Олжас көзін төмен түсіріп еді, ұйқыдағы Жарық патшайымын байқады. Жылтыр көрпесін оранған патшайымның да шаршағанын ұқты. Дереу Ерсін Еділұлы мен Жалғасты шақырып, өзі байқаған құбылысты көрсетті. Ғалымдар таңдана келе, Аспан әлемінде ұйқыға кеткен Жарық патшайымын ояту қажет деп ақылдасты. Ал Жалғас болса көп жұлдыздың арғы жағында асыр сап жүрген қара көйлекті Қараңғылық патшайымын байқады. Патшайым көп жұлдыздың ортасында айнаға қарап сыланып, қара көйлегіне жұлдыздардан жылтыр әшекей тағып отырды. Осы сәтте Олжас ойланып кетті. Екі патшайымның әрекеттерін саралап, ой елегінен өткізе бастады. Жалғас пен Ерсін Еділұлын шақырып өз ойын айтты:
– Меніңше, екі патшайым бір-бірін танымайды. Оларды кездестірудің бір ғана жолы бар. Жел күшін пайдаланып аспаннан нөсер жауын жауса екі патшайым оянып бір-бірімен танысады. Танысқан соң екеуі әлемді тең бөліп алар еді, – деген Жалғас Олжасқа қарап басын изей берді.
Мұны естіген Ерсін Еділұлы болса басқа ғалымдарға қарай екі жастың жаңалығын айтты. Қас қағым сәтте ғаламшар көлігі Жер бетіне қарай бағыт алды.
Елге оралған ғалымдар жел күшін пайдаланып, аспан әлеміне қою қара бұлт үйірді. Бұл жұмысты істеу үшін ғалымдарға алты күн уақыт кетті. Осы сәтте Жалғас пен Олжас үйдегі телескоп арқылы жұлдызды аспанды бақылап, қою қара бұлттың арасынан тек қана Айды көріп тұрған еді. Кенет аспаннан жауын төкті.
– Олжас, жауын көп жауатын секілді. Жарық пен Қараңғы патшайымның кездескенін қайдан білеміз, – деді Жалғас. Осы сәтте телефон қоңырауы шыр ете түсті. Тұтқаның арғы жағындағы Ерсін Еділұлы да осы сұрақты айтып жатты.
– Айды бақылайық, айдың бетін Күн жапса, онда екі патшайымның кездескені, – деді Олжас.
Осылайша 5 сағат жаңбырдан соң, аспаннан бұлт көшті. Қараңғыда анық көрінген Айдың беті кенеттен жап-жарық болып кетті. Мезет 2-3 минутқа ғана созылғандай болды. Бұл Күн мен Айдың теңелуі еді. Осы сәтке куә болған Жалғас пен Олжас қатты қуанды.
– Олжас, енді не болады? – деп сұрай берді.
– Енді патшайымдардың парасат­тылығы жеңіп, тепе-теңдік орнайтын болар, бақылаймыз. Журналды аш, сағатын жазайық, — деді Олжас. Телефонның арғы жағындағы Ерсін Еділұлы да өз ғалымдарына «жазамыз, жазамыз» деп ескертіп жатты.
Осы ғаламат оқиғадан кейін Жер бетінде 12 сағат күн мен 12 сағат түн орнады. Әлемге тепе-теңдік келіп, дәл сол күні Ай мен Күн теңелетін уақытқа айналды. Қараңғылық мен Жарық патшайымдарының парасаты асып, олар енді Әлемнің татулық символына айналды. Өйткені, әр нәрсенің өлшемі мен мөлшері Жер бетінің бейбіт тұрмысы мен келісімді келешегінің нышаны болатыны заңдылық қой. Ал Олжас пен Жалғас жас өрендер бар жақсылық үшін жаңашылдыққа бойұсынатын ерлік иесі екендерін дәлелдеді.

Мейірім ЕРДӘУЛЕТ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір