ИМАНДЫЛЫҚТЫ БІЗ ҚАЛАЙ ТҮСІНІП ЖҮРМІЗ?
21.01.2023
628
0

Осы біз Құдіреті күшті Құдайға құлшылық ету, дінге бағыну, имандылыққа ұю дегендерді қалай түсініп жүрміз?! Айта салудан оңай ештеңе жоқ. Түп төркініне бара алып жүрміз бе? Мәселен, зираттардың қасынан өтіп бара жатқанда: «Тізгін тарт!», «Аялда! Аруақтарға дұға қайырып жіберейік» немесе «дұға бағыттап (бағыштап) жіберейік» деп жатады. Ауылдастардың болмаса таныстардың зираты болса, «Кел құран оқиық!» – дейді. Бұл жерде дұға қайырудан (бағыштау­дан) құран оқудың салмақты екенін түйсінесің. Ал «қатым өткерудің» жөні басқа. Қазір молдасымақтар «құран оқу» мен «қатым өткеруді» ажырата алмай жүр. Қазақы дәстүр сақталған ауылды жерлерде құран оқыту мен қатым өткеру – бөлек-бөлек діни ұстаным. Қайсыбір шаңырақта көрші-қолаңдарын жинап, қайтыс болған туысқанына дастархан басында құран оқыттырады. Қатым өткерілерде жақын маңайдағы туыс-туғандар шақырылады. Қатым дүниеден өткен адамның қырқын беріп жатқанда, кей тұста жылдық еске алу асын бергенде қоса өткеріледі. Қазақы елдімекендерде Рамазан айы ішінде, соғымбасы беру барысында біріктіріле атқарылады. Бірақ қатым өткерудің қазіргі біздің түсінігімізден, әсіресе қалалық жердегі «көзалдау» өткерілімнен жөні де, жоралғысы да басқаша. Таяуда үлкен бір асханада (жұма күні) төрт дүркін қатым өткерілді. Әрі сол төрт қатымды жалғыз молда атқарды. «Аңқау елге – арамза молда» деген кекету осындайдан шығады. Діні қатаң ауылдарда бір отбасының өтінішімен қатым өткеру үшін шақырылған молда бірер күн соған дайындалады. Яғни, құранды сол шаңырақ сұранысына арнап бастан-аяқ оқып шығуға тиіс. Абай облысының Ақсуат ауылында Сәбит деген үлкен дінбасы болды. Ақсақалды қатым өткеруге шақырып бара қалсаң:
– Айналайын, мен пәленшенің үйі­не ертең кешке қатым өткеріп беруге сөз беріп қойып едім. Құранды қайыра оқып үлгермей жатырмын, – деп, тұстас молдалардың аты-жөнін айтады. Әкем Жаппас сол Сәбит молданың қолы босайтын күнді күттіруші еді.
Бір күнде төрт бірдей қатым өткерген «діншілге»:
– Сіз шариғат қағидасын бұздым деп ойламайсыз ба? – деген сұрақ қойдық.
– Қазіргі уақыт сұранысы басқа ғой. Келген адамдардың өтініштерін орындауымыз керек, – дейді.
– Бір мешітте төрт-бес молда бар екенсіздер. Кезектесе атқаруларыңызға болмай ма?
– Маған келіп тұрса, анаған бар деп «кеудесінен» қалай итерем.
– Құран оқытудан гөрі, қатым өткеруге төленетін ақы молдау шығар?
– Енді оны… «өтініш жасаушылар» өздері біледі. Қайсыбіреулері конвертке салып, енді біреулері қағазға немесе шыттың бұрышына орап беріп жатады. Алып жүре береміз.
– Өткенде бір қатым өткеріп жатқан молда о дүниелік болғандардың компь­ютермен бастырып берген тізімдерін оқи алмай, қасында басқа адам хатшылық жасап отырды. Солай да қабылдана бере ме?
– Жаратушы құдіретті Құдай ниет, пиғыл таза болса, бәрі де қабылдана береді дейді ғой.
– Бір күнде төрт бірдей қатым өткеріп, он тәуліктің қызметін атқардыңыз. Шаршап қалған жоқсыз ба?
– Арғы дүниеге аттанып кетіп жат­қан­дардың аға-бауыр, туған-туыс­қандарының сұраныстарын қанағат­тандыру үшін таңды-таңға ұрып жүре береміз.
– Дұға бағыштауда ауызға екі-үш сүре үйіріледі. Құран оқу, қатым өткеру кезінде ықылас иелерін қалай қанағат­тандырасыздар?
– Құдіреті күшті Құдайдың көмекейден ақтарылтқанына жұртшылық риза болады деп ойлаймын.
Кей ортада дұға қайырылып болған соң, «Әумин» деп жататындар бар. Негізінде «Әллау-акпар» мен түйіндел­уі керек қой. Қазір «шектен шыққан діншілдер» «Алла-һу-акпар» дегенді шығарыпты. Сонда «Аллауакпарға» тоқталған хакім Абай, Шәкәрім қажы, тіпті Достоевскийлердің сауаттарының «кемшін» болғаны ма? Әдетте арабтар, парсылар (дін зерттеушілері емеспіз) «һ» әріпі оқуға екпін береді дейді. Біз ырғаққа ырғақ қоса күмбірлетеміз.
…Сексеннің сеңгіріндегі Ғалымжан деген көршім бар еді (жаны жәнатта болсын!) сол:
– Сен қазақы тәрбиенің баласысың ғой. Сұрақтар қойсам, ренжімейсің бе? – деді.
– Аға, жауап беруге шамам жетсе, несіне ренжимін.
– Мен «қызыл коммунист» болдым. Ұзақ жылдар үлкен корпорацияларды басқардым. Енді иманға үйірілейін деген ниетпен немереме Қасиетті «Құранды» «Шариғатты» алдырдым. Ақыл берушілердің насихатымен алдымен «Шариғатқа» иліктім. Сонда былай депті: «Құдай жерде де жоқ, көкте де жоқ. Ол жоқ», – депті. Сонда «жоққа» не үшін сыйынам?!
– Сіз – аға деудің жасынан асып кеткен, ақсақалсыз. Қазір «Шариғат­ты» қолдан жасаушылар да шыға бастады. Сіздің оқығаныңыз араб, парсы тілінен аударылған кітап болуы мүмкін. Негізінен: «Құдай – көктен де, жерден де көрінбейтін құдіретті күш. Оны қабылдау керек» деген дұрыс аударма ғой.
Сол қария (Құдай бетін ары қылсын) алғашқыда оң жақ бас бақайын кестірді. Арада жыл өте келе санынан төменгі жақты «құрбандыққа» шалдырды. Әйелімен сыйласымды адамдар еді. Апамыз бір-ер жыл бұрынырақ арғы дүниеге аттанды.
– Ей, Еркін, бәріміздің де барар жеріміз – жер бесік қой. Мен Зейнет­ақы қорынан үнемдеп, жастықтың қабына үш миллион теңге жинап қойдым. Жерлеуіме жете ме? – Тосыннан қойылған сұрақ болса да төбе құйқамды шымырлатты.
– Ақсақал-ау, Алла амандығын берсін деңіз. Бүгін-ертең кетіп бара жатқан жоқсыз ғой, несіне сонша мазасызданасыз. Балаларыңыз, немерелеріңіз, шөберелеріңіз бар. Көмектеседі ғой, – деймін көңілін аулап.
Кейінтінде коляскада отырып қалды. Терезеден айқайлайды. Мен бар, басқа да көрші-қолаңдар бар, ары-бері өтіп бара жатып нан, шай, басқа да оны-мұныларын әкеліп, беріп кететінбіз. Арада бірер айдай шамасы өтті. Көрінбей кетті. Көршілерден естуімше, коляскасында дастарханнан бірдеңелер қаужап отырып, үзіліп кеткен көрінеді марқұм (Құдай бетін ары қылсын). Есігінен күлімсі иіс шыға берген соң қатар пәтерде тұратындар жедел жәрдем, полиция шақыртып, үйін аштырыпты. Ұзынқұлақтан ұл-қыздары, ұрпақтары пәтеріне таласып жатыр деп естідім…
Рамазан айы жақындаған сайын көңілді күпті ететін жайлар орағыта береді. Өткен жылғы Құрбан айтта шалған құрбандық қойымызды арқалап отбасымызбен мешітке бардық. Біраз күтіп, Құран оқыту бөлмесінде ешкім жоқ болған соң, басшыларының бірінің есігін қақтым. Телефонмен сөйлесіп отыр екен. Менің табалдырықтан аттағанымды елең де қылған жоқ.
– Сен машинаңмен кел де таңдап, іріктеп, бірер қойды алып кет.
–…
– Үйдегі тоңазытқыштар толып кетті. Құдай саған бұйыртып тұрған шығар. – Дарақы күлкі.
Мінеки, біздің Құдай үйіндегі қайырымдылығымыздың сиқы осындай. Сол тушаларды Қарттар үйіне немесе Жетім балалар үйіне жөнелтуге болады ғой. Біздің сенімімізде шалынған құрбандықтар Мешіт – Құдай үйі арқылы мейірім, қайырымға зәру шаңырақтарға таратылуға тиіс.
Бір шүкіршілік етеріміз – жастарымыздың көбі намазға жығылды. Үш-төрт дұға қайыратындар баршылық. Бірақ олардың бәрі бес парызды түгел өтеп жүр деуден аулақпыз. Құдай үйінің маңынан өткен сайын тақиялы молдалардың әңгімелесіп, шылым шегіп, түтіндерін көкке үрлеп тұрғандарын көресің.
Жалпы имандылыққа ұю, Құдайға сыйыну дегенді біз қалай түсініп жүрміз? Жауабын оқырмандар өздері айта жатар.

Еркін ЖАППАСҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір